Саяси сахна

«Шетелде Қазақстан туралы сөз болса бірден «Назарбаев» дейді...»

  • ©vlast kz

    ©vlast kz

Саясат НҰРБЕК, «Нұр Отан» қоғамдық саяси институтының директоры, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері:


Шетелде Қазақстан туралы сөз болса бірден «Назарбаев» дейді...


Саясат НҰРБЕК. Бұл есім білім көгіне ұмтылған болашақтықтарға бейтаныс емес. Бойындағы ғылым, білімге деген құштарлық пен талпыныстың нәтижесінде құрлық аттап, құрығы жеткен жерінде білім алған азамат. Саясаттанушы мамандығы бойынша АҚШ-ның Айова штатындағы Маршаллтаун колледжін үздік тәмамдаған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде халықаралық заңгер мамандығы бойынша білім алып, кейіннен Римдегі La Sapienza университетін «Геосаясат және халықаралық қауіпсіздік» мамандығы бойынша үздік бітірген.

Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, итальян, испан, жапон, латын тілдерін меңгерген. Әлем тілдерін жетік білуінің арқасында сол елдердің саяси ахуалы туралы да тұшымды ойларын ашық ортаға салып жүрген жас саясаттанушы. Бүгінде ол Елбасы қамқорлығымен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасы бойынша жинақтаған білім тәжірибесін еліміздің дамуы мен өркендеуіне қызмет еттіруде. Жуырда Ресейдің Қазан қаласында іссапарда жүрген ағамызбен тілдесіп, Ел мен Елбасы туралы әңгімеге тартқан едік.


– Саясат аға, саяси қайраткер ретіндегі идеалым Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Сингапур Президенті Ли Куан Ю дейсіз. Осы екі ұлы тұлғаның саяси әлемдегі ұқсастықтары бар ма? Тәуелсіздік жылдары

– Елбасы көп оқиды. Әлемдік аренада беделді саяси қайраткерлердің еңбектерін қадағалап, өзіне қажетті тұстарын түртіп алып жүреді. Мәселен, Сингапур Президенті Ли Куан Ю еңбектерімен етене таныс. Алғаш Малайзиядан тәуелсіздігін алған тұста шағын аралды гүлдендіру үшін ол көп еңбектенді. Бұл жағынан Елбасымызбен ұқсас тұстары өте көп. Бірінші ұқсастық, екеуі де елдегі идологиялық тұрақтылықты ұстап тұра алды. 90-жылдардағы сананы торлаған үмітсіздік Сингапурдың да басынан өтті. Тіпті, сол тұста әлемдік қауіпсіздік ұйымының сарапшылары осы елдің болашағы бұлыңғыр деген де сәуегейлік болжам жасады. Дегенмен, қос тұлға бұл алыпқашпа пікірлерге уақыт тезімен жауап қайтара білді.

Екіншісі, Ли Куан Юдің «өмір оқудан тұрады» дегеніндей, Сингапурдың ағарту саласындағы өркендеуі сол ел Президентінің атымен байланысты. Елбасы осы ұстанымды өз игілігімізге пайдалана білді. Білім саласына баса мән берді. Тікелей қолдауымен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасының өзі неге тұрады?!

Үшіншісі—экономикалық ұқсастық. Ли Куан Ю 30 жыл ішінде шағын ғана аралда орналасқан мемлекетті экономикасы дамыған ел қатарына шығарды. Ал, Нұрсұлтан Әбішұлы көптеген идеялардың генераторына айналды. Олар тек ТМД елдері үшін тартымды емес, сол сияқты әлемдік саясаткерлер үшін де маңызды. «Дағдарыстың кілті» атты мақаласының маңызы қандай? Онда берілген ережелерді банк жүйесі, экономика салаларының көрнекті өкілдері, Нобель сыйлығының лауреаттары қолдап қана қоймай, әлемдік валютаны қайта құрудың басшылығы ретінде қабылдады. 

– Елбасының жастармен кездесулеріндегі қандай да бір қызықты сәттер есіңізде ме? Өміріңізде мемлекет басшысымен жүздесудің сәті түсті ме?

– Елбасы жастармен кездесуге өте құштар. Неге десеңіз, жастармен, жасөспірімдермен кездескен сайын өзіне қуат алады. Жастарды көріп рухтанады. Өйткені олардың көңілі таза, пәк, кіршіксіз. Әр кездесуінде Президенттің жанында протоколмен жүргендердің жұмысы ауырлай түседі. «Әй, осы балалар болмайтын, айтпайтын сұрақ қойып қала ма? Болмаса, бір проблема айтып қала ма?», - деп қатты алаңдайды. Жақында «Болашақтықтармен» кездесуінде Елбасы: «Мен сөйлей бермейін, жастар айтсын. Осылардың ой-пікірін тыңдайық» деп аталық қамқорлық сездіртіп отырды.

Мына бір әсерлі әңгімені айтып берейін. 2001 жылдың 1-желтоқсанында Алматыда өткен Қазақстан ғалымдарының форумында Елбасы ғалымдармен, «Болашақтықтармен» кездесті. Сонда Алматыдағы Жәутіков атындағы физика-математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектептің Азат Абдуллаев деген жас ізденушісін қабылдады. Біраз сөйлесіп, интернатта жатып оқитындығын, ата-анасын жиі сағынатынын естіп, Алматыдан үй бергізді. Әрі «Сен жақсы оқып, физик бол. Ғылыммен айналыс», - деп ағалық ақыл-кеңес айтқан. Сол Азатымыз 14 жасында-ақ мектеп бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атанды. Кейіннен Ирландиядағы Дублин универ­ситетінің PhD докторантурасында физика мамандығы бойынша білім алып елге оралды. 2011 жылдың 1-желтоқсанында Алматыда өткен Қазақстан ғалымдарының форумында ол Елбасыға арнап: «Осыдан он жыл бұрын кездескенімде маған физика және математика ғылымымен шұғылдануды аманат еткен едіңіз. Содан бері бұл менің өмірлік ұстанымыма айналып келеді. 14 жасымда-ақ студент атанып, 18 жасымда PhD докторантурасын тәмамдадым», – дегенде, Елбасы қуанғаннан қатты толқыған еді. Кейін естуімізше, бірге жүрген сала министрлері Елбасының: «Осы ұрпақтар үшін өмір сүріп келдік ғой» деп еміренгендігін көріпті. Міне, шет елде алған білімін еліміздің ғылымның өркендеуіне жұмсасам деген жас ұрпақтың ұлтын сүйгендігін Елбасы шын жүрегімен сезінді. Тебіренді.

– Идеал ретінде Елбасының қандай қасиеттерін өзіңізге үлгі етесіз және бағалайсыз?

– Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» атты еңбегінде хандардың елдік деңгейде шешім қабылдар сәттегі бейнесін шебер суреттеген. Иә, патша да ет пен сүйектен жаралғасын, кейде эмоцияға берілетін сәттері болады. Дегенмен, бүгінде олай қызуқандылыққа салынуға болмайды. Ұлттың ұпайы түгенделетін, елдің ертеңгі болашағына қажетті шешім қабылдар сәтте Елбасы сабырлы қалпынан танған емес. Өзіңіз бажайлап қарасаңыз, Орта Азия елдерінде, тіпті, Еуропа мен Азияда Нұрсұлтан Әбішұлының абырой-беделі асқақ. Әйтпесе, халқы 20 миллионға да жетпейтін жас елге мұрнын шүйіріп қарайтындар да баршылық. Осындай сәттерде маңдайы жарқырап Елбасымыз алдымызда жүрсе, бойымызды алапат күш билейтіні анық. Идеал ретінде Тұңғыш Президентіміздің әр іске деген аса ыждағатты жауапкершілікпен қарайтын қасиеті ұнайды. Тәуелсіздік жылдарында талай көшелі шешімдер қабылдады. Соның бірі Ел ордасын сарышұнақ аяз қарыған Ақмолаға көшіремін дегенде, күлкіге айналдырғандар да болған. Кейіннен Елбасының ерен еңбегінің алдында оғаш қылықтары үшін қынжылғандар да болды. Тіпті, әлемнің дамыған елу елінің қатарына енеміз деген уәж айтқан. Ол да сәтімен орындалды. Тәуелсіздік жылдары өзі баулыған тәуелсіз елдің жастарын да елдің болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттары қауымдастығының мүшесі, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы Тәуелсіз сараптама комиссиясы төрағасының орынбасары сынды қызметтер атқардым. Байқағаным, Елбасының жас ізденушілерге деген қамқорлығы ерекше. Астанадағы Назарбаев Университетінде 200-ден астам «Болашақтықтар» еңбек етуде. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша шамамен 2 мың инженер-техникалық маман дайындалды. Елбасының: «Қазақта «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар. Біз сіздерді болашақ үшін ектік. «Болашақ» түлектері Қазақстанның ең қиын заманында капиталына құйған үлкен инвестициясы болып табылады. «Болашақ» стипендиаттары, сіздер - елдің болашағысыздар. «Мәңгілік ел» деген мұрат қойдық. Сол жолда жұмыс істейтін сіздер боласыздар. Бұл ұлы мақсат қою, ұлы мақсатқа жету - тек қана ұлы халықтың қолынан келетін іс. Біз өзімізді ұлы халықпыз деп санайтын болсақ, ұлылыққа жетеміз»,-деген сөзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Айта кетерлігі, «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асқаннан бастап 10 025 стипендия тағайындалған екен. Стипендиаттар бүгінде әлемнің 33 елінде оқуларын жалғастыруда.

– АҚШ және Италия елдерінде білім алдыңыз. Тіпті, сол елдерде түрлі қызмет атқардыңыз. Шетелдіктердің Елбасы туралы көзқарасы қандай?

– Иә, шетелде Қазақстан туралы сөз болса бірден «Назарбаев» дейді. Бұл құрғақ сөз емес. Бұл—бренд. Елбасы—тәуелсіз Қазақстанның бренді. Себебі, біздің Елбасы көршілес республикалар көп жағдайда алпауыт елдердің қабағын баққан шақта батыл тұжырымдар, елдік ұстанымдар айтуда. Елбасы өзінің Орта Азия елдерінің, Түркі жұртының лидері ретінде ойын ашық ортаға сала алады. Түйіндеп айтар болсақ, Қазақстан мен Назарбаев – егіз ұғым.

– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Нұршат ТӨКЕН




Көрілген: 2500    Пікірлер: 0

сенбі, 31.01.2015, 11:34

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30