Премьер-Министр халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды

22 ақпан 2022, 15:48

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда коронавирус инфекциясымен сырқаттану жағдайы тұрақтанғанын, соңғы аптада аурудың тәуліктік өсімі 1 200 жағдайға дейін төмендегенін айтты.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, бүгінде Қазақстан Республикасы «жасыл» аймақта, 2 өңір «қызыл» аймақта, 2 өңір «сары» аймақта, қалған өңірлер «жасыл» аймақта орналасқан. Эпидемиологиялық ахуал көрсеткіштерінің оң серпіні байқалады. Мәселен, соңғы айда коронавирус инфекциясы жағдайларының орташа тәуліктік саны 34 есе азайды. Стационарлық ем алып жатқан адамдардың саны 2,3 есеге, амбулаториялық науқастар саны 5,1 есеге азайды. Бүгінде денсаулық сақтау ұйымдарында 30 мыңнан астам пациент ем алып жатыр. Соңғы айда инфекциялық төсектердің пайдаланылуы 2,2 есеге – 38-ден 17%-ға дейін, реанимациялық төсектердің жүктелуі 6%-ға – 20-дан 14%-ға дейін төмендеді. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін егілуі тиісті ересек тұрғындардың 82,1% алды, бұл ҚР халқының жалпы санының 53,4% құрайды. Вакцинаның екінші компонентін 9,4 млн адам алды, бұл тиісті халықтың 78,5%-ы және республиканың жалпы халқының 49,9%-ы. Еліміздегі коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Ведомствоаралық комиссия бизнес пен халыққа қатысты шектеу шараларын жеңілдетті.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізуді одан әрі жалғастыруды тапсырды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнес пен халыққа санитарлық талаптарды жеңілдету шаралары қабылданып жатыр. Соған қарамастан әкімдіктер халықты вакциналау мен ревакциналау жұмысын жалғастыруы тиіс. Өңірлерде вакцина қоры жеткілікті», — деді ҚР Премьер-Министрі. Сонымен қатар Министрлер кабинетінің басшысы жоспардан артта қалған өңірлердің әкімдеріне халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарына бақылауды күшейтуді тапсырды.