Сенат спикері Тоқаев қай ұйымның атынан сайлауға түсетінін айтты

29 қыркүйек 2022, 14:15

Биыл сәуір айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясының төрағалығынан ғана емес, осы саяси ұйымның қатарынан да шығып кеткен., - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Ал заң бойынша президенттікке кандидатты тек саяси партиялар және республикалық ұйымдар шығара алады. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселеге қатысты өз ойын айтты.

 

"Негізі, бұл мәселені Amanat басшылығынан сұрау керек. Президентті Amanat та, басқа партиялар да қолдайды деп ойлаймын. Ал президент қай ұйымның атынан сайлауға түсетінін, оны қай партияны ұсынады, ол өзі шешім қабылдайды. Бұл – президенттің құзіреті. Сәл күте тұру керек. Жақын арада барлығы белгілі болады. Келесі аптада Amanat съезі өтеді. Сол жерде осы мәселелер қаралады", - деді Әшімбаев журналистерге берген сұхбатында.

 

Спикердің айтуынша, президент Amanat-тың қатарынан шығып кетсе де, партия басқа бір кандидатты ұсынуға міндетті емес.

 

"Партия Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдайды. Біз 2019 жылғы сайлау кампаниясына да қатыстық. Оның сайлауалды бағдарламасын да іске асырып келеміз. Алдағы уақытта да барлық реформаларын қолдаймыз", - деп атап көрсетті Әшімбаев.