Ресей Түркиядан Қазақстандағы ҰҚШҰ миссиясына қатысты мәлімдемені түсіндіруді талап етті

16 қаңтар 2022, 19:10

Ресей сыртқы істер министрлігі Түркиядан Режеп Тайып Ердоғанның кеңесшісі Қазақстанда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) күштерін пайдалану туралы сөзін түсіндіруді талап етті деп хабарлайды orda.kz.

 

— Анкарада президент Ердоғанның кеңесшілерінің бірінің түсініксіз мәлімдемесі болды. Ол ҰҚШҰ шақыруы бойынша Қазақстанның әрекетін айыптады, — деді ведомство басшысы Сергей Лавров.

 

Ол Қазақстанға әскер жіберуге қатысты Түркия мен Әзірбайжан билігі тарапынан «күйгелек реакция» болмағанын айтты.

 

Сонымен қатар, түрік көшбасшысының кеңесшісі Ихсан Шенер Қазақстандағы наразылықтардың артында «түркі бірлігін әлсіретуге ұмтылатын сыртқы күштер» тұр деген пікір білдірді.