Назарбаев ізбасар ретінде Тасмағамбетовтің кандидатурасын қарастырды – Ертісбаев

30 желтоқсан 2021, 17:21

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Елбасы өзінің ізбасары рөліне қандай саясаткерлердің кандидатурасын қарастырғанын айтып берді.

 

Журналист Гүлнар Бажкенова Ертісбаевтан сұхбат алып, Назарбаев неге Қасым-Жомарт Тоқаевты  таңдағанын сұрады.

 

 

"Менің ойымша, Назарбаев 2000-шы жылдардың басында ізбасар таңдау жайлы ойлана бастады. Тоқаев жалғыз үміткер емес еді, басқа кандидаттар болды. Бірінші кезекте - Иманғали Тасмағамбетов. Президенттің көмекшісі, әкім болды. Назарбаев оған жақсы қарайтын, жоғары лауазымдар берді", – деді Ертісбаев.

 

Журналист Тасмағамбетов неліктен Назарбаевтың ізбасары болмады деген сауал қойды.

 

"Менің ойымша, Тастамағамбетовтің мінезі Тоқаевтың мінезіне қарағанда қатал. Психологиялық үйлесімділік деген мәселе бар. Бір кезде бәрі жақсы, ал бірнеше жыл өткен соң арада мәселелер туындауы мүмкін. Мұны түсіндіру өте қиын, сайып келгенде, бұл Назарбаевтың таңдауы", - деп жауап берді Ертісбаев.

 

2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы ретінде өкілеттігін тоқтатты. Ол 30 жылға жуық президент болды. Қазақстанның жаңа президенті болып сенаттың бұрынғы спикері Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды.

 

Ал Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы көмекшілерінің бірі. Ол 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында президент көмекшісі, 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды.

 

Өзінің саяси мансабында Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім және төрт рет әртүрлі премьер-министр орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Соңғы атқарған қызметі – Қазақстанның Ресей федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі.

 

Отыз жылға жуық жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарған Тасмағамбетов 2019 жылдың желтоқсан айында Тасмағамбетов зейнет жасына толуына байланысты өз еркімен қызметінен кетті.

 

 

 

sputnik.kz