Ресей Украинаға оқ атса, Қазақстан не істеуі керек?

14 шілде 2014, 17:01

Ресей, ақыры, Украинамен ашық соғысудың амалын тапқан сыңайлы. Бұл ретте Қызыл Кремльдің ілік етіп отырған себебі – украиндар атқан оқтың Ресей шекарасынан өтіп кетуі. Бүгіндері осы факті бойынша, яғни шекараға атылған оққа жауап қату ретінде Ресей Израиль тәсіліне жүгініп, Украина территориясының жекелей нүктелерін дәлдеп бомбалап шығу туралы ұсынысты қарастырып жатқан жайы бар. Ал мұндай жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскерінің күші сыналары сөзсіз. Сондықтан «Алаш айнасы» интернет басылымы «Ресей Украинаға оқ атса, ҰҚШҰ-ға мүше Қазақстан не істеуі керек?» деген сауал төңірегінде мамандардың жауабын біліп көруге тырысты...
Шекара маңындағы ұрыс кезінде Ростов облысындағы Донецк елді-мекеніндегі бір үйге беймәлім оқ адасып тиіп, ондағы ер адам қаза тауып, екі әйел қатты жарақаттанған. Бұл жайт Ресей мен Украина шиеленісін шырқау шегіне жеткізгенмен пара-пар боп отыр. Өйткені кеше екі апта осы облыста боп келген РФ Федерациялар кеңесінің вице-спикері Евгений Бушмин Израиль тәсіліне жүгініп, Украина территориясының жекелей нүктелерін дәлдеп бомбалап шығуды ұсынды. «Мұндай бассыздықпен күресудің ең тиімді жолы – өркениетті елдер АҚШ, Еуропалық одақтың тәсіліне жүгіну. Мысалы, Израиль. Өз шекарасына атылған оққа олар әрдайым әуеден жауап қатып отырады. Бізге де солай ету керек» деп мәлімдеген ол. Бұл ұсыныс қазір Ресей қоғамымен қызу талқыланып жатыр.
Алдында Ресей шекарасына қарай оқ атылып жатқандығын РФ сыртқы істер министрлігі де сынға алған болатын. Алайда Украина билігі бұл мәліметті жоққа шығарып, оны жала жабу, арандату деп атаған.
Жалпы, Ресей шекарасына жаппай қауіп төндіріп, шабуылдап жатқан ешкім жоқ. Бірақ бірлі-жарымды шекара аумағына жақын орналасқан елді-мекендер тарапынан оқ шыққаны рас. Бірақ соның өзін Киев Мәскеуге ескерткенбіз десіп отыр. «Үш апта бұрын украин билігі шекараға жапсарласа ұрыс жүргізіп жатқан ресейлік мүддедегі сарбаздар өзіне украин артиллериясының шабуылдауы үшін қитұрқы нешеме түрлі іс-қимыл жасап жатқандығын, ал егер соларға бағытталған оқ Ресей территориясына байқаусызда өтіп кетсе, арты жаман боп кетпей ме деп Мәскеуді ескерткенбіз. Дегенмен Ресей бұл ескертуге қатысты ешқандай пікірін білдірмеді» деп жазады ресми Киевтің бұл жайтқа қатысты көзқарасын «Украинская правда». Осы жағынан алғанда, бұл алдын ала жоспарланған арандату шаралары болуы да ықтимал. Саясаттанушы Кеңес Сманов мұны жоққа шығармайды. Оның айтуынша, кезінде Түркия да шекара маңында ұрысты қыздырып, қандай да бір оқ шептен өткенде Сириямен ашық кетіскен.
– Бұл арада себеп емес, тараптардың мүддесі мен амбициясы бірінші орынға шығады. Ал мүдде айқындалса, оны жүзеге асыратын түрлі себеп табуға болады. Осы жағынан алғанда, қазір Ресей Украинамен соғысуға мүдделі ме? Осының жауабы көп нәрсені аңғартады, – дейді маман.
Марат Шибұтов, саясаттанушы:
– Егер Украина жақтан Ресей территориясына оқ атылғаны нақты фактімен дәлелденсе, онда Ресей Израиль тәсіліне әбден жүгіне алады. Соғыс жарияламайды, бірақ оқ атып жатқан нысандарды көздеп бомбалап шығады. Бұл халықаралық тәжірибе қолданысында бар дүние. Бірақ Ресей оған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын араластырмайды деп ойлаймын. Шағын әскери операцияларға Ресейдің өз потенциалы да, тәжірибесі де толыққанды жеткілікті деп санаймын.
Алғатбек Қыдырбекұлы, халықаралық экономика сарапшысы:
– Еуразиялық экономикалық одақты құрып жатқанымыз жаңа. Ресейдің жағдайы белгілі. Онсыз да дүрлігіп тұрмыз. Экономикалық одақ аясында кез келген уақытта оның құрамынан шығуға рұқсат беретін бап бар. Сондықтан Қызыл Кремлдегілер ақымақ емес. Украинаға қарсы ҰҚШҰ-ны қарсы қолданбайды. Өйтсе өз басына бәле тілеп алады. Онсыз да Қазақстан мен Беларусь Украина жағдайында шетке шығып, Ресейге «өз проблемаңды өзің шеш» дегенді білдіріп әлдеқашан өз позицияларын байқатқан.
Ал алда-жалда Мәскеу ҰҚШҰ потенциалын қолданбақшы болса, онда Қазақстан міндетті түрде оған қатыспайтындығын ашық айтуы тиіс. Өйткені біз халықаралық саяси аренада белгілі бір деңгейде басқыншымен одақтас ретінде танылып, қиын жағдайға душар болуымыз мүмкін. Сондықтан бұлайша бас тарту басқа да осы әскери одаққа мүше мемлекеттер тарапынан жасалынады деп ойлаймын. Ондайда НАТО-ға иық тірестірем деп жүрген әскери одағының жайы белгілі боп, Ресейдің әлем алдында масқарасы шығуы ықтимал. Осы себепті де Ресей Украина жағдайында ҰҚШҰ күшіне иек артпауы мүмкін.