Сенаторлар Кедендік одақ талаптарын талқылады

27 сәуір 2013, 13:29

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Икрам Адырбеков, Ғани Қасымов, Қожахмет Баймақанов «Кеден одағы: іс жүзіндегі өлшем» атты Алматыда өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты. Шараға Ресей Федерациясының парламентшілері, Еуразия экономикалық комиссиясының, одаққа қатысушы елдердің кеден, шекара және көлік қызметі мен бизнес өкілдері де болды.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ик­рам Адырбеков Парламент Сенатының аты­нан сөз сөйлей келіп, ықпалдастықты стра­тегиялық тұрғыда дамыту бағытының ке­лешегі – Еуразиялық экономикалық одақ­ты қалыптастыру екенін атап өтті. «Қа­зіргі кезде Кеден одағы мен Бірыңғай эко­но­микалық кеңістіктің құқықтық-келісімнің негізін біркелкілеу бойынша жұмыстар жүр­гізілуде және соның негізінде Еура­зиялық экономикалық одақ туралы келісім жо­басы әзірленуде. Келісімге 2014 жылғы 1 мамырда қол қою туралы жоғары дең­гей­дегі уағдаластыққа қол жетті. Ол құжат 2015 жылғы 1 қаңтарда күшіне енетін болады», – деді  Икрам Адырбеков.
Дөңгелек үстел барысында Кеден ода­ғына қатысушы мемлекеттердің кеден сая­сатын ықпалдастыру, кеден бақылауы те­тік­терін тиімді пайдалану, халықаралық өн­дірістік кооперацияларды нығайту, мем­ле­кеттің экономикалық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл жөніндегі ұсынымдар әзірленді.