Саяси сахна

Ұлттық дәстүрді қорғайтын заң қабылдау айып па?

  • Ұлттық дәстүрді қорғайтын заң қабылдау айып па?

    Ұлттық дәстүрді қорғайтын заң қабылдау айып па?

Сән әлемінің ордасы – Париждің әйелдері 200 жыл бойғы тыйымнан кейін былтыр ғана шалбар киюге рұқсат алыпты. Бұған біреу сенер, біреу сенбес, бірақ ақиқаты осы. Ал АҚШ-тың кейбір штаттарында еркектерге ышқыры мықыннан түсіп тұратын шалбарды кидірмейтін заң баптары бар екен. Өйткені штат басшылығындағылар мұны к..н «cығалатып», айналасындағыларды мазақ ету деп тапқан. Ал бізде ше?.. Адамдықты, ар мен ұятты дәріптейтін қазақ дәстүріндегі ырым мен тыйымдар ұлт тәрибесінде үлкен рөл атқарған, иә онысы кешесінде, ал бүгінінде, өкінішке қарай, белгілі бір деңгейде қазақылықтан да, ұяттан да, ар-ожданнан да қадір кетіп тұрғаны жасырын емес...

Шолпысын сылдырлатып, жат көзге балтыры түгілі білегін де көрсетпеген ұяң қазақ қызы, алпамса денелі, жеті қырлы, бір сырлы, ат құлағында ойнаған қазақ жігіті бейнесі бүгіндері тек біздің санамыздың бір қалтарысында көлбеңдейді. Ал бүгінгі қазақтың ұл-қызының басым бөлігінен кешегінің осы белгілерінің бірін де таппайсыз. Алдын да, артын да «сығалатып» жүргендер біздің қоғамда да жетерлік. Бұл – ұлттық дәстүріміздің, салт-санамыздың әдірем қалғанының белгісі. Өкініштісі сол, айшылық жерді жақын еткен мына дамыған заманда жырақтан елімізге аяқ тіреген шетел қонақтары кешегі қазақты көрмеген, олар бүгінімен бетпе-бет келуде солар арқылы ұлттық болмысымызды бағалап кете барады.

Мысалы, Бірікен араб әмірліктерінде жаңадан босанған келіншекті сәбиін екі жыл емізуін міндеттейтін заң бар. Бізге неге осылай етпеске? Бұрын қазақ әйелі ешқашан баласын уақытынан бұрын емшектен шығармаған. «Емшек сүтіне жарымаған» деген сөз қазақ үшін қатты айтылған боп табылады. Соңғы кездері жігіттеріміз майдаланып кетті деп дабыл қағып жүрміз. Өйткені қазір қоғамда уызға жарымаған, көтерем қозыдай көгенкөздер көп.

«Сау ұлт – болашақ кепілі», «Саламатты Қазақстан – 2050» сынды бағдарламалар қабылдап, оған үкіметтен миллиардтап қаржы бөліп жатыр. Оның бәрінен не пайда, егер ел азаматын туа салысымен, сау боп өсуіне жағдай жасай алмасақ.

Қазір әлжуаз, аурушаң баласын доқтыр алдына сүйреп жүрген талай ананы білеміз. Оларға «балаңа емшек сүтін беруің керек еді, туа салысымен бойын суықтатпай, бесікке бөлеп, қымтап орап ұстағанда оның иммунитеті әлдеқайда жақсы болар еді» дегенді айтқың келеді, бірақ айта алмайсыз. Өйткені қазіргі заманда әр адамның өз дегені дұрыс. «Дұрыс емес» деп көріңіз, әйел түгіл, қазіргінің еркегі тіке беттен алып, төске шапқанда «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғысқа ұшыраған халықпыз ба деп те қаласыз. Мұндайда, ең дұрысы, баршаны бірдей міндеттейтін, қазақы тәрибеде барды өзге елдердегідей заңмен бекіткен, әрине жақсы.

Сондай-ақ үшбу жөргектің (Памперстің) зияны туралы, әсіресе қазақ басылымдары талай жыл бойына көп жазып, жиі мәселе көтеріп жүр. Бесіктің пайдасы мен киесі ғылыми тұрғыда әлдеқашан дәлелденіп қойған. Кеше қараңғы кәбинетте отырып, ұлтсыздандыру саясатын ойластырғандар қазақты бесіктен, жылқысынан айыруды көздегенін бүгіндері біріміз білерміз, біріміз білмеспіз. Алайда осы мәселелерді тәуелсіздік алған соң ұлттық саясатты құрушылар көз тасасынан қалдырмауы керек еді. Ұлт ретінде қазақты жойғысы келгендер бесіктен түскен бала денсаулығы осал ұрпақ болатынын, ал жылқысынан түскен қазақ жігіті жылқы мінезден айырылып, иі жұмсақ бола түсетінін жақсы білген.

Қазір бөпені орауды көп келіншек білмейді. Оны қайдан білсін? Егер кішкене кезінен қуыршақты орауды үйренбеген болса. Кеңес заманының өзінде бөпе қуыршақтар жайылығымен бірге сатылатын. Оны орап, қыз бала ойнаушы еді. Ал қазір базардан жайлығы бар сәби қуыршақты таппайсыз. Қуыршақтардың өзі де жалаңаштанып алған. Жалпы, ғылыми тұрғыда қымталып өскен бала үлкейгенде қайсар да жігерлі, мәрт болады екен. Мұндай тұжырымды жасаушы – АҚШ ғалымдары. Олар Орталық Азия халқының ыстыққа да, суыққа да, аштыққа да, қиыншылыққа да төзімділігіне таң қалып, жүргізген зерттеуінде осындай ұлт дәстүрінің қатыстылығын анықтаған. Ал жылқыға келер болсақ, Голошекиннің мына бір сөзі мысалға жетерлік: «Ең бірінші – қазақтарды жылқысынан айыру керек, сонда олардан асқан иіні жұмсақ халық болмайды». Осы заматта қолдан ашаршылық ұйымдастырылып, миллиондап жылқы да, қазақтың да қырылғанын тарихтан жақсы білеміз. Ендеше осы ұлттық құндылықтарды бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда неге жаңғыртпаймыз? Кімге жалтақтаймыз? Неден именеміз?..

Бесіктің заманауы үлгісін отандық өнертапқыштар әлдеқашан ойлап тауып қойған. Ал жылқы спорты елімізде ақырындап дамып келеді. Енді осыны қазақпен байланыстырудың заңнамалық тетіктерін табу қажет қой.

Тағы бір мысал. Қазір балаға асық ойната алмай жүрміз. Егер республикамызда ең көп асық жинаған балаға 1 миллион теңге немесе Диснейлендке демалуға жолдама тігілсе, бұлайша қиналмас едік қой?.. Ондайда тас жолда өскен баланың өзі асыққа ұмтылар еді...

Мына бір қызық фактіге қараңыз, ойланарлықтай. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе-дағы, ұлттық құндылықтардың күнделікті өмірге кіріктірілмеуін тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші әйел саясаткерлерден көреді. Ол өзінің бір мақаласында: «Гендер деп шапқылап жүрген көсем ханымдардың ойында шын халқына қызмет ету болса, ең болмаса қыздарды тәрбиелеудің заманауи бағдарламасын жасап Үкіметке ұсынар еді-ау. Осындай қаны тамып, зар жылап тұрған мәселені көрмей, сонымен айналысудың орнына, «гендерлік саясат» деп шапқылап жүрген ханымдардың бар ойы – билікке жету ғана» деп жазады. Бұл арада ғалым ағамыздың қатты кеткені рас. Алайда жоғары деңгейде өтіп жүрген «Дін мен әйел», «Гендерлік саясат» сынды алқалы жиындардың мектептегі қыздар жиналысынан аса айырмасы болмай жататыны жасырын емес. Расында, бала мен ана мәселесіне қоғамдағы нәзік жандылар ең бірінші боп ат салысуы керек қой. Мүмкін жоғарыдағы әйелдердің қазақылығы шамалы шығар немесе қарасы аз болар. Бұл да ойлантатын жайт.

Тіпті, саясатта ұлт деп, ұлтшылмен деп шапқылап жүргендердікі кейде далбаса ма деп қаласыз. Өйткені қазақы болмыс бен қолданыстағы заңнамамыз, жүргізіп отырған саясаттарымыз арасындағы айырма әлі де жер мен көктей.

Саясаттанушылардың айтуынша, қазақылықты бүгінгі заманға ұштастыруға ешқандай кедергі жоқ, керісінше ол бүгінгі ең өзекті мәселенің бірі екен.

Уәлихан ТӨЛЕШОВ, саясаттанушы:

– Унитарлық мемлекет болған соң, жергілікті халықтың ұлттық болмысы жаңа саяси, экономикалық және әлеуметтік трендтермен ұштасып жатуы тиіс. Оған заңдық және тағы басқа жағынан ешқандай кедергі жоқ. Қазақ-ты қазақ ететін құндылықтар тіршіліктің барлық саласына енгізілуі мемлекеттің дамуына үлкен серпіліс береді. Мұны Азияда аста-төк байлығы жоқ, тақырда отырып, мықты байып кеткен Сингапур, Малайзия сынды мемлекеттер айғақтап беріп отыр. Сондықтан әлем данышпандары бұл мемлекеттерге «Жаңа ой мемлекеттері» деген теңеу береді.


Сингапурдың Президентінен: «Дамудың осындай жетістігіне қалай қол жеткіздіңіз?» – деп сұрағанда, ол: «Мен ештеңені өзгерткенім жоқ, тек сингапурлықтарда бар дәстүрді жаңа либералдық, капиталистік трендтермен бірге жүзеге асуына мұрындық болдым» деп жауап берген екен. Міне, ел дамуы үшін орасан материалдық капиталдың, активтің бір өзі жеткіліксіз. Ол үшін сондағы тұрғылықты ұлттың рухын биіктету маңызды. Ал өр, рухы биік азамат елі мен жері үшін тау-тасты да қопаруға әрдайым дайын тұрады. Батыстың құндылықтары соңғы кездері, өкінішке қарай, біздің қоғамға дендеп еніп келеді. Ал оған тосқауыл болатын бізде байырдан келе жатқан дайын әрі мықты ұлттық болмыс, дәстүр мен тыйымдар бар. Соны қалқан етудің бізге мемлекеттік деңгейдегі тетігін жасау керек. Бұл – мемлекеттік саясаттағы бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Негізі, барды да айту парыз. Қазақтың апайтөс, денесі мығым да, мықты балуан жігіттерін «Қазақ барысы» арқылы жақын шет мемлекеттерге танытуға мұрындық болған Арман Шораев ағамызға мың алғыс. «Көкпар», «Жігіт сұлтаны» телебайқауларының да қазақылықты нығыздауда белгілі бір рөлі бар. Соңғы кездері байлар арасында да ұлттық дәстүрді ардақтап, құрметтеушілер қатары, шүкір, көбейіп келеді. Соның арқасында бүтіндей ұлттық аспаптар оркестрін, этникалық топтарды шақырып, қазақ даласын қазақтың ән-күйіне бөлеп, ұлттық жыр-думанымен шаттандырған тойларды да көріп қалып жүрміз. Әсері – ғаламат. Мұндайда ұлттық рухқа әбден шөліркеген жаныңыз толғанып, тебіреніп, тұла-бойыңызды шымырлатқандағы әсерді бір ауыз сөзбен жеткізу қиын-ақ. Қазақ келінінің сәукелесі соңғы кездері эксклюзив тұтыныстағы дүниеге айнала бастады. Сол секілді соңғы кездері нарықта қымбат тастардан әшекелейленетін, өмірінде қыз баланың бір рет басына киетін сәукелеге тапсырыс берушілер қатары да молая түскен. Қазақтың күрдешесі мен қамзолын кигендерді мектептен, той-томалақтан ғана емес, жұмыс кабинетінен де жиі көретін болдық. Әжелеріміз де ақырындап кимешекке бет бұра бастады. Бірақ тәуелсіз ел үшін мұның барлығы әлі жеткіліксіз. Әңгімеге өзек болған жоғарыдағы мысалдарды негізге алсақ, толықтырып, жамап-жасқайтын жеріміз әлі де баршылық.




Көрілген: 937    Пікірлер: 1

жұма, 23.05.2014, 12:16

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30