Сыртқы әлеммен үзілген байланыс: Visa және Mastercard Ресейде жұмысын тоқтататынын мәлімдеді

06 наурыз 2022, 14:17

Visa және MasterCard төлем жүйелері Ресейде жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Олар өз клиенттеріне жұмыстарын аяқтау үшін бірнеше күн берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC News сайтының орыс бөліміне сілтеме жасап.

Осыдан кейін Ресейде шығарылған карталар шетелде, ал шетелде шығарылған карталар Ресейде жұмысын тоқтатады.

Бұл дегеніміз – Ресейдің қаржы жүйесі сыртқы әлеммен байланысын мүлдем үзеді деген сөз.

Сонымен қатар Ресейдегі төлемдер Орталық банк әзірлеген Ұлттық төлем карточкалар жүйесімен жүзеге асырылады – осы жүйеде “Мир” карталары да шығарылатынын айта кетейік.

НСПК (Төлем карточкаларының ұлттық жүйесі) Ресейде 2014 жылы, Қырым аннексияланғаннан кейін пайда болды. 

Осы жүйенің арқасында Ресей аннексиялаған Қырымдағы төлем жүйесі көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келеді: жергілікті банктер шығарған карталарды Ресейде қолдануға болады, бірақ бұл елдің тұрғындары шетелдік интернет-дүкендерден немесе арнайы шетелден тапсырыспен алынған зат үшін бұл картамен төлем жасай алмайды.

"Мир" картасы жұмыс істейтін елдер:

- Түркия

- Вьетнам

- Армения

- Беларусь

- Өзбекстан

- Қырғызстан

- Тәжікстан

- Қазақстан

- Оңтүстік Осетия

- Абхазия

- Кипр

- БАӘ.

Шетелдік интернет-дүкендерді былай қойғанда, ресейліктер енді AppStore және GooglePlay қолданбалы дүкендерінде, сондай-ақ ApplePay және GooglePay-де ресейлік банктердің Visa және MasterCard карталарымен төлем жасай алмайды.

Орталық банк сенбі күні кешкісін карталарға байланысты ішіндегі қаражаттар сақталатынын жеткізді.

Ресейлік реттеуші шетелге саяхаттау кезінде халыққа өзімен бірге қолма-қол ақшаны алып жүруді ұсынады. Шетелде шығарылған Visa және MasterCard карталары арасында ресейлік банктердің карталарына аударымдар қалай жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз.

Visa және MasterCard - әлемдегі ең ірі төлем жүйелерінің бірі, алайда басқа жүйелер де бар.

Мысалы, Қытайдың Union Pay жүйесі бар, оның Ресейге қарсы салынған санкцияларға қосылуы екіталай. Ол әлемнің 180 елінде, соның ішінде Еуропа елдерінде қолданысқа жарайды.

Бұған дейін ресейлік "Аэрофлот" әуе компаниясы 8 наурыздан бастап барлық халықаралық рейстерді тоқтататыны белгілі болған.