Саяси сахна

Сот орындаушылары – «спецназ» емес

Қазақстанның сот атқарушы жүйесін тәртіпке келтіріп, реформалау қажет. Кеше Әділет министрлігінің жылды қорытындылаған алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов осындай қатаң тапсырманы жүктеді.

Алқаны өткізу дәстүрі бойынша негізгі баян­­даманы министр Берік Имашев жасап, был­тырғы атқарылғандар мен биылдың басты ба­ғыт­тарына тоқталған болатын. Негізгі қызметі Пар­ламентке заң жобаларын ұсыну болып табы­латын министрлік 2012 жылғы жоспарды толық көлемде орындапты.  Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып 48 заң жобасын Мәжіліске жолдаса, соның 12-сі министрліктің тікелей өзінің қарамағынан өткен. Сонымен қатар 62 заңға Мемлекет бас­шы­сының қолы қойылып, күшіне енсе, Парла­мент қарауына 61 заң жобасы  түсіпті. Сондай-ақ министр былтырғы жылы әділет ор­­­ган­­­дары­ның барлық күш-әлеуеті Президент­тің, Үкіметтің тапсырмаларын сапалы әрі уақ­тылы орындауға, сондай-ақ министрліктің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жос­парында көзделген мақсаттарға жетуге ба­ғытталғанын атап өтті. 
Заң жобалау жұмысынан бөлек, әділеттің құзыретінде басқа да маңызды бағыттар қамтылады. Соған орай, алқа алдында Сот актілерін орындау басқармасының бастығы Арман Әпиев саланың ұңғыл-шұңғылына, ең бастысы, ілгеріден келе жатқан қордаланған проблемаларға Үкімет басшысының назарын аудармаққа тырысқан еді. Бақсақ, басқарма бас­тығының жыларман халін түсінуге де бола­тындай – атқарушылық өндіріс жүйесі кешегі кел­меске кеткен Кеңес Одағының деңгейінен де төменге құлдилапты. «Сот атқарушылары мем­лекеттік биліктің толыққанды құралы бола ал­ма­ды, – деп налиды басқарма басшысы. – Сол соттардан, полиция мен прокуратурадан біздің айырмашылығымыз қайсы? Бірақ біздің қыз­меттік керек-жарақтан құр алақан болғаны­мыз былай тұрсын, кез келген мемлекеттік органға тиесілі қарапайым атрибуттардан жұрдай бо­лып отырғандығымыз». «Бізде жеке кеңсе де, мұрағат та, қарапайым ғана техника құралы да жоқ. Қазір мемлекеттік сот орындаушысы нағыз әмбебап-пақырдың өзі, бір өзі он адамның қызметін атқарады: кеңсе жұмысын да, іс жүргізуді де, бағдарламаны да, архивпен жұ­мысты да бір өзі атқара береді», – деді ол. Бас­қар­ма басшысының айтуынша, сот орын­дау­шыларының 90 пайызы мемлекеттің қыз­метін мемлекеттік көлікте жүріп емес, қоғамдық авто­көлікпен жүріп атқарады. Ал мұндай «әу­пірім­мен» жүрген мемлекеттік шара қалай ман­дысын? Ондай жағдайдан не нәтиже күтуге бо­ла­ды? Масқара мәліметтің көкесі де сонда жатыр. Мысалы, Алматы қаласы бойынша сот актілерімен өндірілуі шарт 837 млрд теңгенің тек  6,8 млрд теңгесі ғана қазынаға һәм заңды иесіне қайтыпты. Қалған миллиардтар заң бұ­зу­шы­ның қаперіне де кірместен қалтасында жа­тыр деген сөз. Ал соның ішіндегі 600 млрд тенге, яғни 4 млрд доллар банктерге берілмеген берешектер көрінеді. Бұл бүткіл республиканы қойып, бір ғана Алматының басындағы кеп екенін ескерсек, арғы жағын түсіну де қиындық тудырмас. Ал сот шығарған үкімді өндірудің қорлық екенін үдеріске бір рет қатысқан, басы-қасында болып қайтқандар бірден байқайды. «Бір ұйым заң бұзса да, соттың шешімін орын­да­маса да – баратын солар, аллимент төленбей жат­са да – баратын солар, қазір тіпті олар банк­тен несие алып, қашып жүргендерді де іздейді, үйге ипотека рәсімдеп, оны орындамағандарға бара­тын да – сол сот орындаушылары. Банктер мен салық комитеті несие мен салық төлемей жүр­гендерді ойлап, еш алаң болмайды да, бәрін біздің мойнымызға арта салған», – деді Арман Әпиев. Ал актісін алдыға алып, әрбір үй­дің есігіне барғанда сот орындаушыларын не күтіп тұр? Заңды орындау құлқы мен мәдение­тінің жоқтығы былай тұрсын, тіпті соңғы кездері әл­гіндей орындаушыларды көрсе қолына шоқпар ала жүгіретіндер бой көрсете бастаған.
«Қазір тіпті қоғамда «қорқақтар ғана ақша­сын береді» деген теріс пікір қалыптасқандай. Біздің киіп жүретін арнайы формамыз бар, бірақ осы сөзге бола қызметкерлеріміз сол киім­ді де киіп жүруге намыстанады», – дейді Ар­ман Әпиев. Сот орындаушысының әрбірі 500 айыппұл қағазы мен 150 банк ісін тарата­тыны тағы бар. «Осының бәрін орындау уақыт жағынан да, бір адамның біліктілігі жағынан да еш мүмкін емес. Көп қызметкер мынадай ауырт­па­­лыққа шыдамай, жұмыстан жиі кетеді», – деп ағынан жарылды басқарма басшысы. Оның жанайқайына Үкімет басшысы да баса на­зар аударды.
«Берік Мәжитұлы, мен осыдан бес жыл бұ­рын тура осы мәселені тура осы қалыпта есті­ген­мін. Бұл қалай? Бес жыл бұрын олардың мате­риалдық-техникалық базасын жаңғырту мен реформалар мәселесі айтылған болатын. Түк өзгерусіз. Содан бері ештеңе істелмегені кө­рі­ніп-ақ тұр, тек жаңа ғимарат салынғаны бол­ма­са. Сот орындау жүйесін реформалайтын уақыт жетті емес пе!? Күн сайын телеарналардан аллимент төлете алмай жылап жатқан аналар­ды көреміз. Орындалмаған істер қаншама. Ұсы­ныс болса, айтсаңыздаршы, Бас прокурату­ра, Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, қарап шығайық. Мысалы, Францияда жап-жақ­сы тәжірибе жұмыс істейді. Ресейде сот орын­­даушы деген атақтың өзі дардай. Неге біз осын­дай деңгейге түстік?» – деді Үкімет басшы­сы. «Мен материалдық-техникалық базаны емес, жалпы осы саланы реформалау қажеттігін ай­тып отырмын», – деді Премьер.




Көрілген: 757    Пікірлер: 0

сейсенбі, 12.02.2013, 13:06

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31