Назарбаевты кеткеннен кейін жамандау - азаматтыққа сын - Байбек (видео)

18 қаңтар 2022, 15:28

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бейнеконференция байланыс режимінде барлық өңірлік филиалдармен жиын өткізді.

 

Жиын барысында Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаевты Мемлекет басшылығынан кеткеннен кейін жамандау дұрыс еместігін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

 

Кездесу барысында партия төрағасының бірінші орынбасары Тұңғыш Президенттің ел тарихындағы орнына арнайы тоқталып, әлеуметтік желілерде партия атына айтылып жатқан сындарға да жауап берді.

 

nurotan.kz

 

"Өткенге баға беру әркімнің қолынан келеді, бірақ ақиқат пен жалғанды ажырату әркімнің өз ар-ұятына байланысты. Ең қиын кезеңде, яғни біз мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба деген сонау алмағайып 90-шы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты, етек-жеңін жиды. Төңірегімен терезесі теңесті. Елбасы мен сол кездегі аға ұрпақтың 30 жыл бойы мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, территориясының тұтастығын сақтауға сіңірген ерен еңбегі ұлт тарихында өзінің оң бағасын алары сөзсіз. Бірақ, Мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау — елдігімізге, азаматтығымызға сын", — деді Бауыржан Байбек.

 

Сондай-ақ, жиын барысында Елбасы құрған Nur Otan партиясы елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығына бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыратынына тоқталды.

 

"Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, "Парламент таратылсын, партия таратылсын" деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар — "Nur Otan" партиясы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер. Nur Otan партиясы құрылғалы бері Қазақстан мемлекеттілігін сақтау үшін, қоғам бірлігін бекем ету үшін жұмыс істеп келеді. "Ұлы істер үндемей бітеді" демекші, бұл — даңғойлыққа салуға болмайтын, көзге көрінбейтін істер. Сондықтан біз айтылған қисынды сынды көтере біліп, ал, жүйесіз сөзге мән бермей, бел шешіп жұмыс істегеніміз жөн", — деп атап өтті ол.

 

 

Бауыржан Байбек отырыс барысында партияның Президент жариялаған реформаларды толық және сапалы жүзеге асыруға әлеуеті толық жететін бірден-бір қоғамдық-саяси күш екенін алға тарты. Әрі, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін — қоғамдық ұйымдарды, депутаттық фракцияларды, түрлі қызметте жүрген 800 мыңға тарта барлық мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыруға дайын деп сөзін қорытындылады.