ҰҚК-ның бұрынғы қызметкерлері Каменов пен Решетников мәжілістен кетті

09 наурыз 2022, 14:11

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы екеуінің өкілетін тоқтату туралы ұсыныс жасаған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерлері Файзолла Каменов пен Сергей Решетниковтың депутаттық өкілеті тоқтатылды. 9 наурызда пленарлық отырыс кезінде мәжіліс олардың өкілетін тоқтату туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы екеуінің өкілетін тоқтату туралы ұсыныс жасаған.

Сәрсенбі күні мәжіліс бір депутатпен толықты. Айтыс ақыны Аманжол Алтай мәжіліс депутаты ретінде ант беріп, жаңа қызметіне кірісті.

Решетников пен Каменов 2021 жылдың қаңтарындағы парламент сайлауының нәтижесінде мәжіліске келген. Олар парламенттің төменгі палатасына "Қазақстан халық партиясы" атынан сайланды. Екеуі де бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" қызметінде істеген, 2019 жылы құрылған Uran қоғамдық бірлестігіне мүше.

Файзолла Каменов бұған дейін мәжілістің – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті, Сергей Решетников халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетіне мүше болған.

Аманжол Әлтай жылдар бойы жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы болып істеген.