Тоқаев Астана атауын қайтарайық деген елшіге сөгіс жариялады

06 мамыр 2022, 12:00

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр еліндегі елші Қайрат Лама Шарифке сөгіс жариялады, деп мәлімдеді Ақорданың баспасөз қызметі. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Мысыр Араб Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шарифке мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің 9 тармағының талаптарын орындамағаны үшін сөгіс жариялады", - делінген жұма күні жарияланған жазбада.

Еске салайық, бұған дейін Лама Шариф КСРО және отаршыл Ресей дәуіріндегі даулы атаулардан арылып, Астананың атын елордаға қайтаруды ұсынған еді.

Қайрат Лама Шариф алдағы уақытта өтетін референдум арқылы Конституцияға "Әкімшілік-аймақтық өңірлер" деген жаңа бап қосуды ұсынған.

"Бұл бапты қосу арқылы Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы мәжбүрлеп енгізген елді мекендердің даулы атауларынан біржолата құтылуға болады. Алдымен, "облыс" қазақ тіліне орыс тілінен енген кірме сөз екенін мойындап, мемлекеттік тіліміздің тазалығын сақтау үшін әкімшілік-аймақтық құрылымды өңір деп жазуымыз қажет", – деген Шариф.

Stan.kz