Пол Грег Робертс: Санкциядан бүкіл әлем зардап шегеді
Бүгіндері бүкілдүниежүзінің назарын бұрып тұрған Украина жағдайына қатысты ұдайы пікір білдіруші тәуелсіз сарапшының бірі – америкалық экономист, кезіндегі АҚШ президенті Рональд Рейган әкімшілігінің Қаржы министрінің көмекшісі Пол Грег Робертс боп табылады. Бүтін бір мемлекеттің саяси, экономикалық құрылымын жасауға ат салысушы тұлғалар пікірі әлемді әрдайым бей-жай қалдырмағаны белгілі. Сондықтан «Алаш айнасы» басылымы осы америкалық экономисттің ғаламтордағы жеке сайтына бас сұғуды жөн деп тапты...
Тәуелсіз маман сайтында оның түрлі басылымдарда жарияланған мақалалары мен сұхбаттары көптеп орналастырылыпты. Оның басым бөлігінде ол әлеммен еш санаспайтын Вашингтон саясатын қатты сынға ала отырып, қазір Америка үшінші дүниежүзілік соғыс отын тұтандырып жатқанын дабыл қағып мәлімдейді. Маманның осындай негіздегі пікірінің бір парасын ұсына отыралық.
– Сіз өз мақалыңызда қазіргі экономикалық дағдарысты Вашингтон ұйымдастырып жатыр деп айыптапсыз, оларға бұл дағдарыс не үшін қажет?
– Ресейді әлсірету үшін. Егер Украина Еуропалық одаққа енетін болса, онда бұл мемлекет НАТО-ға кіреді. Ал ондай жағдайда Америка Ресей шекарасының ту сыртынан ресейлік зымырандарға қарсы қорғаныс орната алады. Сол секілді Украина территориясында америкалықтардың басқа да әскери базалары бас көрсетеді. Бұл – Ресейдің стратегиялық қытығына тиетін жайт. Бұл Батыстың осы өңірді билеп-төстеуіне Ресейдің қарсылық ету күшін әлсіретеді.
– Еуропалық одақта таңдау жоқ. НАТО мемлекеттері – америкалық империяның бір бөлшегі. Кезіндегі Варшава келісімшартына қол қойғандардың Мәскеуге қарсы тұрар қауқары жоқ секілді Еуропалық одақ та Вашингтоннан тәуелсіз емес...
– Вашингтон позициясы қандай?
– Вашингтон өз мақсатына жету жолдарының барлығын заңды деп табады, ал оған кедергі келтірушілердің барлығы – демократияға жат, адам құқығын бұзады...
– Санкциядан ең көп зардап шегетін кім болады?
– Санкция – соғысқа қарай жасалған қадам. Сондықтан одан бүкіл әлем ұтылады.
– Бұл жағдайдан барлық тарапты қанағаттандыратын шешім жолы бар ма?
– Үшінші дүниежүзілік соғыста жеңімпаз болмайды.
– Сонда бұл қырғи-қабақ соғыстың басы ма?
– Жаңа қырғи-қабақ соғыс 23 жыл бұрын, КСРО ыдырағаннан кейін бірден басталып кеткен. Рейганның кеңесшілері Рейганның Горбачевпен келіскен барлық келісімшартының көзін жойды. Олар НАТО-ны Ресейдің шығысына қарай кеңейтті. Олар Мәскеу мен Вашингтон арасында болған қарулануды бақылау туралы келісімшарттың да көзін жойды. Олар бұрынғы КСРО құрамындағы мемлекеттердегі «түрлі-түсті» төңкерістерді қаржыландырып, ұйымдастырды, мәселен оның ішінде Иосиф Сталиннің туған жері Грузия да бар. Бүгінгі Грузия – Батыстың қолбаласы. Қазір бұл мемлекетті НАТО құрамына алу жайы талқыланып жатыр. Демек, бұл Ресей территориясында америкалық әскери базалар қатары тағы да арта түсетіндігін байқатады. Енді олар Украинаға кірісті. Олар Украинаны да өз қолбаласы етіп жатыр.
Вашингтон Ресеймен ашық кетісіп отыр. Сондықтан бүгінгі геосаясаттағы жағдай өте қиын. Олар беріліңдер, өйтпесеңдер соғысамыз деп отыр.
Жалпы, АҚШ Ресейді місе тұтып отырған жоқ, оған қауіптісі – Қытай.
www.paulcraigroberts.org
Сондай-ақ Пол Грег Робертс өзінің таяудағы бір жазбасында Украина әуесінен атып түсірілген малайзиялық боинг жөнінде былайша пікір білдіріпті:
«Малайзиялық боингтің маңайындағы жағдай қалай қалыптасып жатқандығы аса маңызды емес, бастысы ол саясатқа үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл – Вашингтонның Украинаға басып кіруіне мүмкіндік беретін ілік. Бірақ Ресей президентінің Украинадағы жағдайды дипломатиялық жолмен шешу үшін көп ізденуі, америкалық арандатушылық қақпанға түспеуі Еуропалық одақ пен америкалық бизенстің Ақ үй санкциясын қолдамауына алып келді. Дегенмен бұл дағдарысты жағдай ұзарған сайын арандатудың түрлі амалына әбден маманданып алған Американың мүмкіндігі арта түспек».
Автор: Кәмшат Сатиева
Жұлдыз
Радиосы