Тоқаев Түрікменстан президентімен кездесті

06 тамыз 2021, 14:41

Мемлекет басшылары екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерді қарастырып, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға жұмыс сапары президент Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуден басталды. Мемлекет басшылары Түрікменбашы қаласындағы "Аваза" ұлттық туристік аймағында кездесті, деп хабарлады Ақорда.

Қазақстан президенті Түрікменстан басшысына қонақжайлығы үшін ризашылық білдіріп, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үшінші консультативтік кездесуін өткізу өзекті әрі уақытылы бастама екенін атап өтті.

"Сіз ұйымдастырған кешегі іс-шара танымды, бір жағынан мазмұны да маңызды болды. Іс жүзінде, біз бейресми кездесуде осындай күрделі кезеңде жұмылып, ынтымақтастықты одан әрі күшейту әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мақсатында Орталық Азиядағы өзекті мәселелерді талқыладық", – деді Тоқаев.