Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелге сапарларына бюджеттен тәулігіне 80-100 долларға жуық ақша қарастырылатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Мұхтар Тілеуберді үкімет отырысының алдында журналистердің Елбасының шетелдік сапарларына қанша қаржы қарастырылғаны туралы сұрағына жауап берді.
Министр сапарға бюджеттен қаржы бөлінуі заң аясында жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Бізде «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы туралы» заң бар. Ол жерде оның мәртебесі нақты көрсетілген. Сондықтан, ұлттың лидері бола отырып, Қауіпсіздік кеңесін, Қазақстан халықтарының ассамблеясын басқара отырып, Елбасы шетелдік сапарларға еліміздің атынан барады. Біраз уақыт бұрын ол Бакуде болып, түркі тілді мемлекеттердің саммитіне қатысты. Таяуда Жапонияға барып, мемлекеттің жаңа императорының таққа отыру рәсіміне қатысты. Оның осы сапарларына тұңғыш президент туралы заңға сәйкес бюджеттен қаржы қарастырылады», - дейді сыртқы істер министрі.
Сонымен қатар Тілеуберді барлық мемлекеттік қызметкердің шетелге жасайтын сапарының шығындары бюджетте белгіленгенін айтты.
«Белгіленген лимиттер көрсетілген кесте бар. Шамамен, тәулігіне 100 доллар шамасында. Егер Еуропа елдерінде болса, өмір сүру деңгейінің жоғарылығына байланысты – 100 доллар (38 мың теңге), Азия елдерінде – 80 доллар (31 мың теңге)», - дейді министр.