Назарбаев референдумда дауыс берді

05 маусым 2022, 11:35

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумда дауыс берді.

Бұл туралы елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі ресми парақшасында хабарлады.

"Нұрсұлтан Назарбаев жалпыхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе бойынша дауыс берді", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Atameken Business Telegram арнасында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің дауыс беру үшін жәшікке бара жатқаны бейнеленген видео жарияланды.

Елбасы "Астана Опера" театры ғимаратындағы сайлау учаскесінде дауыс берді. Еске салайық, бұған дейін Назарбаев елде референдум өткізуге қатысты пікір білдірген болатын.

"Осы жылдар бойы мен оны (Тоқаевты – ред.) еліміздің реформасы мен одан әрі дамуы үшін жан-жақты қолдадым. Бұл жолы да қолдаймын", - деді бұрынғы мемлекет басшысы.

Tengrinews.kz