Алаш прозасы

Жеңіс БАҺАДҮР: КIРЕУКЕ

  • Жеңіс БАҺАДҮР: КIРЕУКЕ

    Жеңіс БАҺАДҮР: КIРЕУКЕ

Небiр аптап жазда да баурайы белуарына дейiн ағараңдап жататын қос шоқылы жалғыз тау етегiндегi ауылда бiр өзi электршi және оған қоса жалғыз аспазшы болып жүрген Құрметтен жұрт аяқ астынан көз жазды. Оның ауылдағы той-томалақта, өлiм-жiтiмде, құдайы-ниетте ас дайындайтын өнерiн ағайыны Кендебай жалғастырды. Қызметiмен бiр ауданды қамтып, өзi тiкелей облысқа бағынатын әйгiлi автобазада көп жылдан жүргiзушi едi. Сол мекеме тарап, тосыннан тауқымет тартқызған жұмыссыз күндерде бос жүргенше деп, елдiң қуанышы мен мұңында көпшiлiкке тамақ әзiрлеуге әуелбаста ләжсiзден, кiрiптарлықтан көштi. Бiрте-бiрте жаңа шаруаға да қол үйренiп, дағдыланды. Сыртекi көзге қақ-соқпен шаруасы жоқ, ылдым-жылдымнан ада, мiнезi томаға тұйық, бiрқалыпты сартап мiнездi жiгiттiң бұрын-соңды өзi түгiлi атасы iстемеген аспазшылық кәсiпке ешкiм күтпеген жерден ден қойғанына, онысын тағы ұзаққа созбай үйiрiп әкеткенiне ауылдастары да таңқалды.

Кендебайдың бұл кәсiптi тез әрi әдемi меңгергенi соншалық, бармағынан бал тамған шебер аспазшылық дабысы әп-сәтте көршi ауыл-аймақтарға жаппай аралап кеттi. Алдымен өзбектiң өзiнен асырып әзiрлейтiн палауымен абыройы асты. Әсiресе, күрiшiн езiлдiрмей, кiркiлдетпей, әбден бабына келтiрiп басқан палауын тамсана жеп, мақтауын асыратын-ды. Кейiннен керексiнген соң, қалай дәмдi сорпа дайындаудың сырына да жылдам машықтанып, маманданып алды.

Бүгiнде қазақ қай жиынын да палаусыз өткiзбейдi. Өзбектiң төл асын өзiнiң көпшiлiкке ұсынар таңсық тағам мәзiрiне біржола енгiздi. Ал, Кендебайдың қолға алған шаруасына барын салып, қатты жiнiгiп, бабына келтiрiп басқан палауын жұрт шырын асқа балап, бiрден-бiрге айтып, жерiне жеткiзiп, майын тамызып әбден мақтайтыны рас. “Ой, Кендебайдың бабылап басқан палауы шәрбат”, – дейдi. “Уылжып пiскен дәмi таңдайыңнан көпке дейiн кетпейдi”, – деседi тағамының тәттiлiгiне тәнтiлiгiн бүкпесiз бiлдiрiп. Палауын тамсана жеп отырып: “Осы дәмдi қалай пiсiрудiң құпия сырын ешкiмге айтпайды, өзi ғана бiледi. Бұрынғы бiлгенiне қосымша Тәшкен түбiнде тұратын ағайындарына арнайы барып, сол жақта жатып жүрiп, үйренiп қайтыпты”, – деп атағын барынша дабырайта түседi...

Ел iшi болған соң, той-томалақ, құдайы тамақ берушiлер жиi болып тұрады. Кейде күн құрғатпайтынын қайтерсiң. Тапсырыс берушiлердiң тiптi бiр-бiрiне қыр көрсетiп, өздерiнiң жағдайы тым зәрулiгiн айтып, мұны бұрын иемденуге таласып жағаласатын сәттер де болады. Бiрақ, аспазшы бiреудiң байлығына, көкiрегiне мысын бастырған емес. Қайсысы алдын-ала келiп, ертерек ескертiп кетсе, мәмiлесiн бұзбай, алдымен соның тiрлiгiн тындырудан танған кезi әлi кездескен жоқ. Қой аузынан шөп алмайтын, артық-ауыз сөзi естiлмейтiн момын болса да, бiрсөздiлiгi бар.

ххх

Ауылда сыйлы, қадiрлi болған қарияның жылына ас берiлiп жатты. Осы бақилық ақсақалдың облыс орталығында тұратын, дөңгеленген кәсiбi бар бақуатты құдасы “ниет қабыл болсынға” келiп едi. Даңғарадай үлкен үйдiң төргi әңкиген бөлмесiнде төрт қабырғаны жағалай кәрiсi-жасы аралас отырған меймандардың әрқайсысына бөлек-бөлек табақ тартылып, буы бұрқырап, иiсi танау жыбырлатып, тәбеттi сұмдық ашқан палау әкелiндi. Жамиғатты дүниеден баз кешкен кiсiсiн еске алу дәмiне жинаған отбасының облыстың бас шаһарынан келген белдi, белгiлi құдасы алдындағы сап-сары болып басылған палаудан бiр-екi қасық аузына салған соң:

– Мына палаудың тiл үйiрген дәмдiсiн-ай! Күрiшi уылжып пiсiптi. Кiм дайындаған өзi? – деп сүйсiндi.

– Е-е, бұл Кендебай пiсiрген палау, – дедi кең дастарқанның етегiн ала отырып қызмет жасап, шай құйып отырған жiгiт.

– Қай жастағы адам? – деп бастырмалатты мейман тағы да.

– Елудiң о жоқ, бер жағында болар-ау. Ұл-қыздарының алды ержетiп, әлдеқашан отау құрып кеткен, әйтеуiр. Жай ма? – деп әлгi жiгiт қонақтың тәптiштеп, тықақтап сұрағанына аңтарылып, қасын кердi.

– Мүмкiндiк болса, астан кейiн сол палаушыңмен менi жолықтыршы. Менiң Шымкентте алты жүз кiсiлiк мейрамханам бар едi. Соған палауды нәшiне келтiрiп жасайтын мықты бiр аспаз керек болып. Шақырып көрейiн, сөйлесейiн.

– Мақұл, құда. Шақасын жақсы төлесеңiз, барып қалар. Мұндай палаушы бұл өңiрде жоқ әзiрге. Сорпаны да қатырып iстейдi, – дедi әлгi жiгiт ауылдасын өткiзiп жiбермекке әңгiмесiн жерiне жеткiзе тұздықтап.

Марқұмның жылына шақырылған ас тарқап, жұрт аяғы саябырсыған сәтте шаһардан келген тығыншықтай, малына киiнiп, ыздиған маңғаз қонақ манағы өзi сұрастырған аспазға ошақ басына барып ұшырасты. Үстiндегi костюм-шалбары, бәтiңкесi көнетоз көрiндi. Алдына белуардан жылтыр алжапқыш байлап, оның жоғарысынан қызыл шаршыны белбау қылып, шарта буынып, алабажақ көйлегiнiң жеңiн бiлегiне дейiн дөңгелетiп қайырғаны көптенгi кәнiгi аспазшы екенiн байқатып тұр. Бойы сырықтай жiңiшке, әбден әжiм iздерi тереңнен түрен салып, аяусыз айғыздаған, шашы селдiр, ерте егдергенiн әлпетi әйгiлеген орта жастағы жiгiт ағасының өн-бойын сықсыр көзiмен iшiп-жеп тiнткiлеп, аз-кем тесiрейе барлап тұрды да:

– Е, көкесi, табысың қандай? – деп амандық, саулық жоқ, танысып-бiлiспестен төтесiнен дүңк еткiздi.

– Бұйырғаны болады дә, – дедi аспазшы. Иығына iлген шашығын сыпырып алып, оған айқыш-ұйқыш тiлiмдене жарылған күс-күс майсiңдi алақаны мен тарамыс саусақтарын асықпай сүйкей сүрткiлеп болған соң, ошақтың алдынан теткiп, шалқақтап тұрған кiрпияз қонаққа қолын ұсынды.

– Маған қалаға жұмысқа келсей, осы кәсiбiңдi iстейсiң онда да. Ақыңды жақсы төлеймiн, – дедi қалалық манап шiренiп.

– Ауылдан ұзай алмаспын-ау, отағасы. Үй-жай, бала-шағаны тастап қайда барамын. Шақырғаныңызға рахмет, – дедi өзiнен жасқа iзеттiлiгiн танытып.

– Ой сен де... Саған елден без деп тұрған кiм бар. Шетке шығып, тiрлiк жасап, көп қаржы тауып әкелмейсiң бе қайта. Қазақты өстiп жөн сiлтеп, тұрмысын түзеуге тартсаң, кежегесi кейiн кетiп тұратыны несi осы. Әй, қойшы... – Қайдағы бiр ауылбайдан меселi қайтқанына әжептәуiр қытымырланды. Қолындағы ендi тұтатылған темекiсiн өшi кеткендей сорғанда екi жағы қусырылды. Аузынан көк түтiндi бұрқақтатып шығарып, жартылай шегiлген шылым тұқылын ошаққа шертiп жiбердi де, бұрылып жөнiне кеттi.

Аспаз Кендебай жаңағы менменсiп, өзiнше кепиеттенген байшыкеш мейманның текiрек қағып кiсiмсiген кежiртпе сөзiне ләм демедi, кесiрлi мiнезiн қаперiне алмады. Түк болмағандай өзiнiң кiдiрiстеп қалған iсiн жалғастыра бердi. Темiр ошақтың шоғын қаузап, үстiне бiрер жаңқа тастады. Қазандағы ортайып қалған палаудың бетiне қабаттап жабылған үлдiрiктiң шетiн ыстық буын бұрқ еткiзiп көтерiп көрдi де, қолқабыс жасап жанында жүрген осы үйдiң жақын ағайын жiгiттерiне:

– Құдайы асқа келiмдi-кетiмдi кiсiлердiң аяғы басылды-ау, деймiн. Үйге кiрiп, қожайынның әйелiнен бiлiп келiңдершi бiреуiң, қалған палауды көршi-қолаңға тарата беруге болар ендi, – деп қазан-ошақ басын жиыстыра бастады.

Бұл жердегi өзiне қатысты тiрлiгiн бiтiрiп, табақ-аяқ, қазан-ошақты жәрдемдесiп жүрген келiн-кепшiкке тап-тұйнақтай тапсырды. Ас иесiнiң батасы мен теңгесiн, тоқаш-кәмпит түйiлген шаршысын алып үйiне қайтты. Үйiне келiп, түпкi бөлмеге кiрiп азырақ көз шырымын алды. Құс ұйқысын ешкiм бұзбаса да, өзi оянып, екi арада әйелi әзiрлеп қойған шайдан бiр-екi кесенi апыл-ғұпыл iшiп, бата қайырып, бетiн сипады. Қасында отырған қосағына тапсырмасын қысқа қайырды да, орнынан түрегелдi. Кешке ауыл етегiнде тұратын жамағайынының қыз ұзату тойы. Соның екi уақ беретiн тамағын әзiрлеуi тиiс. Соған асықты...

Шақырушылар осылай таусылмайды. Арғы күнi де. Одан кейiн де. Үзiлмейдi. Өмiр болған соң той да, ниет те жалғаса бередi. Ал, бұл пақырың бала-шағаға нәпақа деп, одан қалса сауап деп, бәрiне де ешкiмнiң көңiлiн жықпай барады.

Арысы аудан орталығынан, берiсi көршi алыс-жақын ауылдардан ат арылтып, жұрт өзiне күнi түсiп, келiп сұранып тұрса... неге бәлсiнуi керек, неге өтiнiшiн бекерге қайтаруы қажет. Күнi бұрын, алдын-ала да, қылкеңiрдектен тақаған қысылтаяңда да Кендебайға сабылып, қызметiне қолқа салып, керексiнiп жатса, мұның шаруасы көпшiлiктiң көңiлiнен шығып жүргенi де. Қолынан iс келiп тұрғанда несiне аянып кергидi, неден тартынбақ? Бұдан не зиян шекпек? Алдымен өзiне несiбе. Одан соң жамағаттың әжетiне жарап жатса, ол да бiр ғанибет емес пе. “Көптiң таза тiлегiне, ақ ниетiне қызмет жасау – сауап тiрлiк” деп айтудан жалықпайды емес пе, әр жиын сайын ақсақал-қарасақалдар. Кәрi құлақтың лепесi шын шығар. Құдайым қолдап, халық оң көрген қарекетiмен нендей жаманшылық көрiп жүрмiн. Көптiң ниетi қабыл болар...

Осы өңiрде iрiлi-ұсақты қаншама ауыл бар. Бәрiнде де өткен жиынның көбiсiндегi тамақты Кендебай әзiрлеген болар-ау. Онда да оның дер кезiнде бәтуасын алып үлгерiп, қолы жеткендер. Оған шақырушылар кiм болса да бәрiбiр. Адамын таңдамайды. Қызмет құнын да алдын-ала пәлен болады деп, саудаға да салмайды, Жұрттың меселiн қайтармайтын ақ көңiл бiр жан. Күбiлжiтпей “Мақұл, барамнан” өзге артық-ауыс сөзi жоқ. Мiнсiз жұмысының өтемiне бергенiнiң бетiне де қарамайды. Ұстатқанына ынсап етiп, мiсе тұтады. “Iстегенiм - атадан қалған, тегiмде болған кәсiп емес, бұлданғаным жараспас” деп, қағанағы қарқ болмаса да, шүкiршiлiк жасап, қанағатшылығымен ырзығын айырып, қоңторғай тiршiлiк кешiп жүргенiне де жиырма жылдан асты-ау өзi. “Пәк пенде пәлесiз” дейтiнге дәл келедi.

Көршi ауылдың сылаңдаған сәйгүлiктердi топтап ұстап, додаға баптап қосатын, аймаққа атақты шабандоз әрi басқа мыңғырған малы көп манабы әкесiнiң сексен жасқа толғанына көкпар бермекшi едi. Өткен аптада сол азамат күнi бұрын әдейi соғып, Кендебайға екi күндiк тойдың ас-ауқатын дайындауға келiсiп кеткен-дi. Бүгiн кешке соның қонақасы. Асығыс қамданып, тағы да жолға жиналды. Уағдалы уақытынан кешiгiп қалмауға әдеттенгенi сол.

Қарашаның қара суығында жүрiсi мимырт, шабан тарпаңын тепеңдетiп, көршi ауылдағы той болар үйге екiндi әлетiнде жеттi. Сүйектерi шодырайып, ыңыршағы шыққан шаршау атын көкпаршылардың бастырмада ытырылып, жер тарпып, шұрқырай кiсiнескен өңкей сәйгүлiктерiнен оқшаулап, аулақтау апарып байлады. Үй маңында топырлап жүргендердiң осы тойға етене қатысы бар-ау деген бiреуiн болжап, өзiнiң кiм екенiн айтып едi, ол “сенiң тiрлiгiң ана жақта” деп жөн сiлтеп жiбердi.

Даңғарадай үйге жапсарлас қоржын тамның сыртындағы бау iшiнде үйме-жүйме төрт темiр ошақ пен тай қазандар тұр. Тойға деп сойылған малдың да етiн жайғап, әзiрлеп қойыпты. Тез далбағайын шешiп, онысын шарбақтың сорайған қадасының басына салбыратып iле салды да, екi жiгiттi шақырып әкелiп, қазан-ошақты қатарластырып жайғастырды. Шапшаң қимылдап, қазандарға әрегiректе дөңкиiп тұрған цистернадан су тасып, жарым-жартылай құйды. Отынханадан тау болып үйiлген кеспелтек ағаштар әкелiп, ошақтың аузына қалады да, бiр шетке қойылған флягадан қалайы кружкамен солярканы көсiп алып, кебу отынға лақ-лақ еткiзiп, аямай құйды. Оған шырпының бiр талын тұтатып тастап жiбергенде, ащы қара қошқыл түтiн лоқ-лоқ құсып, бетiн шарпыды, көзiн ашытты. Бұрқ-бұрқ лекiген көк құйын артынан құп-құрғақ ағаш шартылдап жанып, лаулай жөнелдi. Кендебай бетiн қауып түскен ысқа күрк-күрк жөтелiп, тiлi сумаңдаған жалынды алақанының сыртымен жасқап, орнынан тұрды да, ошақтан ығысыңқырап, ошарылып тұрған жiгiттерге:

– Мен су ысыған соң қазандарды жуып алайын. Сендер дайындалатын астың заттарын әкеле берiңдер. Алдымен сорпасы кешкi жетiге, сосын палауы бiр сағат кейiн әзiр болады, – деп ыңғайланған iсiне жеңiн түрiнiп, бiлегiн сыбанып кiрiстi.

ххх

Көршi ауылдың мүйiзi қарағайдай байының тойына екi күн қызмет етiп, маңдай тер ақысына енесiн емуден әлi ажырап үлгермеген шүйкедей көкбақа лақты алып, оны ердiң алдына өңгерiп, атына мiндi. Атының басын ауылдан шыға алдыңғы күнi келген ұшы-қиырсыз адырға салды. Қу медиен айдала. Үстiндегi иесi тiзесiмен қаққылағанда пысқырынып қойып, басын изеңдетiп, iлби басқан шабан шабдарының да ырқ-ырқ еткен митың аяңы дым өнбей келедi. Тақымын тебiнсе де атының баяу жүрiсiнен танбағанынан өзiнiң сiлiкпесi шығып шаршағанын сонда барып сездi.

Дамыл таппай, табанынан тозып жүрiп, екi күн бойғы iстеген тынымсыз сүркiл бейнеттен болдырыңқырап қалған Кендебай жолға үйреншiктi көнбiс атының үзеңгiсiн бос тастап, ырқына жiберiп, алдына өңгерген лақтың үстiне бiлектерiн салып, басы салбырап, ұйқылы-ояу келе жатты. Бiр мезетте шабдар жалғыз аяқ сүрлеу жолдың ойығына ма, кесегiне ме тұяғы сүрiнiп кетiп, омақаса құлай жаздағанда, үстiндегi лағы ат жалынан асып ұшып түстi. Қалғып-шұлғып келе жатқан қожасын екi аяғындағы қос үзеңгi аман алып қалды.

– Әй, жазған сорлы-ай, көзiңе қарамайсың ба? – деп бейжай шырқын бұзған қашанғы жуас серiгiн сөгiп, кейiп алды да, атынан түсiп, әудемге домалап кеткен құртақандай көкежасық лақты әкелiп, қайта ер алдына жайғастырды. Өзi екi ұмсынып барып, атқа отырды. – Ал, жануарым, жылжы, күн батпай үйге жетiп жығылайық. Абайла, ендi, – деп тақымын қағынды.

Атының жаңағы оқыстан шатқаяқтап, әжептәуiрiм әбiгерге салып, машақатқа түсiргенi түрткi болды ма, әлде есiне әлдене түсiп кеттi ме, қараптан-қарап қайдағы бiр алакүлiк ойға шомды. “Үйден безiп, ауыл кезiп. Бiреу айтса “мақұл” деп, қаңбақтай селтеңдеп, ойға-қырға селкiлдеп, делектеп шаба беремiн. Далбаңдағанымды доғарайыншы осы. Түбi ұшпаққа шықпаспын, сiрә. Әуелде осы бiр болымсыз тiрлiктi қуып нем бар едi десейшi. Онан гөрi жұрт құсап, жер алып, егiн еккенiм тәуiр болар ма едi. Бұл болмаса ескi машина алып, соны жөндеп, адам тасығаным жөн бе едi. Қайтсем де әу басынан осы тентiреген жарытымсыз күнiмнен өзге бiр орнықты кәсiптiң басын мықтап ұстағаным дұрыс едi-ау. Өстiп үйдiң бетiн көрмей, оттың көк түтiнi мен жалынына қақталып, итшiлiк тiршiлiкпен жүрмес едiм. Бiрге туған шараналас бауырларымның да: “Көке, осы пайдасынан зияны көп мардымсыз кәсiбiңiздi қойсаңызшы”, – дегендерi де бiр жағынан құп-ау өзi. Неменеге қорқақсоқтап жүрмiн. Бұл шаруа тiптен маған құлақкестi телiнген емес шығар”, – деп тұнжыр мұңға қамырықты.

Ойлы-қырлы иен адыр. Тықыр дала. Баяғыдан қалған сүрлеудiң сорабымен шабдары бiрқалыпты ырғалып келедi. Бойы шылқа терледi. Танауынан бу бұрқырайды. Жануар қанша шабан дегенмен ол да жетер жерiн бiледi. Ендi алдағы асудан құласа, аржағында андағайлаған ауыл. Оқта-текте аспанда қанаты жалп-жалп етіп қалбақтай ұшқан қарғалар мен жан-жағынан қураған сары шөп арасынан пыр ете қалып көтерiлiп, зауылдап ала жөнелген жұдырықтай шымшықтардан басқа қыбырлаған қарайған көзге шалынбайды,

Күздiң қызусыз сарғыш күнi көкжиекке шетiн iлiндiргенде ауылының сұлбасы кiлгiрлеп көрiндi. Асыққан ауылы көзге шалынғанда от пен түтiн қақтаған әжiмдi әлпетiне қан жүгiрiп, нұры солғын жанарында шоқ жылтырады.

Ауыл етегiн орап өтетiн өзеннiң өзегiн ғана жылтыратып, балдыр кiлкiп, шылжырап аққан суын ат тұяқтары шалш-шалш кешiп, тастақты жағалауымен тiрсектерi дiрдек қағып, кiбiртiктеп өтiп бара жатқанда шерменде көңiл тағы қамықты. “Бұрын шiлiңгiр шiлденiң өзiнде кең арнасы жайыла толып, төменнен еңiске, дарияға қарай бас бермей қашып еңкiлдеп жосылатын едi-ау. Буырқанған екпiнiмен дөңкиген тастарға соғылысып, суы аспанға шапшып, сапырынып, айналаны шуылдатып жататын-ды. Соңғы кезде қайнары сарқылып бара ма, суы ауылдан аспай құрдымға жоғалатын болды. Асау өзендi жоғары жақтан бұғалықтап, жуасытқан бүгiнде тау бөктерлерiн жайлап алған егiншiлер ме? Әлде суын жол-жөнекей қорландыратын мың-сан бұлақ көздерi тартылып бiтелдi ме? Әйтеуiр, бiр кездерi сарқыраған тау өзенiнiң өзегi талып, қаңсып қалды. Балалардың шомылудан шектелгенiне амалсыз мақұл-ақ. Әмбе елдiң есiгi алдындағы бау-бақшасының көнi кеуiп, қаталап бара жатқаны жанға батады-ақ”.

Тастақты жерден бұл кезде әбден бусанған атының тiрсектерi дiрiлдеп, шоқырақтап өткенше Кендебайдың ұнжырғасы түсiп-ақ кеттi.

Қызыл күн көкжиекке батып бiтiп, төңiректi көлеңке толық кiреукелеген сәтте үй қақпасына атының тұмсығы тiрелдi. Аулада мал жайғап жүрген қызы ашқан дарбазадан өтiп, қора алдына тоқтаған атының үстiнен алдымен лақты жерге бақ еткiзiп тастай салды да, артынан өзi де икемделiп түсуге жол соғып дiңкелеген денесi ырық бермей, басынан ұстаған егер-пегерiмен сыпырылып, аударылып жерге сылқ ете қалды. Орнынан белiн ұстап түрегелiп, үстi-басын қағынып тұрғанда қасына кенже қызы келiп:

– Не болып қалды, көке? - дедi.

– Жай, әншейiн. Аттың тартпасы босап кетiптi.

– Көке, ертең Зәуiрдiң үйi құдайы бередi екен, соның тамағын дайындап берсiн деп бүгiн екi рет келiп кеттi.

– Мәйлi. Барам ғой.

Қатты қалжырағаны соншалық, көңiл қошы болмай дел-сал халде өз үйi өлең төсегiне жетiп құлап, сеспей қатып ұйықтапты.

ххх

Кiшi Алатаудың құт қойнауын жайлаған көршi ауданда қарашаның бозқырауында ұрпағы дүйiм елге кеңiнен жайылып тараған әйгiлi ұлы бабаның асы өтетiн болды. Қозы көш алапқа сантараптан мыңға тарта бiрiнен бiрi өтер ақшаңқан киiз үйлер тiгiлдi. Күнiлгерi басқа тапсырыс алмауы қатты мұқиятталған Кендебай өз ауылынан осы жиынға деп шаңырағы көтерiлген бiрi алты қанат, екiншiсi он екi қанат үйлерде күтiлетiн қонақтардың тамағын әзiрлеуге екi күн бұрын жеткiзiлдi, Қызметшiлерге арнап, төрт қада қағылып, төбесiне шолтиған шатыр жабылып жөпелдеме тұрғызыла салған, жан-жағына суық жел кеулеген, табаны шылқыған нам, аңғал-саңғал лашықтың далдасында қона жатып, тойға дейiн отын-су, қазан-ошақ әзiрледi.

Намысқа тырысып дайындаған асынан үлкен жиынға ат арытып алыстан да, жақыннан да дүмеп келген талай шендi-шекпендi сыйлы мейман да, тамашаны қызықтап жүрген ары-берi ағылған адамдар да бұлар тiккен киiз үйдiң алдына орнатылған үстел үстiндегi дастарқан басына жайғаса кетiп, сүйсiне дәм татты.

Дүрмектi той да тарқап, елден апарып тiгiлген киiз үйлердi, жасауларды, асай-мүсейлердi жинастырып, түгендеп, оларды көлiкке артып жөнелткенше, ырду-дырду тiрлiктiң iшiнде жүрдi. Көл-көсір дастарқаннан артылған тағам-дәмдерден шөкiмдей ғана сыбаға алып, ауылға жүргелi тұрған жүк тиелген машинаның кабинасында орын болмай, қорабының бiр қуысына паналады. Күздiң қара суығынан ұзақты жол бұқпантайлап отырды.

Кендебай жолай аудан орталығынан өтер тұста түсiп қалды. Онда тұрмысқа шыққан үш қызы тұрады. Бiреуiнiң қолында тұрып, үлкен кентте шоферлық курста оқып жатқан ұлын оңтайы келiп тұрғанда көре кетейiн деген ойы болды.

Перзенттерiнiң үйiне түгел кiрiп шықты. “Ұлы баба тойынан дәм татыңдар”, – деп, әкелгенiнен немерелерiне үлестiрдi. Баласын жолықтырып, жағдайын бiлген соң, кешкiсiне баяғыдан әңгiмесi жарасатын жездесiнiң үйiне барып қонды.

Ертеңiне өз ауылына ертелетiп жетiп, орталық көшемен келе жатып, жол жиегiндегi дүңгiршектiң қасынан өткенде есiне әлдене түсiп, соған бұрылды. Бас әрең сыятын тесiгiнен үңiлiп едi, iшiнде жас бала отырғанын көрдi.

– Әкең, Әбiлмәлiк қайда? – дедi.

– Үйде.

– Шақырып келе қойшы.

– Мен мына жердi тастап кете алмаймын ғой, көке. Өзiңiз бара берсеңiзшi.

Тақылдаған баланiкi де жөн-ау деп, дүңгiршекке жапсарлас ауласын бөлген темiр қақпасын шиқылдата ашты. Ауылдасы баяғыда автобазада бiрге iстеген, қазiр ұсақ саудамен айналысатын, тұрмысы қатарынан көшiлгерi Әбдiмәлiк үйiне қапталдас бастырма астында сары “Жигулиiнiң” капотын ашып тастап, мотор жағына басын сұғып жiберiп, түртiнектеп, тұқшыңдап, күйбеңдеп жатыр екен. Бұл ту сыртынан иығына қолын салды. Қатарласы амандық-саулықтан соң:

– Құрдас-ау, сонша ертелетiп, тыныштық па? – дедi қолын қарамай шүберекке сүртiп тұрып.

– Е-е, жайшылық. Сенен бiр-екi рет насыбай алып едiм. Соның ақшасын бере кетейiн деп бұрылдым. Қанша теңге едi?

– Ой, сен де... Бiраз жиналғаннан кейiн-ақ бермедiң бе. Отыз-ақ теңге небәрi.

Өзiне тықаттай болған қарызынан құтылып, көңiлiн бiр бiрлеп алып, арқасынан бiр үлкен жүк түсiргендей жеңiлейiп қалған Кендебай үйiне келдi. Аулада шаруасын күйттеп жүрген жұбайымен жағдай сұрастырды да, iшке кiрдi. Дәлiзде сырт киiмдерiн шешiп, мәсiсiнiң кебiсiн табалдырық алдына тасталған алаша төсенiшке қалдырды. Кiре берiстегi киiм iлгiштiң үстiне өзi кеткеннен кейiн келiп жиналып қалған газеттердi алып, бiрден төргi бөлмеге өттi. Бұрыштағы сандық үстiне қатарластыра жиналған көрпелердiң арасынан сопаң еткiзiп жастық суырып алды да, киiз бетiне төселген салулы көрпешеге тастады. Сосын ұзынынан қисая жата кетiп, өзiмен әлгi әкелген, пошташы ағайыны жарты жыл сайын қояр да қоймай жаналқымға алып жаздырып кететiн аудандық, облыстық, бiр-екi жекеменшiк басылымдарды шетiнен шұқшия шолып, оқи бастады.

Сүт пiсiрiмдей мезетте iшке әйелi ендi.

– Балалар да мектептен келетiн уақыт болды. Кендебай, шай қояйын ба, жоқ, тамақ iстейiн бе? – деп аяқ киiмiн шешпей кiреберiс босағада тұрып iшке дауыстады. Сәл тосып едi, жауап естiлмедi. Үнiн қаттырақ шығарды. Тырс еткен дыбыс жоқ. Тым-тырыс.

“Шаршап келiп, қалғып кеткен шығар. Оятайын” деп дәлiзге өтiп, төргi бөлменiң есiгiн сығырайта ашып қалып едi, күйеуiнiң қос қабат төсеген көрпеше үстiнде жайсыз, оғаш жатысынан зәресi ұшты. Жүрегi зырқ етiп, жаны түршiктi.

Шалқасынан жатқан күйi ұзынынан созыла жазылып, серейген аяқтары... Екi жағында салбырап, салақтап қалған қолдарының уыстарында қақ айырылып бөлiнiп, умаждалып, қыса сығымдалған газет жыртындылары... Әдеттегi шүңейт қабағы сәл көтерiлiп, шарлана томпайып, бағжия ашылып қалған көздерi тотыққан жүзiнен ағарып, анық көрiнiп жатыр.

ххх

Кендебайды төтеннен қиған қапелiмдегi қазасына қалың ел жиналды. Көршi ауылдардан келгендер де көп болды.


writers.kz 




Көрілген: 4486    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 17.08.2016, 18:57

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Мамыр, 15:40
    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30