Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығын күллі ел болып жыл бойы тойлаймыз

29 қаңтар 2011, 17:49

— Толағай табыстармен босағадан аттаған 2011 жыл «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» деп жария­ланды. Оны іске асыру үшін қазақ­стан­дықтардың күш-жігерін біріктіруді тапсырамын. Біздің мерейтойдың ұраны – «Бейбітшілік пен жасампаздыққа — 20 жыл» болады», — деп халыққа Жолдауында атап көрсеткен Елбасы кеше түстен кейін осынау ұлық мерекемізді жалпыұлттық деңгейде атқаруға байланысты іс-шаралар жоспарын талқылаған кеңес өткізді.
Парламент палаталарының спикерлері, Президент Әкімшілігінің жетекшісі мен Үкімет Басшысы, сондай-ақ бір­қатар министрлер қатысқан осы кеңесте Мемлекет басшы­сы: «Жолдауда мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту мәселесін ерекше айттым. Тәуелсіздік – біздің басты жетістігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекеттің тарихындағы жаңа дәуір нақ осы Тәуелсіздікті алудан басталады. Бұл — жасампаздықтың, сенімді әрі қарқынды дамудың дәуірі. Сондықтан да Тәуелсіздік мерейтойы ай­рықша мәнге ие. Сол себепті біздің алдымызда осы жылды ең жоғары ұйымдастырушылық және идеологиялық дең­гейде өткізу міндеті тұр» — дей келе Тәуелсіздік мерей­тойының мән-маңызын ашып айтты.
Кеңесте Тәуелсіздік мерейтойының жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын Мемлекеттік хатшы әрі сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев таныстырды. Қанат Бекмырзаұлының айтуынша, 20 жылдық мерейтой жыл шыға басталып кеткен. «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын бүкіл халық болып атап өту шараларына дайындық жұмыстары басталып кетті. «Бұл концепцияның басты мақсаты – бір жыл бойы той тойлау емес, Тәуелсіздіктің Қазақстанға не бергенін атап көрсетіп, содан жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Сонымен қатар әрбір облыс өзінің 20 жылдықта не атқаратыны жөнінде жоспарын жасап отыр. Мерейтойымыз әлем назарын өзіне аударған VII қысқы Азия ойындарымен басталды. Бұл ай спортшыларымыздың 20 жылда жеткен жетіс­тігін паш ететін ай болмақ», – дейді Қ.Саудабаев. Ақпан айы еліміздің Тәуелсіздік алған күннен бергі жетістігі мен әлем алдында айшықталған, наурыз айында ұлт құндылықтарын дәріптейтін «Ел қазынасы», «Тәуелсіздік құрдастары» атты шаралар ұйымдастырылмақ. Тәуелсіз еліміздің ғылым-білім, жаңа технология, инновация саласында жеткен жетістігін жырлаумен басталған сәуір айы, ұлт бірлігі және Ұлы Жеңістің 66 жылдығы тойланатын мамыражай мамыр айымен жалғаспақ. Осылайша, ұлттық рухқа толы Қоян жылы еліміздің ең ұлық мерекесі, халқымыздың сан ғасырлық арманы көрініс тапқан – Тәуелсіздік мерекесімен түйінделмек. Ал Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын халыққа таныстыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс жасалып жатыр. «Көлемді медиа-жоспар жасалды. Бүгінгі таңда еліміздің жеткен жетістігін паш ететін деректі фильмдер, танымдық бағдарламалар түсіріліп жатыр. Аталмыш бағдарламалар жақын арада отандық арналардан көрсетіле бастауы» тиіс, — деп атап өтті М. Әшімбаев.
Мәдениет министрі бұл шаралардың төрт деңгейде өтетінін айтты. «Біріншісі, Астанада басталады, облыс ор­та­лықтарында, әрбір аудан орталықтарында, сосын елді мекендерде өтеді. Мысалы, еліміздің Конституция күні елордадағы парадтан басталады да, оны облыс орта­лық­тары іліп алып кетеді. Осылайша, барлық мерекенің жылуы күллі елге тарайды», – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Осынау мерейтойды жоғары деңгейде өткізіп, үй­лестірудің жоғары тиімділігін қамтамасыз ету үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығын ұйымдастыратын мемлекет­тік комиссия құрылды. Мемлекеттік хатшы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев басқаратын бұл комис­сия құрамына Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің өкілдері мен Парламент депутаттары, әкімдер, қоғамдық құрылым өкілдері кірді.