Саяси сахна

Ресейдің әскери полициясы Қазақстанда не істеп жүр?

  • Ресейдің әскери полициясы Қазақстанда не істеп жүр?

    Ресейдің әскери полициясы Қазақстанда не істеп жүр?

Өткен айдың соңында БАҚ беттерінде Қазақстан мен Тәжікстанда ресейлік әскери полиция өз қызметіне кірісетіндігі туралы ақпар тараған. Украинада шиеленістің қызып тұрған шағында пайда болған бұл хабар отандастарымыздың басым бөлігін ойлантып, әлеуметтік желілерде белгілі бір деңгейде наразылық та туғызған. Жалпы, Қазақстандағы ресейлік әскери горнизондарды кім күзетуі керек? Оны ресейлік полицияның өз міндетіне алуы қаншалықты заңды?..

«Жалпы саны бір жарым мыңды құрайтын офицер, сержант және солдаты барлар әскери полиция қызметіне аттестациядан өтті. Әскери полиция әскери қызметкерлердің, азамат тұлғалардың өмірі, денсаулығы, құқығы және бостандығын қорғау үшін, әскери бөлімдердегі заңдылықты, тәртіпті, әскери дисциплинаны, РФ Қарулы күштері нысандарын күзету және олардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті» делінеді арнайы таратылған хабарламада. Бұл сөйлемде көптің күмәніне ілігіп отырғаны – «азамат тұлғаларды» дегеннің болуы. Өйткені Украинада өткен референдумдар аясында «орыстілділер мүддесі», «РФ азаматтары мүддесі» сынды саяси терминдерді естіп қалып жатырмыз. Міне, әлеуметтік желілердегі қазақстандықтардың қобалжысы негізінен осы арадан туындаған. Бір жағынан, мұндай қобалжу негізсіз де емес сынды. Ал мамандар бұл ретте не дер екен?

Бір басылымға берген пікірінде Ауғанстан ардагерлері одағаның төрағасы Шәріпбай Өтегенов мұндайда біздің әскери полициямызды да Ресей мен Қазақстан шекарасына қою қажеттігін айтқан. «Мұндай іс-қимыл біржақты болмауы тиіс. Біз де олардың іс-қимылын бақылай алатындай болуымыз керек. Онсыз болмайды. Басқа мемлекеттің әскерилерінің бөтен елде жүруінің өзі қауіпті. Егер бұл ШЫҰ немесе ҰҚШҰ аясындағы уақытша шара болса, онда оны түсінуге болады. Ал егер олар бізде ұзақ мерзімге қалғысы келетін болса, бұл біздің егемендігімізге селкеу түсіретін фактор. Сондықтан бұл - жоғары деңгейде назарға алынатын мәселе» деген ауған ардагері өз сұхбатында. Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали бүгінгі таңда мұқым әлем жауығып тұрған мемлекетпен әскери әріптестік орнатудың өзі қауіпті екенін жеткізеді.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

– Кешегі заман – бір бөлек, қазіргісі – бір бөлек. Қазір – лаңкестіктің өршіп тұрған заманы. Біз өз қауіпсіздік стандарттарымызды осы заманның дұшпанына лайық құруымыз тиіс.

Халықаралық құқықты, келісімшарттарды бұзушы аяусыз жазаға ұшырайтындығы белгілі. Қазір Ресей осындай жағдайға душар боп тұр. Өйткені ол халықаралық құқықты бұзды. Міне, осындай мемлекетпен бірыңғай әуе кеңістігімізді құрамыз деу, әскери полигондарды оларға жалға беру логикалық тұрғыда мүлде дұрыс емес. Мүмкін бұрын мәжбүрлі түрде бұған барған шығармыз. Ал қазір оны өзгертуге мүмкіндігіміз бар деп санаймын. Мойындарына алған міндеттемелерін қалтқысыз орындай алмай отырғандығын (экологиялық зардап өтемақысын төлеу, әскери сынақтарда жиі қателіктерге бой ұруы, геосаяси ұстанымдары) ілік ете отырып, Қазақстан тарапы ұдайы мәселе көтеруі тиіс. Жағдайы жоқ деген Қырғыз Республикасы Манастан америкалық әскерилерді кетірді, ал Ресейдің әскерін маңына жуытқан жоқ. Бұл біздің де қолымыздан келуі керек.

Ресей зымырандары қазақ ауылдарына құлап, көп залал тигізіп жатыр. Ал ресми билік тарапы көбіне оларды ақтап жатады. Мұны саясатта «стокгольм синдромы» дейді. Мұндайда жау қолына түскен өз дұшпанын ұнатып, ақыры онда өз мүддесіне қарсы шығу психологиясы орын алады. Әскери полигондарды жалға беру арқылы мұқым Қазақстан халқының денсаулығын бәске тігуге болмайды. Еліміз қатерлі ісік ауруы бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұр. Бұл, ең алдымен – осы әскери полигондарда сыналып жатқан зымырандардың ауаға таратып жатқан улы заттарының салдары.

Елімізде бірқатар ұлт патриоттарымен қатар «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы, БҰҰ-дағы біздің мемлекеттің елшісі Олжас Сүлейменов те Қазақстанда ресейлік әскерилердің болуына мүлде қарсы екенін де еске сала кетелік. «Бір мемлекеттің территориясын екінші мемлекеттің зымыранын сынауға пайдалану деген барып тұрған бассыздық. Дүниежүзілік тәжірибеде бұл бір ілуде кездесетін жайт. Біз әрдайым Қазақстанның атом қоқысына айналмасы үшін бас көтеріп келдік, бұл жолы да қалыс қалмауымыз тиіс, енді біздің территорияда көрші елдің әскери құралдарын сынауға қарсы өре түрегелетін боламыз. Зерттеулер жүргізу керек, фактілер жинау қажет, сынақтың қандай материальдық, моральдық зардаптары бар – барлығын да анықтауымыз тиіс. Содан кейін мемлекеттік деңгейде бұрынғы кеңес келісімшарттарын қайта қарау туралы ұсынысымызбен Мәскеуге шығуымыз керек» деген еді былтыр Олжас Сүлейменов еліміздегі ресейлік полигондардың жайына қатысты көзқарасында.

Керек дерек

Қазақстанда Ресей Федерациясы пайдалануы үшін жалға берілген 11 млн гектар аумақты қамтитын жеті әскери нысан бар. Атап айтқанда, біріншісі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің №5-ші мемлекеттік сынақ полигоны. Ол Қызылорда облысы аумағында орналасқан, ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағы. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 жылы Қазақстан иелігіне өтіп, 1994 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға берілді. Екіншісі – нысан РФ Қорғаныс министрлігінің В.Чкалов атындағы мемлекеттік №929-шы ұшу-сынақ орталығы. Бұл орталықтың штабы Астрахан облысының Ахтубинск қаласында орналасқан. Сол орталықтың 85-ші, 171-ші және 231-ші сынақ алаңдары Батыс Қазақстан және Атырау облысының территорияларында орын тепкен. Бұл нысанда Ресейдің жаңа қару жарақтары сыналып, ВВС пен ВМФ авиациясының ұшқыштары әскери дайындықтан өтеді. Үшіншісі - РФ Қорғаныс министрлігінің №4-ші мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. 1949 жылы құрылған бұл полигон аумағы Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының батыс аймақтары (Нарын құмы) мен Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды. Бұл айлақта ұшақтар мен ракеталар ядролық жарылыс заттарын тасымалдау әдістерін сынақтан өткізеді. Полигон аумағы 6,5 млн. гектар жерді алып жатыр. Оның 1,5 гектары Қазақстан территориясында орналасқан. Төртіншісі, РФ Қорғаныс министрлігінің №10-шы мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны, біздің атауымызда, Сары-Шаған сынақ алаңы. Алып полигон Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының жерлеріне шекаралас орналасқан. Бұл сынақ алаңында негізінен әуе күштеріне қарсы сынақтар жүргізіледі. Бұл орайда Ресей аумағындағы «Капустин Яр» полигонынан жіберілген зымырандар 11 мың шақырым бойы бірнеше облысымыздың үстінен ұшып келіп, осы «Сарышағанға» келіп түсетінін айта кету керек. Нысан ел астанасына жақын орналасқан. Бесіншісі, №5580-ші сынақ жұмыстарын қамтамассыз ету базасы. (РФ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы №11 Ембі мемлекеттік сынақ полигоны). Бұл сынақ алаңы Ақтөбе облысы аумағында орналасқан. Алтыншысы, Ресейдің Әуе күштерінің Ғарыш әскеріне қарасты №3-ші зымыран-ғарыш қорғанысы армиясының радиотехникалық желісі. Бұл нысан Балқаш көлінің бойындағы Приозерск қаласында орын тепкен.

Жетіншісі, Қостанай қаласындағы Ресей Әуе қорғаныс күштері транспорттық авиациясының жеке полкі.

Міне, осы әскери сынақ алаңдарын пайдаланғаны үшін РФ билігі Қазақстанға жылына 27,5 миллион доллар өтейді екен.




Көрілген: 1512    Пікірлер: 0

жұма, 30.05.2014, 17:13

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30