Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы не береді?

29 сәуір 2011, 12:03

Қазақта «өз-өзіңді сыйласаң, жат бойыңнан түңілер» деген жақсы сөз бар. Бұл сөзді аузымызға жиі алғанымызбен, іс жүзінде оны көрсете алмай жатқанымыз өкінішті. Дәл осы өсиет қазіргі таңда түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығына ауадай қажет екенін аңғарып жүрміз. Жасыратыны жоқ, бүгінде алаулатып-жалаулатып «түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын орнатамыз» деп жүргенімізбен, бұл әңгімеміз тек бір-екі мемлекеттің қарым-қатынасында ғана жүретін ұран болып алды. Олай дейтін себебіміз, осы ұранды ту етіп, «бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай» түркітілдес мемлекеттерді көріп отырған жоқпыз. Достығы жарасқан екі-үш мемлекетті ғана білеміз. Ал Түркия мен Қазақстанның не Қазақстан мен Әзірбайжанның ғана ынтымақтастығын күллі түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы деуге бола ма?
Кейбір сарапшылардың, оның ішінде ре­сей­лік сарапшы мамандардың «түркітіл­дес мем­лекеттер бір жеңнен қол, бір жаға­дан бас шығарып, ымыраға келе алмайды» де­ген пікірлерін ауық-ауық естіп қалып жү­реміз. Бір жағынан қарасақ, олардың бұл сөздерінен біздің одақтасып, ынты­мақ­тасқанымызды қаламайтынын бай­қай­мыз, екінші жағынан, қазіргі жағдайы­мыз­ға қарасақ, айтып отырған сөздері орын­ды. Олай дейтін себебіміз – кейбір елдер әлі күнге дейін түркітілдес мемле­кеттердің одағын құруға дұрыс көзқараста емес. Несін жасырамыз, бауырлас ел­дер­дің басы қосылған жиындарда Өз­бек­стан­ның Президенті Ислам Каримов төбе көр­сет­пейді. Ал Түрікменстан болса бей­та­раптық саясат ұстанып, өз алдына оқшау. Мұн­да тек Түркия мен Қазақстанның ын­ты­мақтастығы жарасып, бүгінде түркітілдес мемлекеттерге үлгі боларлық шаралар атқаруда.
Экономикалық тұрғыдан алып қа­рай­тын болсақ, түркі елдерінің ынтымағы ар­тып жатса, Кедендік одақ тәрізді бірыңғай эко­номикалық кеңістік құруға да мүмкіндік туары анық. Өздеріңіз білесіздер, бізге арзан киім-кешек пен жеміс-жидек, не­гі­зінен, оңтүстіктегі бауырлас көр­ші­ле­рі­мізден келеді. Ал сапалы киім-кешек Түр­кия­дан жеткізіледі. Егер бірыңғай эко­но­микалық ынтымақтастық орнайтын болса, бұл дүниелер едәуір арзанға келіп, халық­тың да әлеуметтік жағдайы жақсарады. Мұн­дай қадам кімге де болсын қолайлы болмақ.
Ал, негізінен, бірлікке шақыратын үл­кен күш – тарихи, мәдени, діни, рухани дү­ниелер. Себебі ауызбіршіліктің нәти­же­сін­де құрылған түркі қағанатына тари­хы­мыз, дініміз, мәдениетіміз дәлел. Сон­дықтан да ынтымақтастықтағы екпінді осы­ған түсіреміз.
«Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тас­тығының осы және тағы да басқа қан­дай мүмкіндіктері бар, біз үшін ынтымақ­тас­тық не береді?» деген сұраққа саясат­та­ну­шылар мен экономистерді де сөйлеткен едік.


Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Жалпы, түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастығы, одақтастығы ТМД құрамын­дағы мем­лекеттердің тәуелсіздігін, тұтастығын сақ­таудың бірден-бір алғышарты деп ойлаймын. Себебін өзіміз де жақсы білеміз, әркім өзіміз­бен-өзіміз жүретін болсақ, Ресейге де, Қытайға да төтеп беретін ешқандай қауқарымыз жоқ. Ал егер әрбір түркітілдес ел бір-бірімен жақын­да­с­ып, биліктегілері ғана емес, сол елдердің хал­­­қы да ынтымақтасатын болса, болашақта одақ құ­рып, үлкен саяси және экономикалық на­­­рық­қа, ең бастысы, әлеуметтік-рухани на­рық­­қа ай­на­луға болады. Егер дүниежүзілік ұйым­дардың беріп жатқан мәліметтеріне се­нетін болсақ, алдағы жылдары Ресейдің жалпы хал­қының саны азая бастайды. Тіпті Ресей мұсылман­да­ры­ның саны бүгінгідей өсе беретін болса, 35 жылдан кейін Ресейдің өзі ислам мем­лекетіне айналатын түрі бар. Ал Қытайдың жағдайы белгілі, қашан да алпауыт мемлекет болып қала береді. Оларға төтеп бере алатын – тек қана үлкен күш, берік бірлестік, осындай одақ қана. Одақ болған кезде де, рухани, мәдени, тарихи, діни тұрғыдан біртұтас одақ бо­латын болса, онда, шын мәнінде, болашақта түркітілдес мемлекетке кіретін халық­тар­дың жалпы саны 100 миллион болады. Осынша халқы бар елдер қашанда Қы­тайға да, Үндістанға да, ислам мемлекеттеріне де балама бола алатын және өздерін қорғай алатын, ең бастысы, бүкіл әлемге жаңа, тың идея бере алатын қауымдастыққа айналуы ықтимал. Бірақ тағы айтамын: ол үшін тұрақтылық, мүдделестік керек, ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет.
Ортақ рухани дүниетаным, ынтымақтастық қалыптастыратын спутниктік теле­ар­налар құру керек. Ол, әрине, саясаттан алшақ болып, мәдени, рухани дүние­та­ным­ды қалыптастыратын телеарналар болуы қажет. Тағы бір мәселе – түркітілдес мем­лекеттер қыпшақ және оғызтілдес болып екі топқа бөлінеді. Меніңше, ынты­мақтастықты дамытудың бір жолы – қыпшақтілдес елдерге оғызтілдес елдің тілін оқыту керек және, керісінше, оғызтілдес мемлекеттерге қыпшақ тілдес мемле­кет­тердің бірінің тілін оқыту керек. Сонда түркітілдес мемлекеттердің халықтары бір-бі­рін түсінетіндей дәрежеге жетеді. Бұдан басқа, виза мәселесін де жеңілдету, ел­дердің бір-біріне жасалып жатқан инвестицияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген мәселелерді де қолға алу керек деп ойлаймын.

Оразалы СӘБДЕН, Экономика институтының директоры:
– Түркітілдес мемлекеттердің бір қағанаттан бастау алатынын тарихтан білеміз. Ол кезде қа­зақ, өзбек, қырғыз, түрік деп бөліну болмаған. Ал сол бірлігіміз қазір қайда қалды? Меніңше, сол бірлікті қайта орнату түпкі идея болуы ке­рек. Біз қазір бір болмасақ, әлеуметтік, эко­номикалық, әсіресе рухани ынтымақтастықта бол­масақ, қазіргі өркениет заманында ал­па­уыттардың табан астында тапталып қаламыз. Қазіргі күні Еуропа, Америка, шығыс елдері іші­нара одақ құрып алған. Бірақ олар бір-бі­рімен туыс емес. Тегі де, түбі де бір емес. Олар­ды жаһандану процесі біріктіріп отыр. Оған қа­ра­ғанда, біздің түбіміз бір ғой. Ендеше, неге бі­рікпейміз? Бізге қуатты одақ болу үшін экономикалық ынтымақтастығымызды да­мыту керек. Түркітілдес мемлекеттер арасындағы сау­да айналымын ұлғайту қажет. Түр­кия тәрізді дамыған елдердің жаңа тех­но­логияларын елімізге әкелу керек. Туризм саласынан да тәжірибе алмассақ болады. Біздің де оларға беретін дү­ние­ле­ріміз жетерлік. Оларға шикізат беріп, жақсы дүниелерін өзімізге қабылдау қажет.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Менің ойымша, түркітілдес мемлекеттер­дің ара­сындағы ынтымақтастық рухани ниетте, тілектестікте болу керек. Әсіресе мәдениет, ғы­лым саласында. Бірақ көп жағдайда мүд­деле­рі­міз қайшы келіп жатады. Қазақта «Саудада дос­тық жоқ» деген мәтел бар. Сондықтан да сау­даға, экономикалық мүддеге келгенде жағдай бөлек болуы тиіс. Көршілер бізден не сұрайды? Олар «жеріңнен тегін басып өтейік» дейді, арзанға несие сұрайды, өздерінің жұ­мыс­шыларына бізге жұмыс тауып берсін дейді. Ал өзімізді жарылқап алмай жатқанда, оларға жағдай жасағанымыз қалай болады? Әрине, қолдан келгенше жақсылық істеу керек. Бірақ олар­ды асырау керек деп түсінбеуіміз керек. Ме­нің айтып отырғаным – ынтымақтастық мә­де­ни, ғылыми шаралардың айналасында бо­луы керек. Мемлекет ең әуелі өз халқының мүддесін ойлауы тиіс.