Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Мiнездi «ТЕНТЕКТЕР»

19 сәуір 2011, 19:35

«Саясатпен айналыспасам, ол менiмен айналысады» дейтiн адамға ерекше ерiк-жiгер, қажыр-қайрат ауадай қажет. Сонымен қатар салқынқанды әрi мiнездi болу да артық етпейдi. Саясатта макиавеллизм деген түсiнiк бар. Яғни билiкке жету жолында және оны ұстап тұру үшiн қолдан келгеннен аянбау. Ал саясаттағы гуманизм тұрғысынан келсек, бұл әлбетте бағынушыға, түптеп келгенде халыққа тиiмсiз. Саясаткерлердiң көпшiлiгi мiнездi келедi. Бiрақ олардың өзiн екiге бөлуге болады. Бiрiншi топ – мiнездi жұмыс барысының тәртiбiн ретке келтiру үшiн қолданатындар, ал екiншiсi – тарпаңдығын халық алдында арагiдiк көрсетiп қоятындар. Алғашқысына, негiзiнен, өздерiн тым еркiн сезiнетiн облыс басшыларынан бастап, әр деңгейдегi әкiмқаралар мен министрлердi жатқызуға болады. Ал екiншi топқа мiнездi «тентектер» жiктеледi.

СЕНАТТЫҢ СЕРIСI
Арпа iшiнде бiр бидай атанған сенатор Ғани Қасымовтың мiнезi қалың жұртшылыққа жақсы мәлiм. 1999 жылғы президент сайлауы алдындағы үгiт-насихат кезiндегi үмiткердiң қылығы есiмiзден әлi шыққан жоқ. Стақанды уысында ұсатып, гүл салғышты шiрене лақтырған Ғани мырзаның мiнезiн ешкiм майдақоңыр дей қоймас. Бұл оқиғаны сайлауалды өзiне-өзi жарнама десе, ендi бiрi кеден саласында көп жылдар қызмет атқарған генералдың өктемдiгiне балады. Ғани Есенгелдiұлы жақында халықты бiр емес, екi емес, осымен үшiншi мәрте тақырға отырғыздың деп, бас банкир Марченкоға «майдан ашқаны» тағы бар. Жоғарғы палатаға есеп беруге келген әртүрлi ведомство басшылары мен мүшелерi арасында нөмiрi бiрiншi «патриоттың» қиқар мiнезiн көрмегендерi некен-саяқ. Мұндай мiнез бейберекетсiздiкке жол бермеу үшiн керек-ақ.
Мәжiлiстiң мiнездiсi
Сенат генералынан Мәжiлiс генералына келсек. Төменгi палатада елден ерек сауал тастап, жұрттан бөлек ұсыныс айтып отыратын Сәт Тоқпақбаевтың да өзiндiк мiнезi бар. Жылы жымиып қана қоятын бұрынғы қорғаныс министрi, әсiресе кейiнгi кезде азу тiсiн жиi көрсетiп жүр. Мәжiлiстiң ақпан айындағы соңғы отырыстарының бiрiнде «Бүтiн бiр мемлекеттiң қауiпсiздiгi сенiп тапсырылған комитеттiң өзi бөтеннiң бизнесiн тартып алумен айналысатындардың қолшоқпары болуы – қасiрет» деп мәлiмдеме жасап, ҰҚК-ге наразылығын бiлдiрдi. Телефон әңгiмесiн тыңдағанын айтып, Президентке сауал жолдауы да салқынқанды саясаткердiң тiрлiгi болмаса керек. Ұсынысын ортаға салса да, дау кезiнде де әрiптестерiнен қолдау таппай жүрген генерал С.Тоқпақбаевтың тосын қимылдары генерал Қасымовқа қарағанда сәтсiз шығып жүр.
Коммунистердiң қиқары
Кезiнде «Мәжiлiс мiнберiн керек кезiнде пайдаланам» деп өктем сөйлеген Ерасыл Әбiлқасымовтың да мiнезi елден ерекше. Президент сайлауында экс-коммунистiң қиқар мiнезi оның партиядан шығарылуымен аяқталды. «Менен басқа кандидаттар бiрiн-бiрi жамандап жатыр, ол маған жақсы, түбiнде жеңiске жетемiн» деген Ерасыл мырза сол президент сайлауынан кейiн саясат сахнасынан көрiнбей кеттi. Саясаткердiң сол науқан тұсында «билiктi тартып алудың әдiсi» атты бейнежазба шығарғанын да ұмытқан жоқпыз. Әбiлқасымовтың мiнезi салмақты емес, көбiне қиқарлыққа тән. Тағы бiр дәлелдi сол президент сайлауы алдындағы сұхбатынан келтiргендi жөн көрдiк. «Алдымен өзiңнiң жағдайыңды дұрыс көрсет. Сонан кейiн халыққа қандай жақсылық жасайтыныңды бiлдiр. Соны бiлдiрсең, халық саған сенiп қалуы мүмкiн» дейдi Ерасыл Әбiлқасымов.
«Әдiлеттiң» серiгi
Ақпарат құралдарының бiрiне берген сұхбатында «Бiрпартиялылықтағы ең күлкiлiсi бүгiнде көкiрегiн керiп, өздерiнiң шын берiлгендiгiн айтып «Нұр-Отанның» сойылын соғушылар ертең-ақ билiк өзгере қалса, барлығы да ештеңе болмағандай жеңiмпаз партияға өтiп алады. Адамдардың мұндай құбылмалылығына мен өмiрде көп куә болғанмын» дептi «Нұр Отаннан» «Әдiлетке» кеткен экс-депутат Серiк Әбдiрахманов. Заң шығарушы органның қыр-сырын ұзақ тәжiрибесi арқылы терең меңгерген Серiк мырза да оқтын-оқтын дауыс көтерiп қояды. Депутат кезiнде Президенттiң атына жолдаған сауалында мiнезге салып, елдегi олигархтарды бiр сыбап алғаны бар. Бiраз уақыт сахнаның сыртында жүрген ол, кейiнгi кезде билiк пен оппозицияны мақтамен бауыздап, бықпырт тигендей етiп жүр. Бұрын да қойдан жуас болмаған Әбдiрахманов «Әдiлетке» барғалы өктем сөйлей бастады.

ОЙ-ТҮЙIН
Мiнез – саясаткерге керек қасиет һәм қажеттi құрал. Мiнездiң адуындысымен де, жiбектей майдасымен де халықтың жүрегiне жол тартуға болады. Арыстандай айбатын ұсақ-түйек жеке бастың iсiне, не болмаса арзан лобби үшiн емес, үлкен мiнбер арқылы халық мүддесi тұрғысынан пайдаланса құба-құп болар едi деген ой түйдiк.