Тоқаев үш жаңа облыстың құрылуы туралы жарлыққа қол қойды

04 мамыр 2022, 11:36

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде үш жаңа облыс құру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әкімшілік-аумақтық құрылыстың кейбір мәселелері туралы Заңға сәйкес, жарлыққа қол қойды. 

Оған сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімшілік орталығы Ақсуат ауылынан Ақжар ауылына көшіріледі.

Шығыс Қазақстан облысының құрамында:

1) Тарбағатай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Ақсуат ауылында орналасатын Ақсуат ауданы;

2) Көкпекті ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Самар ауылында орналасатын Самар ауданы құрылады.

"Орталық мемлекеттік органдар, Шығыс Қазақстан облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын", - делінген жарлық мәтінінде.

Бұл жарлық биыл 7 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

Ал Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшіріледі.

Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы;
Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы;
Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылсын, деп жазылған жарлықта.
Алматы облысының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерi мен ведомстволық бағынысты мекемелерi Қонаев қаласына көшірілгенге дейiн Талдықорған қаласында болады.

Үкімет, жоғарғы сот, жоғары сот кеңесі мен президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде жол картасын бекітуге тиіс.

Бұл жарлық биыл 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

Жарлықтардың орындалуын бақылау президент әкімшілігіне жүктелді.