Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Президенттің үкіметті сынауы – қалыпты жағдай

26 қаңтар 2011, 19:19

Посткеңестік елдерде биліктің үйлесімдігін сары майдай сақтаған немесе ел арасын ала тайдай бүлдірген жағдайлар кездеседі. Мәселен, Украинада елді саяси тұрақсыздыққа душар еткен Президент пен премьердің бітіспес тайталасы және бар. Ал көрші Ресейде Президент Дмитрий Медведев пен премьер-министр Владимир Путиннің тонның ішкі бауындай тату-тәтті тандемократиясын жасап келе жатқанына бір жыл толды. Осыдан бір жыл бұрын бірінші мамырда Дмитрий Медведев Ресей Президенті лауазымына кірісіп, Путиннің орнын басқан болатын. Журналистер мен сарапшылар Медведев пен Путин арасынан қит етсе кілтипан іздеп, қитұрқы сұрақтар қойғыштап бағады.
Тату-тәтті тандем құрған Медведев пен Путин алдағы 2012 жылдағы кезекті пре­зиденттік сайлауға қатар түсетінін жасыр­мады. Бұл ел ішінде гулеген әңгімеге түрткі болып, ресейлік БАҚ бұл нәзік мәселені сан-саққа жүгіртуге әуес. Путин Медведев туралы қойылған сұраққа: «Д.Медведевке қатысты айтатын болсақ, оның өзінен сұраған жөн болар. Мен Медведевті бұ­рыннан білемін, ол – өте тәртіпті адам, өзі­нің саяси келешегін елдің мүддесі тұр­ғы­сынан, біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесімен тығыз байланыста қарайды. Бұл жағын уақыт көрсетеді. Әлемдік қар­жы және экономикалық дағдарыс жағ­дайында кез келген елдің билік құры­лымдарының алдына ахуалды тиімді түрде шешу үшін өте қатал міндеттер жүктеліп отыр. Жер-жерде жұмыс орындарының қысқаруы, жеке табыстың төмендеуі сияқ­ты келеңсіз құбылыстар белең алған осы­нау ауыр кезеңде халықты тарықтырмай тығырықтан алып шығу бізге сын. Біз осы ретте жұртқа сенімді әрі тиімді шешім­дерімізді ұсынамыз», – деп салиқалы түр­де жауап берді.
«Сіз премьер болып тағайындалғалы бері қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижесінде Президенттің танымалдылы­ғы премьердің танымалдылығынан асып түс­кенімен келісесіз бе?» деген сұраққа да Владимир Путин: «Біздің міндетіміз еліміз бетпе-бет келіп отырған мәселелер мен мін­деттерді шешу болып табылады. Пре­зиденттің үкіметтің кейбір іс-қимылына байланысты сыни көзқарас білдіруі – аб­солютті қалыпты процесс», – деп кезінде президент болған ол премьер ретінде ор­нымен жауап қайтарды. Сондай-ақ ол: «Ресей Президенті Д.Медведевтің жа­қын­да «Новая газета» газетіне берген сұх­батында үкіметтің бірқатар іс-қимылын қа­таң сынға алғаннан кейін онымен өзара қатынастың болашағы қалай болуы мүм­кін?» деген сауалға аспай-саспай жауап қайырды. «Бұл – қалыпты жайт. Президент әр­қашан барлық әр алуан саяси құры­лымдар мен бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдерімен араласқаны сияқ­ты бізбен де солай араласады. Ресей Пре­зиденті Д.Медведев оппозициялық ба­сылымдармен кездесуге шешім қабыл­дады, бұл – абсолютті қалыпты жайт. Бұл диалог мемлекет басшысының қандай да бір саяси партиялар, қозғалыстар немесе ағымдармен емес, барлық ресейліктер­мен, барлық саяси күштермен диалогқа келуін көрсетеді. Президенттің үкіметтің кейбір әрекеттеріне қатысты сыни пікірі – қалыпты нәрсе. Менің өзімнің де жекеле­ген ми­нистрліктер мен ведомстволардың ісіне көңілім толмайды. Дағдарыс жағ­дайында қазіргі қызметімізге аса байыпты қарауы­мыз және мұқият талдауымыз қа­жет. Сон­да ғана біз неғұрлым тиімді және сенімді ше­шімдерге жол таба аламыз. Бұрын со­лай болған және солай боларына сене­мін», – деп орынды айтылған сынға тиісті қорытынды шығаруға әзірлігін байқатты.
Ресейлік және шетелдік БАҚ өкілдері «Елдегі негізгі саяси шешімді кім қабыл­дай­ды?» немесе «Сіз путиншіл емессіз бе?» деген қитұрқы сұрақтар бойынша Медведевті де мазалады. Ондай сұрақ­тар­ға ол: «Конституция бойынша өкілет­тіліктер нақты белгіленген. Мен Прези­­дент ретінде саяси шешімдерді өзім қабыл­дай­мын. Ал Владимир Путин премьер ретінде аса жауапты қызмет атқарады», – деп са­лиқалы жауап қайтарды.
Сонымен, тандем төңірегіндегі алып-қашпа әңгімеге нүкте қойған Путин: «Елі­мізде Президент пен үкімет басшысының арасында емен-жарқын қарым-қатынас орнаған. Бұл – Ресейдің ішкі саяси тұрақ­тылығының маңызды факторы. 17 жылдан астам уақыт бойы Медведев екеуміздің бірлескен жұмысымыздың барысында ақыл-кеңес алмасу механизмі және ортақ позициямыз қалыптасты. Тоқетері сол, біз бірлескен жолымызға басында қалай ке­ліссек, осының бәрі жүзеге асып, тиімді түрде жұмыс істеп келеді», – деді.
«Сын айтса, шын айтатын, іші жылып айта­тын» Ресей тандемінің арасынан қыл өт­пес өзара түсіністігі мен ауызбіршілігі өз­гелерге үлгі болса керек. Президент айтса қалп айтпайтын, басқасы қалт кетпейтін биліктегі игі дәстүр елдің береке-бірлігін арттырып, алға жетелері анық.