Ресейге ерікті жасақтан әскер құру не үшін керек болды?
Ресей қарулы күштерінен тыс ерікті жасақтан да резервке әскер құрмақшы. Жуырда РФ Қорғаныс министрлігі Мемлекеттік Думаға осы негізде заң жобасын ұсынды. Бұл жаңалықты әркім сан-саққа жүгіртіп жатыр. Соның ішіндегі бір долбар - Ресей үлкен соғысқа даярланып жатыр дегенді меңзейді. Алайда "Алаш айнасы" сұрастырған мамандар мүлде басқалай пікірде...
Резервтегі әскерді құру құқықтық жағынан "Қорғаныс туралы", ал оның тәжірибедегі қимылы – "Әскери міндеттемелер және әскери қызмет туралы" заңдарға енгізілген өзгеріске сүйенеді деп жоспарланып отыр. Шараның өзі Ресей әскерінің соғысқа дайындығын арттыруға бағытталады делінеді. Міне, осы түсініктеме көптің күдігін қоюлатып, бұл Ресей Федерациясы соғыс жағдайындағы мемлекеттің нақты іс-қимылына көше бастады дегенді білдірмейді ме екен деген жаман ойға жетелейді. Алайда Мемлекеттік Дума өкілдері мұны белгілі бір деңгейде жоққа шығарады.
"Бұл әскердің жеке құрамы ерікті жасақтан тұрады, олар белгілі бір кезеңде арнайы шақыртумен өтетін әскери жиынға, жаттығуға қатысып отыратын әртүрлі кәсіпорындарда қызмет атқарып жүрген адамдар болуы мүмкін. Ерікті түрде әскери құрамға қосылғаны үшін арнайы жалақы бөлінеді. Қандай да бір тұрақсыздық қауіп-қатері төнген жағдайда олар қолдарына қару ұстап, әскерилер қатарына кеп қосылуы шарт болады" дейді арнайы баспасөзге берген түсініктемесінде РФ Мемлекеттік Думасы Қорғаныс жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Франц Клинцевич.
Ауған соғысының ардагері, тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан қазір ақпараттық және моральдық қолдау тұрғысында ауадай керек болғандықтан Ресей резервтегі әскерді құруға мүдделі боп отыр деп санайды.
Саясаттанушы Кеңес Сманов НАТО Ресейге қарсы ашық шыға алмайды, бірақ ел ішінде азаматтық толқуларды ұйымдастыруға қауқарлы деп санайды.
- Мысалды басқа жақтан іздеудің еш қажеті жоқ. Кеше Украина билігінен Януковичті кетірген секілді халық толқуын ұйымдастыру Ақ үйге еш қиындық туғызбайды. АҚШ мұны Қытайға қатысты жасап та жатыр. Ендігі кезек Қызыл Кремль болуы мүмкін. Ал мемлекетте төтенше жағдай жарияланатын болса, онда, ең алдымен, күш құрылымдарына арқа сүйеуге тура келеді. Әскер, ішкі істер министрлігі, арнайы қызметтің, төтенше қызметтің қызметкерлері, ең бірінші боп қалқан етіледі. Бірақ олардың өзі жікке бөлініп кетпесіне кім кепіл? Сондықтан бұлардан тыс өз алдына бір күштің дайын тұруының артықтығы жоқ. Бұл тікелей Путиннің бұйрығы болуы да ықтимал. Әйтпесе экономикалық ахуал күннен күнге нашарлап, қолдағы әскерилерді ұстап тұрудың өзі бюджетке салмақ боп жатқанда мұндай ұсыныс бас қолбасшыдан басқа біреудің ойына келе қоюы екіталай деп ойлаймын.
Ал ресейлік мамандардың бұл тақырыпта жарық көрген ойлары төмендегідей:
Ресейдің әскери тақырып талқысының шолушысы Виктор Литовкин "егер аяқ-астынан соғыс басталып кетсе, резервтегілер арнайы дайындығы болғандықтан бірден оққа ілінбейтіндей болады. Әскер қатарында тұру бір басқа, ал әскери бұйрықты орындай білу бір басқа. Бізде запастағы офицерлер көп. Жалпы, әскери отставкаға шыққан соң 3-4 жыл ішінде барлық білігінен айырылып қалады, ал олар 10 жылға дейін әскери жаттығуға шақырылмайды, бұл дұрыс емес" дейді.
Стратегияларды және технологияларды сараптау орталығының директоры Руслан Пухов резервтегі әскерді құру кезінде одан туындауы ықтимал мәселелерді назардан тыс қалдырмауға кеңес береді. "Бұл дегеніңіз ортамызда Қорғаныс министрлігінен тыс соғысқа, қаруды пайдалануға әбден жаттыққан адамдар санының артқанын байқатады. 1917 жылы резервтегі батальондардың көптігі соншалық, ақырында олардың кейбірі Ресей патша тағын большевиктердің иемденуіне атсалысқан. Міне, осыған жол бермеу керек. Меніңше, еріктілер қатарына Қорғаныс министрлігіне қарасты өндіріс ошақтарындағы жігіттерді ғана тартқан дұрыс секілді. Сондай-ақ жұмыс берушілер қызметкерінің әскери жаттығуға кеткен күндерінің ақысын төлейтіндей ету керек. Онсыз болмайды, яғни жалақысы тартымсыз болса, өз еркімен ешкім әскери жаттығуға келмейді" дейді ол.
Автор: Кәмшат Сатиева
Жұлдыз
Радиосы