Бейнеконференциялық байланыс режимінде өткен кеңесте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер бас штабтарының бастықтары ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын нығайтуға және дамытуға бағытталған уағдаластыққа қол жеткізді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан Қарулы күштері бас штабтарының бастықтары, ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы, сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов өкілдік етті.
Кеңес барысында ұйымның жауапкершілік аймағындағы әскери қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ дағдарысқа ден қою тетіктерін жетілдіру және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштері авиациясының халықаралық ұшуларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Тараптар 2022 жылы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын бірлесіп даярлау іс-шараларын өткізу жоспарын мақұлдады.
Алдағы күз айларында Қазақстан Республикасының «Мәтібұлақ» полигонында ҰҚШҰ әскерлері (ұжымдық күштері) материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінің «Эшелон – 2022», барлау күштері мен құралдарының «Іздестіру – 2022» арнайы оқу-жаттығулары мен ҰҚШҰ жедел ден қою ұжымдық күштерінің «Өзара іс-қимыл – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланғанын естеріңізге саламыз.