Алаш прозасы

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ: ЖАРТАСТАН ШАЛ ҚҰЛАПТЫ ТЕРЕҢ СУҒА

  • Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ: ЖАРТАСТАН ШАЛ ҚҰЛАПТЫ ТЕРЕҢ СУҒА

    Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ: ЖАРТАСТАН ШАЛ ҚҰЛАПТЫ ТЕРЕҢ СУҒА

– Аға, сәлеметсіз бе? Мен Ілжан ғой, хәліңіз қалай? Уақытыңыз болса, жолығып кетсем деп едім, қайдасыз?

– Кеңседемін. Қашан келесің?

– Қазір шығам.

– Жақсы.

Тығыз жұмысы толып жатса да, Серпін Ілжанды күтіп қалды. Жай күтпеді, ойланып қалды: осы қыздың ойында не бар? Бұл алпыс жетіде, ол жиырма үште, әкесі түгіл, атасындай. Соған қарамастан теңіндей сөйлесіп, теңіндей әзілдеседі. Ашықтығы ма, әлде «ғашықтығы» ма? Қайтер екен, көрейінші осы жолы?!


Ілжан есікті еркін ашып кірді. Ақжарқын амандасты:


– Аға, қалайсыз?


Қолын ұсынды. Қырындап бетін тосты. Серпін қолын жібермей тұрып бетінен сүйді.


– Әкел екінші жағын, – деді әзілдеп.


Қыз екінші бетін тосты.


– Енді ортасын әкел!


– Ол болмайды, аға.


– Неге?


– Оған некелі адамның ғана қақысы бар.


– Е, некелі болғаныңды неге айтпай жүрсің?


– Әлі болғам жоқ.


– Онда айтып тұрғаның не?


– Түбі бір тиетін шығармын күйеуге.


– Е, оған дейін өмір сүрмей жүре бересің бе?


– Өмір сүру тек соған байланысты емес қой, аға.


– Енді неге байланысты?


– Әуелі білім алу керек, сонан соң елге қызмет жасау керек, содан кейін оның да кезегі келеді ғой.


– Дұрыс-ақ. Тек жаттап алған тақпақ сияқты айтады екенсің.


Қыз сөйлей жүріп қарсыдағы бес орындықтың ең ортасына отырды. Серпін де қыздың өне бойын сүзе қарап, өз орнына отырды. Ақ құба өңінде алып бара жатқан әдемілік жоқ, тек қос анары оқшау томпыйып, бүкіл төсті бір өзі бүркеп тұр. «Апырмай, қыздың да төсі тым үлкен болады екен-ау?!» – деген таңданыс Серпінді еріксіз ойлантты: жаратылысы өзгеше екен-ау, ә?!

Қыздың өтініші де өзгеше болып шықты: ауылда ағасы бар екен, бір байдың қойын бағатын көрінеді. Жайлауда жеті-сегіз қойын қасқыр жарып кетіп, ағасы оны төлей алмай, ақыры сотпен де сыбайлас болып алған бай ағасын соттатып жібергелі жатыр екен, үш мың доллар әкеп бермесе, төрт баласы бар ағасы қамалатын болыпты.

«Қамалса, қамала берсін! Менің оған қандай қатысым бар?» деуге ары жібермеді, аузы да бармады.

– Қап, қиын болған екен! – деді жаны ашып.

– Сізден басқа барар жерім де, басар тауым да жоқ, аға. Осыдан ағамды аман алып қалсаңыз, мен де қарындасыңыз ретінде бір керегіңізге жарармын. Жұмысқа орналассам, ақшаңызды артығымен қайтарым берем әлі.

Қыздың үнінен құпия меңзеуді танығандай болды. Емексіткен үміті түнгі сәуледей жылт ете қалды. Күннің жылуы түскен қардай Серпіннің тұла бойы жіпсіп қоя берді. Уәде алғандай болмайын деп, бас көтере бастаған табиғи нәпсісін зорға тоқтатты.

– Сот кім екен? Бәлкім, мен танырмын.

– Жоқ, танымайсыз. Сырттан келген біреу. Үш мыңды әкеп берсең, істі жабам деп отырған – сол.

– Ол қандай сот? Оған үш мың доллар бергенше, базарда бір қой жиырма мың теңгеден аспайды, жеті-сегіз қойды сатып әпере салғанымыз әлдеқайда арзан болмай ма?

Қыз сәл аңтарылып қалды да, кекесін жымиды.

– Ой, аға, мен сізге мыжып отырмайын деп, тоқетерін ғана айттым. «Қасқыр жарып кеткен жоқ, қойымды ұрлап сатып жіберді» деген жаламен куәлерін де даярлап қойып отыр. Сондықтан «Қойыңды сатып әперейін» дегенге қанша айтсақ та, көнбей қойды.

Мұның астарында бұл біле бермейтін бір былық бар сияқтанды. Бірақ оның қандай былық екеніне ойы да, көзі де жетпеді. Ары қазбалай берсе, қыздың сөзіне сенбей отырғандай көрінетін болды. Тіпті сараңдық жасап отыр деп қалуы да мүмкін. Сейфінде сондай ақша сақтаулы еді. Алайда ойлана тұрғанды дұрыс көрді.

– Ертең келші, мен қарастырып көрейін.

– Ой, аға, рақмет! – Қыз орнынан ұшып түрегеп өзіне қарай жүрді. Келді де, бетінен сүйді.

– Ертең келем, аға!

Бұрылмастан шығып кетті. Серпін қыз сүйген бетін алақанымен сипап, ол шығып кеткен есікке бір, тұрып кеткен орындыққа бір қарап тұрды да қалды.

* * *

Ілжанмен төрт жыл бұрын танысқан. Бұрын-соңды естімеген аты көңілін бірден аударды.

«Ата-бабамызға ас береміз. Ауылға мешіт саламыз», – деп, бір топ ауылдастары келген соң, Серпін сұраған ақшаларын сөзбұйдаға салмай өзі апарып берген. Салынып біткен мешіттің салтанатына барғанда Ілжанды көрді. Алматыға оқуға түсіп, қуанышы қойнына сыймай тұрған кезі екен. Денесі тығыршықтай, көзі күлім қаққан, омырауы оқшау көтеріңкі, ашық жарқын қызға қызыға қараған.

«Әй, тым ойнақтап тұр екенсің, отқа түсіп кетпес пе екенсің?» деп күдіктенген.

– Аға, мен осы ауылдың іргесін қалаған Боташ атаның шөпшегі болам. Сізді сыртыңыздан жақсы білем. Биыл оқуға түстім, іздеп барып жолығам», – деген.

Сөзінде тұрып іздеп келді. Қасында бір құрбысы бар, ол да осы аудандікі. Екеуін мейрамханаға шақырып еді, барды. Бірақ екеуі шарап та, арақ та ішпеді, алайда әзілдесіп, арқа-жарқа отырысты. Сөзден сөзге, әңгімеден әңгімеге ауысып отырып, ағасының әйелі Серпіннің ағайыны болып келетінін айтып қалды. Ілік таба алмай отырған ол сол сөзге жабыса кетті. Ары сұрап, бері сұрап, ақыры солай екенін анықтады да, «Онда сен маған құдаша болдың», – деп қиялады. Қыз да одан бұлтара алмас күй танытты. Сөзді сөзге жетектете келіп ақыры: «Құдашадан құдай атқан құр қалады» деген мәтелді де бір сөзге міңгестіріп жіберді. «Сізді құдай атпасын деп, өзімді құдай атқызып қояр жайым жоқ», – деді, қыз пәле. Оған құрбысы да, Серпін де сүйсіне күлді. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген – сол. Серпін де беріскісі келмей, «Сөз тапқанмен, жөн тапқан жоқсың, менен оңай құтылмайсың», – деген болды.

– Сіз де, аға, қайдағыны айтады екенсіз. Мен әлі ондайды білмеймін ғой, – дейді қыз момақансып.

– «Әйелдің іші – қалың орман, қыздікі одан арман» деген ғой Тургенев. Сенің түк білмеймін дегеніңе түк сенбеймін, – дейді Серпін де сөзіне қарай сөз қайырып.

– Мен күйеуіме адал, таза күйімде тиюім керек. Сондықтан менің басыма басқа сөз кіріп те шықпайды, – деді, бір кезде.

– Енді тезірек тисеңші, сонан кейін басыңа бірдеңе кірер, – деп күлген.

– Сонан кейін де кірмейді, аға. Өйтіп мені күнәға батырмаңыз!

– Күнәға бату үшін кісі әуелі күнә жасау керек, екеуміздікі құр сөз ғой?

– Жаман сөз, жаман пиғыл да күнә, аға. Күнәға батасыз, айтпаңыз.

– Сондай әдемі, ап деп жұта салғың келетін қыз алдымда отырғанда, мұндай сөзді айтпасам, қайта сол күнә болмай ма?

– Қой, аға, біз қайтайық. Ауыл жаққа барсаңыз, ала кете ме деп келгеміз. Ауылдан келген соң хабарласармын.

Қалай бұлтақтап, қаншама қашқақтаса да, қыздың беті бірте-бірте бері бұрылғандай болғанын Серпін бәрібір байқады. Онымен қай-қайдағыны айтып, ұялмай әзілдескенге өзінің де бойы үйреніп бойы үйреніп бара жатты. Заманның өзгергені ме, адамның өзгергені ме? Қажет дегеніңді айтасың, қажетті нәрсеңді тыңдайсың, сол қажеттілік ұятты да ұмыттыратын секілді. Гете жетпістен асқанда 18 жасар қызға ғашық болған деп жатады. Біздің ара жасымыз оның қасында түк те емес қой. Тибилисиге барғанда Жамбыл атамыз да жас қызға қызығыпты. Қыздың өзі құп көріп тұрса, еркекке оның несі мін, несі күнә? Қайта қанаттандыратын ғажап нәрсе емес пе?

* * *

Ақшаны алып кеткеннен кейін көпке дейін Ілжан хабарласпай кетті. «Осы қыз мені алдап соққан жоқ па?» – деген үрейлі күдік қылт етті де, «Қой, жап-жас қыз өйте қоймас», – деп, оны Серпіннің өзі сол сәтте-ақ басып тастады.

Бір айдан асқанда Ілжан бір күні кеңсесіне кіріп келді.

– Ой, аға, ақыры жеттім-ау сізге! – деді жаудан құтылып келген адамша алқынып.

– Біреу алып қашып кеткен шығар деп едім.

– Құтылдым деп қуанған екенсіз ғой? Менен оңай құтыла алмайсыз, аға. Сізді сағынып кеттім, тегі!

– Шын ба?

– Шын, аға.

– Кел онда, құшақта!

Қыз келіп бауырына кірді. Құшағына қысып тұрып, Серпін Ілжанды ернінен сүйіп алды. Қыз қарсылық білдірмеді. Қайта құшақтап, қайта сүйді. Бүлк-бүлк ұмтылып, қыздың ерні қылық танытты. Соған елтіген Серпін қыздың ернін құмарта сорды. Еркек аңсайтын ертегіге жақындап қалғанын жан-тәнімен сезінді.

– Түу! Уһ! Тұншықтырып жібердіңіз ғой, тегі! Біреу кіріп келсе, қайтесіз?!

Әлдебір секем Серпіннің жүрегін сыздатты. Мына Ілжан басқа Ілжан сияқтанды. Өңінде еш өзгеріс жоқ. Бұл оның бұрыннан сүйісіп жүрген адамындай. «Қызбен сүйістім!» – деп қуанудың орнына, аузы буылып қалғандай, не дерін білмеді.

Ілжан бір ай бойы қайда болғанын баяндап отыр екен. Шешесі қатты ауырыпты. Үш апта ес-түсін білмей ауруханада жатыпты. Бұл оның күні-түні қасында болыпты. Тағы бір апта үйде күтіпті. Сонымен қойшы, Алматыны әбден сағыныпты. Алматыдағыларды да сағыныпты.

«Сізді де сағындым», – дер ме екен деп еді, демеді. Десе, сенбейтін еді. Себебі, сағына қоятындай мұның қандай қылығы бар? Ақша бергені ме?

– Көңілсізсіз ғой, бір жеріңіз ауырып отыр ма?

– Иә.

– Қай жеріңіз?

– Жүрегім.

– Қазір жүрегі ауырмайтын адам жоқ шығар.

– Сенікі де ауыра ма?

– Ой, сұрамаңыз. Түнімен бір тұрып, бір жатып, кейде көз ілмей шығам.

– Жүрегі ауыратын адам жүрегі ауыратын адамды қалай емдейтінін білесің бе?

– Қалай?

– Оны айтуға болмайды, тек көрсету керек.

Қылжақ сөзге қылжақ жауап қайтарудың түрі көп еді, қыз бірақ күтпеген жауап қайтарды:

– Түбі, мына түріңізбен, сөйтетін шығарсыз.

– «Түбі» деп, неге кейінге итересің?

– Мені қинап, асықтырмаңызшы тек! Өзім айтам. Әуелі шешемнің денсаулығын түзеп алайыншы. Оған бару оңай деймісіз?

* * *

Ілжан тағы ұзақ жоқ болып кетті. «Бұл өзі бір түрлі қыз екен-ау, ә? – деп, Серпін не де болса өзі хабарласып көрді.

– Аға, мен бір жұмыспен жүрмін. Осы аптаның аяғына таман өзім сізге кіріп шығатын шығармын, – деді.

Бірақ бұл аптада да, келесі апта да кіріп шыққан жоқ. Сөзінің бәтуәсі жоқ қыз екеніне көзі жетті.

Қыстың қақ ортасы болатын. Алматының сирек болатын сары аязы ашуына мініп тұрған. Ауылдан келген досы екеуі ыстық тамақ ішейік деп, мейрамханаға енді кірген. Серпіннің қалта телефоны сыңғыр ете қалды.

– Аға, қайдасыз, ақылдасатын бір шаруам болып тұр, – деді Ілжан.

– Тығыз ба, әлде асықпайтын ба?

– Өте тығыз.

– Онда «Жерұйық» мейрамханасына кел. Мен сонда отырмын.

– Оның кім, ей? – деді Тәмен бөтен біреуді шақырғанын жақтыра қоймай.

– Бір студент қыз. Жанастың ауылынан.

– «Кел» дегеніңе қарағанда, көрпесін ашып-жауып жүрген адамың болды ғой?

– Ашып-жапсам ба деген ой болған. Бірақ қыздың қылығы тым түсініксіздеу.

– Сенде ақша бар, ал оған ақша керек. Оның «түсініксіздеу» дейтін түгі де жоқ.

– «Тек көрпесін ашу керек», – деші.

– Дәп солай. Әй, Жанас демекші, ол қайда жүр?

– Астанада жүр екен, ертең келеді. Жетіде үйіне барамыз, телефонмен шақырып қойды.

– Шақыратын адам өзіме телефон соғып шақырмай ма?

– Қойсаңшы, үшеуміз бір-бірімізге шақырмай-ақ бара беретін адамдар емеспіз бе?

Тәмен үндей алмай қалды. Серпіннің сөз астарын сезе қойды. Тәмен, Жанас, Серпін – үшеуі бір ауданның үш ауылында туған, аудан орталығындағы орта мектепте бесінші сыныптан бастап бірге оқыды. Он бір жастан бері бірге күліп-ойнап келеді.

– Әй, анау ма әлгі келетін қызың? Бетінен бұрын емшегі көзге түседі екен.

Серпін орнынан түрегеп, қызды қасына шақырды. Тәменмен таныстырып, аман-саулық сұрады.

– Үсіп өле жаздадым, аға. Ыстық шай алдырыңызшы!

– Шайды қайтесің, қарындас, мынадан біреуін алып жіберсеңші! – Тәмен рөмкесін көтеріп, арақ жаққа иек қақты.

– Мен ішпеймін, аға.

– Солай ма? Намаз оқитын болдың ғой онда?

– Жоқ, оқымаймын. Бірақ арақты асқа санамаймын.

– Оның бір жағынан, дұрыс та екен. Екінші жағынан, өзіңе ыңғайсыз да екен.

– Неге?

– Бәрібір арақ ішетін біреуге тиесің дегенім ғой.

– Құдайдың жазғаны болмай ма, аға.

Ілжанның Тәменге ұнамағанын Серпін бет жүзінен-ақ байқады: жаман иістен қашқан кісіше сырт айналып, қыз сөйлеген сайын езуін қисайтып, көзін жұмып, тыжырынды да отырды. Алайда еркектік жасауды естен шығармады.

– Мен бір мекемеге барып келе қояйын, – деп, бір кезде орнынан тұрып кетті. Сол сәтті күтіп отырғандай, Ілжан да ағытыла жөнелді:

– Аға, менің жолым болмай-ақ қойды, әйтеуір, қырсық айналдырып алды. Әкем ес-түсін білмей ауруханаға түсіп қалыпты. Қымбат дәрілер керек екен. Түнделетіп таксимен кетуіме тура келіп тұр. Сізден де ұят болды, бірақ басқа амалым болмай тұр, аға. Сізден басқа сенерім де, сүйенерім де жоқ, енді кімге барам? – Бет жүзін екі алақанымен жауып, иығына басын сүйеді.

– Қой, ұят болады, ел қарап отыр.

Қапшығын ашып, елу мыңды қолына ұстатты.

– Рақмет, аға. Мен жүре берейінші. Иненің үстінде отырғандаймын, тегі.

– Жарайды, жолың болсын!

– Әй, сен адам танымайсың, – деді Тәмен отырып жатып.

– Қыз танымайсың десеңші.

– Оһ, өте дұрыс айтасың: қыз танымайсың. Мынауың ешқандай да қыз емес.

– Қой, ей, күнәға батпа!

– Қызбын десе қымбатқа түсетінін біледі ол. Сондықтан басыңды қатырып жүр. Төсіне, мықынына, бұлшық етіне қарамайсың ба? Қайдағы қыз?!

– Заты қыз болмаса да аты қыз ғой, әйтеуір.

– Е, мұның құлаққа кіреді. Кісіні бекер күйдіргенше, бірден сөйтіп мойындамайсың ба? Ай, заман бұзылды-ау! Әлгің біздің баламыздан да жас қой.

– Заманның түзелгені демейсің бе, бұрынғы заман болса мұндай қыздар біздей шалға өлсе жолай ма?

– Әй, дегенмен бұрынғы шалдар бізден гөрі мықты болған-ау деймін. Еркекке қарағанда әйел төсектен ерте қалатын көрінеді. Ондай әйелдің шалдарына қыз көзін сүзбегенде қайтеді?

– Бұрын қызды әке-шешесі зорлап шалға берді дейтін, қазір шалға бара ма, тоқал боп байға бара ма, тіпті үш еркекпен бірдей жүре ме, – бәрін қыздың өзі біледі, өзі шешеді. Жеке адамның құқығын шектеуге ешкімнің қақысы жоқ дейтін қағида шықты. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», қазір нәпсіні тыятын не қалды? Білім, мәдениет деуші едік, әркімнің өз білгенін істеуді білімділік санайтын дәрежеге жеттік. Ауылда әзірше ұят бар, себебі сендер сияқты жасырын өмірге өріс жоқ, көз алдымызда. «Бет көрсе, жүз ұялады».

– Айтып отырғаның дұрыс. Бірақ бір жақты. Заманның бүкіл өзгерісін, жақсы-жаманын алдымен әйел көтереді. Қалада қыздар тиетін жігіт жетіспейді. Ал өмір бойы еркек көрмей өтуге қыздың бәрі шыдай бермейді. Сондықтан бұл мәселе – еркек пен қыздың некелі еркек пен әйелдің арасындағы ғана мәселе емес, мемлекеттік мәселе.

– Түбі бұл да шешілер, оған бас қатырып қайтеміз? Бірақ сен ана қыздан абай бол. Зорлап кетті, қорлап кетті деп, басыңды бәлеге қалдырып жүрмесін. Қытығы аздау көрінді, мені бөтен адам-ау деп, қысылып-қымтырылмады тіпті. Сау басыңа сақина тілеп аларсың.

– Құдай сақтасын!

* * *

Әдеті ме, әлде жағдайы солай ма, Ілжан тағы біраз уақыт хабарласпай кетті. Әкесі әлдеқандай болып кетпеді ме екен деген күдікпен өзі хабарласты.

– Аға, бүгін-ертең Алматыға барып қалатын шығармын. Папама тағы дәрі әкелуім керек, – деді қыз.

– Қазір жағдайы қалай?

– Әлі сөйлей алмайды, бірақ беті бері қарады. Сізге рахмет, аға. Дәрінің көмегімен жаны қалды.

– Жақсы, келген соң хабарласарсың.

– Хабарласам, аға.

Қыз бұл жолы уәдесінде тұрды.

– Мен бүгін келдім, аға. Ертең жолығайық, – деді.

Не дерін білмей Серпін сәл тосылып қалды.

– Ақыр жолыққан соң, жөндеп жолығайық.

– Өзіңіз біліңіз.

Өне бойы ду ете қалды. Қыздың үні – бекем, бекінген үн. Ендігісін Серпін өзі білді. Уәделі жерге Ілжан жарты сағаттай кешігіп келді. Оны Серпін кешірімдікпен түсінді: қалай дегенмен, бірінші қадам ғой?!

Екеуі сүйісіп амандасты. Серпін қыздың сырт киімін іліп жатқанда, ол келіп:

– Фу, Алматының осынысы жаман, – деді етігін шеше еңкейіп, – не қыс емес, не жаз емес, аяғыма су кіріп кетті-ау деймін?

Еріксіз қарады: етігі ескілеу әрі жұқалау көрінді.

– Кішкене шарап ішейік пе? Жылынасың.

– Менің ішпейтінімді білесіз ғой, аға.

– Кел онда, құшақтап жылытайын.

– Қорқам, аға.

– Неден қорқасың? Адам бір-бірін жек көргеннен қорқу керек, жақсы көргеннің еш қорқатыны жоқ.

– Қазір... Өзім...

Жалаңаш денеден жалын шығып жатқандай көрінді. Серпін қыздың ернін ернімен іздеді. Асау жылқының да арынын басатын алақан қыздың арқасына өтіп кетіп қайта оралды. Ілжан да, Серпін де, бүкіл үй іші – бәрі үнсіз. Үнсіз күту, үнсіз жақындау. Не болады, қалай болады? Үнсіздік оқыс үзіліп кетті:

– Ойбай, аға!

Сезім селк ете қалды. Теңселген төсек тербесіп барып басылды.

Қыз орнынан тұрып бара жатып жамылған көрпені үстіне орап алды. Жалаңаш қалған Серпін шап беріп бір шетіне жабысты. Қыз жібере салып, ваннаға кіріп кетті. Серпіннің көзі қыз жатқан орынға түсті. Төсеніштің қан тамған жерін көрпенің шетімен жаба салды.

Шала жуынған, шала сүртінген қыз орамалдың шетін тістеп, екі бүктеліп жата кетті.

– Не болды? – Серпіннің зәресі ұшты. Қыздың шекесі, өне бойы өрт боп күйіп тұр еді. Орнынан ұшып түрегелді. – Дәрігер шақырайын ба?

– Жоқ! – Қыздың зәресі ұшып кетті. – Қызық екенсіз, не деп шақырасыз?

* * *

Қыздың қылығын ойлап, Серпін бірер күн сергелдең болып жүрді. Неге өйтті? Қыз екенін солай «дәлелдеудің» қандай қажеттігі болды? Тәмен айтпақшы, бағасын қымбаттатқаны ма, әлде әдепті екенін көрсеткісі келгені ме? Сірә, бір алаяқ алам деп алдап кеткен болар-ау? Өйткені соңғы кезде сөзінде де тұрмай, жүріс-тұрысының да берекесі болмай кетіп еді. Оны сөккеннен гөрі аяған жөн шығар. Сондықтан ештеңені аңғармағандай, алдағанын сезбегендей жүре бергені дұрыс шығар? Сол ой сүйеу болған Серпін Ілжанға дереу телефон соқты.

– Ілжан, мен сені бүгін көруім керек.

– Аға, мен әлі...

– Немене «әлі»?

– Әлі өзіме өзім келе алмай жүрмін.

– Сондықтан тез келуің керек.

– Жарайды...

* * *

– Әкең қалай екен?

– Әлі есін жимапты. Жұмыстан бір айға демалыс алдым. Қасында болам.

– Ауылда аға-жеңгең бар емес пе, неге сол қасында болмайды?

– Ағаның да, жеңгенің де берекесі болмай тұр ғой, аға. Екеуі де мұғалім. Жан бағып отырған жұмысымыздан айырылып қаламыз деп шыр-шыр етеді.

– Қызық екен: қызға керек әке ұлға керек болмағаны ма?

– Ой, аға, біресе шешем деп, біресе әкем деп бірде ауылға, бірде қалаға жүгіріп жүрген жағдайымның себебін сіз біле бермейсіз. «Осы қыздың-ақ қарбаласы бітпейді екен», – деп таң қалатын шығарсыз. Аға-жеңгем оңып тұрса, менің бүйтіп нем бар?

– Жарайды, жағдайыңды айтып хабарласып тұрарсың. Мә, ақша, ауырлық жасамас.

– Рақмет, аға. Сұрай бергеннен өзім де ұялып жүрмін. Сұрамайын десем, бір жағдайдан кейін бір жағдайға тап келіп, әбден есім де шығып бітті, тегі!

Ауылға кеткен Ілжан тағы жым-жылас жоқ болып кетті. Әкесі әлдеқандай болып кетті ме деп бір ойлады, баяғы әдеті ме деп екі ойлады. «Өй!» деп, сол кезде аудандық аурухананың бас дәрігерін танитыны есіне сап ете қалды. «Әкесінің хал-жағдайын содан-ақ сұрай салайыншы».

Екеуі ұзақ аман-саулық сұрасты. Содан кейін ғана жағдай айтуға көшті.

– Жоқ, ондай адам бізде жоқ, – деді бас дәрігер бірден.

Серпін алайда жеңістік бермеді.

– Мүмкін емес. Сен бәрін біле бермейтін шығарсың, жауапты адамдарыңнан сұрашы!

Бұл қоймай қойған соң, ақыры анау амалсыз көнді:

– Жарайды. Сонан соң хабарласам.

Хабарласты. Ондай адам бұл ай тұрмақ, биылғы жылы болмапты.

– Апырмай, ә?! – деді Серпін аң-таң болып. – Ауданда басқа аурухана жоқ па?

– Жоқ.

– Кешір. Сені босқа әуре қылдым-ау!

Серпін Ілжанға ашуланбады, тек таң қалды: әкесі туралы анандай өтірікті қалай құрастыра алған? Қалай қатырып алдағанына біресе күлді, біресе басын шайқады, ақыры қыздың қулығына қарсы бұл да қулық жасауды ұйғарды.

– Ілжан! – деді телефонмен. – Қайдасың? Ауылдасың ба, қаладасың ба?

– Қаладамын, аға. Ауылдан түнде келдім, әкеме дәрі алам да ертең қайтам.

– Жақсы. Қазір маған кел, дәрі алуыңа көмектесейін.

Өзгені алдап дағдыланған адам өзімді де біреу алдап қояды-ау дегенді ойламайтын болу керек, қыз кешікпей жетіп келді. Екеуі үйреншікті жерде үйреншікті істерін игеріп болған соң көрпенің ішінде біраз үнсіз жатты.

– Әкең қалай? – деді, Серпін қыздың қалай жауап берерінен алдын ала шошып.

– Жақсы, аға. Құдай бұйыртса, осы аптада үйге шығып қалар.

– Қалай, о кісі үйде жүрген жоқ па? Жаңа ғана, сен келердің алдында ауылыңның бір кісісімен жолығып ем, ол маған: «О кісі ауылда жүр, ауырған да жоқ, сырқаған да жоқ, дін аман», – деді ғой.

– Кім айтады? Кім деген кісі ол? Біреумен шатастырған шығар? Не сіз дұрыс сұрамағансыз, не о кісі сізді дұрыс түсінбеген. Әйтпесе олай деуі мүмкін емес.

– Бәлкім, сен өтірік айтып жүрген шығарсың?

– Мен не үшін өтірік айтам, аға. Сіз немене, енді мені өтірікші қылайын деп жатырсыз ба? Не үшін айтам?

– Ақша үшін айтасың.

– Ақшаңызбен құрыңыз! Ақша бердім деп аузыңызға не келсе соны айта бересіз бе, маған?

– Бажылдама! Сен хабарласпай кеткен соң, әкесі бірдеме болып қалды ма деп, аудандық аурухананың бас дәрігеріне өзім телефон соқтым. «Ондай адам біздің ауруханада жоқ, жатқан да емес», – деді.

Қыз кілт үндемей қалды, қыбырламады да. Серпін де үйдің ішіндегі дүние мүлік те – түгел қыз қайтер екен деп тыншып қалғандай.

Кенет аунап кеп қыз Серпінді құшақтай алды.

– Жаным аға! Кешіріңізші!

– Жібер! Құшақтама!

– Егер шын жек көрсеңіз, онда мені осы жерде өлтіріп кетіңіз! Әйтпесе мені аяғына дейін тыңдаңыз! Мен сізді шын жақсы көрем, аға. Қу жоқшылық амалсыз өтірік айтқызды. Құрдан-құр қайта-қайта не деп сізден ақша сұрай берем? Ұялғанымнан өтірік айтуға тура келді. Енді өлтірсеңіз де өзіңіз біліңіз, мен бар шынымды айттым! – Қыз солқылдап жылап жіберді. Жылап жатып Серпіннің омырауын сүйді, тамағынан, ернінен – бәрінен сүйді. Қыздың сөзіне емес, қылығына жібіді. Қызды құшақтай алып, бұл да аймалады. Екеуі сүйсіне құшақтасты.

– Жаным, аға! – деді қыз жыламсырап. – Сіз түсінбесеңіз, мені енді кім түсінеді?!

* * *

Серпін мен Ілжан үш ай бойы жаңа үйленгендердей тату-тәтті жүрді. Айтпайтынды айтып, сұрамайтынды сұрап сырласа бастады. Ішкіл нәрселерді де бір-бірінен ұялмай қозғайтын күйге жетті. Бір күні Ілжан, сірә, іштей ойласа да, сыртқа шығармай жүрген күдігіне тұспал жасады:

– Сіздің үй ішіңізге менің бұл жүрісімнің кесірі тимей ме?

– Тек пайдасы тиеді. Тәтең алпыстан асқалы мені төсекке жолатпайды. Сондықтан cен менің сауабымды алып жүрсің. Ал менің саған зияным тиіп жүрген жоқ па?

– Соны әлі, шынымды айтсам, білмеймін, аға. Менің жасымдағылар бір-екі балалы келіншек болды. Менің де күйеуге тиіп, балалы-шағалы болғым келеді. Бірақ: «Неге қыз емессің?» – десе, қай бетімді айтып, қай бетімді көрсетерімді білмеймін. Менің өмірім, қарап отырсам, тек тізқатар сәтсіздік.

«Маған дейін де қыз емес едің ғой», – дегісі келді Серпіннің, бірақ қыздың бетіне қатты айтқанды қатыгездік санады.

– Әлі тиесің. Оған дейін жігіттің бабын табуды жақсылап үйреніп ал, – деді әзіл-шыны аралас ым жасап.

– Бір дені дұрыс жұмыс тауып беріңізші, аға! Мына жұмысым өзіме ұнамайды, айтуға да мардымсыз.

– Қай жерде бос орын бар екенін өзің біліп алмасаң, қазір басқалар жасырады, айтпайды.

– Мен бір бос орынды да, оның басшысы сіздің досыңыз екенін де достарым арқылы біліп алдым, аға. О кісіні менің әке-шешем де біледі, өйткені біздің ауылдың адамы. Бірақ оқуға түскеннен кейін ауылға қайта оралмапты. Үнемі сыртта жүргендіктен, біз сияқты қарындастары мен інілеріне іштартпайды. Ол – сіздің Жанас деген мектепте бірге оқыған досыңыз.

– Сен, байқаймын, нағыз шпионсың.

Айтқаны рас екен, Жанас, обалы не керек, екі сөзге келмей Ілжанды қызметке алды.

* * *

Туған күнін Ілжан «Жерұйық» мейрамханасында жасатты. Құрбыларын, қызметтестерін шақырды. Жанас пен Серпін оларға онша араласпай, оңашалана берді. «Билесеңіздерші! Қыздарды биге шақырсаңыздаршы!» – деп, бір құрбысын жетектеп келіп, Жанас пен Серпінді зорлап жүріп биге шығарды.

– Бүгін таң атқанша менімен бірге боласыз, – деді Ілжан құлағына сыбырлап.

Серпін басын шайқады.

– Боласыз. – Серпін тағы шайқады.

– Бүгін болмасаңыз, онда бұдан былай біржола болмайсыз. – Серпін басын изеді. Ілжан билемей тоқтай қалды. Серпін белінен тартып икемдеп еді, тартынып көнбеді.

– Сіз мені жақсы көрмейсіз! – деді ысқырынып. – Әншейін ермек қылып жүрсіз.

– Жүр, сыртқа шығайық, елден ұят болады.

– Қайдағы ұят? Екеумізде ұят қалды ма, аға?

– Сен немене, ішіп алғансың ба?

– Ішіп алғаннан бетермін. Дәл бүгін, мен шалқып тұрғанда, бетіме салып жібергендей қылық көрсетіп тұрғаныңызға қатты күйініп тұрмын. Сіз үшін көк тиындық та құным жоқ екен.

Қыз кілт бұрылды да, кетіп қалды. Ілжанның бұлай бұлан-талан болуға қақысы да бар сияқтанды. Қанша дегенмен бойдақ қыздың бәрі жарым көңіл шығар? Бірақ қырық жыл отасқан отанасын ренжітуге мұның қақысы бар ма? Өстіп күн-түн демей көңіл көтеріп жүргені соның арқасы емес пе? Ол іренжігенше, қыз іренжісін!

– Сіз шығарып салмай-ақ қойыңыз! – деді қыз жұрт тарқар шақта.

Істің шындап насырға шапқанын Серпін енді анық түсінді. Бірақ қобалжымады. Алайда Жанасқа: «Ілжанды сен апарып тастарсың», – дей салды.

Қыз да, бұл да бір-бірімен хабарласпады. Ол мұны іренжітті ме, бұл оны іренжітті ме? «Айрылысар дос ердiң артқы қасын сұрайды» дейді қазақ. Артқы қасын алып кеткен соң, ер ер бола ма? Құпия жүріс өле-өлгенше құпия қалуы керек, құпиялығы ашылса, ол – қылмыс, өйткені рұқсаты жоқ өмір: бір елдің басқа елде жүрген жансызымен жағдайдас, ал ежелден бір елдің батыры – бір елге жау. Құпиялықтың ашылып қалуы ұзақ жылдың жемісін – сезіммен салынған сиқырлы суретті – кескілеп турап тастағанмен бірдей.

Қыздың бұдан біржола қол үзіп кеткеніне Серпін бірте-бірте көндіге бастады. «Мені де, өзін де әуреге салмай, осылай бітіре салғаны сәтті болды» деген ойда еді. Бірақ бір күні телефонмен түк болмағандай:

– Аға, өзіңізде болсаңыз, кіріп шығайын деп едім, – дегенде, сәл мүдіріп барып «кел» дей салды. Дерін деп қойған соң ғана: «Қап, бір сылтау айта салмағаным-ай!» – деп кейіді.

– Кейитін күйеуім жоқ, ұрсатын балам жоқ, сізге өкпелемегенде кімге өкпелеймін, – деді, қыз бірден буынды жерден ұстап.

Тоқырап қалған тіршілік үйреншікті арнасына қайта бұрылды.

Көктем әбден пісіп жетіліп, жаз да жақындап қалған кез болатын. Ілжанды шығарып салғалы тұрған сәтінде орынбасары қауырт шаруа шығып қалғанын хабарлады.

– Онда сен осында кел, мына Ілжан қарындасымды жұмысына жеткізіп таста! – Ілжанға бұрылып: – Кәзір орынбасарым Табыскер келеді, мені облыстан келген біреулер күтіп отыр екен, – деді.

– Қандай Табыскер?

– Шын аты – Жұмабек. «Бизнесмен дегенді қазақша табыскер деу – дұрыс», – деп қайта-қайта мазамды ала берген соң, мен оны әзілдеп «Табыскер» атап кеткем, оған өзі де үйреніп алды.

Келесі жолыққанында қыз бұған күтпеген сыр айтты:

– Аға, басқа жұмысқа ауысам десем, Жанас ағай іренжіп қалмай ма?

– Қайдағы жұмыс?

– Өзім бітірген университеттің проректоры шақырып отыр. Жұмысы да, жалақысы да жақсы.

– Жақсы жерге барғаныңа іренжи қоймас. Бірақ жағдайыңды жөндеп айтып түсіндір.

* * *

Жаңа жұмысқа ауысқаннан кейін Ілжанмен жолығу күрт қиындап кетті: күндіз жұмыстан шыға алмайды, кешке қолы тимейді, түнімен бітіріп әкелетін жұмысы көп. Ара-тұра, мені аямай жұмсайды деп, проректорын жамандап қояды. Бірақ Серпін оның бәрі сылтау екенін сезеді. «Мейлі, алам дейтін адам жолықса, жолы болсын», – деп ойлады. Табыскер екі ай оқуға Еуропаға кетіп, өзінің де жұмысы қат-қабат болып жатты. Күтпеген жағдайда бір күні Ілжан сап ете қалды. Сағыныпты. Жақында қызметі жоғарылап, енді ептеп қолы босай бастапты. Қыздың қолы босағанмен, бұл жолы Серпіннің жібі босай қоймады. «Табыскер оқуға кеткелі жұмысым ауыр боп кетті. Бұл апта қолым тимейді», – деді. Бәлсінді. Әдейі. Қыз жымиып орнынан түрегелді. Керіліп, екі қолын өрге көтерді.

– Ойбай-ай, өкпелеп қалған екен ғой? – деді еңкейе құшақтап. – Өкпеңізді жазып, кеудеңізді қысып жатуға рұқсат етіңізші!

– Қойшы қылжақтамай!

– Жүріңізші, бір жерден тамақ ішейік. Қарным ашып тұр.

Қыздан қашса да, дәмнен қаша алмады.

Екі ай өтіп, Табыскер оқуынан оралған соң, Серпіннің арқасы кеңіп, қолы босай қалып еді, Ілжан аяқ асты тағы хабарласпай кетті. Бұл жолы Серпін ара жіпті біржола үзуге бекінді. Қыз бірақ телефонын көтермеді. «Неге іздедіңіз?» – демеді де. Арада бір айдай өткенде жылап хабарласты:

– Аға, мені бір оңбаған зорлап кетті!

Қыздан бәрін күтсе де, дәл мұны күтпеп еді.

– Қайдасың? Алматыдасың ба?

– Жоқ, аудандық ауруханадамын.

– Онда неғып жүрсің?

– Бір шаруамен келгем.

– Қайда, көшеде зорлап кетті ме? Танисың ба?

– Ағатай, бас дәрігермен сөйлесіңізші! Мен ол иттің баласын сотқа бердім. Бас дәрігер маған дұрыстап анықтама жазып берсінші.

– Ертең өзім де ауыл жаққа барғалы отырғам. Сонда сөйлесерміз.

Ауылға барған бойда Тәменге жолықты. Ол бірден без ете қалды.

– Ойбай, ол қызға жолама. Мен саған баяғыда айттым. «Осыңның түрі жаман», – деп. Ақыры мiне, айтқаным келдi.

– Жарайды, сенiң айтқаның рас болып шықты, оны мойындадық. Бірақ не болғанын жөндеп түсіндірші.

– Бір сөзбен айтқанда, бұл қыз – нағыз алаяқ. Тергеуші жігіт – менің күйеу балам. Оның айтуы бойынша, бұл қыз ана жігітпен алты жыл бойы ерлі-байлы болып жүрген. Бірде ауданға қыз келіп тұрса, бірде Алматыға жігіт барып тұрған. Алайда сөйте тұрып, неге үйленіп алмағандарын айта алмаймын. Сірә, оның себебі, жігітке қатысты болар деп шамалаймын.

– Онда қыздың «зорлап кетті» дегені не?

– Бар мәселе сонда. Әңгіменің әзіргі нұсқасы былай: қыз бен жігіт осында бір апта бойы оңаша үйде бірге болған. Қыз Алматыға кеткен бойда ана жігіт басқа біреуге үйленіп алған. Оны әлдекім Алматыға дереу жеткізген. Қыз, шамалауымша, екеуінің үстінен түскен. Жігіт қызды сабаған сияқты. Үсті көгала қойдай дейді. «Сабады. Үйленем деп алдады. Үйіндегі көп зат менің ақшама алынған», – деп, қыз арыз түсіріпті. Жігіт бір мектепте дене шынықтырудан сабақ береді екен, өзі арыз беріп жұмысынан кетіпті. Ең жаманы: ол байғұс ана әйелінен де айрылыпты. Ол да ызақор, долы неме болу керек, «Алам деген Ілжаныңды ала бер», – деп, ішіндегі екі айлық баласын да алдырып тастапты. Бір қыздың кесірі, көрдің бе, қанша дүниені бүлдірген?!

Осылай боларын бұрыннан біліп жүрген адамша Серпін бәрін сабырмен, түсінуге тырысқан таңданыспен тыңдады. Қыздың нені өтірік айтқаны, ненің өтірік айтқызғаны – бәрі белгілі болды. Біресе алатын шығар деп үміттеніп, біресе алмай кете ме деп күдіктеніп, бір жағынан жан мен тәннің табиғи тілегі тағы әурелеп, әбден аласұрған жағдайын жақсы түсінгендей болды. Бірақ Тәмен бұны түсінбеді. Сөкті. Жастығына қызығып, жаман қылығына көз жұмдың деді. Бір есептен, оныкі де дұрыс. Алайда біреулерді алдаймын деп жүріп, өзі алданып қалған қызды аяу да дұрыс секілденді.

– Байғұс-ай, ә! – деді аузынан қалай шығып кеткенін өзі де байқамай.

– Әне! – деді, Тәмен жерге түкіріп. – Ол қыз сенің де басыңды айналдырып алған.

– Менің басымды айналдыра алатын қыз бүйтіп біреуден таяқ жемес еді-ау, Тәке!?

Әйткенмен Серпін ауруханаға бармады. Үш күн ішінде жұмыстарын бітіріп, қайтар күні Тәмендікіне қонды.

– Дәл осы жолы мені тыңдамасаң, онда сені ол қыз жадылап алған, – деді бекем, бәрін анық-қанық білетін адамның даусымен. – Нағыз шындықты білген соң, не сен талып қаласың, оған талып қалмағаныңды көрсем, не мен талып қалам. Қызды жігіт сабамапты. Есік-терезені жауып, қызды үйге кіргізбей, әйелі екеуі үй ішінде тығылып жатыпты. Түк істей алмағанына долданып, қыз өзін өзі тырнап, үсті-басын жыртып, ауруханадан ауыр жарақат алған деген анықтама алыпты. Енді өтірігі шығып, жала жапқаны үшін қыздың өзі жауапқа тартылатын боп жатыр екен.

Бұл жолы Серпін шошып тітіркенді. «Мал аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деген сөз есіне түсті. «Адамды адам түсіну – бір ақырет», – дейді Мұқағали. Мең-зең болып Алматыға қайтты. Осы оқиғаға өзінің де қатысы барын ойлап, сезімі де, жаны мен тәні де – бәрі былғанғанын жирене мойындады. «Нәпсі! Нәпсі! Атаңа нәлет!» деді күбірлеп. Келісімен саунаға түсті. Тәні тазарғандай болды. Жанын тазартатын ем таппады. Сезімі суық қардың астында қалған тоң сияқты: бар, бірақ бар екені білінбейді. Саунадан шыға сап Табыскерге телефон соқты:

– Мәшинеңді өзің айдамай келші! Екеуміз оңаша отырайық.

«Жерұйық» мейрамханасына барды. Бір құты вискиді екеуі еркін тауысты. Серпіннің қар астында жатқан тоңы сонда да жіпсімеді. Табыскер талай әңгіменің басын шалды. Бастығының көңіл күйін қалай көтерерін білмей әуре. «Ілжан жайында айтсам ба екен? Сонда жеңілдеп қалар ма ем?» – деп, Серпін екі-үш оқталды. Бірақ әлдебір еркекке тән сақтық оған жібермеді. Сөйтіп отырғанда, ойламаған жерде Табыскер Ілжан туралы сөз қозғап қалды.

– «Со қыз қайда жоқ боп кетті?» деп жүрсем, бүкіл ауданды шулатып масқара болып жатыр екен.

– Қалай?

– Айтсам, өсек болады, аға. Қарындасыңыз ғой. Ұят сияқты.

– Айта бер.

– Есіңізде бар ма, маған: «Жұмысына апарып тасташы» дедіңіз ғой. Апара жатып жөн сұрастық. Жақсы жұмысқа орналасқысы келетінін айтты. Мен бір жақсы таныс проректорым бар екенін айтып ем, жатта кеп жабысты. «Таныстырыңызшы! Мені жұмысқа алдырсаңыз, мен де сіздің бір керегіңізге жарармын», – деді. Айттым, орналастырдым.

– Содан? Бір керегіңе жарады ма?

– Жарағаны құрысын, аға. Ауылда тигелі жүрген тағы бір жігіті бар екен, қыздың алаяқтығын сезіп қалған ба, қайдам, ол басқа біреуге үйленіп ап, бұл оның үйіне барып ойран салып, ақыры екеуі соттасып жатқан көрінеді.

– Солай ма? Құйшы!

Серпін сыр бермеуге тырысты. Табыскер өз сырын ашып қойғанмен, мұның сырын сезген жоқ. Серпін үйінің табалдырығын сүлесоқ аттады. Қанша тырысса да өзін өзі ақтай алмады. Ақырында өзін өзі Абайдың сөзімен кекетті:

«Етімді қыз сыйпаған құрт жесін деп,

Жартастан шал құлапты терең суға».

Мырс етті. Абай заманындағы қыз Серпіннің заманындағы қызға неге ұқсамайды? Соған кінәлі кім? Оларды өзгерткен не?


writers.kz 




Көрілген: 6089    Пікірлер: 3

жексенбі, 02.10.2016, 16:09

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Мамыр, 15:40
    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31