Президент сайлауы: Үгіт-насихат жүргізу қашан басталады

22 қыркүйек 2022, 12:22

ҚР Президенттігіне кандидаттар сайлауға дейінгі үгіт-насихат жұмысын 21 қазанда бастайды. Аталған шара 28 күнге созылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті сайлауына қатысуға кандидаттарды ұсыну ертең басталып, 11 қазанға дейін жалғасады (19 күн). Сонымен қатар 23 қыркүйек пен 21 қазан аралығында кандидаттың Конституция және Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін анықтау шарасы ұйымдастырылады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу жұмысы 21 қазан мен 18 қараша аралығында өтеді. Яғни 28 күнге созылады. Үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18:00-де тоқтатылады», - деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Оның айтуынша, 19 қараша — сайлау алдындағы тыныштық күні.

«20 қараша дауыс беру күні, яғни сайлау. 21 қарашадан 27 қарашаға дейін сайлаудың алдын ала қорытындысын шығару жүргізіледі. 27 қараша нәтижелерді белгілеу және сайланған президентті тіркеу іске асады», - дейді ол.

Айта кетейік, ертеңнен бастап Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну басталады.

Сондай-ақ, Президенттікке үміткерлер 3 млн теңге жарна төлейтіні белгілі болды.

ҚазАқпарат