"Өздеріңіз жақсы білесіздер": Шымкент әкімі жалақысы жайлы сұраққа жауап берді

09 желтоқсан 2021, 16:18

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов ай сайынғы жалақысы қанша екенін ашық айтпады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ол басқа өңір әкімдерімен бірдей жалақы алатынын жеткізді. 

"Бұл мәселе БАҚ-та талай рет айтылды, менің барлық әріптесім бірдей алады, оның ішінде мен де бармын. Ол үкімет қаулысымен бекітілген. Менің жалақым қанша екенін сіздер өте жақсы білесіздер деп ойлаймын", - деп жауап берді Әйтенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрағына.

Ал азық-түлікке қанша ақша жұмсайсыз деген сауалға "үйдің жұмысы әйелінің мойнында" екенін айтты.

"Мен мемлекеттік қызметкермін, шын айтсам, уақытым да жоқ. Біз жұбайым екеуміз міндеттерді бөліп алдық. Ол үйдің барлық шаруасын өз мойнына алды, мен оған сол үшін ризамын. Күндіз-түні сонымен айналысады, соның арқасында мен үйдегі тірлікке алаңдамаймын", - деді қала әкімі.

Еске салсақ, бұған дейін бірқатар қазақстандық шенеунік ай сайынғы жалақысын атады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қанша жалақы алатынын айтудан бас тартқан. 

Кейіннен Нұрлан Ноғаевтың айына 1 миллион 977 мың 890 теңге алатыны белгілі болды. Ал Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің жалақысы 1 954 000 теңгені құрайды. 

Сондай-ақ Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев жалақысының 1 млн 900 мың теңге екенін айтқан. 

Кейін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 1,8 млн теңге алатынын мәлімдеді. 

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзінің 900 мың теңге жалақы алатынын мәлімдеді. Ал Сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айына 1 миллион 200 мың теңге табыс табады.