Алаш прозасы

Арман СҚАБЫЛҰЛЫ: "ХАН-ТӨСЕК"

  • Арман СҚАБЫЛҰЛЫ:

    Арман СҚАБЫЛҰЛЫ: "ХАН-ТӨСЕК"

..."Атырауға іссапарға баратын болдың" дегенде қатты қуандым. Әкімнің портретін жасайтындығыма емес, бес жыл көрмеген Табылдымен жүздесетіндігіме жүрек дүрсілдеді.

Сол бес жылда өзі де Алматыға ат ізін салмады. Жер шалғай. Біз де жете алмадық. Күнделікті күйбең тірлік пен енжарлық тағы бар. Әйелі қайтып, "қамшының cабы сынғанынан да" хабардармын. Көңіл айтпақшымын. Сұмдық күйзелісте жүргенін бәріміз естідік. Іссапарға берілген үш күннің ең құрығанда бір күнін досыма арнасам арманым болмас еді-ау...


Әуежайдан күтіп алған баспасөз хатшысы бір әңгіменің шетін шығарды.

– Аға, сіздер сұраған мейманханадағы нөмірлер ертең босайды. Ана бір конференцияға келген қонақтар алып қойыпты. Бүгінше біз сізді өзіміздің резиденцияға жайғастыруды ұйғардық.

Не дейміз? Қонақ қойдан жуас. Зуылдақ баспасөз хатшысы зуылдап жүріп әп-сәтте әлгі жатын орынға әкеп тастады. Ішіне енген соң-ақ, жүрегім тас төбеме шықты. Жатын орын деп жай айта салған екенмін. Мынау хан сарайынан кем емес қой! Бірнеше бөлме. Бірнеше жуынатын орын. Ортадағы кең бөлмеде алтын түстес үлкен төсек тұр. Үлкендігі сондай, бәйбішең мен бес-алты балаңды құшағыңа алып жатсаң да, еркін сиятыныңа күмән жоқ. Мына сарайда жалғыз жатудың өзі қорқынышты ғой.

– Бір бөлмесіне жатып демала беріңіз, аға! – деді баспасөз хатшысы. –Әкім сізді ертең қабылдайды.

Ол кетуге айналды.

– Тоқташы бауырым, – дедім. – Сен Табылды Досымовты танисың ба?

– Танимын. Бірақ, ол кісі қазір ауылда ғой... Алыс. Үш жүз шақырым жерде.

Хатшым қашайын деп тұр. Артынан қалмадым.

– Ертеңге дейін қайдааа! Әкімге де үлгереміз. Сен мені соның ауылына жеткізші, бауырым! Болмаса өзім тартып кетемін.

Хатшыға да жан керек. Мен кетіп қалсам оның да жағдайы мәз болмайды-ау деймін.

– Аға, қозғалмай осында күтіңізші, – деді бебектеп. – Табылыңызды өзіміз жеткізіп береміз. Демала беріңіз. Тек мына төсекке (алтын түстес төсекті нұсқап) жатпай-ақ қойыңыз. Бұл төсекте кім демалғанын сіз білмейсіз ғой? Білмей-ақ қойыңыз...

Хатшым сұқ саусағымен төбені көрсетті. Жарайды дедім. Маған төбеде кім бар екендігі сол сәтте қызық емес еді. Досым келсе болды.

... Көзім ілініп бар жатыр екен, есік дүрсілдеп қоя берді. Табыл! Құшақтасып жатырмыз. Көрісіп те, көңіл айтып та үлгердік. Өңі жүдеу. Көзінде мұң. Өкпесін айтып жатыр. Үнсіз тыңдап отырмын. Бір кезде бөлмелерді аралап көрді. Әлсін-әлсін басын шайқап қояды. Алтын түстес төсектің тұсына сәл кідірді.

– Хан-сарай ғой мынауың! Ал, мынау хан-төсек!

– Рас, рас! – деймін. – Тек андағы төсекке жақындай көрмеші. Бәлесінен аулақ. Гитараңды да әкелмепсің... Кел , оданда өлең оқышы! Сенің өлеңіңді тыңдамағалы қай заман!

Кейін білдім ғой, әйелі қайтқалы гитарасын ұстамай, екі жыл ән айтпай кеткенін. Өлең оқыды. Соңғы жазылғаны екен. Сұмдық! Қай кезеңнің болмасын күйігін дөп басатын мұңлы жыр.

"...Маңдайға жазған болмыстың заңы:

"Қазаққа ғана қазақ қас".

Сондықтан зармен табақтас бол да,

азапты мініп тозаққа ас.

Терегің қурап, текті елің тулап,

Итжеккенге асып кеткенде,

Теңселген елге сен төре болдың,

Тексізден туған тезекбас!"

Әлі оқып отыр. Анда-санда "хан-төсекке" қарап қояды.

"...Сол бір тексіздер дастархандарды,

Теуіп бір кетсе төрден кеп.

Жарамсақ қулар жүйткіді талай,

Мәскеуден ұшқан орден боп..."

"Хан-төсекке" тағы бір қарап, жырының соңғы нүктесін қойды.

"...Төрелерге арнап құлып сойғандар,

Тірі жүр әлі өлген жоқ!"

Бір кезде орнынан атып тұрды. "Хан-төсекке" жақындап барды.

– Әкесінің... Бір-ақ рет берілетін бұл жалғанда неге қорқа береміз? Келші! Хан аунаған төсекке біз де аунайық! Үлгермедім. Құдды бір суға секіргендей күмп етті төсекке. Көзімді жұмғанмын. Қытыр-сытыр... дыбыстар... Ана салмағымен... Көзімді ашсам "хан-төсегімнің" төрт аяғы талтайып жатыр. Жанталасып жүріп іліндіріп қойдық. Енді ол жаққа қарауға қорқамын. Тезірек кетсем екен бұл сарайдан... Досыма қараймын. Түк болмағандай ыңылдап жүр.

"Төрелерге арнап құлын сойғандар,

Тірі жүр әлі өлген жоқ!.."



Арман СҚАБЫЛҰЛЫ 




Көрілген: 2775    Пікірлер: 1

сәрсенбі, 11.11.2015, 09:41

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Мамыр, 15:40
    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30