Тоқаев келесі жылы газ тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты

09 маусым 2022, 19:27

Келесі жылы ішкі нарықта газ тапшылығы болжанып отыр. Осыған байланысты президент үкіметке 2 млрд текше метр газды экспорттан ішкі нарыққа бағыттауды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлы отырысында мәлімдеді. 

Айтуынша, бүгінде Қазақстанды газдандыру деңгейі 53%-ке жеткен. Он миллионға жуық азаматқа газ берілді. Ел ішінде газ тұтыну өте жылдам өсіп келеді. Бұл, ең алдымен, алматылық ТЭО-2 мен ТЭО-3-ті газға ауыстырумен, газ-химиялық кешендер мен жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындардың іске қосылуымен байланысты.


Баллонға құйып сатылатын газ бағасы жанармай бекетіндегі бағамен теңестіріледі - Энергетика министрі


"Келесі жылы ішкі нарықта газ тапшылығы болжанып отыр. Газды экспорттауға қарағанда, ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге баса мән беріледі. Үкіметтен Теңіз кен орны акционерлерімен бірлесіп 2 млрд текше метр газды экспорттан ішкі нарыққа бағыттау мәселесін пысықтауды сұраймын", - деді Тоқаев президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысында.

Бұдан бөлек, үкімет Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы жобасын қаржыландыру мәселесін тез арада шешуге тиіс.