ҚР Президенті сайлауына кандидаттар үгіт-насихатты белгіленген талаптарға сай жүргізуі тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлау алды үгіт-насихат кезінде сайлаушыларға тауарларды, қызметтерді, бағалы қағаздарды тегін немесе жеңілдікпен беруге тыйым салынады. Сонымен қатар, дауыс берушілерге ақша төлеуге, лотерея ойнатып, қайырымдылық акцияларын өткізуге болмайды», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова.
Оның айтуынша, үгіт-насихат кезінде кандидат және оның алдағы жоспары туралы баспа материалдарын таратуға рұқсат.
Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина әр кандидатқа үгіт-насихат жүргізу үшін бюджеттен тең дәрежеде қаржы бөлінетінін айтты.
«Кандидаттарға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы бақыланады», - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну басталды. Процесс 11 қазанда сағат 18:00-де аяқталады.
«23 қыркүйек күні сағат 10:35-тегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына кандидатты ұсыну өтініші келіп түскен жоқ», - деген еді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.
Бұған дейін президенттікке кандидаттар төлейтін 3 млн теңге жарна иесіне қандай жағдайда қайтарылатыны туралы хабарлаған едік.