Премьер-Министр «сұр» майнингке қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды

21 ақпан 2022, 21:47

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов электр энергетикасы саласының мәселелері жөнінде кезекті кеңес өткізді.

 

Энергетика министрлігі халыққа және өнеркәсіп секторына қажетті электр энергиясын шектемей беру жөнінде қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ цифрлық майнерлер үшін электр қуатын шектеу туралы баяндады.

 

Қазіргі таңда өңірлерде Энергетика министрлігі мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен құралған мобильді топтар бақылау шараларын жүргізуде. 

 

18-20 ақпан аралығында жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында заңсыз жұмыс істеген 34 нысан анықталды.

 

Шектелген электр қуатының жиынтық көлемі 202 МВт құрады.

 

Бұл ретте, ел аумағында заңсыз цифрлық майнинг қызметтері бар екенін атап өткен жөн, оларды анықтау жұмыстары жалғасуда.

 

Анықталған субъектілерге қатысты тергеу жүргізіледі.

 

Бұған дейін Жүйелік оператор («KEGOC» АҚ) цифрлық майнерлер үшін электр қуатын 380 МВт-қа шектеген болатын.

 

«Цифрлық майнингтің заңсыз қызметін анықтау және оларды электр қуатынан ажырату жұмыстарын күшейту қажет. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетімен және ЦДИАӨМ-мен бірлесіп, заңсыз майнерлер келтірген шығындарды бағалау мәселесін пысықтауы керек», — деді Ә. Смайылов.

 

Премьер-Министр заңсыз цифрлық майнинг субъектілеріне қатысты батыл шаралар қабылдауды тапсырды.

 

 

 

primeminister.kz