Ішкі істер министрлігі төлқұжатқа неліктен чип қойылатынын түсіндірді

23 мамыр 2022, 13:15

Ішкі істер министрлігі қазақстандық төлқұжатта чиптің не себепті қойылатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ҚР Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты түсінік берді. Бейнежазбада паспорттағы чиптің азаматтардың жүріс-тұрысын қадағалауға арналғаны айтылады.

"Электрондық төлқұжат әлемнің көптеген елдерінде енгізілген. Қазақстанда төлқұжаттар мен микросхемасы бар жеке куәліктер 2009 жылдан бастап шығарылады. Ондағы чип азамат туралы жеке деректерді сақтауға арналған және жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік береді. Чипі бар төлқұжат Қазақстан азаматтарының электронды жүйелері арқылы шекара бекетінен өтуін және паспорт-визалық бақылауды жеңілдету үшін енгізілген", – деді ІІМ өкілдері. 
Ведомство өкілі сондай-ақ төлқұжаттағы чип азамат шекарадан өткен кезде ғана арнайы құрылғының көмегімен тексерілетіні айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары чиптелген төлқұжатты талқылаған болатын. Видео кейіпкерлері төлқұжатты ашып, ішінен чипке ұқсас құрылғыны табады. Авторлар бұл микросхема шетелде жүрген қазақстандықтарды бақылауға арналғанын айтады.