"Украиналықтардың қанын жанармаймен өтей алмайсыңдар": Зеленский НАТО-ны сынның астына алды

05 наурыз 2022, 10:55

Украина президенті Владимир Зеленский Украина әуе кеңістігін жабудан бас тартқаны үшін НАТО-ға мүше елдерді қатаң сынға алды. Ол НАТО ұсынған ондаған тонна дизель отынының украиналықтардың төгілген қанын өтей алмайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Зеленскийдің сөзінше, НАТО елдерінің барлаушылары Ресейдің жоспары жайлы біліп отыр. 

"Олар Ресейдің шабуылды жалғастыратынын да нақтылады. Жаңа соққылар жасалып, құрбандар болатынын біле тұра, НАТО Украина әуе кеңістігін жабудан бас тартты. 

Біз НАТО мемлекеттері Украина әуе кеңістігін жабуы Ресейдің НАТО-ға қарсы шығуына себепкер болады деген жалған ұстаныммен отыр деп түсінеміз. Бұл – қаруы әлдеқайда көп, күшті болса да, әлсіз, өз-өзіне сенімсіз елдің өзін гипноздауы", –  деді ол өз жолдауында.

Зеленский бүгінгі күннен бастап қаза тапқан адамдардың қаны НАТО-ның мойнында екенін ашып айтты. 

"Ұйымның бар істегені – сатып алу жүйесі арқылы Украинаға арналған 50 тонна дизель отынын жіберу. Бәлкім, Будапешт меморандумын жағып жіберуге арналған шығар? Бірақ ол Ресей әскерінің отында жанып кеткен. Біз қалаған НАТО осындай ма еді? Осындай Ұйым құрдыңыздар ма?" – деп қосты Украина президенті.

Оның айтуынша, НАТО басшылығы Ресейдің әрі қарай да Украина жерін бомбалауына рұқсат беріп отыр. 

"Сендер өз елдеріңді қорғай алатындарыңа күмәнім бар. Біздің ортақ Еуропамыз, ортақ бостандығымыз, ортақ болашағымыз үшін төгілген украиналықтар қанын тонналаған дизель  отынымен өтей алмайсыңдар", –  деп аяқтады Зеленский. 

Айта кетейік, бұған дейін Зеленский бейнеүндеу жолдап, өзінің Киевте екенін айтқан. Ол өзінің елден кеткені жөнінде ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.