Түркі академиясын қаржыландыруға бюджеттен 1 миллион доллар бөлінеді – Білім және ғылым министрлігі

21 сәуір 2022, 14:10

Халықаралық Түркі академиясын қаржыландыру үшін ел бюджетінен 1 млн доллардан астам қаржы бөлінді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Түркі академиясының қызметін оның құрамына кіретін барлық елдер қаржыландырады. Бұл Түркия Республикасы, Қырғызстан, оның ішінде Қазақстан. Олар тиісінше осы ұйымның және дәл түркітілдес елдердегі басқа да ұйымдардың қызметін мөлшерлес шамалас көлемде қаржыландырады", - деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің сөзінше, әрбір ұйымда мемлекеттердің қаржыландыру үлесі штаб-пәтердің орналасқан жеріне байланысты өзгеріп отырады. 

"Мысалы штаб-пәтері Бакуде орналасқан ТүркПА-ға келсек, Бакудың қаржыландыру үлесі оның тең жартысын құрайды. Түркиядағы ТҮРКСОЙ және басқа да ұйымдар бар, олардың шамамен 46-48 пайызы Түркия бюджетінен қамтамасыз етіледі. Бұл жағдайда Түркі академиясы Қазақстан аумағында болғандықтан, қалыптасқан дәстүр мен практика бойынша біздің жарнамыз шамамен 46 пайызды құрайды. Бюджет жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл Қазақстан бюджетінен 1 миллион доллардан астам қаражат бөлінді", - деп түсіндірді А. Аймағамбетов.