Украинадағы жағдайдан кейін Қазақстан қалай әрекет етеді – Сыртқы істер министрі жауап берді

22 ақпан 2022, 11:06

Үкімет отырысынан кейін журналистердің сауалына жауап берген Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Украинадағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұстанымы туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мұхтар Тілеуберді қазіргі жағдайдың шиеленіскенін айтып, Украинаға әскер жіберілмейтінін мәлімдеді. 

"Бәріміз білеміз, кеше Ресей президенті ДХР мен ЛХР егемендігін мойындаған болатын. Жағдай күрделі, шиеленісіп келеді. Ал Қазақстанның ресми ұстанымы әлі талқылануда", - деді Сыртқы істер министрі. 

Сонымен қатар министр Қазақстанның халықаралық құқық негізінде және Біріккен Ұлтар Ұйымының ұстанымы негізінде әрекет ететінін қосып өтті. 

"Әзірге ДХР мен ЛХР егемендігін мойындау сұрағы көтерілген жоқ. Ал ресми ұстаным Қауіпсіздік кеңесінен кейін нақтыланады", - деді Мұхтар Тілеуберді. 

Айта кетейік, Ресей президенті ДХР мен ЛХР егемендігін мойындаған еді. Сонымен қатар халқына үндеу жолдап, Украина туралы айтқан.