Президенттің жақын туыстары қандай қызметке орналаса алмайды?

18 сәуір 2022, 12:04

ОКҚ алаңындағы баспасөз конференциясында Әділет министрі Қанат Мусин Президенттің жақын туыстарына кім жатқызылатынын және олар қандай лауазымды қызметтерге орналаса алмайтынын айтты.
 
 Әділет министрлігі басшысы Президент өзінің соңғы Жолдауында Президентке жақын адамдарды кадрлық іріктеу мәселесін бөлек атап өткеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылатынын ескере отырып, Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына Конституциялық деңгейде тыйым салу жөнінде ұсыныс жариялады, - деді ол.
Мусин заңнамаға сәйкес бізде жақын туыстарға кімдер жатқызылатыны және Президенттің жақын туыстары қандай лауазымдарды атқара алмайтыны туралы мәселелерге толығырақ тоқталып өтті.

Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді, - деп түсіндірді министр брифингте.
Әділет министрінің айтуынша, Президент Жарлығымен Саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізімі айқындалып, оларға министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалар жатқызылған. 

Бізде квазимемлекеттік секторға мемлекет қатысушы болып табылатын ұйымдар да жатады. Заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленгеннен кейін, мысалы, Президенттің ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке тағайындалмайды, - деп толықтырды Қанат Мусин.
BAQ.KZ