Парламент депутаттары Тайчибековке тойтарыс бере ала ма?
Әлеуметтік желіде көптен бері орыстілділер мен қазақтілділер арасына от сап жүрген қазақстандық азамат Ермек Тайчибеков бұл жолы халық қалаулылары арасына ши жүгіртіп көріп жатыр. Ол 5 қазанда Фейсбуктегі өз парақшасына орыс тіліне мемлекеттік мәртебе сұраған петицияны жариялапты. Онда да оны депутаттардың түсін түстеп жекелей атына жолдаған екен. "Алаш айнасы" әлеуметтік желі "аясынан" шығып, Мәжілісті нысанға алудағы Тайчибековтің мақсаты не екенін анықтап көруге тырысты...
Бастапқыда, Тайчибеков жариялаған петиция бастауындағы тізімге көзіміз түсіп, оны соңына дейін оқымай, орыс тіліне мемлекеттік мәртебе сұрап, қол қойып жүргендер солар екен деген қызба оймен бір депутатқа хабарласып та жібердік. Ол "Мен ешқайда қол қойғаным жоқ, оны қазір анықтаймын" деп азар да безер болды (әдейі атын атамай отырмыз, оны мақала соңында түсінесіздер). Сөйтсек, анықтай келгенде бұл петиция аты аталып, түсі түстелген депутат пен сенаторлардың атына жолданған болып шықты.
Жалпылай алғанда, Ермектің Фейсбуктегі жеке парақшасына енсеңіз, жалғыз мүдде шыңғырып алдыңыздан шығады: орыстілділер мен қазақтілділерді бір тақырып айналасында қызыл кеңірдек қып қырқыстырып, соның негізінде "Қазақстанда орыстілділердің мүддесі тапталып жатыр, мұнда ұлтшылдар көп" дегенді дәлелдеу. Осы мақсатқа жұмыс істейтіндер (Тайчибековтың маңайындағылар, бар адам, жоқ адам екендігі де белгісіз) әлгі пікір-талқыға қатысып отырғандардың дұрыс сөзін де бірден бұрмалап, "орысқа қарсы, орыс тіліне қарсы" дегенді дөрекі сөздермен жалғап, төпей береді. Мұндайда сөз алып, жеңемін деу бос әурешілік екені ақиқат. Әрине, мұның аты ақпараттық шабуыл деп аталады. Онда да қасақана жасалатын. Бірақ әлеуметтік желідегі кейбір аңғал отандастарымыз бөтен мүддеге жұмыс істеп жатқанын да білмей қызу талқыда жат пиғылдылардың қолшоқпар құралына айналып қап жатыр. Бәрінен өкініштісі, осы арасы. Осы жағынан алғанда, бұл дінді өз мүддесіне пайдаланған лаңкестік топтар секілді тұрғылықты халықтың етегін тартқылап, ашуын туғызушы ақпараттық сепаратизмді сипаттайды.
Елімізде сөз бостандығын желеу етіп бір Тайчибеков қана емес, сонымен қатар әлеуметтік желіде емін-еркін ұлтаралық дүрдараздықты үрлеп жатқан "Солтүстік Қазақстан – Ресейдікі" деген қауымдастықтың болуы да ақпараттық сепаратизмнің ақырындап өршіп келе жатқанын байқатады. Ал олардың енді Парламент Мәжілісін нысанға алуы – нағыз асқынғандығы деп санайды саясаттанушы Әзімбай Ғали. "Бұл бәріңді, тіпті депутаттарыңды да ақымақ қыла беремін, қыса беремін дегені ғой. Бұл асқынғандық емей немене? Мүмкін енді депутаттар өздерін қолшоқпар ете бастағанда бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін түсінер. Сөйтіп саяси ерік-жігерлерлерін көрсетіп, ақыры елімізде кейінгі кездері үдеп бара жатқан ақпараттық сепаратизмге тойтарыс беретін іс-қимыл жасайтын шығар, яғни олар "Люстрация туралы" заң қабылдауы тиіс", - дейді саясаттанушы.
– Мұндай заңды Украина кеше болары болып, бояуы сіңген уақытта кеш қабылдады. Олар онсыз болмайтынын кеш түсінді. Біз де ертең бармағымызды тістеп қалмас үшін, бөтен мемлекеттің ықпал агенттерін (басқа елдің мүддесін қорғау үшін арнайы қаржыландырылып, даярланатын саясаткерлерді, саясатшыларды, блогерлерді, жеке авторларды, газет-журнал талқысына жиі қатысушыларды) басымызға шығармас үшін"Люстрация туралы" заңды қабылдауымыз керек. Мысалы, Германия "ІІ дүниежүзілік соғыс аяқталды, онда Германия ойсырай жеңілді, геноцидке, қанды қырғынға жол берген Гитлер, нацистер, сол секілді коммунистер де біздің масқарамыз. Сондықтан ескі режимнің адамдарын билікке, жалпы мемлекеттік жүйеге жақындатпаймыз" деген шектеу енгізді. Міне, бізде осындай заңды шектеу болмайынша, Тайчибеков секілділер тайрандап жүре береді, артына ілестірер қол жинап, ел ішінде іріткі туғызады. Бізге керегі осы ма еді?..
Нақтылай кетелік, билік люстрациясы деген оған енетін адамдарды іріктеп, тағайындау боп саналады. Мысалы, мекеме немесе компания басшылығына, атқарушы билікке өткен режимді көксейтін адамдарды, адам құқығын таптап, сыбайлас жемқорлыққа қатысы барларды, еліміздің ең бай адамдары қатарына енетіндерді, сол секілді бөтен елдің ақпарат агенттерін мүлде жақындатпау.
Еске сала кетелік, біз сөз етіп отырған петициясында Тайчибеков қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізгенін, оның қорытындысы бойынша халықтың 85-90 пайызы орыс тіліне "мемлекеттік" мәртебе беру керек деп санайтындығын жазыпты әрі оған 20 шақты адам қол қойыпты. Оның халықтың 85-90 пайыз дегені қып-қызыл өтірік екендігі сөзсіз. Әйтпесе сол 85-90 пайыз халық оның астына неге қол қоймаған?.. Жұртты ашықтан-ашық осылайша ақымақ еткен ұятсыз бұл қылығы үшін еш тартынбаған Тайчибеков, әрине Қазақстан үшін қауіпті адам.
Автор: Кәмшат Сатиева
Жұлдыз
Радиосы