Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Түбі бір түркілер түбінде бір бірігер ме екен?

29 сәуір 2011, 12:18

Жаһандану заманының зор талабы бар, бұл – ықпалдастық. Сондай талаптың үдесінен шығып, ынтымақтаса ықпалдасуға ұмтылғандар көп жағдайда ұтады. «Ықпалдасу кімге тиімді?» десек, мұның түп-тамыры һәм тегі бір, тілі ұқсас, мәдениеті ортақ бауырлас мемлекеттерге ең алдымен қажеттігі анық. Бір сөзбен айтқанда, жаһанданудың жағымсыз құбылысына жұтылып кетпей, бірлесіп әрекет жасау, бауырласып тірлік кешу, ынтымақтасып қарым-қатынас орнату бүгінгі түркі жұртшылығы үшін өте-мөте маңызды. Әйтсе де маңыздылықты біле тұра, түрлі сипаттағы жаһанданудың жағадан алғанын көре тұра, түркі әлемінің бір шаңырақ астына жиналуы оңай шаруа болмайтыны байқалып жүр.

Тарихқа сәл шегінсек...
Бұған дейінгі түркілік бірлікке ана­до­лы­лық түріктер ең бірінші мүдделі болып, сол та­раптан үлкен қолдау болғаны анық. Тә­уел­сіз­діктің алғашқы жылдары әлем картасында пайда болған жас әрі жаңа бес түркі мем­ле­кетін алғашқы болып мойындаған Түркия Ата­түріктің аманатына адалдық танытты. Өт­кен ғасырдың 90-жылдары Түркиядағы ұлт­шыл-тұраншыл көзқарастағы тұлғалар бас­та­уымен һәм түрік және Тұран ұлт­шыл­ды­ғының нышанына айналған Ұлтшыл қоз­ғалыс партиясының негізін қалаған марқұм Ал­­парслан Түркештің идеясымен Түркітілдес мем­лекеттердің құрылтайы біраз жыл ру­ха­ни жақындасуға азық болды. Кейінгі жыл­да­ры Түркітілдес мемлекеттер басшыла­ры­ның саммитін өткізу де дәстүрге айналды. Сон­дай саммиттер барысында Түркі ака­­де­мия­сын енгізу, Ақсақалдар кеңесін ұйым­дас­тыру, Түркітілдес мемлекеттер Парла­мент­тік Ассамблеясын құру, түркі жұр­ты­ның ортақ мәдени мұрасын сақтау се­кілді бас­та­ма­лардың бір парасы Қазақ­стан Пре­зиденті тарапынан ұсынылды. Сосын сая­си және эко­номикалық, әлеуметтік-гу­ма­­ни­тарлық са­лалардағы өзара жа­қын­да­су­дың мұ­ра­тын жүзеге асыру үшін Түр­кПА құ­рылды. 
Осын­дай түркілік ұйымның астына Өз­бек­стан мен Түрікменстан секілді жас мем­лекеттердің ұмтылмауы нені аң­ғар­тады? Түркі жұртына ортақ бастамалардың мұн­дай немқұрайдылыққа ұшырауы неліктен?
ТүркПА-ға бүгінге дейін төраға болып кел­ген Әзірбайжан Милли Меджлисінің төрағасы Оқтай Асадов кеше Қазақстан Пар­ламенті Мәжілісінің спикері Орал Мұ­ха­меджановпен кездесе отырып, осы жайтқа қынжылыс білдіргендей болды. «ТүркПА-ның ендігі төрағасы – Қазақстан. Ендеше, бұған дейін бірікпей келген түр­кі­тіл­дес басқа да мемлекеттер қазақстандық тө­рағалықта ұйымға қош келетінін күтемін әрі бұған зор сеніммен қараймын», – деді әзір­байжандық парламентші кездесу ба­ры­сында. Расында, бөрілі байрағын биік ұстап, өр намысын ешкімге таптатпаған ежел­гі түркі халықтарының қазіргі ұрпақ­тары бір-бірімен рухани туыстық қана емес, сан-салалы қарым-қатынасты қайта жан­дандырудан неге қашқақтайтыны тү­сі­ніксіз.
Түркі жұртының ынтымақтастығын қол­дайтындар келешекте қызмет ететін ортақ мүдделерді қаузағанда, негізінен, тіл­дегі бірлік пен пікір бірлігіне, сосын іс­тегі бірлікке баса мән береді. Мұны ши­ратып айтсақ, тілдік бірлігіміз түсінікті, ал пі­кір бірлігі – саясат, істегі бірлік – эко­но­мика. Саясаттағы солқылдақтық про­бле­масын түсіну қиын шаруа емес. Әйтсе де бір түркі мемлекетінің проблемасы барша түр­кі еліне ортақ болуы тиіс екендігін тұ­ран­шыл-түркішілдер алға тартады. Ал іс­тегі бірлік туралы Түркияның үкіметбасы Р.Ер­доған «түркі мемлекеттері арасындағы эко­номикалық және энергетикалық сала­лар­­дағы байланыстар және оларды жүзеге асы­ру жөніндегі карта жасалса» деген ойын бірнеше мәрте білдіргені белгілі. Түр­кітілдестер арасында теміржол ба­ғы­тын тартудың экономикалық өзектілігі ха­қы­сынан ғана емес, халықтар ара­лас­тығы тұрғысынан қарау туралы мәлімде­ме­лердің бұған дейін болғаны да белгілі. Бір сөзбен айтқанда, түркі бірлігі бір бағытта емес, әр бағытта қамтылуды сұранады. Сон­да ғана оның маңызы артады. Мә­селен, Мұстафа Кемал Ататүріктің «Ей, түрік ұланы, сен түрік болып туғаныңа мақ­тан» дейтін құдыретті сөзін қазақ жұрты да өз сөзіндей қабылдайды емес пе? Ендеше, ортақ рухани құндылықтары­мыз­ды жинап, барымызды түгендеп, жо­ғы­мызды іздеу үшін түркі дүниесінің бір­лігін жан-жақты дамыту өте маңызды. Тү­рік ақыны Фейзуллах Будак қазақтың да­рынды ұлдарының бірі Мағжан Жұма­баевқа арнаған өлеңінде: «Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта, Не таптық, шашы­ра­ғанда шартарапқа? Барлығын күш-қай­раттың жинау керек, Атадан мирас болған ұлы Отанда!» дейтіні де сол бірлік емес пе?! Ендеше, түркі жұртының бірлігі – тіл­дік, діндік, пікірдегі һәм істегі шаралардан кө­рініс тапса, сол дамыса игі. Қазақстан­ның ТүркПА-ға төрағалығы бұған өз сеп­тігін ти­гізетініне сеніммен қараушылар да осылай дейді.