Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі басшысының қызметін Тоқаевқа өзі берді - кеңесші

09 қаңтар 2022, 14:14

Елбасы кеңесшісі, баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орнын Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзі беруді шешкенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

"Кейінгі күндері БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы көп жалған қауесет пен арандату хабарлар тарап жатыр. Қазіргі жағдайда бұл саяси тұрақсыздыққа, елдің конституциялық негізін бұзуға әрекет жасау деп бағаланады.

Елбасы осы күндер бойында Нұр-Сұлтан қаласында екенін бұған дейін де айтқанмын, ол Мемлекет басшысына көмектесті. Алайда жағдай қиындап, Елбасы Қауіпсіздік кеңесі төрағасы лауазымын Президентке беруді шешті. Себебі тәртіпсіздіктер мен лаңкестік әрекеттер ел басшылығынан жылдам, қатал әрі ымырасыз жауапты талап еткенін жақсы түсінді", - деді Айдос Үкібай.

 

Ол, сонымен қатар, баршамызға қиын уақытта Елбасы мен Президент мемлекеттік биліктің тұтас екенін тағы да көрсеткенін айтты.

 

"Осындай қиын-қыстау уақытта Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардан халықтың бірлігі мен ынтымағын көрсетуге, Президент Қасым-Жомат Тоқаевқа лаңкестермен күресте және Қазақстандағы қалыпты өмірді қайтару жолында қолдау көрсетуге шақырды.

 

Елбасы лаңкестік әрекет салдарынан қаза тапқандардың туыстарына қайғырып көңіл айтты", - деді Назарбаевтың баспасөз хатшысы.