Саяси сахна

Ұсқынсыз ескерткіш жасағандарды неге соттамаймыз?

  • Ұсқынсыз ескерткіш жасағандарды неге соттамаймыз?

    Ұсқынсыз ескерткіш жасағандарды неге соттамаймыз?

Біздің ел өңірлері бір-бірімен жарыса ескерткіш сала бастағандарына біраз уақыт болды. Жоспарды уақытында орындап, мемлекеттен осы негізде бөлінген қаржыны мақсатты игерген жергілікті атқамінерлер, сөз жоқ, жоғарыдан өздеріне лайық мақтауларды алып жатқан болар. Дегенмен «Алаш айнасы» басылымы мұны жеткіліксіз деп санап, құр мақтаудан тыс ескерткішті қарқынды жылдамдықпен атқарған өңір басшыларын арнайы медальмен марапаттауды ұсынады. Мәселен, ол төсбелгіде «Сауатсыздық символын тұрғызғаны» үшін деген жазу болса дейміз. Мұны келеке ету емес, тарихи, елдік маңыздағы істің аяқ сүрінер шалағайлығын түзеудің басқа амалы қалмамағандықтан жасалған мәжбүрлі шара деп түсінген дұрыс шығар...

Кеше ғана Өскемендегі Абай атамызды мазақ еткен ескерткішті қоғам дүрлігіп жатып, әрең алдыртқан. Ергежейлілерге ұқсаған екі ұлттың ұлы тұлғасы - Абай мен Михайлестің ескерткішін қаланың қақ ортасына «қонжитқандар» одан ешбір кінәрат та, кемшілік те байқамағанға ұқсайды. Ал байқаса ұсқынсыз ескерткіштер қаланың төріне шығып кетпес еді ғой. Әбүйір болғанда, жергілікті әкімшіліктегілер ескерткіштің толықтыруды қажет ететін жерлері барын мойындап, оны ел көзінен алып қойды.

ХVII ғасырдағы қазақ батыры, әйгілі қолбасшы, Отанымызды жоңғарлардан «сыпыра» тазалаған, Абылайханның өзі ерекше «Дарабоз» деп атаған Қабанбайды мәстек атқа мінгізіп, қол-аяғын қысқалап әбден әжуалаған ескерткішін қазақ газеттері бір жылдары дүрлігіп жазғаны әлі есімізде.

Енді, міне Керекуде Жаяу Мұса бабымыз өз өмірінде алысып өткен ағаш аттылардың бүгінгі «жалғасынан» көресіні көріп тұр. Өз заманында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, әлеуметтік-саяси теңсіздікпен күрескен Жаяу Мұса бабамызға Баянауылдағы Жасыбай көлі жағасынан ескерткіш орнатылыпты. Бірақ онда бабамыздың аты-жөнінен қате кетіпті: Жаяу Мұса деудің орнына Жаяу Муса делінген.

Жергілікті биліктің пайымынша, бір қарағанда бір әріптен кеткен қатеде тұрған дәнеме жоқ секілді көрінуі ықтимал. Алайда ескерткіш деген елдіктің символы іспетті. Ал біздегі ескерткіштер жергілікті атқамінерлердің шалағайлығының, мәселеге жүрдім-бардым қарайтындығының «арқасында» елдіктің емес, сауатсыздықтың символына айналуда. Әрине, бұл масқара жайт.

Әсілі, әлемге аты мәшһүр CNN телекомпаниясы қызметкерлері Қазақстанға ат басын жиі тіремейтін секілді. Әйтпесе жер шарының түкпір-түкпірінен жинап беретін олардың «Ең сүйкімсіз ескерткіштер» атты топтамасына еліміздің әр өңірінде болуы ықтимал, ұсқынсыз салынған біздің ата-бабаларымыздың ескерткіштері әлдеқашан еніп кетуі керек еді.

Жалпы, ескерткіштің тарихимен қатар саяси мәнісі де зор. Сондықтан олар халықаралық қауымдастық тарапынан қатты қадағалауға алынады. Мәселен, осыны білгендіктен болар, былтыр Ресей Федерациясының Брянск облысының губернаторы бес әріп қатесі кеткен ескерткішті салушыларды, оған жауапты жергілікті әкімшілік қызметкерлерін «Отан тарихын білмеген»і үшін деген айыппен әкімшілік жауапқа тартқан. Жалпы бұл жағынан Ресей Федерациясының заңы өте қатал. Осы қыста Ресейдің Мемлекеттік Думасы Ұлы Отан соғысының, сол секілді КСРО тарихын бұрмалаушы фактілер қатаң жазаға тартылады деген мағынада заң қабылдағанын біреу білер, біреу білмес. Бұл нені білдіреді?.. Бұл арада тағы да еліміздегі атқамінерлердің бейқамдығынан таяқ жейтін түріміз бар. Тәуелсіздік алып, бозторғай қой үстіне жұмыртқалаған заманда ел өңірлеріндегі қазаққа жат, тарихта елді езгіге салған орыс көсемдерінің ескерткіштерін тазартып тастауымыз керек еді. Мысалы, Балтық жағалауы елдері, украиндар секілді. Енді бұлай ете алмаймыз. Өйткені тек Ресей емес, бұрынғы КСРО территориясына тарайтын жаңағы заң бұған жол бермейді. Сол себепті болар, жиырма жыл емін-еркін көсіліп қалған елде енді тарихи цензура қайтадан бой көрсете бастады. Бұл ретте Жарылғаптың журналының жағдайы бізге белгілі. Оған кеңірек тоқталмай-ақ қоялық. Енді мына бір фактіні қараңыз. Жуырда жиырма жыл бойына Алматының Наурызбай батыр және Қабанбай батыр көшелерінің қилысындағы саябақта тып-тыныш тұрған ашаршылық құрбандарына арналған қара тасқа жергілікті әкімшіліктегілер қырғидай тие бастапты. Негізінен, әлгі қара тастың орнына 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнату жоспарланған. Бірақ ол 22 жыл бойы жүзеге аспай келеді. Енді оның мүлде мүмкіндігі де болмайтын секілді. Себебі өйтсек КСРО тарихын бұрмалап жіберуіміз мүмкін ғой...

Міне, осы жайттар арқылы өңір-өңірдегі басшыларға ескерткіш мәселесіне жүрдім-бардым қарауға, елдікті паш ететін символды еш қорлауға болмайтындығын, ондайларды қатаң түрде жазалау қажеттігін ұғындырғымыз келеді.

Автор: Кәмшат Сатиева




Көрілген: 1352    Пікірлер: 1

бейсенбі, 14.08.2014, 14:18

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30