Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында Президент сайлауы өтетінін ашық мәлімдеді. Ал парламент сайлауының болатын мерзімі алғаш рет алты ай бұрын жарияланып отыр. Жарты жыл ішінде партия ашатындар ашып, тіркеліп, парламент және мәслихат сайлауына толық дайындалып, бағын сынауға мүмкіндігі бар. Демек Президент, парламент және мәслихат сайлауы аяқасты қабылданған қадам емес, керісінше алдын ала белгілі болған шешім деп айта аламыз. Бұл шешім еліміздің мемлекеттік жүйесін түпкілікті жаңартып, саяси басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға жол ашуы тиіс. «Жаңа Қазақстан, «Әділетті Қазақстан құрамыз» қоғамға бұл өзгерістер керек болғаны анық! Осы орада бұл шешімге басқалар не дейді?
Ерлан Акылжанұлы, Еуразия ұлттық университетінің саясаттану және конфликтология кафедрасының докторанты:
- Сайлаудың қашан өтетіні ресми түрде белгілі болды. Алда әлі екі ай уақыт бар. Сайлауға түскісі келгендерге дайындалуға жеткілікті уақыт. Жалпы кезектен тыс дегенмен барлығы алдын ала белгілі болып отыр. Президенттің кезектен тыс сайлауының өтетінін Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында мәлімдеді. Ал Жарлыққа бір айға жуық уақыт өткеннен кейін ғана қол қойылды. Демек сайлау уақыты белгіленген кезге дейін ақ оларда қоғамдық талқылау өткізуге және алдын-ала дайындық жасауға уақыт жеткілікті болды. Ал бұған дейінгі саяси дәстүр бойынша кезектен тыс сайлаудың уақытын жариялау мен Жарлыққа қол қою бір күнде болатын. Сонымен салыстырғанда бұл үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, Президент алдағы Парламент сайлауының уақытын кем дегенде алты ай бұрын жариялады. Барлық саяси күштердің оның ішінде партиялар мен бір мандатты округтер арқылы сайланатын кандидаттар алдағы Парламент және мәслихат сайлауларына дайындалуға, белсенділік көрсетуге жеткілікті уақыты бар. Жалпы жан жағымыздағы дүрбелеңдерге көз салсақ дәл қазір сайлау өткізуге өте тиімді уақыт деп санаймын!