Тоқаев Асқар Маминді қабылдады

12 наурыз 2021, 13:13

Соңғы екі айда экономикада тұрақты оң динамика байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Үкімет басшысы президентке 2021 жылдың қаңтар-ақпан айындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен елдегі санитарлық-эпидемологиялық ахуал туралы баяндады.

Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, соңғы екі айда экономикада тұрақты оң динамика байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келеді. Қызмет көрсету біртіндеп қалпына келе бастады. Ақпарат пен байланыс саласында оң көрсеткіштерге қол жетті. Азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, металлургия, оның ішінде, түрлі түсті метал өндірісі мен машина құрастыру, фармацевтика салаларында тұрақты өсім бар.

"Президентке ОПЕК+ мониторинг комитеті отырысының қорытындылары туралы ақпарат берді. Бұл отырыста Қазақстан үшін мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге дейін көбейту туралы жеке келісім жасалғаны айтылды. Бұл тау-кен секторындағы өрдіріс өсімін біртіндеп арттыруға мүмкіндік береді", - делінген ақпаратта.  
Сондай-ақ кездесуде елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талқыланды. 

Премьер-министрдің айтуынша, жағдай бақылауда тұр. Республика бойынша вирустың арту көрсеткіші 0,9-ды құрайды, жұқпалы ауруханалардағы төсек орын 23%-ке, жансақтау бөлімшелеріндегі орындар 16%-ке толған.

Үкімет басшысы кездесу кезінде инвестициялар тарту, тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да өзекті мәселелері талқыланды.