Мұндай ниетім жоқ, болмайды да - Тоқаев президенттік мерзімін ұзарту туралы айтты

01 маусым 2022, 16:20

Президент Қасымжомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум арқылы өзінің өкілеттік мерзімін ұзартпайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тоқаев Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жалпыұлттық референдум алғаш рет өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл оқиға елдегі демократиялық дәстүрлерді нығайту жолындағы маңызды қадам болады. Ол жалпы азаматтар конституциялық өзгерістердің маңыздылығын түсінетінін атап өтті.

"Референдумға біздің қоғамда үлкен қызығушылық байқалады. Шетелде де. Бұл қоғамдық-саяси өзгерістерге деген кең әлеуметтік сұранысты және адамдардың алдағы өзгерістердің шын болатынына деген сенімін білдіреді. Бұл заңдылық, өйткені реформалар жеке тұлғалардың, соның ішінде Президенттің артықшылықтарын арттыру үшін емес, бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылады.

Маған ел ішінде де, шетелде де қазіргі Мемлекет басшысы өзінің өкілеттік мерзімін референдум арқылы ұзартуға, былайша айтқанда, президенттік мерзімін жаңадан бастауға ниетті ме деп сұрап жатады. Мен мұндай ниетімнің жоғын, сондай-ақ мүлде болмайтынын айтамын", - деп президенттің сөзін келтірді баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылған саяси жаңғырту бағдарламасының мазмұны жағынан өте ауқымды екенін атап өтті.

"Бірақ басты назар Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайтуға, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге, билік институттарының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға аударылды", - деді Президент.