«Президент үндеуі елдің жаңа келбетін қалыптастыруға бағытталып отыр» – Алтынбек Нұхұлы

12 қаңтар 2022, 14:48

Президент үндеуі қазақ елінің жаңа келбетін қалыптастыруға бағытталып отыр. Бұл пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы ортаға салды. Сондай-ақ, халық қалаулысы Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруда барша қазақстандықтарды аянбай атсалысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміз үшін маңызды үндеу жариялады. Президент қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерді көтеріп, нақты шешімдер ұсынды. Соның кейбіреуіне тоқталсақ, экономикамыздың басым бөлігін құрайтын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қызметін түбегейлі саралау тапсырылды. Утилизациялық алымды жинау мемлекеттің құзырына өту керек екендігі айтылды. Бұл соңғы жылдары көпшілік көтеріп келе жатқан мәселе болатын», - деді Алтынбек Нұхұлы.

Оның айтуынша, Президент жастар саясатына да ерекше назар аударды.

«Жастарға мақсатты гранттар бөлуден басқа, отандық жоғары оқу орындарының сапалық деңгейін көтеру керектігі айтылды. Сонымен қатар елімізде шетелдік белгілі бес университеттің филиалын ашу туралы тапсырма берді. Техникалық білім беруге басымдық бере отырып, осы бағыттағы екі жоғары оқу орнының филиалын батыс өңірінде ашу қажеттілігі айтылды. Жалпы алғанда Президент үндеуі қазақ елінің жаңа келбетін қалыптастыруға бағытталып отыр. «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар» демекші, берекеміз кетуден сақтасын, енді мына жолдау бірлігімізді күшейтіп, берекемізді бекем қылар бастау болсын. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруда аянбай атсалысайық», - дейді Сенат депутаты.