Саяси сахна

Орыс тілі орыс саясатының құралы екенін жоққа шығармайық

  • Орыс тілі орыс саясатының құралы екенін жоққа шығармайық

    Орыс тілі орыс саясатының құралы екенін жоққа шығармайық

Қазақстан мемлекетін құрушы ұлт – қазақтың еліміздегі саны 11 миллионнан асып жығылады. Алайда оның 4 миллионға жуығы орыстілді екен. Геосаяси кикілжің құралының бірі орыс тілі екендігінің куәсі боп отырған бүгінгі жағдайда осы солтүстік көрші тілін еркін қолданушы қазақтарымыз өзге елдің, нақтырақ айтқанда Ресейдің саяси капиталы боп шыға келуде. Мұны олар біліп, түйсініп жүр ме?.. Жалпы, еліміздің тіл саясатына қандай да бір өзгеріс керек секілді. Сондықтан «Алаш айнасы» интернет басылымы мұның жайын орыстілді қазақ мамандарының өзінен біліп көруге тырысты...

Жалпы, бүгіндері біз Ресей мен Украина жағдайында тілдің тек өзара қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар оның саяси капитал екенінің куәсі боп отырмыз. Орыстілділер мүддесін қорғау деген ресейлік саяси түсініктің пайда болуы қазір әлемнің көп елін алаңдатып отыр. Мысалы, көктемде Польша сыртқы істер министрлігі орыстілділердің, орыс ұлтының өзге мемлекеттің азаматы болуы қауіп төндіретін жағдайға жеттік, енді осы бағыттағы саясатымызды жаңаша тұрғыда қарастыру қажеттілігі туып отыр деп мәлімдеген. Осы жағынан алғанда, халық санының 20-ға жуық пайызын құрайтын орысы бар, оған қоса орыс тілін қолданатындары басым ел ретінде бұл жайтқа Қазақстан да бей-жай қарамауы тиіс деп ойлаймыз. Мұндайда қандай амал қолданған тиімді? Бұл сауалға еліміздегі орыстілді қазақ мамандарының өзін тартып көрдік...
Кейбір қазақша судайларға қарағанда мен секілді орыстілді білікті мамандардың қоғамға берері мол
Марат Шибұтов, саясаттанушы:

– «Орыстілді халық мүддесін қорғаймыз» дегені Ресейдің қысылған кезде аузынан шыққан сөзі. Ол тек Украина жағдайында тиімділік танытып отыр, әйтпесе бұл Ресейдің сыртқы саясаты үшін жат дүние, сондықтан ол болашақта қолданылмайды, одан қорқып-үркудің қажеті жоқ деп есептеймін.
Ал өзіме келетін болсам, мен қазақ тілінде үш әдістемелік оқу құралын жазып шықтым. Өз саламда мемлекеттік тілде оқулық тапшы. Осы жағынан алғанда, қазақшам шамалы болса-дағы, кейбір қазақша судайларға қарағанда мен секілді білікті мамандардың қоғамға берері мол деп есептеймін. Жалпы, әсіресе көпэтносты Қазақстан үшін тілді саясат құралына айналдырмау керек деп санаймын.
Қазақстан халқының қазақ тілі маңына тұтасатын кезеңге келе жатырмыз
Досым Сәтбаев, саясаттанушы:
– Мен, әу бастан, Қазақстан халқы қазақ тілі маңында тұтасу керектігін айтып келемін. Бірақ ұлтаралық алауыздық туындамас үшін біздің билік тіл саясатында өте сақ қимылдауда. Бұл осыған дейінгі жағдай. Енді билікке бұл реттегі ұстанымын ақырындап қатайта бастау керек. Өйткені Украинадағы жағдай үстем тілдің геосаяси қақтығыс алаңында ұтымды пайдаланыла алатындығын көрсетіп беріп отыр. Сол секілді бұл жайт Қазақстанның өзге ел ақпараты колониясына айналып отырғандығын айқындай түсті. Демек, бізге тіл жағынан да қауіпсіздігімізді нығайта түсу қажет.
Құдайға шүкір, мемлекетті құрушы ұлттың саны 60-70 пайызға жетті. Соның арқасында қазір қазақтілді медиа сегменттердің қарқыны артып, сапасы да жақсарып, орыстілділермен үзеңгі қағыса жарыса алуда. Қазақтілді әнші бір Қайрат Нұртастың өзіне бүтін стадион толы халықты жинау түкке тұрмай тұр. Демек, қазақтілді өнімдерге, қызмет түрлеріне сұраныс күннен күнге артып барады. Қазақ тіліндегі мектептер қатары да молая түсуде. Алдағы 20 жыл ішінде ана тіліміздің иммунитеті толыққанды қалыптасады деп сенемін. Ендеше бүгіндері ішкі саясат та іркілісін доғарып, осыған қарай ыңғайлана түсуі қажет.
Бастысы, қазақ тіліндегі өнімдердің сапасын арттыруымыз керек. Сонда ол жаппай қолданысқа енгізіліп, мемлекеттік тілді білуге өзге этностардың құлшынысы өздігінен артады. Мен ауызекітілде қазақша түсінемін, балам балабақшадағы қазақша топқа барады.
Украина жағдайынсыз да мен ана тіліме үлкен құрметпен қараймын!
Олжас Құдайбергенов, қаржыгер-маман:
– Мен мектепті орысша оқыдым. Үйдегі қолданыстағы сөз де орысша болды. Сондықтан 11-сынып бітіргенше қазақшаны мүлде түсінбедім. Ер жете келе, өз ана тілін білмеу масқара жағдай екенін ұқтым. Тәубе, ортамда қазақша сөйлейтін адамдар болды, соның арқасында ауызекі тілдегі өз ана тіліммен табыстым. Бірақ ғылыми, күрделі құрмалас сөйлемдерге келгенде, кідіріп қалатыным рас.
Қазіргі ғасырда уақыт ақша ғой. Көбіне маман болған соң елдегі, әсіресе қаржы саласындағы оқиғаларға түсініктеме беру үшін журналист қауым менің пікіріме жүгініп жатады. Телефонның арғы жағындағы адамның да, өзімнің де уақытымды үнемдеу мақсатында, айтқан сөзім бұрмаланып кетпес үшін де еркін меңгерген – орысшамды қолдана беремін. Әйтпесе достарыммен, отбасымда қазақша сөйлеймін. Тілімді жетілдіре түсу үшін көркем әдебиеттерді оқимын. Украина жағдайынсыз да мен ана тіліме үлкен құрметпен қарап, оны жеткілікті деңгейде меңгеру үшін қолымнан келгеннің барлығын істеп жүрмін деп айтар едім.
Қазақша білмегенін бетке басқан дұрыс емес
Мағбат Спанов, белгілі экономист:
– Мен экономикалық интеграцияны жақтаушылардың бірімін. Еуразиялық экономикалық одақтың еліміздің дамуына үлкен серпін беретіндігіне де сенімді едім. Бірақ осындай бірігу жүріп жатқанда Ресейдің империялық пиғылын танытып, бауырлас елмен дүрдараз болуы, мені қатты ойлантып тастады. Орыстілділердің өзі осыдан кейін экономикалық одақты бұлар саясиландырып жібермей ме деп күмәнданып та қалды.
Украинадағы жағдай бүкіл қазақстандықтың дүниетанымына әсер етті деп есептеймін. Елімізде ешкім де КСРО-ның қайтып келгенін қаламайды. Біз тек экономикалық одаққа қосылып жатырмыз десіп жүрміз. Басқасына еш келіспейміз.
Өзімнің қазақшам шамалы, оған қатты ұяламын. Сондықтан өз балаларымды, туған-туыстарымның балаларын қазақ мектебіне бергіздім. Солардың деңгейінде үйде қазір қазақша сөйлесеміз.
Қалай дегенмен де орысша сөйлейтіндерді шеттетуге, кемсітуге болмайды деп ойлаймын. Онсыз да олар өз кемшілігін біліп, іштей қуыстанады. Қазақ ешқашан кісі бетіне басып, батырып қатты айтқан емес қой, мұндайда қаны қазақ үшін ым да жетіп жатыр.

«Алаштың» түйіні:
Қатарында Гарвард да бар, әлемдегі атақ-дәрежесі өте мықты жоғарғы оқу орындары арнайы шақыртумен алдыратын қазақтың атақты математигі Асқар Жұмаділдаев ағамыз еліміздегі ең көп оқылатын тұлғаның бірегейі боп саналады. Ол кісінің сұхбаты шыққан кез келген басылым газет-жорнал дүңгіршектерінен бір мезетте жоқ боп кетеді. Өйткені ұлтым деген ұлы бар да, ондай ұлды ұлықтар ұлт та қарап қалмасы белгілі. Сол ғалым ағамыз, нақтырақ айтқанда, интеллектуальдық салада қазақтың брендіне айналған Асқар Жұмаділдаев бізге берген бір сұхбатында ана тіліне қосар үлесі туралы мынандай пікір айтқан еді: «Мен тек қазақ тілінде сұхбат беремін. Бірақ олар орыс, ағылшын тілдерінде де жарық көріп жатады. Жергілікті орыс басылымдары да менен талай сұхбат алды, әрдайым қазақшама берікпін. Олар оны аударып береді. Менің осы ұстанымым ана тіліме шөкімдей болсын қосқан үлесім деп есептеймін». Міне, еліміздегі көзі қарақы, орыстілді оқымысты қазақ қауым Асқар ағамыздың осы тілдік ұстанымын үлгі-өнеге етсе деген тілек білдіре отырып, сөйткенде олар қазақтілді өнім сапасының артуына өзінше үлес қосар еді дей келе, орыс тілі орыс саясатының құралы екенін тағы бір мәрте еске салғымыз келеді.

Автор: Кәмшат Сатиева




Көрілген: 1530    Пікірлер: 0

бейсенбі, 17.07.2014, 11:42

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30