Тоқаев биологиялық қауіпсіздік туралы заңға қол қойды

21 мамыр 2022, 18:19

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық қауіпсіздік мәселелері туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", – делінген хабарламада.

Аталған заң биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқарудың үйлестірілген жүйесін құруға, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторинг жасаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға арналған.

"Қабылданған заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Бұрын елімізде биологиялық қауіпсіздік саласын құқықтық реттеуге арналған арнайы заң болған жоқ. Алдағы уақытта осы құжаттар елімізде биологиялық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк реттеудiң құқықтық негiздерiн қалыптастыруға, биологиялық қауіп-қатерді болжауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Сондай-ақ бұл заңдар биологиялық қауіпсіздік саласындағы іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуға өз үлесін қосады", – деген Мәулен Әшімбаев Палата отырысында.