Алаш прозасы

Кәкімжан Қазыбаев: ОТПЕН ЖАЗЫЛҒАН ӨМІРБАЯН

  • Кәкімжан Қазыбаев

    Кәкімжан Қазыбаев

ОТПЕН ЖАЗЫЛҒАН ӨМІРБАЯН

 

1945 жыл басталғанда фашистік Германия біржола күйреудің алдында ғана тұрды. 1944 жылдың жазғы-күзгі науқаны барысында Қызыл Армия фашистік 96 дивизия мен 24 бригаданы талқандады. Бұлар өз құрамының 50 процентінен 75 процентіне дейін айырылды.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

 

...Бұл 1945 жылғы январь айының бас кезі болатын. Варшаваға жақын қалың орман арасында үлкен қол жатыр. Белорус майданының тегеурінді 3-інші армиясының 79-ыншы атқыштар корпусына қарайтын 150-інші Идрицк дивизиясына жаңа күш келіп қосылды. Ылғи өрімдей жастар. Шамасы 19-24-25 жылы туғандар. Аз күн ішінде олар дивизия тарихымен танысып үлгерді. Оның жауынгерлік жолы жатқан бір дастан-ды. 1943 жылдың сентябрінде құрылып, Калинин облысын, Латвияны азат етуге қатысты. Идрицк бағытындағы ұрыстарда ерекше көзге түсті. 1944 жылғы 12 июньде Совет информбюросы былай деп жазды: «Новосокольниковтың солтүстік батыс аудандарында шабуылға шыққан 2-інші Прибалтика майданының әскерлері фашистердің қорғанысын бұзып өтіп, екі күннің ішінде 35 километр алға жылжыды. Сөйтіп, майдан бағытын 150 километрге кеңейтті. Майдан әскерлері шабуыл барысында ірі теміржол торабы болып табылатын Идрицк қаласын алып, 1000-нан астам елді пункттерді жаудан босатты».

Taп осы шайқаста ерлігімен көзге түскен 150-інші дивизияға сол жылғы 23 июньде 150-інші Идрицк атқыштар дивизиясы» деген атақ берілген.

Жаңа келген жас офицерлер өз бөлімшелерімен соғыстың алуан түрлі өнерін үйренуде. Орман жанындағы өзеннен сан қилы әдіспен өткізеді. Судан өту тәсіліне ерекше ден қояды. Жерде қар жұқа. Шытымыр ғана аяз бар. Бірақ қалың қолдың бір күн болған жері дуадақтың ойнағындай таптаурын болып қала береді. Москвадан шыққанда:

– Біз әуелі ауылға оқ атпай қайтармыз, – деп қалжыңдасқан-ды. Жау алысқа, өте алысқа қуылған секілді көрінген. Сонда да алғы шепке жетуге асығып келеді. Жол-жөнекей ерсілі-қарсылы ағылған эшелондар. Сұрапыл соғыстың ауыр табы бәрінен сайрап көрініп тұр. Бірақ бәрінде үлкен бір желпініс, серпіліс бар. Жақындап қалған жеңіс желпінісі сияқты. Мұны тіпті жаралылар мен тұтқыннан босағандардың жүдеу жүздерінен де аңғаруға болады. Соғыстың осы бір тірі ғаріптері майданға бара жатқандарға сәт сапар тілейді.

Аса бір асығыстық, ширығу барлығынан көрінеді. Эшелон қозғалыстарынан да, әскерлердің сұсты жүрістерінен де. Осы бір ғаламат ағынға жол атаулы таршылық еткендей. Теміржолға да, тас жолға да сыймайды. Қаншама адам, техника. Мұның бәрін төксе немістің несі қалады? Алып ұшпа көңіл жеңісті осылай тіпті жеңілдеу етіп жақындатып қойған-ды.
Жолдағы көрсеткіш тақталарға да, эшелондардың сыртына да «Берлинге дейін!» деп жазылған. Бұл жазудың бойға қуаты керемет!

Жүзіқаралар да көрініп қалады. Ол – қолға түскен фашистер. Бір кезде Москваны таптамақ болып еді. Елірді, есірді. Ойына келгенін істеп, орта жолдың бәрінде де ойран салды. Міне, сол «жеңімпаздардың» түрін енді көр. Иықтары салбырап, еңсесі түсіп кеткен. Сол кездегі «жеңімпаз» – енді тұтқын. Үйір-үйір боп сең соққандай сенделеді. Бастарын көтермейді. Тарих алдында қарабет болғанын енді-енді сезгендей. Жиренішті. Оларға қаһарман ұлдардың қаны төгілген мынау қасиетті жердің өзін бастыруға қимайсың.

 

Рақымжан Қошқарбаев

 

 

Осы ой алдыңғы шепке кетіп бара жатқанның бәрін баурап алған. Бұлардың ағалары, бауырлары 1941 жылы құтырған, елірген немістерді көрсе, міне, өздері мойнына су кетіп сүмірейген, сұрықсыз немістерді көріп келеді.
Осының бәрі жол бойғы көрініс, жол бойғы әсер еді.

Ал алдыңғы шепке келген соң пікір мүлде өзгерді. Кеудесі кесілсе де, басы қалған айдаһар әлі айбатты секілді. Улы тілін аяусыз жалақтатады. Қорқау өңеші тағы да талайды жұтпақшы.

Фашизмнің бұдан былайғы соғыста Совет Одағына қарсы әлі 3 миллион 100 мың адам, 28 500 зеңбірек пен миномет, 3950 танк пен штурм зеңбірегін, 1960 соғыс самолетін дайындап отырғанын қалың әскер қауымы білген жоқ-ты. Мұның сыртында резервінде 2 миллионнан астам адам, 2700 зеңбірек, 1090 танк пен 930 соғыс самолеті бар еді.
Мынау жасалып жатқан үлкен шабуыл әзірлігі сол тажалды есінен тандыра тағы бір ұруды көздейтін болса керек. Бірақ оның көлемі, күні жұрттың бәріне бірдей белгілі емес. Ол әскери құпия.
150-інші дивизия жауды қақ маңдайдан ұратын Бірінші Белорус майданының құрамында дәл қазір Варшаваға жақын екінші эшелонда жатқан-ды.
Әскери бөлімшелер бұл күні жаттығудан ерте оралды. 674 полктың бірінші батальонының командирі, капитан Твердохлеб жас офицерлерді өзіне шақырып алды. Батальонның аға адъюданты Шепелев, политрук Васильченко, батальонның парторгі өзбек жігіті Исаков, бірінші ротаның командирі тәжік жігіті Атаев, үшінші ротаның командирі Батраков – бәрі осында.
Комбат еңкіштеу келген егде адам. Әрқашан өзін сабырлы ұстайды. Солдаттар өзін «біздің батька» дейді екен. Талай шайқасты көріп, оқ-дәрі иісі сіңіп болған адам. Қысқа да нық сөзінде әскери мол білім жатыр. Жас офицердің бәрімен жеке-жеке танысты.
– Майданға тұңғыш кіргелі тұрсың ғой?
– Иә, солай, жолдас комбат!
Рахымжан өзінше тақ-тақ жауап бергісі келеді. Өйткені әскер тілі қысқа, әскер тілі тұжырымды.
– Семьяң бар ма?
– Жоқ, салтпын.
Комбат үнсіз отырып қалды. Ой құшағында: «Он екіде бір гүлі ашылмаған қыршын. Міне, от аузында. От болғанда қандай! Ертең 14 январьда бүкіл майдан шабуылға көтеріледі».
– Жаттығуда жақсысың. Соғыста...
Өздерінің барлық іс-әрекеті бұл кісінің көз алдында екен. Иә, әрбір взводты аралап өзі көрген. Судан да бірге өткен. Бәрін байқап жүріпті. Рахымжан да өз ойын «соғыста» деген сөзде ұстады. Комбат ары қарай сөйлеп кетті.
– Сендер әлі ұрыс көрген жоқсындар. Біздің тілімізде «необстреленный» дейді. Ұрыс – жауынгерге бір сын, командирге – мың сын. Сендер командирсіндер. Бүкіл бір взводтың тағдыры өз қолдарыңда. Міне, өздеріңді, жас офицерлерді осыны айту үшін шақырдым. Алдымызда үлкен айқас.
Түннің бір уағында тревога болды. Қалың қол қаптап орман ішінен шықты. Алдыда қатты ұрыс. Варшава үшін шайқас, бүкіл поляк халқын азат ету үшін шайқас. Берлинге жол ашатыны және бар. Біздің ілгергі бөлімшелердің тегеуріні жауды ықтырып жіберген. Мұны екінші эшелондағылар өз көздерімен көріп келеді. Қала өрт құшағында. Алаулаған от жалыны түн түндігін түріп жіберген сияқты. Қаптаған самолеттер де көрінді. Бомбалар үсті-үстіне жарылып жатыр.
Үлкен ағынды өзеннің бойына келді. Бұл – Висла. Совет әскерін бұдан ары өткізбейміз деп Гитлер сан жар салған Висла осы. Аспалы көпірдің аузынан солдаттар дивизия командирі, генерал Шатиловтың өзін көрді. Көпірмен, қайықпен қалың қол өтіп жатыр. Су беті қарақұрым адам. Манадан бері бұл төңіректі ұрып тұрған жау жаңағы соққыға қақалса керек. Қолайлы сәт. Есеңгіреген кезеңді пайдаланып, өзеннің арғы бетіне тез өту керек. Жау есін жиып, қайта шүйлігіп жүрмесін. Командирлердің есіл-дерті осы. Сол себептен де жүздері сұсты, бұйрықтары қатаң. Бәрі ширығып алған. Титтей шашау шыққанды, кідіруді жақтырмайды.
Жайшылықта да мінезі қатаң 674-полктың командирі под¬полковник Плехаданов тіптен зәрлі. Көпір аузынан комдивті көрген соң полк тізгінін одан әрі ширақ ұстады. Соғыста қаталдық керек. Ақылмен қатал болсаң – тәртіп бар. Тәртіп барда – жеңіс бар. Плехаданов осы бір сын сағатта өз бөлімшелерінің әскери әзірлігіне ерекше түңіле қарады. Твердохлебтың батальо¬ны бірінші боп өтті. Жауынгерлер, қару-жарақ бәрі дін-аман.
Жау екі күн бойғы апат соққыдан есін жия алмай қалса ке¬рек. Қаланы тастап қашты. Екінші эшелондағылар шайқас күткен еді. Жоқ, 150-інші дивизия Варшаваның көшесімен жұріп өтті. Таң біліне Вислаға ілінген әскери бөлімше қас қарая қаланың шетінен шықты.
Қала деп айту қиын. Үй орнында – үйінді, көше орнында – қазан шұқыр, ауа орнында – түтін, әлі басылмаған өрт жалыны тамақты қырнайды. Биік үйлердің сойдиған қадалары сұрапыл соғыстың үрейлі ескерткішіндей. Мынау үйлер бір кезде адамға пана болса, енді мола сияқты. Анау көрініске қарауға дәтің шыдамайды. Қираған балконда асылып қалған жас нәрестенің кішкентай арбасы. Әркімнің есіне өз сәбилері түсті...
Қаланы аралауға болмайды. Аяр жау ақырғы зұлымдығын жасап, елеусіз жерлердің бәріне миналар көміп кеткен. Бір-екі жерде оның осы қақпанына түсіп қалған бөлімшелер де болды. Сондықтан бір жағы сақтық, бір жағы онсыз да жау тастап қашқан қаланы сүзіп шығудың қандай қажеттігі бар.
Одан да түріле қашқан жаудың ізіне түсіп, өкшелей қуып, есін жиғызбау керек. Сол себептен де жүріс суыт. Жол бойы аса қарсылық жоқ. Тоз-тоз болған неміс әскерлері әр тоғайдың арасынан кездесіп қалады. Бірақ қарсылығы қарсақтың қапқанындай ғана.
Суыт жүрістің өзі шалдықтырайын деді. Бірнеше күнгі жаяу жорықты көтере алмай аяғы ойылып, арқасы талған солдаттар ұшырай бастады. Ұйқы мүлде шала, жүріп келе жатып ұйықтайды. Кейбіреу тіпті саптан шығып кете жаздайды. Командирлер осыған сақ. Бөлімшелерді шашау шығармай жинақы ұстауда.
...18 январьда 150-інші дивизия бірінші эшелонға шықты. Бұлардың алдында енді тек жау ғана бар. Варшава 100-150 километр кейінде қалды. Ұсақ-түйек атыстан басқа елеулі қарсылық әлі ұшырай қойған жоқ.
– Тап осылай артына қарамай Берлинге дейін қашса, жақсы болар еді-ау.
Бұл – жеңімпаз әскер солдаттарының тәтті қиялы, арманы. Жау не ойлайды? Ол екінің біріне белгілі емес-ті. Осынша түріле қашқандай оның қауқары шынымен-ақ таусылғаны ма? Әлде амал ма? Әскери қолбасшылар бұл жұмбақтың сырына талайдан үңілген.
Иә, бұл амал еді. Батыс жақтан түріле қашқанда солтүстік батысқа күшті төгіп жатқан-ды. Қашқан болып ішке біздің әскерлерді тереңірек жіберіп алмақ, сосын бүйірден тиіп, қиып тастамақ. Кейінгіні жібермей, ілгері кеткенді жентектемек. Міне, оның алды-артына қарамай, қашқансымақ болғанының сыры осында еді. 

 

 

Оңнан солға қарай: журналист-жазушы Кәкімжан Қазыбаев, журналист К.Сүлейменов, Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев, неміс журналисі Карл Кокошко, журналист-жазушы Танхимович. Қыркүйек, 1964 жыл. 

 

 

 

ТАРЫЛҒАН ТЫНЫС

 

Бұл уақытта жау Одерде ұстаған шебіне және Померания қорғаны дейтінге жанталаса бекініп, Совет әскерлерінің одан әрі алға басуына жол бермеуге дәмеленеді. Померанияда немістің «Висла» армиялар тобы қарсы соққы беруге әзірленді.
...Одерге қарай ұмтыла алға шыққан ІІІ Белорус майданының құрамаларына солтүстіктен күшті соққы әзірледі, үлкен қауіп туғызды. Қарсы соққы беруге 16 жаяу әскер, 4 танк дивизиясы, 3 моторлы дивизия, 17 бригада, жауынгер топтар және жеке бөлімдер дайындалды.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

 

Берлинге қарай асыға ұмтылған қолды күрт солтүстікке қарай бұру алғашында жұрттың көбіне түсініксіз болды. Рахымжан да бұған түсінген жоқ. Бірақ әскер тәртібінде «неге» деп сұрамайды. Бұйырылды – бітті. 150-інші дивизия қарлы-жаңбыр аралас сылқылдақ жолмен ұзақ сапардан соң күшті қарсылыққа тап бол¬ды.
...Міне, Флатов қаласына таяу жер. Полк командирі Плехаданов штабта отыр, көңілсіз. Үшінші батальон селдіреп қалды, шабуыл сәтсіз болды. Екі күнде бір батальонды бүйтіп жайпай берсе, немістің түрі жаман. Екінші батальонның да шығыны көп. Кешеден бергі шептен әлі бір көше де жылжыған жоқ. Көрші полктардың да шығыны көп. Бірақ бұл полкқа өте-мөте ауыр тиді бұл қамал. Тұяғы түгел бірінші батальон – Твердохлебтың батальоны. Әккі комбат ақылды жасады, Логинов пен Давыдовтай барлаусыз қойып кеткен жоқ. Қаланың аты – қала. Оның қорғаныссыз болуы мүмкін емес. Командирдің жүрегі үлкен бекіністің барын сезгендей еді. Плехаданов оны әскери алғырлығы үшін құрметтейтін. Міне, өзіне тағы да шақырып отыр.
– Жолдас капитан! 2-3-ші батальондар ес жисын. Бүгінгі ауырлық сенің мойныңда. Солдаттар тың ба?
– Жолдас подполковник, тың болуды кім берсін. 500 километрлік жорық, сөз жоқ, шалдықтырды. Небәрі үш-ақ күн демалдық. Мұндай қамалдың алдында дамылдату керек еді. Шегінді екен деп немісті ақымақ санауға болмайды. Әлі талай «сый» табақ тартады алдымыздан. Міне, мынау соның бірі.
– Иә, сізбен 100 процент келісемін. Өздері тамағы жыртылғанша айғайлап жүрген «эластикалық» қорғанысы осы ғой. Шегініп, шегініп, күтпеген жерден соққы беру. Аңшы болып көрдіңіз бе? Қасқыр болдырған кезде ырылдап, айбат шегіп жатып алады. Қарап жатпайды, аңдып жатады. Жалт етсеңіз бітті, тура шабады. Оңтайына келсеңіз жарып жібереді. Оның бойында күші болады. Міне, неміс те тура сол секілді. Оңтайына келдік, екі батальонды күйретіп алдық. Сізге бұл сабақ болсын деп отырмын. Өзім де бармағымды шайнаулымын.
Твердохлеб үшінші ротаны ең ауыр оң қанатқа қойды. Неміс осы жерге қатты шүйлігуде. Оның мәнісі де бар. Бұл арадан жа¬рып өтсе, қалаға сұғынып, кеуделеп келе жатқан бөлімшелердің ту сыртынан ұрып абыржытпақшы. Сөйтіп, шегіндірмек, қаланың қақпасын қайта жаппақ. Түні бойы үш дүркін соқтықты. Бірақ еш нәрсе шығара алған жоқ. Қошқарбаевтың взводы ерекше көзге түсті, өткізбеді. Екі жақ та аңдысып-аңдысып, ақыры сәл тылсым тапты. Жағы сембей сарнаған пулеметтер де үнсіз. Таң білініп келеді. Майданда ең ауыр уақыт осы. Шаршау мен ұйқының жауға көмектесетін мезгілі бұл.
Рахымжан үш бөлімшенің үшеуін де аралап шықты. Гончаров, Серебряков, Пантелеев үшеуі де ояу екен. Попов Гончаровтың тап қасында. Бүгін жаудың сазайын берген пулемет осыныкі. Қараңғы болса да өңкиген денесіне қарап бірден таныды. Өзі де қайратты-ақ. Әнеукүнгі ұзақ жорықта шалдыққан солдаттардың көбінің жүгін көтерген де осы.
– Неміс!
Бұзылған үйді қалқалап баспалап келе жатқан үш автоматшы көрінді. Попов пулеметіне жармаса кетті. Қағып түсіретін жерде.
– Атпа!
Рахымжан Гончаровқа, Поповқа, тағы екі солдатқа артымнан жүр деп ымдады.
– Мына жырамен айналып, артынан шығайық. Күні бойғы даусыңды естіп, өзіңмен таң алдында оңашады таныспақшы болған ғой.
Сыбырлап қана сөйлеседі. Рахымжан Поповтың мұндай қалжыңды сүйетінін біледі. Жасында тентек болған екен. Ақырып-зекірсе қыржиып қалады. Қыбын тауып сөйлессең, тау қопарады. Әр солдаттың қыры Рахымжанға әбден аян.
Немістер оң жақпен айналғанда, бұлар сол жақпен артына шықты. Олар үшеу, бұлар бесеу. Сығалап қарап жатыр. Бәрі де Попов секілді өңкиген дәу екен. Кездесетін қылта анау.
– Халт! Ханде хок!
Бұл дауыс қатты да шыққан жоқ. Немістер тап желкелерінен кезеніп тұрған бесеуді көрді. Автоматтарын тастап-тастап, қолдарын көтерді. Айдап комбатқа әкелді. Тұтқындарды Рахымжан Поповпен бірге өзі айдап келді.
– Иә, лейтенант, алғашқы олжаң ба? Қайырлы болсын.
Комбат тұтқындармен аудармашы арқылы тілдесуге кіріскенде, қаланың үстінде найзағай ойнады. Орталықты біздің зеңбіректер соға бастаған екен. Немістер тажалдай қорқатын «Катюшалар» да ойнап берді. Су-су етіп өткенде сондай сұсты шайтан. Әлем-тапырақ айқас қайта жанданды. Кезекті жентектеуден кейін жаяу әскер шабуылға көтерілді.
674-ші полк 17 февральда Шнайдемюль қаласының түбіне жетті. Қала өртеніп жатыр екен. Осы қалада да талай шығын болғанын полк жауынгерлері дивизиясының саяси қызметкерлерінен естіді. Көшелерді гитлершілерден тазалауға бөлінген құрамалар қатты қарсылыққа ұшырапты. Үй-үйге бекініп алған фашистер тіпті қырып жіберіпті.
Бұл да сабақ. Саяси қызметкерлер, командирлер енді көше ұрысының тәсілдеріне үйренуге назар аударды. Алда фашистердің талай қаласын алуға тура келеді. Бұл өнерге де жетілмесе болмайды.
Тағы да жорық. Батраков басқаратын үшінші рота қаланың солтүстік жағын айналып өтетін тас жолмен келе жатқан. Бұларды қуып жеткен жеңіл машина озыңқырап барып тоқтады. Рахымжан дивизия командирі генерал Шатиловты бірден таныды. Ол машинадан түсті де, қатарласа беріп:
– Жігіттер, қалай, демалыссыз жаяу жүру ауыр болған жоқ па? – деді.
Рахымжанның взводындағы күлегеш Гичко:
– Ештеңе етпейді, жолдас генерал. Одерде бір шылым шегіп, Берлиннен бір-ақ шығамыз ғой, – деді.
– Одер әлі біраз жер. Жау да шамасы келгенше «сыбаға» әзірлеп жатқан көрінеді.
– Неғылар дейсіз, жолдас генерал. Табанымыздың асты неміс жері. Мұның қай пұшпағын соққыласақ та, Гитлердің жүрегі зырқырар.
Солдаттың мына көңіл күйі генералға ұнады. «Бірінші батальонды бекерге «қайсарлар батальоны» деп атамайды екен ғой» деді ішінен.
Жылы қоштасып, табыс тілеп жүріп кетті.
Аялдайтын жерге полк екі күннен соң жетті. Ағаштары сиреп қалған шағын орман арасы. Шнайдемюльдегі ауыр шайқастан кейін жұрт он шақты күн осында демалмақшы.
Ақ жаңбыр үздіксіз жауып, жер тіпті іріп кетіпті. Таяудағы қираған деревняға жетудің өзі әжептәуір күшке түсті. Аттар ми батпақта зеңбіректерді тарта алмай, солдаттарға өз жүгіне қосымша жұмыс табылды.
Тап осындай сәтте мотоциклмен жүрген батальонның поштабайына Рахымжан таң қалған еді. Ол қолына дивизияның «Воин Родины» атты шағын газетін ұстап айқайлап тұр екен. Газетте 3-інші тегеурінді Армияның әскери Советінің үндеуі жарияланған. Онда Берлиннің жақын екендігі, жауға соққы беруге әзірлену қажеттігі айтылыпты. Осы номерден Рахымжан Твердохлеб басқарған батальонның Шнайдемюль түбіндегі үздік ерлігі жайлы мақаланы көрді. Өз взводының қимылдары да мақталыпты. Попов, Зотов, Исажанов, Гичколардың, рота командирлері Атаевтың, Батраковтың аттары аталыпты. Бұл номерді взвод жауынгерлері жабыла оқыды. Көңілдері бір өсіп қалды.
...Белгісіз бір хутордың түбі. Тағы да шайқас. Фашистердің траншеялары взвод ұстаған шептен 500 метр жерде ғана. Ар жағы не болары Рахымжанға белгісіз.
Сөзді артиллерия алды. Сосын танктер кетті. Танктің артынан жаяу әскер келеді. Екінші взводтың алдындағы танкке снаряд дөп тиді. Жана бастады. Соның артынша іле тағы бір снаряд келіп жарылды. Міне, солдат Исажанов, пулеметші Зотов осы арада опат болды. Екеуі де ержүрек жігіттер еді. Шнайдемюльде Поповтан кейінгі көзге түскен ерлер болатын. Зотовтың бір жақ иығымен қоса басын жұлып әкетті. Жантүршігерлік көрініс. Кейбір солдаттар сасып, тазарған аумақтан шығып, өз-өзінен арандап қала жаздады. Дереу шешім қабылдау керек. Шегінуге болмайды. Тек алға. Мұндай сәтте солдаттарды ширататын да, састыратын да командирдің шешімі.
Рахымжан:
– Ура! – деп өзі алға ұмтылды. Қараса, пулеметін кезенген Попов өкшелес келеді. Ол тіпті ет қызуымен алға түсті. Бүкіл взвод жұдырықтай түйіліп, ілгері ұмтылды. Аман танктердің артында басқа бөлімшелер де қаптап барады.
Траншеядан шығып үлгермеген немістердің үстіне біздің солдаттар топ-тобымен түсті. Рахымжан Поповтың қаруын осы арада көрді. Пулеметінің дүбімен отын жарғандай оңды-солды сілтеп жүр. Пантелеевқа үш неміс келіп қапты. Екеуін өзі жайратты. Үшіншісін автоматын кезене бергенде Гичко талма білектен қағып түсірді. Мылтықтың дүбімен ұрды. Көзді ашып-жұмғанша найзасы кеуде тұсынан қорс етті. Түсі сұрланып, көзі қанталап кетіпті. Ылғи күлетін де жүретін. Шаршаса да күлетін, ұрыссаң да күлетін. Мына кейпі ол Гичкоға тіптен ұқсамайды. Жүзі өрт сөндіргендей түтеген.
Траншея қолға көшті. Бұдан ары тағы жылжу керек. Бірақ танктердің бірнешеуі келесі траншеямен екі ортадағы минаның үстінен шығып, жана бастады. Бұл жаяу әскерді сескендірді. Осы шепте біраз бекініп алу керек, етек-жеңді жию керек.
– Комбат Твердохлеб шақырады, – деген хабар алды Рахымжан. Траншеяның ішімен жүгіріп жетті.
– Жігіттерің жарады, ер екен жолдас Қошқарбаев. Өз атымнан бәріне де алғыс айтамын. Мұндай жолбарыстармен қандай қамалға болса да шабуға болады.
– Служу Советскому Союзу!
Бұдан басқа аузына сөз түскен жоқ. Твердохлеб қолын қысты. Кетуге рұқсат етті.

 

 

Солдан оңға қарай: Кәкімжан Қазыбаев, Орынша Қарабалина, Рахиля Яхина, Рақымжан Қошқарбаев.

 

 

* * *

Совет әскерлері шабуылдай отырып, күшті екі соққы берді. Біріншісін – 24 февральде, 2-інші Белорус майданының күштері Линде аймағынан Кеслинге қарай, екіншісін – 1 мартта ІІІ Белорус майданының күштері Штаргарттың оңтүстік шығыс жақ аймағынан Кольбергке (Колобжегке) қарай берді. Біздің армияларымыз Шығыс Померания тобын екіге бөліп тастап, Балтық теңізінің жағалауына шықты.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

 

Цыцау деревнясы. Теңіздің жағасында. Бұйра толқын соғыс алаңындай тулап жатыр. Бекініп алған матростар. Үш күн болды, маңайлатпайды. Жері де төбелі-жоталы. Қорғанысқа қолайлы-ақ. 674-полктың бірінші батальонының алдында осы деревняны алу міндеті қойылды. Өздері бұған дейін көрмеген әскер түрімен – теңізшілермен шайқасуға тура келді. Бәрі жап-жас, алып денелі, беттері үйткен шошқаның етіндей қып-қызыл немістер. Осы арада өздерінің құрбандыққа қалғанын білетін секілді. Қимылдары солай, бәрібір өлім.
Твердохлеб үш ротаны үш жақтан – шығыстан, түстіктен, батыстан салды. Солтүстік – теңіз. Жаннан безгендер шын мәнінде қоршауда. Батальонда артиллерия батареясы бар. Командирі – капитан Рамоновский. Негізгі бекініс пунктерін атуға бұйрық берді. Артиллериялық атыстан кейін үш рота үш жақтан қысты. Батыстағы, шығыстағы бірінші, екінші ротаны жалжытпай қойды. Азды-көпті ілгері басқан 3-рота. Батраковтың ротасы. Комбат Твердохлеб та осы ротамен бірге. Бұл ротаны ілгері жылжыта беру керек. Қоршауда тұрған дұшпанды бұлай болу өте тиімді. Комбаттың ендігі ойы осылай. Ол Батраковқа алдыға Қошқарбаевтың взводын салуды тапсырды.
Қас қарая екінші взвод деревняның шетіндегі тас дуалға ілікті. Дуалдың биіктігі 3-метрдей.
Ең қауіптісі түн. Сақ болу керек. Офицерлерден кезекші қою керек. Твердохлеб Қошқарбаевты кезекшілікке қойды.
– Бүгінгі күннен өліп шығуымыз да, аман шығуымыз да сенің қолыңда. Жау қайткенде де бізді бұл арадан ығыстыруға тырысады. Шегінсек, қайта кіру керек.
Түні бойы дүркін-дүркін шабуыл жасауға келесілді. Жаудың мазасын ала беру керек. Алдынан да, артынан да қысқан соң қайтер екен «батырың!» Бұл арада тағы да бір үлкен қауіп бар. Ар жағындағы өз әскерімізді атып алмау. Сондықтан қимыл мейлінше дәл, мейлінше есеппен жүргізілуі керек. Созалаң атыстан гөрі қоян-қолтық айқас тиімді. Өйткені біздің әскер әйтеуір жеңетініне сенімді. Ал немістердікі жан сақтау. Бірақ мұндай кезде адам еш нәрседен тайынбайды. Төніп тұрған өлімнің ашындыруы, аярлыққа салуы заңды. Осының бәрін Твердохлеб салмақтап, саралады. Соғыс құрбандықсыз болмайды. Бірақ оның да шегі бар.
Рахымжанға шабуыл кезінде осыны ескер деген. Албырт жастықтың көзжұмбайынан сақтандырған. Адам тағдырымен ойнауға болмайды. Біз өмір сүру үшін соғысып жүрміз. Кім өлу үшін соғысады? Соғыс жұмбағының қиындығы да сонда. Ол бір айнаның екі беті сияқты. Бір жағы – қырғын, өлім. Екінші жағы – өмір үшін, тіршілік үшін күрес.
Гончаровтың бөлімшесі он екі немісті айдап келді. Тұтқындарды взвод командирі Қошқарбаевтың өзі қабылдады.
– Қаншасыңдар, неге берілмейсіңдер?
– Хайл Гитлер!
Хормен айтады, бұдан басқа жауап жоқ. Фашистерді тағы қысты. Мелшиіп тұр, міз бақпайды.
– Теңізшілерге бұл арада не бар? Қайдан келдіңдер?
– Хайл Гитлер!
Сыр ете түскен автомат даусы ғана естілді. Оның не істегенін түн жасырды. Ертеңінде жұрт дуалдың жанында теңкиіп-теңкиіп жатқан «хаилшілерді» керді. Мұнысы жөнінде Рахымжан комбатқа өзі айтты. Твердохлеб жымиып күлді де:
– Жауды аяған жаралы демей ме? Жаннан безгендерге сол керек, – деді.
Таң ата екі рота сырттан, бір рота іштен шабуылға көтерілді. Қарсылық қатты. Мұндай қоршауда әдетте берілгеннен басқа амал болмайды. Бірақ қаруын тастап, қолын көтерген біреу жоқ, жанталаса шайқасуда. Жаннан безгендер десе, жаннан безгендер екен. Бәрі қырылды. Батальон бөлімшелері бір-бірімен тоғысты.
Тек он шақты неміс қорғаннан қарғып, суда тұрған катермен теңізге кетпек болды. Оларға артиллерияның оғы жалынды. Үш орудиенің үлесіне қашқындар мінген үш катер тиді. Дөп тиген оқтан кейін үш катер жанып, су түбіне кете барды. Асау толқын ызалана, айбаттана жұтып қойды.
Бұл бекіністі алуда қаза болғандарды комбат жинап, бір жерге жерлетті. Азалы жиын ұзақ болған жоқ. Мынау теңіз жағасындағы биік дуал осыларға қойылған ескерткіштей. Рахымжанның взводынан қаза болғаны – 7 адам. Жігіттердің бірі тас дуалға: «Жаудың бұл шетін теңізге әкеп тіредік. Сендердің кектеріңді енді Берлинде аламыз. Бақыл болыңдар!» – деп жазды.
Артиллерия теңізге қарай үш дүркін оқ атты. Батальон жорық қамына қайта кірісті. Келесі күннің түнінде Витшвинзе көлінің солтүстік батыс бетіндегі қырғын шайқасқа кірісіп кетті. Командованиенің барлаушылар арқылы жаудың бекіністері, атыс ұялары жөнінде дәл дерек алуы аса мәнді болды. Екі сағат бойы зіркілдеген зеңбіректер мен «Катюшалар» дұшпанның үш қатарлы бекінісінің күл-талқанын шығарды. Самолеттер де жақсылап шүйлігіп берді дейсің.
Бұл жердегі жау күші шынында Совет әскерлерінен екі есе артық еді. Бірақ 150-інші дивизияның тұтқиылдан жасаған шабуылы өзінің тиісті нәтижесін беріп, жеңіске жеткізді.
Осы шайқастан кейін дивизия командирінің 674-інші полкке келуі тегін емес-ті. Ол Шнайдемюль қаласы мен Вотшфинзе маңындағы ұрыстарда ерлік көрсеткен офицерлер мен солдаттарға СССР Жоғарғы Советі Президиумының атынан наградалар тапсырды. Батальон командирі Твердохлеб Қызыл Ту орденін, рота командирі Батраков, Атаев, взвод командирі Қошқарбаев ІІІ дәрежелі Отан соғысы орденін алды. Ал Зотов, Исажанов, Мұсылманқұлов, Рысымбетов сынды қаһармандар өз наградаларын көре алмай кетті.
Ең қуаныштысы осы Витшвинзе көлінің маңындағы жеңісі үшін 150-інші дивизия ІІІ дәрежелі Кутузов орденімен наградталды. Бұл дивизия тарихына қосылған тағы бір жарқын бет еді.
Әрбір әскер құрамында осы оқиғаға байланысты салтанатты митингілер өтіп жатты.

 

* * *


150-інші дивизия түстікке қарай бет бұрды. Европаның орманы. Ойдым-ойдым тоғай. Талайға пана болған, талайға тажал болған тоғай. Әр бөлімшенің ұстаған бағыты бар. Енді жүріс жылдамдады. Ірі бекініс жоқ. Дегенмен де барлық жерді сүзіп, барлық тоғайды түгендеп келеді. Күні бұрын картадан көрсетіліп, әр батальонның еншісіне бөлінген тоғай бар.
Міне, мынау тоғай қонақжай болмай шықты. Бірінші батальонның алдынан сатырлап оқ атылды. Пулеметтің де, мылтықтың да үні шығады, граната жарылды. Батальон дереу жауынгерлік жасаққа енді. Солдаттар жата-жата қалысты, тоғайға сіңіп кетті.
Оқ ортадағы алаңқайдан атылып жатыр. Мынау бұрын-соңды көрмеген бекініс. Блиндаж жоқ, окоп жоқ. Үсті березентпен жабылған арбалардан қоршау жасалыпты. Екі арада әжептәуір атыс боп қалды.
Солдаттар өз көздеріне өздері сенбейді. Бір-біріне, командирлеріне қарайды. Оқ атып жатқанның бәрі қатын. Көйлектері шұбатылып жүр. Жылаған балалардың даусы естіледі. Бірақ қарсылығы, мылтық атуы мықты. Батальондағылар Гитлерге адал берілген қатындар екен деп күлісті. Бірақ мына арбалары не? Соғысқа келсе, арбамен неге жүр? Сасқанынан қарсылық көрсеткендер дейін десе, әртүрлі қаруы бар, әзірлігі де әжептәуір секілді. Өздері және көп-ақ. Бас-аяғы бір километрге созылып жатыр. Артиллерияға сөз берсе, көзді ашып-жұмғанша aпa-сапа қылар еді. Балаларды аяйды.
Өздері ашық алаңда, оқ аузында тұрғандар тырбанғанмен, түк бітіре алған жоқ. Жасақты қол жан-жағынан шықты да, бүріп жіберді, қырылып кетуден қорыққан қатындар тізе бүгуге мәжбүр болды. Екінші взводтың солдаттары талайын қарусыздандырып үлгерді.
– Жолдас комбат, мыналардың мұрты бар!
Рахымжан өңкиген біреуінің көкпеңбек иегін көрді. Қасына жетіп келіп «шешін» деді. Кәдімгі ұзынтұра, сопиған еркек болып шықты әлгі.
Міне, қызық. Қоршауда қалған қолды шетінен шешіндірді. Үштен екі бөлігі еркек болып шықты. Тоғай ішінде күтпеген жерден қойылған мына спектакль солдаттардың, офицерлердің ішек-сілесін қатырды. Тұтқындар сөлбірейіп сапта тұр.
...Бұлар кезінде ту деген түкірігі жерге түспей, күшпен ұстаған елдердің қалаларын, селоларын билеп-төстеген немістің шонжарлары екен. Енді өз бастарына күн туды. Байтал түгіл, бас қайғы. Қолынан келгені бала-шағасын алып, келмегені сопа басын қорғап қашып шығыпты. Ойларынша неміс шекарасына жеткен соң аман қалмақ екен.
Не істеу керек? Жан тәтті. Табылған айла болған – әйелше киінген.
«Сасқан үйрек артымен сүңгиді». Әлемді аузына қаратпақ болған неміс басқыншыларының мына күйкі тіршілігі күлкіні келтірмей қоймады. Осы таяуда ғана бір тоғайда самбырлаған неміс радиосын жұрттың естігені бар-ды. «Совет әскері неміс жерін баса алмайды. Соққы жейтін күні алда. Қандай қаруың болса да бұза алмайтын қамал бар. Немістер! Еңселерің төмен түспесін, бұл уақытша шегініс» деп соққан болатын. Онымен де қоймай, листовкалар тастап кеткен-ді. Ол листовкаларда совет солдатын қолға түсуге үгіттейді. Листовканың бір жағы қолға түскен кезде көрсететін «пропуск».
– Осыны көрсетсеңдер, бөгетсіз өтесіңдер, – дейді.
Әрине, бұл құр далбаса еді. Арасы жер мен көктей екі көрініс. Бірінде – Геббельстің өрекпі өтірік насихаты, бірінде – міне, соғыс ақиқаты. Амалы таусылғаннан арбаны бекініс қылған, әйел боп аман қалмақ болған күйкі тіршілік.
Осы ақиқат ой салды, осы ақиқат жеңіске деген үміт отын өршіте түсті. Осынау жаман тоғайдың ашық алаңында әр солдат соғыс философиясын ұқты. Тынымсыз жорықтарының жақсы жоралғысын көрді.
Қырып кетсе болар еді. Бұлар да аяған жоқ еді ғой. Украинаның, Белоруссияның, Молдавияның қанға бөккен далалары, төрт жыл бойы қираған қала, төгілген қан осылардың мойнында емес пе? «Өмірлік кеңістікті» кеңейту жөніндегі зұлымдық жоспарды құтырына қолдағандардың ішінде бұлар да бар шығар-ау. Әйтпесе бөтен елде несі бар? Варшаваға, басқа қалаларға не іздеп барады? Мына бүкіл Европа бұлардың қанды тырнағынан не көрмеді?
Рахымжан оңаша отырып қапты. Шаршап жүрген солдаттардың көбі қор етіп ұйқыға кеткен. Тынықсын. Күзет бар. Елі, кең жазира даласы түсті есіне. Артында қалған жалғыз Рахымды да долы табиғаттың аузына тыққан, боранға жемтік қылған осы соғыс. Соғыс болмаса, аман болар ма еді? Ауылдағы барлық ауыр хал де осы иттердің ылаңынан болған жоқ па. Мұхиттай арнасынан асқан мұң, төгілген қан, төрт жыл бойғы еңсені басқан зіл кімнің мойнында? Кек боп қатқан жесірдің зарын, жетімнің мұңын кімнен алады?
...Он жасар неміс баласы совет солдаттарынан көз алмайды. Арбада келеді. Қасына барса, шыр ете түседі. Бұғынады, тығылады. Миына «Совет солдаты атады, шабады» деп құйып тастаса керек. Оқ апатын мана көзімен көрді. Соғыс сыры оған әлі бимәлім. Кімнің пиғылы қандай болғанын қайдан білсін. Өскесін түсінер. Осылардың түсінуі үшін ғана атпау керек деген ой кес-кестей береді. Оның үстіне, дивизияға түгел аман апар деген тапсырма бар.


* * *

Берлинге орталықтан, Кюстрин плацдармынан негізгі соққы беретін топтың құрамына төрт жалпы әскери армия және танк армиясы кірді.
...І Белорус майданы мен І Украин майданы шабуылға шығуға тиіс болды.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

 

Қараңғы түскен. Қалың ағаш іші. 674-полк дереу сапқа тұрды. Бірнеше күнгі тынымсыз әзірліктің тағы бір жалғасы. Қаптаған генералдар. Олардың бүйтіп топталып жүретінін солдаттар да, офицерлер де өте сирек көретін. Саптағылар қақиып қатып қалды.

– Жолдас генерал-полковник, сапта тұрған 674-полк. Қандай жауынгерлік тапсырманы болса да орындауға әзір.
Плехаданов айтып болды. Оның рапорт бергені үшінші тегеурінді Армияның командирі В.И. Кузнецов. Оң жағында 79-корпустың командирі генерал С.Н.Переверткин, сол жағында 150-дивизияның командирі В.М.Шатилов.
Кузнецов қысқа сөйледі.
– Жолдастар, солдаттар, офицерлер! Халқымыздың титығына жеткен бұл соғысты бітіру керек. Сіздердің ендігі бағыттарыңыз – Берлин!
Жауынгерлер:
– Ура-а-а! – деп дауыстады.
Бұлар блиндажға оралғанда көктемгі жер иісі мұрынға ұрды. Майдан өтінен жырақ күндер осымен тәмам болып, генерал-полковниктің жаңағы сөзі екі апта бойғы тынымсыз әзірліктің соңына нүкте қойды.
...Одер! Асау Одер, ағынды Одер, қанды Одер.
Арнасынан асып жатыр, тасып жатыр. Қап-қара боп лайланган суы да өте сұсты.
Немістердің шулатып жүрген үлкен бекінісінің шеті осы.
Түн. Өткел бермес Одердің шығыс жағалауында жер қайысады. Қаптаған адам, самсаған техникадан таяқ тастар жер жок. Соның өзінде ызың еткен шыбын даусы естілмейді. Бүкіл тіршілік демін ішінен алып тұрғандай.
Бір уақытта аспан қақ айырылды. От сабаулары тарсылдап ойнап кетті. Жерге ине түссе көрінгендей. Жаңа ғана тылсым жатқан Одер қайнап кетті. Жарықта өзен үстінен әр жерден ұзын белдеулер көрінді. Бұл біздің әскерлердің салып үлгерген понтон көпірлері екен. Көпір емес, енді адамнан, техникадан өрілген белдеулер сияқты. Жау да осы белдеулерге шүйлікті. Бір-екеуін үзіп те үлгерді. Су бетінде адам жаңқадай қалқиды. Бүлінген көпірді қайта салып, қайта жаңғыртып жатыр. Біздің артиллерия да батыс жағалауды үсті-үстіне ұрғылауда. Шын тозақ, қиямет енді басталды. Бәрі көрініп, бәрі сайрап тұр. Қайықпен де, салмен де жүзіп, қаптап бара жатқан адам.
Қанды Одер сылқ-сылқ күліп талайды тамағына тығып та жіберді, үстінде ойнаған от сәулесінен бе, әлде адам қанынан ба, әйтеуір суы күреңітіп кетті.
Тосылып қалды. Көпірлердің біразы кесіліп қалды. Одер өткел бермей тұр. Батыс жағалауға ілінгендердің саны шамалы. Олардың өзін де төпелеп жатыр. Бірақ арғы жағаға совет солдаттарының аяғы тиді. Олардың әзіргі амалы бас сауғалау.
Твердохлеб басқарған батальон тегіс өтті. Одердің қаншаны жалмап, қаншаны жұтқанын түгендеуге шама жоқ. Дереу бекініс жасауға бұйрық берілді. Оқ атуға тыйым салды. Дивизияның өзге бөлімшелері өзеннен өткенше осылай ету керек.
Түні бойы Одердің үсті от ойнағына айналды. Біздің артилле¬рия жаудың екінші бекінісін нысанаға алды. Бірінші бекіністің жағдайы қандай, күш қанша – белгісіз. Артиллерия ойнаған сайын жағада жатқан жасақ өзеннен өтуге лап қояды. Өстіп үзіп-жұлқып жүріп таң ата батыс жағалауға талай әскер жиналды. Құрбандық та, үлкен шабуылды бастайтын құрмет те осылардікі.
Күннің ашық, иә бұлтты екенін де білмейсің. Бұлыңғыр бірдеңе. Алдында 150 метрдей жерде жаудың алғашқы траншеясы. Басын көтеріп қылтыңдаған неміс солдаттары көрініп қалады. Олар да жағада жан бар екенін сезгендей. Анда-санда пулеметтен азынатып-азынатып алады. Бірақ біздің әскер тіс жарған жоқ, тырп етпей жатыр. Бейнебір бәрі тірі өлік секілді.
Сәске көтеріле Твердохлеб батальонына шабуыл жасай отырып барлау жүргізуге бұйрық болды. Капитан барлық ротаның жатқан жерін аралап көріп шықты. Үшінші рота ортада, бірінші рота оң жақта, екінші рота сол жақта орналасқан. Шабуылға алдымен көтерілетін үшінші рота. Мақсат – траншеяны алу. Ал екі қанаттағы роталар бұларды оқпен қолдайды. Үшінші рота траншеяға жетісімен бұлардың қолдауымен аналар алға ұмтылуы керек. Қошқарбаевтың взводы шабуыл жасай отырып барлау жасауды тұңғыш көріп тұрған жок. Әккі болған, әбден машықтанған. Шабуылға өрттей ду көтерілу керек. Бұларға қай жерден оқ жауады, қай жерден снаряд атылады, кейінде оны аңдып отырғандар бар. Жау өзінен ондай хабар берісімен тиісті сыбағасын алмақ та.
Взвод жинақы жатыр. Рахымжан жігіттерге қарады. Пантелеев өте алғыр-ды. Атылатын мысықша бір уыс боп жиырылыпты. Жатқан жерлері ойпаң, қазған окоптары су болып кетіпті. Жігіттердің бәрі де малмандай. Таңсәріден олар осы «жайлы қоныста» тапжылмастан жатыр. Көктемнің таңғы салқыны мен шылқылдаған судан тоңғаны ма, әлде шабуыл алдында қанын ішіне тартқаны ма, жүздері сұрланған.
Серебряков өзінен көз алмай жатыр. Тек белгіні күтуде. Бұлардың орны сәл құламалау. Сонда да сыз өзінің табын қалдырыпты. Жамбастары салтақ-салтақ. Жотасы окоптан шыға жаздап жатқан Попов жымиып күледі. Алдыға қарап жұдырығын түйіп қояды. Қабағынан кейістік көрмейсің-ау, шіркін! Бір ғана белгісі көрінбейді. Маңдайынан бұрқырап басылмайтын тері жоқ. Таңғы шық мұны да тоңазытса керек. Оқ атпай, атой салмай іші пысып жатыр. Мұның көңіл күйін Рахымжан жақсы біледі. Алдыны нұсқап көзін қысты.
Гончаровтың қашанғы жинақылығы. Үсті мұнтаздай. Осы жатқандардың бәрінен бөлек төсеніш үстінде болғандай. Отделениенің жігіттері де тас-түйін. Көріп жатыр, тосып жатыр.
Сол қанатта Гончаровтың взводы. Ол да шабуылға көтерілмек. Батальонның парторгі аға лейтенант Кәрімжан Исаков, старшина Штельмах та өз взводында екен.
Бір кезде байланысшылардың бірі Рахымжанның қасына келді. Комбатпен жалғастырды.
– Тыңдап тұрған лейтенант Қошқарбаев!
– Мен он алтыншымын, – деді Твердохлеб сыбырлап қана.
– Гриченков екеуің жауға бәрінен тақаусыңдар. Шабуылға шығарсыңдар. Траншеяны бірінші басып алатын сендер. Жарты сағаттан соң... Мен сенің взводыңда боламын.
– Құп болады, жолдас он алты.
Әлден уақытта Рахымжан орнынан атып тұрды. Автоматын көтеріп:
– Алға! Отан үшін! – деп айқай салды.
Бүкіл рота ұшқын түскен қудай ду ете қалды. Жау бірден тап иектерінің астынан мұншама адамның шыға келуін күтпесе ке¬рек. Бірақ тез есін жиды. Әр тұстан азынаған пулемет, бытырлаған автоматтардың үні естілді.
Күтпеген оқиға. Гриченковтың взводы тары қуырған қазанның үстінен шыққандай болды. Бытыр-бытыр миналар жарылып жатыр. Жұрттың зәресін алды. Кейін қарай боса жөнелді. Рахымжан жалт қарады. Кәдімгі қашу. Берекесіз жан сауғалап қашу. Сәл кідірсе бітті, өз взводын да ешкім ұстай алмайды. Исаков, Штельмах екеуі де сасулы. Дұшпанға керегі де сол. Минаны тран¬шея алдына осылайша зәре алу үшін көмген. Қашқандарды артынан ату оңай.
– Тоқта, кейін қайт!
Рахымжан осылай айқай салды. Өзінің де неге бүйткенін білмейді. Түтеп, автоматты кезеп көлденең тұра қалды. Твердохлебтың назары осы шепте. Бәрін көріп отыр.
– Кім, кім анау? Жұртты қайырған?
– Қошқарбаев!
– Молодец.
Рахымжандар траншеяға іліккенде немістің алды қаша бастады. Бірақ қолма-қол айқасқа түскені көп. Рахымжанның үш жағынан еңгезердей үш неміс келіп қалыпты. Екеуін автоматпен жамсатты. Үшіншісін дүбімен қақ маңдайдан қонжитты. Егделеу келген қасқа бас неміс екен. Көзі аларып барып серең ете түсті. Оң жақта немістер шоғырланып қалыпты. Біздің бір солдат ұшып түсті, екіншісі, үшіншісі...
Серебряков бөлімімен лап қойды. Поповтың пилоткасы шалқалап кеткен. Маңдайынан бу мұржадан шыққандай бұрқ-бұрқ етеді. Шіркіннің қарулысы-ай. Әттең, сойылдың соғысы боп, бір өзін жіберсе, жусатып салатынның тап өзі.
Взвод траншеяны барған сайын тазарта түсті. Осы кезде артқы екі рота да көтерілген-ді. Міне, бүкіл батальон жетті. Бекініс берік. Немістердің өздері жақсылап жасап кеткен бекініс. Іші құрғақ. Қызығын енді біздің солдаттар көруге кірісті.
– Дереу барлық қаруды алға қаратыңдар! Бізді бұл шептен қуып шығуға жау енді жандарын салады.
Комбаттың бұйрығы осылай болды. Неміс артиллериясы үнсіз. Екінші траншеядағы пулемет, автомат бұларды ала алмады. Қауіпті – снаряд, миналар. Немістер енді жаңа ғана қалдырған өз траншеясына шүйлігер. Біздің кейінгі жақтағы бақылау пункттерінен де осыны асыға күтіп отырғандар аз емес. Жау артиллериялары қандай жерден белгі берер екен.
Әдетте ұрыс салып барлау жасаған соң біздің әскердің жаппай шабуылға шығатыны бар-ды. Мұның неміс жүрегіне талай тигені де бар. Бұл жолы да олар дәл соны күтті. Жоқ, олай болмады.
Жаудың алғашқы шебіне жеткен бір-ақ батальон. Бұл не жұмбақ? Көтерілген күйде түре жөнелетін орыстың айбыны қайда? Артиллерия, міне, осы кезде от төкпек еді. Сөйтіп, Одердің шыға берісінде қырғын жасамақ-ты. Алғашқы траншеяны аса көп қасарыспай тастап кеткенінде сондай да қулық болса керек.
Осы бір батальонның бүгінгі ұрыспен барлауы жау жөнінде бірқатар деректер берді. Траншеялар, блиндаждар бекіністің көкесі. Бір күнде, екі күнде салынған құрылыс емес. Үлкен шептің, қорғаныстың барлық ережесіне сай. Траншеялардың аралары миналанған. Бағанағы састырған қуырдақ соны аңғартады. Мұның өзі әсіресе танкке өте қауіпті.
Күні бойы үнсіз болған артиллерияның кешке қарай шыдамы таусылды. Оңай жем еткісі келген қол арттан көтеріле қойған жоқ. Сор түртіп келген жалғыз батальонды таптап тастау керек. Түні бойы артиллерияның қолдауымен үш дүркін шабуыл жасалды. Ойлары – қалайда шепті қайта алу. Батальон түні бойы жаумен арпалысып шықты.
Таң атуға таянған кезде Алексей Семенович Твердохлеб Рахымжанды шақырып алды.
– Сен жарық болмай тұрып, взводыңмен жаудың сол жақ қанатын айналып, екінші траншеясының ту сыртына шық. Біз шыдасақ, бүкіл дивизия Одерден өтіп болады. Бірақ негізгі күшіміз шабуылға шыққанша үн шығармаңдар. Сақ жатыңдар. Біз көтерілген сәтте ғана атой салыңдар.
– Мақұл, жолдас капитан!
Бәрі комбаттың айтқанындай істелді. Алайда взвод екі оттың ортасында, өте қиын жағдайда қалды. Қырылып кету оп-оңай. Бірақ соғыста тәуекелсіз болмайды. Байқайды, Одерден танктер, зеңбіректер қаптап өтіп жатыр. Жау әлі сонда шүйлігуде. Дивизияның штабы да бергі бетке жетті деген хабар келді. Мұның өзі үлкен медеу болды. Плехаданов та екінші траншеяға шабуыл жасау жоспарын мақұлдапты. Батальонның бұл арада бар екенін жау бәрібір біледі. Әрине, өте қауіпті тәуекел. Негізгі үміт – взводтың желкеден оқыс атой салуында. Есеп жаудың абыржуына құрылған. Егер оның сәті түссе, батальон екінші траншеяға жетті дей бер.
– Алға, шабуылға!
Бұл Твердохлебтың даусы еді.
Жау да аңдып жатыр екен. Дүрсе қоя берді. Осы сәтте дұшпанның ту сыртынан «уралаған» оқыс дауыс шықты. Бұл атой салған Қошқарбаевтың взводы еді. Фашистер абыржып қалды. Желкесінен шүйліккендер зәресін алып жіберсе керек. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің». Бұған таң алдында батальондағылар шексіз қуанды.
– Полкке екінші траншея алынды! – деген хабар жетті. Күндіз атыс қатты болды. Бірақ біздің әскердің артынан жаңа бөлімшелер құйылып келіп жатты. Танкілер де от бүркіп шабуылға шықты.
Үшінші траншеядағы немістер жанұшыра қарсыласты.
Совет танкілері ілгерілей түсті. Оларға саперлер түні бойы минаны аршып, жол ашқан болатын. Төрт танк қасқая тартып кетіп барады, атып барады. Жаяулар да артынан лап қойды. Күтпеген жерден сол жақтағы бір кірпіш үйден пулемет сарнап қоя берді. Жаяу әскерді танктерден бөліп тастады. Жылжытар емес, ал танктер болса ұзап барады. Әлгі пулеметке бірінің де көзі түспей-ақ қойды. Бір-ақ снаряд жалынатын нәрсе, амал бар ма.
Твердохлеб танкіге дереу ординарецін жіберді.
– Ана пәлені көрсет. Құртсын көзін.
– Құп болады, жолдас капитан.
Ординарец танкке жете бергенде қарсы алдынан мина жарылып, қозғала алмай жатып қалды.
Бәрін көріп жатыр. Твердохлеб ординареціне жіберуге адам іздегендей. Кімді көпе-көрінеу оққа тосуы керек. Ана бишара жылжи алмай без-без етеді. Рахымжанның взводы комбатқа таяу еді. Комбаттың жан толқуын Рахымжан сезді. Ординарецті қалайда от ішінде қалдырғысы жоқ.
Лейтенант айналасына қарады. Қатар жатқанның бәрі қартаң солдаттар. Оларды жұмсауға дәті бармады. Атып тұрып ұша жөнелді. Жаңағы пулемет те булыға шүйлігіп берді. Бұлар да траншеяға жете құлады, сол-ақ екен, бір снаряд арттарынан гүрс етті. Әйтеуір аман...
Жаралы ординарец Рахымжанның бетінен үш қайтара сүйді. Твердохлеб жымиып күлді. Артынша қабағын сәл шытып:
– Тастай алмай жүрген офицерім жоқ, жолдас Қошқарбаев. Сізді мен жұмсадым ба?
– Мені өз жүрегім жұмсады.
– Жүрегім... Білем сенің жүрегіңді... Өзіңді оққа тосып тұра жүгіргеніңнің соңы осы болсын.
...Взвод көп кешікпей екінші эшелонға ауыспақ. Бұлардың орнына жаңа күш келмек. Ұрыс аралығындағы тыныштықтың солдат үшін қандай қуаныш екенін әрбір майдангер жақсы біледі. Жауынгерлер қуанысып калды. Жау оғы да саябырлап, сәл бір тылсым кезең туды. Попов траншеяның үстіне түрегелген күйі қайта-қайта шыға берді. Рахымжанға оның зор денесі тіпті ірі боп көрінді. Нағыз батыр тұлғалы азаматтың өзі екен.
– Түс! Шықпа! – деп бір-екі рет ескертті. Үшінші ретте аузын жиып алғанша болған жоқ, мұрттай түсті. Мергеннің жалғыз оғы тура екі көздің арасынан келіп қадалыпты.
Демалыс болса да Рахымжанның көпке дейін көзі ілінбей қойды. Поповтың өлімі көз алдынан кетпейді. «Есіл ер-ай, өлімің өкінішті болды-ау». Осы ойлар түннің бір уағына дейін маза берген жоқ. Көңілі құлазып, үлкен бір тірегінен айырылғандай қамықты. Жақсы солдат командир үшін баласындай қымбатты. Қой бастаған серкедей шабуылда тек алдыда жүруші еді. Қайтеді, соғыс заңы сондай, қатал! Бүгін – тірі, ертең – өлісің. Поповтың адресін алып хат жазайын десе, «өлді» деуге жүрегі дауаламайды. Сөйтіп жатқанда көзі ілініп кетіпті.

 

* * *

Бірнеше күнгі дамылсыз шабуылдың шаршатқанын Рахымжан енді сезді. Түрегеп отырса да, мамық төсектегідей тәтті ұйқыға кетеді. Сағынғаннан ба, ауылы түсіне кірді. Әжесі Әлман бір таба нанды қолына беріп, хош айтып жылап тұр. Тура әскерге кетердегі көрген жайы.
– Жетімегім, шеше деп шеше қызығын көрмедің. Әке деп әке қызығын көрген жоқсың. Мә, дәм татшы қолымнан.
Оянып кетті. Түсінде көрген әже көп нәрсені еске түсірді. Анасынан жастай айырылған-ды, өгей шеше тәрбиесі, әкесінің ұсталғаны, детдомда болғаны... Өскен ауылдың бүгінгі халі де бір сәт көз алдына елестеп кетті. Жауып тұрған оқ болмағанмен, одан да ауыр халді ағайындар жазбады ма.
Байланысшының келіп шақырғаны жақсы болды-ау, әйтпесе әлгі зілді ойлар тіпті жаншып бара жатыр екен.
– Жолдас капитан, сіздің шақыруыңыз бойынша келдім, – деді Твердохлеб алдында.
– Ана келесі үйде парткомиссия жұмыс істеп жатыр. Соған барыңыз, – деді капитан.
Рахымжанның есіне осыдан біраз күн бұрынғы жазған арызы түсті: «Неміс фашистерінің ордасы Берлинге жасалатын ұлы шабуылға коммунист болып қатысқым келеді».
Парткомиссия мәжілісіне Рахымжан үшінші болып кірді. Көп сұрақ қойылған жоқ.
– Таяу күндердегі шабуылда взводыңнан шығын болды ма? Солдаттардың көңіл күйі қандай?
Рахымжан сержант Поповтың оқыс өлімін өкіне айтып жіберсе керек, комиссия мүшелерінің бірі:
– Иә, ол ер жігіт еді. Тірі болғанда Попов та бүгін партия қатарына алынатын еді, – деді.
Бұл 1945 жылдың 15 апрелі болатын. 

 

 

 

Кәкімжан Қазыбаев пен неміс журналисі Карл Кокошко. Берлин.

 

 

 

 

ШЕШУШІ ШАБУЫЛ

 

І Белорус майданы мен І Украин майданы 16 апрельде шабуылға шығуға тиіс болды... Берлин операциясына қатысатын үш майданның 2 миллион 500 мың адамы, 42 мыңнан астам зеңбірегі мен минометі, 6250 танкісі мен өздігінен жұретін артиллерия қондырғысы, 7500 соғыс самолеті болды. Дұшпаннан басымдылық адамдар жөнінен 2,5:1, артиллерия жөнінен 4,2:1, танкілер мен өздігінен жүретін артил-лерия қондырғылары жөнінен 4,1:1, авиа-ция жөнінен – 2,3:1 болды.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

 

...Бірінші батальонның офицерлері жаңадан келгендермен біраз жұмыс істеді. Алдағы шабуылдың мән-жайын айтып түсіндірді. Полк командирі жауынгерлерден еш нәрсені жасырмауды талап етті.
150-інші дивизияның алдында жаудың 15 километрге созылатын қорғаныс шебі жатыр. Барлық жерде мина, траншеялар екі-үш қатардан. Жолдағы поселкалар мен деревнялар тірек пункттеріне айналдырылған. Әрбір жеке үй жан-жағынан оқ атуға бейімделген.
Рахымжан взводты демалуға әдеттегіден ерте жатқызған. Қанша ұйықтағанын білмейді. Бір кезде шошып оянды. Өңі ме, түсі ме? Айналасы қып-қызыл. Жер де от, көк те от. Көк күмбезіне қуатты оттан қатар-қатар уық ұстаған секілді көз аштырмас жарық саусақтың саласындай самсап көкке қадалып қалған. Жер шайқалып тұрғандай көрінеді. Шошып кетті, иегі өз-өзінен сақ-сақ етеді. Сасқанынан қос қолдап ұстай алды. Болар емес, кәдімгі атуға қойған пулеметтей сақылдайды. Мұндай сұмдықты кім көрген.
Орнынан атып тұрды. Сел қаптап бара жатыр. Адам селі. Ешбір қамал тоқтата алмас күш қозғалыпты. Жолдағының бәрін тып-типыл етер сеңдей жылжып барады. Взвод та шабуылға көтерілді.
Осынау маңда, сірә, қорық болса керек. Қаптаған солдаттардың арасында есі шыққан аңдар жүр. Басы ауған жаққа ләйліп сенделеді. Әншейінде мөлдіреп тұратын еліктің көзінен жас парлайды. Шыбын жанын қоярға жер таппай хайуан шіркін әбден сасқан. Бұл соғыс аңды да жылатты. Дала тағысы қасқырдың да есі шыққан. Құйрығын қысып ұлиды. Жылмаң түлкі солдаттардың аяғына оралып жүр. Тоңмойын тағы қабанның талайы ашу үстінде автомат оғына тап болды. Жыртқыштар тәңірісі жолбарыс та бишара болып қалыпты. Қайрат жоқ, айбат жоқ, құр дәрменсіз ырыл. Дүниені қанды тырнағында ұстамақ болған неміс басшыларының қазіргі халін елестеткендей.
Сел қаптап барады, жолдағының бәрін жайпап, таптап барады. Айбат селінің алдын бөгер күш енді жоқтай.
– Ал, бауырым, басталды деген осы! – деді біреу таза қазақ тілінде. Рахымжан жалт қараса, капитан Бегалы Байболатов екен. Ол тың күшпен келген артиллерист офицердің бірі болатын.
– Япыр-ай, мұншама күш дивизияға қайдан келді?
– Бүкіл І Белорус майданы Берлинге шабуылға шықты. Берлинге! Фашистер ордасы бұл жерден жетпіс-ақ километр.
Бегалының үнінде мақтаныш лебі бар. Ол айналаға, соғыс көрінісі болса да мынау ғаламатқа шаттана қарады. Рахымжанның бойын да бір тасқын сезім билеп кетті. Взвод тізгінін мықтап ұстауға бекінді ол іштей.
...Берлинге жеткенге дейінгі бес күн. Қандай ауыр болды десеңізші. Фашистер бекіністі мықтап-ақ жасаған екен. І Белорус майданының алғашқы қарқыны едәуір тежелді. Қанды ордаға жету мерзімі кешеуілдеу қаупі туды. Ең бастысы – шабуыл қарқынын бәсеңдетпеу. Бар мүмкіндік-күш осыған жұмсалады.
Бірінші батальонның, тіпті 674-полктің, дивизияның бұл күндері шайқас жолы – Гроес-Барним поселкасы, Вибрисберг селосы, Фриаландершторм өзені, Куненсдорф, Претцель, Каров қалалары болды.
Шайқастар сырттай бір-біріне ұқсас сияқты, бірақ ауырлығы, адам шығыны, әскери тактикалық мәні жағынан бір-бірінен тіпті өзгеше еді. Бес айға бергісіз бұл бес күн тірі қалғандардың есінен еш уақытта шыға қоймас.
Дивизия Претцельді алған соң, оның батыс жағындағы тоғайға орналасқан-ды. Аяқасты шені үлкен офицерлер көбейіп кетті. Артиллеристер тіпті ерекше қарбалас үстінде.
– Зеңбіректерді Берлинді атуға әзірлеңдер! – деген өктем үн естілді...
21 апрель. Берлин көшесіне совет солдатының табаны тиді. Алғаш кірген генерал С.Переверткин басқарған 79-шы корпустың әскерлері, 150-інші дивизия осы корпуста. Аяр жаудың жанталаса қарсыласуына қарамастан, қаһарман армия жаналқымнан алып, оның тынысын тарылта түсті. Әрбір үй, әрбір этаж, терезенің әрбір көзі от бүркеді. Кескілескен айқас болмаған көше, алаң жоқ. Бәрібір совет солдатының ендігі екпінін тоқтату қиын еді.
...Газ заводы, вокзал, водокачка алынды. Аурухана, трамвай паркі біздің әскерлердің қолына өтті. Осындай игі хабарлар үсті-үстіне түсе бастады. Берлин өрт құшағында. Қою түтін мұнартқан талай күн. Біздің самолеттер әскери заводтарды бомбалады. Жау ұясы жан алқымда.
Немістердің Москваны бомбалағаны еске түседі. Ауруханалар, театрлар, музейлер... Енді, міне, соның сазайын өздері тартуда.
Бірақ неміс танкісі Москва көшесін баса алған жоқ. Ал біздің болат сауыт танктер Берлинді табанында иледі. Сондай сұсты. Жер астындағы бекініс – Берлиннің метросынан шыққан адамдар мынадай ғаламат күшке үрпиісе, үрке қарайды. Үрейлі жүздері құп-қу. Қайда, қайда немістің жеңілмес армиясы? Мына селге, айбат ағынына кім төтеп бере алар? Ендігі қарсылық аярлық қана, інге тығылған жыртқыштың соңғы қабуы. Гитлердің күші, күні кешегі бос мақтанның күлі көкке ұшқандай.
– Бізге бүкіл әлемді сыйға бермек болып еді. Бұйырғаны мынау, – деп өздері жаңа ғана жансауғалап шыққан үңгірді көрсетеді.
Жүздерінде өткір мысқыл. Көзі енді ашылып, көкірегі енді оянғандай! Ассыз, жарықсыз, жағдайсыз апталап сол бір үңгірде жату жалықтырды. От ішінде, өрт ішінде болса да жарық дүниені көріп тұр. Өздерінің тағдырларына налығандай.
Иә, фашистер жарылқаймын деп соғыс өртін тұтатты. Сол өрт енді өздерін тұншықтыруда. Қарапайым халыққа ендігі керегі – сұрапылдың тезірек тыншуы. Оқ тыйылып, әр ошақта оттың жануы. Әр терезеден, әр бұрыштан қылтиған жалаулар соның сұрауы, соның белгісі. Ақ мата болса бітті, қолына түскендерін іліпті.
Алдыңғы шептегі әскерлер алып жүрген үлкен дыбыс қондырғысының алдына егде тартқан неміс әйелі келді. Өзін сөйлетуді өтінді.
– Тоқтатыңдар атысты, мен анамын, ақ сүтіммен айтарым, ендігі қарсылық тек өз бастарыңды жұтады. Менің күйеуім, ба¬лам бар болсаң, таста қаруды. Мен совет әскерлерінің бейбіт халыққа тимейтініне көзім жетті. Өмір сүрейік, жарандар, өмір сүрейік! Гитлердің апиынымен уланған бастарыңды тазартыңдар! Жиыңдар естеріңді!
Рахымжан бәрін көріп келеді. Соғыс оны тіпті есейтіп жіберді. Ендігі арманы – жеңіс сағатының соққанын өз көзімен көру. Бұл арман осы ұлы шабуылдағы әр солдаттың жүрегіне ұялағалы қашан! Берлинге кіргелі сол өрт сезім бәрін де асықтырғандай.
Күні кеше отделение командирі Хаби Фазиатуллиннің жараланғаны есінде. Дамылсыз жарылған фаустпатрон әлден уақытта дөп тиіп, тізесінен төмен екі аяғын бірдей қырқып түсті. Сонда оның жүзінде күлкі. Қозғала алмай шоңқиып отырса да күледі.
– Ничего, жолдас лейтенант. Берлинде үзілген аяқтың арма¬ны жоқ.
Сонда бөлініп түскен өз аяғы өзінің көз алдында жатыр. Төңірегі шылқылдаған қан. Неткен сұлу қайрат. Тағы бір мынадай жайт естен кетпейді:
– Гичко қайда, Гичко! – деп старшина Штельмах жүгіріп жүр екен. Қолында су жаңа керзі етігі бар.
Неге іздеп жүргені белгілі болды. Кеше комбат екі ұлтаны бірдей түсіп, оны Гичконың қайыспен таңып алып жүргенін көрген, старшинаға қатты ренжіген болатын.
– Жолдас старшина, рахмет! – деді Гичко жаңа етікті алып жатып. – Енді көрейін немістердің өнерін.
Қолма-қол бор тауып алып, ескі етіктің қонышына: «Дошел до Берлина» деп жазды да, ағаштың бұтағына іліп қойды.
Осындай адамдардың арасында жүру, олармен қарулас болу қандай бақыт! Қалай ғана торығып, қалай ғана жасыр адам.
Ендігі қарсылық есердің ғана ісі екенін манағы ана айтпап па еді. Бірақ оның бәрін неміс атаулы түсінсе, фашизм қайдан шықпақшы. Ондай ананың ақ сүтінен садаға кетсін құзғын жау.
Сол құзғынның бірін, міне, өз көзімен көріп тұр. Қасындағы күйген кірпіштей қып-қызыл. Осы кірпіштің арасынан оқыста оқ атып, әне алты бірдей аяулы досынан айырды. Жаудан тазарды, енді алаңсыз деген аудан еді. Мына сұмырай қайдан шықты?
– Сұраңдар, кәне өзінен!
– Кімсің, неге аттың оқты?
– Хайл Гитлер!
– Мына кірпішпен мылжалап өлтірейікші, – деп Гичко тап берді.
– Тоқта, тағы сұраңдар!
– Кімсің, қайдан шықтың?
– Хайл Гитлер!
Қолға түсіп тұрып, бұлайша қасарысуы жігіттерді күйдіріп жіберді. Әттең, рұқсат жоқ. Әйтпесе үйітіп жіберер еді. Мұндай құзғынды ату жеңіл. Азаптап әкесін танытса. Жоқ, оған рұқсат жоқ. Хайлшіл «батырға» жалғыз оқ жалынды.
Міне, осындай құзғындар әлі құрып біткен жоқ. Осындай құзғындар жеңіс табалдырығында талайдың тағдырына тажал болғалы тұр. Жан-жақтан құрсаудай қысса да, әлі де алпарысып, жанталасушы солар. Сақ болу керек.

 

 

Солдан оңға қарай: кіші сержант М. Кантария, сержант М. Егоров, лейтенант Рахымжан Қошқарбаев, капитан С. Неустроев.

 

 

 

* * *

...Твердохлеб батальонды жаңа ғана алынған аурухананың подвалына орналастырды да, өзі тура есік алдында күзетші отыратын жерге отырды. Көз ілген жоқ. Күні бойғы қатты қарсылық осы теміржол жақтан. Үлкен бір бекініс бар секілді. Таң алды адам баласының ұйқы тырнағына ілінетін шағы. Осы кезде епті жігіттерге барлатып алса. Ертеңгі күні бойғы ұрыс сол бекіністің қандай екеніне байланысты.
Кімді жіберу керек? Комбат Қошқарбаевқа тоқтады. Айлакер, шапшаң. Қиыннан қисын тауып кетеді. Жігіттері де командир! Қандай болса сондай. Жараланғандарының өздері анау-мынауды елемей, майдан шебінде әлі жүр. Әне, соның бірі – Гончаренков. Кеше оқ бір құлағын жұлып әкетіпті. Таңып алып, кет дегенге болмай әлі жүр. Рахымжан жөнінде комбаттың да, политрук Васильченконың да, парторг Исаковтың да пікірі бір жерден.
Көзі ілініп кеткен екен. Комбаттың байланысшысы түртіп оятты.
– Сізді майор шақырады. Твердохлебтың әскери дәрежесі Берлинге кіргелі жоғарылаған. Ол енді майор.
– Жолдас майор...– деп қолын шекесіне қоя беріп еді, Твердохлеб:
– Тыш...ш...ш, – деп ыммен тоқтатып қойды.
– Солдаттар ұйықтасын. Неше күнгі демалыссыз шабуыл шаршатты ғой.
Рахымжанның көз алдында әскери басшы емес, қамқор әке тұрғандай болды. Гимнастеркасының жағасы кірлеп, сақал-мұрты өсіп кетіпті. Көзі шүңірейіп, талаураған. Сонда да өзінен гөрі өзгенің қамын жеп тұрғаны осы адамға деген жылылық сезімді ұлғайта түсті. Бүкіл батальонның «Біздің батька» дейтіні есіне келді. Тап осы жерде «жолдас майор» демей, «батька» деп жібергісі келді.
– Саған тапсырма, Қошқарбаев, мынау. – Алдындағы картаға қарады да, салынған белгіні шұқып көрсетті. – Теміржолдың ар жағын шолып келу. Өзің таңдаған бір отделениені ал.
– Құп болады, – дей беріп еді, қайтадан ыммен тоқтатты.
– Құп болатынын білем.
Ақырындап бір-бірлеп оятып жүріп, бірінші отделениені ертті де, Рахымжан сыртқа шықты. Бәрінде автомат. Басы таңулы, құлағы жоқ Гончаренков та келді. Қала үйреншікті от құшағында. Соғыс күйі дамылсыз ойнап тұр. Таң алдындағы қараңғылылық от жарығымен ауық-ауық түріліп-түріліп кетеді. Барлаушылар үшке бөлінген. Ең түпке Рахымжан өзі бастап кетті. Тым-тырыс. Күні бойы бет бақтырмай қарсыласқан жауды жер жұтып кеткен бе? Әлде бұлардың жақындай түсуін күтіп, бұғып жатыр ма екен? Жан жоқ.
Бір мезгілде бір үшеу қараң ете қалды.
– Жат!
Демдерін ішінен алады. Тура қарсы келеді фашистер. Алдарынан шықса, атыс боп кетуі мүмкін. Жолды босатып, тура өкпе тұсына бұғына қалды.
– Үшеуміз үшеуіне жармасайық. Біреуміз запаста болайық. Кім жеңіліп бара жатса, соған жәрдем береді. Тірідей ұстау керек.
Тура қастарынан өте бергенде үшеуі біреу кнопканы басып қалғандай бір мезгілде мысықша атылды. Оқыс шабуылдан әлгілер тырп ете алған жоқ. Қолдары артына байланып, ауыздарына орамал тығылды. Гончаренковтың құлағының сыртына қаны ғана шығыпты.
Бұл тұтқындар көп дерек берді. Кешегі осы жерде от шашқандар қаланың орталығын қорғауға бұйрық алыпты.
Тынысы тарылған жаудың соңғы тұяқ серпері қалғандай көрінді. Бірақ ол қандай серпу, қанша құрбандық күтіп тұр әлі? Мұны болжау қиын еді.

 

 

 

 

* * *

Фербиндунге каналы. Осы каналдан өту, әсіресе, 150-інші дивизияға оңай соққан жоқ. Каналдың жағалауына мықтап бекініп алған немістер өткел бермеуге жанталасты. Бірнеше қатты шабуылдың беті қайтты. Каналдағы көпірлер қиратылған. Ернеуінен түбіне дейін бетон құрсанған. Танктер, орудиялар өте алмайды. Тіпті жаяулардың өзіне өту мүмкін емес. Оң жақтан пулемет пен автоматтан оқ төгілсе, сол жақтан тура маңдайдан орудиялар азынап тұр. Жағаға совет әскерлері жақындаса болды, биік үйлерге орналасып алған немістер оқты төгіп береді. Қай жерден атып жатқанын да аңғару қиын. Қарсы жағалау түгел ажал отын бүркіп тұр.
Және осы маңға жаңа күш үсті-үстіне төгіліп жатқан секілді. Жау бұл тұстағы совет әскерінің алдына қойылған міндетті сезгендей. Осы каналдан өтісімен шабуылшы дивизия бетті кенет оңтүстік шығысқа бұрмақ еді. Сөйтіп, Берлиннің орталығына баратын жолды аршымақ. Атақты Моабит ауданы осы жолда. Қаладағы үлкен бекіністің бірі.
Совет әскерлері Висладан өтісімен-ақ Гитлер Берлинді бекініске айналдырған-ды. Қаланың барлық тұрғынын қорғаныс ісіне жапты. Күніне 100 мыңдаған адамдарды айдап шығып бетондар құйғызды. Метро, канал, көпір атаулының бәрі бекіністерден көрінбеді. Қала сегіз қорғаныс секторына бөлінген. Ал тоғызыншы секторда үкімет мекемелері, империя кеңсесі мен рейхстаг бар. Әр секторда арнаулы гарнизондар қойылды. Қаланың орталығындағы әрбір үй қамалға айналды. Әсіресе, рейхстаг, ішкі істер министрлігі – «Гиммлер үйі» тұрған аудан қатты жасақталды. Тек осы төңіректе араның ұясындай құжынаған от ұялары бар 400-ден астам темірбетон құрылыстары салынды.
Қаланың орталығына барар жолдағы Фербиндунге каналы мен Моабиттегі қарсылықтың өзі сұмдық. Әсіресе, көресіні 756-ші полк пен 674 полк көрді. Бұл полктар сонау Одерден бастап көш басында келе жатқан. Маңдайы тасқа тигендей болды осы арада. Моабит ауданының бір жағын Фербиндунге каналы айналып өтеді де, екінші жағында Шпрее өзені. Ауданның оңтүстік қанаты Шпреедегі Мольтке көпіріне барып тіреледі. Көпірден рейхстаг онша қашық емес.
Жау бұл маңның бекінісіне сенімді. Және солтүстіктегі совет әскерінің беталысы тура батыс сияқты еді. Рейхстагтың өкпе тұсынан бұрылатын жерден өтіп кеткен болатын. Міне, енді күрт қаланың тура орталығына лап қойды. Дұшпан нағыз жаннан безгендерді төкті бұл маңға. Фербиндунге каналына маңайлатпай жатқан солар.
Не істеу керек? Түтін, ендігі жәрдем түтін ғана. Жау көзін байлаудың бір жолы. Лезде бүкіл канал бойына түтіннен шымылдық ұстағандай болды. Жауынгерлер лап қойды. Біреу тақтай салып, біреу рельс салып, біреу тіпті жүзіп өтіп жатыр. Арғы жағаға шыққандар үйлердің төменгі этаждарын бекініс етуде. Адам көруге шыдамайтын көрініс. Біздің жауынгерлер де жаннан безіпті.
Каналдан өте бергенде Рахымжан оң қолынан жараланған Пантелеевті көрді. Автоматты сау қолына ала сап тарта берді ол. Жауынгер Киреевтің ішінен оқ тиді. Қолымен басып алып кетіп барады. Сол жаралы күйі бес немісті табанда жайратты. Қан сорғалап, жүрген жерін жоса қылды. Есіл ер әлден уақытта шайқалып-шайқалып барып сұлап түсті.
Жағаға өткендер көбейе берді, көбейе берді. Бірақ дұшпан 200 метрдей шегінді де, тағы да табандап жатып алды. Көпір жоқ. Іске саперлер кірісті. Бораған оқтың астында жанталасып жүр. Күн кешкірді. Қараңғы түсті. Соғыста түнді күндіз қылу қиын ба? Сорғалаған ракеталар жап-жарық қып жібереді. Бітіп қалған көпірді жау қайта бұзады, саперлер қайта жамайды. Осы бір қарғыс атқыр каналдың үсті сан боздақтың басын жұтты. Минут қымбат. Каналдан танк пен артиллерия өте алмаса, жаңағы жаяуларды қырып салады.
Әне, танктің алды көпір үстіне ілікті. Жосып келеді. Артиллерия да ағылды-ау. Жібермей тұрған тығын жұлып алынғандай. Рахымжан Василий Кривоносовты тани кетті. Жағаға шыға са¬лып сүйікті 45 миллиметрлік орудиясын оқтап жатыр. Бұл сержанттың расчеті сонау Одерден бергі көп шайқаста сан көзге түсті. Батальонға берілген батареядағы ең ержүрек расчет. Солдаттар қалжыңдаса да, ол расчетқа «Гитлердің тажалы» деп ат қойған-ды.
Каналдың ар жағында тұрып-ақ көзі түскен жау ұясы болса керек. Биік үйдің шатырына кезенген орудия отты құсып-құсып жіберді. Расчеттағы жігіттердің қимылына көз ілеспейді. Көзді ашып-жұмғанша жауға ажал снарядтарын жосылтқан орудиялар қаптап кетті.
– Василий, төпе!
Рахымжанды Кривоносов күлкісінен ғана таныды. Ақсиған тек тістері көрінеді. Шаң ба, күйе ме, бет-аузы қап-қара. Самайдан аққан тер жосалары бетіне андыз-андыз жол салыпты. Оқ бүріккен биік үйдің сынған есігінде бір топ солдатпен тығылып, әлдебір нысананы аңдып тұр.
...Осы ауданда концлагерьдің қақпасы бұзылып, жылдар бойы қапа болған тұтқындар босатылды. Жақтары суалып, сүйектері арбиып-арбиып кетіпті. Құр сүлдері қалған. Шамалары келгендері азат етушілердің мойнына асылып, құшақтап жатыр. Жылайды, қуаныш жасы. Ішінде орыс та, поляк та, чех та, венгер де бар. Бір-ақ тілде сөйлейді. Жүрек тілімен, ыммен. Қару сұрайды, шабуылға шықпақшы. Кектерін қазандай қайнатқан жауға оқ атпақшы.
О, Моабит! Мынау мелшиген тас қабырғаларың қанша зұлымдықты бүгіп тұр десеңші. Тырнағыңа түскеннің бәрін тылсым жұттың. Сенің атың тарихқа қасіретпен, қастандықпен егіз боп қалды. Моабит десе жүрек соқпай тоқтады, жылаған бала уанды. Зұлымдықтың зәрі сіңген топырағың неткен ащы еді. Неміске қорған болмай, қорлау болдың! Тельмандай тектіні де осы жерде азаптады-ау. Тыңдасаң нетті, жасырсаң нетті сондай азаматыңды! Арысыңның азасынан аунап кетпей неғып тұрсың. Мелшиесің неліктен?
Тұтқын да тұтқын. Немістердің енді өзі тұтқын. Сүмірейген, солбырайған. Моабит түрмесін қорғауды Геббельстің өзі қолға алыпты деген хабар бар-ды. Әр лектің, әр топтың ішінен офицерлер сол сұмырайды іздейді. Әттең, шіркін, тірідей қолға түссе... жүз, екі жүз, бес жүз, сегіз жүз адам өтті. Жоқ! Жасырынып үлгерген ғой, жендет...
Моабит ауданындағы үйлер араның ұясындай жиі салынған екен. Тар көшелер тастан қаланған терең траншея секілді. Төменгі этаждар біздікі, жоғарғы этаждар немістікі. Сан үйлерде осындай «тату көршілік» болды.
Майор Твердохлеб батальонның бөлімшелеріне әрбір үйді ақырына дейін тазартуға аялдамай, астын алып, үстін қалдырып жүре беруге бұйырды. Осылайша көшеден көше, кварталдан квартал совет әскерлерінің қолынан өте берді. Төбеңе шығып алған жаудың қай жағыңнан қағып түсерін қайдан білесің. Әр үйдің терезесі атыс ұясы. Абайсыз аттадың – бітті! Абайлау дегеннің өзі де мүмкін емес. Маңдайдағы қос жанарға анталап тұрған жаудың бәрі бірдей сыймайды. Бірі болмаса, бірі көзден таса. Сенің түбіңе жететін де сол.
Екі Берлин бар. Бірі – от құшағындағы Берлин. Бірі – жер астындағы Берлин – тұрғындардың жан сауғалаған панасы. Азат етілген аудандарда олар жер бетінде көріне бастады. Неше күннен бері дәм сызбай ашыққандар, әйел, бала. Үрейлі, үнсіз. Көшеде құлаған артиллерия аттарының санынан кесіп-кесіп ала қашады. «Аштық азабы өлім қаупінен де күштірек екен-ау» деген ой келді Рахымжанға.
Бұл көрініске қарау қиын еді. Көп кешікпей аршылған көшелердің әр жерінде советтік жылжымалы әскери кухня пайда болды. Солдат шөмішті көсіп тұрып, ашыққандарға құйып беріп жатыр. Телмірген, жүзі сынық әйелдер. Тағат таппай, тамақ аузына тигенше тыпыршыған балалар. Өңдері шүберектей құп-қу. Тілдерінің келгені:
– Русь гут, Гитлер капут!
– Русь гут, Гитлер капут!
Қу құлқын не істетпейді. Жоқ, бұлттай тұнжыраған бұл өмірден түкті айырып білмей тұрған сәби жүректің шын соғысы солай шығар?! Оларға соғыс үйреткен әліппе осы болар!
Шабуылшы батальондар көше біткенді фашистерден сүйемдеп тазартып кетіп барады, кетіп барады.
Рахымжанның взводы тұтқын ғып әкелген неміс офицері соңғы жаңалықты айтты.
– Күні кешеге дейін солдаттардың арасында неміс әскеріне тосыннан керемет бір күш келмек деген сыбыс жүрді. Сол күш соғыстың тағдырын шешпек еді. Геббельстің радиосы миымызға осыны құйды. Медеуіміз сол еді. Міне, сол күшті көріп отырмыз...
Сұп-сұр өңінен мысқыл күлкінің ізі көрінді.
Жау астанасы табанда. Улы жыланды Совет қарулы күші қылқа мойыннан басып тұр. Басын қозғалта алмай, құс тілін ғана жалақтатады. Бірақ сол тілді жұлу әлі оңайға түсетін емес. Өйткені бұл фашизмнің улы тілі.
Әр үйдің қабырғасы қабір болып қалды. Қоштасты талай тарланмен. Жаңа жарылған фауспатрон отделение командирі Рыбаков қалпақтай ұшырды. Рахымжанның жүрегін біреу жұлып алғандай болды. Алдырмай келе жатқан шар болаттың өзі еді. Поповтай, Гичкодай ерлердің ұстазы. Қасына жүгіріп келді. Басын сүйеді.
– Жолдас лейтенант, впер-ед!
Қолын ілгері нұсқайды, кемсеңдейді. Кете беріңдер, соғыңдар жауды дегені. Бір уақытта бұлқынып қалды да, бойын жиды. Ұйып жатқан қанды көрді. Сұқ саусағын малып жіберіп, қабырғаға жаза бастады. Қаны – сия, саусағы – қалам! Қолы әлсіз ырқына көнбейді. Тісін қайрап, қайраттанады. «Я в Берлине. Рыба...» Осы араға келгенде үзіліп кетті, жан тапсырды. Қабырғада қанмен жазылған жазу. Алдында арыстай боп жатқан майдандас дос. Өз қабірінің басына өлмес сөзді өзі жазды. Мұндай ерлік өлімді Рахымжан көрген жоқты. Тас та балқып ерігендей. Қызыл жазу күреңденді. Көзі бұлдырап кетті ме, солай көрінді. Досының аты толық тұрсын. Саусағының әлі кеппеген қанға қалай тигенін де білмейді «ков» деп жалғады. «Рыбаков» болып шықты. Қабырғада досының қаны. Бойында досының кегі...
28 апрель күні Моабит ауданы түгел тазарды. Гитлершілердің қырғын жасап, қия бастырғысы келмеген жоспары күл-талқан болды. Қырғын жасауын жасады. Бірақ... өзі ін түбіне тығыла түсті.

 

* * *

Алдында тас құрсаулы Шпрее өзені. Одан өтетін Мольтке көпірін жау бұзып үлгермеген. Бірақ осы көпірге совет әскерін жуытпауға барын салары сөзсіз. Картада бәрі сайрап тұр. 674-інші Плехадановтың полкі рейхстагқа шешуші шабуыл жасауға әзірленуде. Ол шабуыл осы өзеннен өтісімен басталмақ. Шпреенің оң жағындағы бекініс керемет күшті. Эсэсшіл батальондар, арнайы әзәрленген «фаустниктер», зенит, авиация бөлімшелерінің ең таңдаулы бөлімдері осында төгілген. Әр үй емес, әр метр жер үшін қиян-кескі ұрыс болмақ.
Бірінші батальон бір кварталды тұтас алып жатқан көп қатарлы биік үйдің ауласына келіп бекінген еді.
Таңертең ертемен батальондағы барлық командирлер комбат шақырады деген хабар алды. Штаб кіре берістегі төменгі этаждың бір бөлмесіне орналасқан екен. Твердохлеб мұнтаздай боп киінген. Жағасын ауыстырып, түймесінің бәрін жарқыратып тазарттырған. Сақал-мұрты да жып-жылтыр боп алынған. Офицерлердің алды кіргенде кішкене флаконнан иіссу жағып тұрған-ды. «Батьканың» мұндай жасанғанын офицерлер көрген емес-ті. Өзі де көңілді.
– Жеңіс жақын. Біз ең алдыңғы шепте тұрмыз. Мені полк командирі шақыртыпты. Шешуші шабуылдың жайы болса керек. Жиын-терін тұрыңдар!
– Құп, жолдас майор! – деп офицерлер тік тұрды. Күткеніміз комбаттың жаңа бұйрығы. Қандай міндет, қандай қамал тұр алдыда.
– Комбат оққа ұшты,– деген әлдекімнің даусы естілді.
Рота, взвод командирлерінің бәрі де жүгіріп-жүгіріп жетті. Бас киімдерін алып мелшиіп тұр. Рахымжан соңын ала келді. Жаңа ғана жарқырап тұрған «батькасы» серейіп жатыр. Мана мұрын жарған одеколонның иісі әлі кетпеген. Бірақ онда тірі адамның үстінен аңқыса, енді өлі адамның үстінен мүңкіп тұр. Батальонның парторгі Исаковтың, политрук Атаевтың көзінде мөлтілдеген жас. Аяныш жасы, қарапайым да кішіпейіл командиріне деген қимастық жас. Жеңіс табалдырығында аяулы ақылшыларына ажал оғын кезеген мейірімсіз жауға деген ашу-ыза жасы.
Тұрғандардың дәл жанынан тағы бірдеңе гүрс ете қалды. Қираған үйдің үшінші этажынан сержант Серебряковтың саңқ еткен даусы естілді.
– Комбатты өлтірген ана сұмырай!
СС формасын киген офицердің өлігін көрсетті. Гүрс еткізіп оны жоғарыдан құлатқан Серебряков екен.
– Бұл сұмырайды екі аяғын терезе түбіндегі діңгек басып қалыпты. Ол шамасы кешегі соғыста болған оқиға. Мүмкін, бұл бүгін есін жиып, терезе жақтауынан ұстап, тысқа көз салғанда совет майорының жүгіре басып, әлдеқайда асығып бара жатқанын көрсе керек. Содан гранат лақтырған-ау деймін. Жанында жатқан пистолетке, самайынан сорғалай аққан қанға қарағанда, өзін-өзі атқан болу керек.
Көп кешікпей генерал Шатилов пен подполковник Плехаданов келді. Қаралы митингіні батальон парторгі Кәрімжан Исаков ашты...
Комбаттың қазасы жанына батпаған батальонда ешкім болмаған шығар. Осы батальонды өз қолымен шыңдап, өз баласындай мәпелеген командир еді ол.
Әр солдаттың өлімі оның қабырғасына қатты бататын. Адъюданты оққа ұшқанда жұрт жылағанын да көрген. Сұм ажалдың жеткен жерін көрдің бе? Рахымжанның да денесі дір етті. Әлдене тамағында түйіліп тұрып қалғандай булығып кетті.
Өлді деуге қимай тұр. Әкесінен де мұндай тәрбие көрген жоқ. Өмірдің шытырман шимайын оқи білуді үйреткен осы адам еді. Қан майданда кімнің кім қабағына қарағандай. Бірақ бұл барлық командирлердің көңіл күйін тап басып біліп тұратын. Бойында адамға деген үлкен мейірім бар-ды. Сол мейірім қан майданның небір қиын минуттарында оның бүкіл командирлік тұлғасын кесек көрсетуші еді.
Күні кеше өз бас боп кепілдеме берді, партияға өткізді. Кепілдеме берерде айтқан сөзі әлі құлағында:
– Сен бірінші кепілдікті Одерде, одан кейін Берлинде алдың. Сендей жүректі ұлдарды партияның нағыз адал перзенті деу керек.
Сол адамның көзді ашып-жұмғанша жоқ болғаны-ай. Ажал сұм неткен мейірімсіз ең.
Осы кекті сөздерді Рахымжан бүкіл жауынгерлердің де жүзінен оқығандай болды. Олар да өзі секілді зығырданы қайнап, өшпенділік отымен өртеніп тұр екен.
...30 апрельге қараған түн жарымында Шпрее өзені артта қалды. Шабуылшы батальондар жауды қыса берді, қыса берді. Өзеннен қайта өткізіп тастамақ әрекетінен ештеме шықпады. Алдыңғылар бес этажды үлкен қызыл үйге жақын келді.
Осыдан екі күн бұрын комбаттың қаланың картасын қабырғаға іліп қойып былай дегені барды:
– Міне, мына бір үш жағы доғалана келіп, солтүстікке созылып жатқан ирек – Шпрее өзені. Осының оң жағын ала түзу сызық тартылып барып, «105» деген цифрға тіреліп тұр емес пе. Көрдіңдер ме? Сол цифрдың тұсында «рейхстаг» деген жазу бар. Доғаның қайқы басы жағында – солға қарай белгіленген Моьтке көпірі. Міне, осы жерден рейхстагтың батыс жақ қабырғасына дейін 550 метрдей.
Ал мынау Швейцария елшілігінің қарсы бетіндегі Германияның ішкі істер министрлігі немесе «Гиммлер үйі». Осы үйден рейхстаг 360 метр. Рейхстагтың оңтүстік жағында екі жүз метр¬дей деп жазылған мына бір белгі – Брандербург қақпасы.
Шабуылшылар алдында түксиген, терезе есігінің бәрі бітелген қиқы-жиқы қызыл үй тұрды.
Бұл күн ауа райының қандай болғанын жауынгерлер білмейді. Күн ашық па, бұлт па? Әйтеуір түнерген бірдеңе. Шынында, аспанда оймақтай да бұлт жоқ-ты. Түнерген сұрапыл соғыстың түтіні еді және ол Берлиннің үстінде ғана үйіріліп тұрды.
Бүкіл дүниені бір тарының қауызына сыйғызбақ болған «батырың» сол қауызға енді өзі кірердей жанталасты. Бұл үйдің маңындағы әрбір кірпіші оққа айналып, қарсылық көрсеткендей. Рейхстагқа барар жолды ұстап тұр. Осы бір қарғыс атқан қанды ұя – рейхстаг қалса, бүкіл Германия аман қалатындай жанталасады.
Гитлер де жаннан безгендерінің миына солай деп құйыпты.
Бұл маңға Росток қаласынан баскесердің жаңа тобын парашютпен әкеп түсіріпті. Ол құпияны жаңа ғана қолға түскен тұтқын айтты.
«Гиммлер үйіне» үдемелі күшпен екі дүркін лап қойғанда екеуіне де қатты қарсылықтан біздің әскерлердің беті қайтып қалды. Әсіресе, Тиргартен паркі тұсынан бас көтертпей ұрып тұр. Артиллерияның жақынға ататын орудияларынан от төгеді. Ал «Гиммлер үйі» қабаған иттей маңайлатпайды.
Шешуші шабуылға әдейі әзірленген 674-інші полк Плехадановтың полкі таң біліне лап қойды. Төрт сағат шайқас. Танктер де жақын келді. Қандары қарайған солдаттар қандай қарсылыққа болса да қарар емес. Ет қызуымен танктердің үстіне шығып кетіпті. Жалаңбас, көмірдей қара шашы жалбырап, танктің үстінде Рахымжан да келе жатыр. Қолқаны атқан көк түтін, қан иісі, көктемде бусанған жер иісі. Бәрі аралас адамның сезім мүшесі еш уақытта байқап көрмеген бірдеңе. Алдыңғы танктен қарғып түскен солдаттар өлген-тірілгендеріне қарамай, уралап үйге кіріп жатыр. Бұл взводтың келуі осы бір қиын қамал боп тұрған үйдің тағдырын шешкендей болды.
Әне, осы үйдің терезесінен қарғыс атқан рейхстаг көрінді. Алды ашық алаң, төбесінде күмбезі бар секілді. Алдыңғы жағынан биікте атты адамның, кісінің мүсіні еміс-еміс көрінеді. Барлық терезесін кірпішпен бітеп тастаған.
Бір кезде бұл үй паң-ақ көрінуші еді. Алдында Бисмарктың ескерткіші тұратын. Қолында қылыш. Әйнектен дөңгелене келтірілген биік күмбез өзге үйден ерекше даралап тұратын. Күмбезден төменірек фонтан, атты адамның құйылған мүсіні. Негізгі кіреберісте зілдей-зілдей, үйдің тіке биігіне дейін созылған, мрамор діңгектер. Ол діңгектер айрықша ажар беруші еді бұл үйге. Оның алдында шыбын тайып жығылғандай жылтыр асфальт, сорғалаған фонтандар болатын.
Бұл көріктен қазір дым жоқ. Қаланың басқа жері сияқты бұл маңның да ойран ботқасы шыққан. Ағаштардың, алаңдардың орнында жентегі шыққан жер. Бисмарк ескерткішінің орны да көрінбейді. Мрамор діңгектердің жұлма-жұлмасы шыққан. Соғыстың жегі қотыры сұрқын алып жіберіпті. Неміс басқыншылары қандай жиіркенішті болса, оның соңғы қанды ұясы да сондай, тозығы жеткен моладай үңірейіп тұр.
Бірақ осынау алаңның бір кездегі атақты Король алаңы, анау үйдің рейхстаг екенін ешкім білмейді. Мүмкін, осы алаңда Гитлер жеңіс тойын жасамақ та болған шығар. Шабуылшылар әлі білмейді, қырғынына көз үйренген Берлиндегі көп үйлердің бірі екен деп жүр. Жаңағы «Гиммлер үйінің» әр баспалдағына, бөлмеден бөлмеге, этаждан этажға көшудің өзі жөбішенді шепті бұзудан кем соққан жоқ.
Твердохлеб қаза болған осы 674-полктың бірінші батальонын басқару капитан Давыдовқа тапсырылған. Қанаттас жатқан Неустроевтың батальоны 756-ыншы полктан. Жауынгерлер жоғары этажға тіпті зеңбіректі де алып шығып барады. Бөлме сайын үйіліп-үйіліп қалған немістердің өз фаустпатрондары. Жігіттер оны атуды да игеріп алыпты.
Осы кезде генерал В.И.Чуйков бастаған тегеурінді 8-армия Бранденбург қақпасына таяп, ал генерал Н.Э.Берзарин бастаған тегеурінді 5-армия қаланың шығыс жағынан келіп қоршаған еді. Бәрі де рейхстагтың жан-жағынан анталап келіп қалған. Мұндай халге душар болғанын сезген дұшпан үшін бір-ақ жол бар. Ол – өлімге бас тігу. Міне, мынау өлер кездегі өшпенді қарсылық. Әсіресе, солтүстік батыстан келген 3-інші тегеурінді армияның, оның ішінде 150-інші дивизияның шабуыл бағытындағы жаудың жанталасы тіпті қатты.
Рахымжанның взводы «Гиммлер үйінің» жоғары этажында жүрген-ді. Әр терезе сұрғылт сүреңсіз биік үй жақтан секунд сайын от букетін қабылдайды.
– Сізді комбат шақырады, – деген хабар алды.
Төменде батальонның штабы орналасқан бөлмеге келсе, адам көп екен. Бәрі қабырғаға жабысып тұр. Бұл бөлменің терезесінен де нөсерше сауылдаған оқ. Политрук Васильченко қолымен қабырғаға жабыс дегендей белгі берді. Рахымжан да жабыса қалды. Сәл толастайды да, от бұршағы қайтадан төпей жөнеледі. Жұрттың бәрінің көзі сұрғылт биік үйде. Сол үйдің әр кірпішін әркім анықтап көргісі келгендей.
Давыдов Рахымжанға қасына жақындауды сұрады. Жаңағы елдің бәрі телмірген үй жақты саусағымен нұсқады да:
– Көрдің бе, рейхстаг! – деді.
Рахымжан біресе үйге, біресе комбатқа қарады. Васильченко күлімдеген күйі қайтер екен дегендей өзіне қадала қарап калған екен.
– Арман ғып жүрген рейхстагымыз осы ма?
– Иә, иә. Ендеше, сол рейхстагқа апарып ту тігу керек. Соны сізге тапсырамыз, жолдас лейтенант Қошқарбаев!
– Құп болады!
– Міне, полктен келген барлаушылар тобы. Бұлар да сізбен бірге аттанады. Яғни сізді, сіздегі туды қорғаушылар.
Ту да дайын болған екен. Васильченко Рахымжанның қолына берді де:
– Жолың болсын, Рахым! – деп бетінен сүйді. Рахымжанның бойын суық тер басып кетті. «Тура ажал аузына». Сәл босап, осы тұрғандардың бәрімен қоштасқандай болды. Жоғарыда өз орнында Гончаровты қалдырған. Взвод жігіттерімен де қоштаса алмады-ау. Көз алдынан бір сәт туған жер, өскен өлке өтті. Қазақтың кең даласы да қара баласын қапсыра құшақтағандай болды. Бұл сапардан аман оралуы екіталай!
Небір жүрек жанышқан ауыр ойлар қазір келіп, қазір жоқ боп сейіліп жатыр. Қойнында сабына ораулы ту, аттануға әзір. Мұнымен бірге шықпақшы жауынгерлердің бәрі де ыңғайланды. Бірін-бірі үнсіз, іштей ұққандай. Біріне-бірі сәт сапар тілеп тұрғандай. Сыртқа шығатын жалғыз ғана тесік бар, ол осы үйдің терезесі. Бұл терезені де фашистер дамылсыз өршелене атқылап тұр.
От бұршағы бөлмені тағы бір соғып басыла қалған сәтте Рахымжан сыртқа қарай мысықша атылды. Ұмар-жұмар болып бір шұңқырға топ ете түсті. Аман секілді. Өзінің артынан тағы біреу келіп жығылғандай болды. Бірақ кейін қарауға мұрша жоқ. Адамды көріп қалған дұшпан пулемет оғымен қатты шүйлікті. Атыстың қаттылығы ма, әлде шынымен-ақ басқа ешкім шыға алмады ма, артынан басқа адам иісі аңғарылмады.
Басын бауырына тығып бұққан күйі қолтығының астынан ақырын сығаласа, екі адым жерде бір уыс болып біреу жатыр.
– Амансыз ба, жолдас лейтенант?
– Аманмын. Өзің ше?
– Мен де сау секілдімін. Бірақ басқалары шыға алмай қалды.
Бұл арада көп күтіп жатуға болмайды. Неде болса ілгері жылжу керек. Бұлардан бұрын шыққан талай жайсаңдар жансыз жатыр. Жүректері зу ете қалды.
Нөсердей сорғалаған оқ астында олардың қорықпауы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Олар да сүйек пен еттен жаралған. Секунд сайын қорқыныштың алуан түрлі алапат хабарын миына сорғалата құйып тұрған бұларда да нерв жүйесі бар. Айналасының бәрі – алдында 360 метр жерде тұрған рейхстаг та, қуырған бидайдай бырт-бырт етіп, снаряд сабауымен жүнше түтілген асфальт та, қарыс жер басса қаза боп жатқан жауынгер жолдастары да анталап тұрған ажалдың аузында екенін тағы да аңғартты.
Өлімді естігеннен гөрі көрген қорқынышты. Бұл қорқыныш жаңағы қарғып шыққан үйдің бірінші этажынан басталған-ды. Сені қорғайды, қолдайды деп полктен әдейі жіберген барлаушылар бөлімшесінен қасына бір-ақ адамның – Григорий Булатовтың ергені де қорқыныш. Григориймен Рахымжан оқ астында, ажал аузында танысты.
Ту тігу жөніндегі тапсырма Берлинге кіргелі аты шықкан 674-полктің өзінен, оның командирі, подполковник Плехадановтан шыққан-ды. Батальон командирі Давыдов пен политрук Васильченко Рахымжанға полк командирінің тапсырмасын орындауды аманат етті.
Із тастап ілгері жылжу керек. Кейін жылжу да – өлім. Өйткені ол – қорыққандық. Жаудың ең соңғы ұясына жеңіс жалауын тік деп жібергенде кейін жылжысаң... Одан масқара өлім бар ма! Кейін жылжығаннан гөрі мына алдында жатқан жауынгерлердей опат болғанның өзі жақсы. Осы ой ілгері сүйрейді. Бірақ қаза болғандарға көзі түссе, керемет бір үрей келеді. Орыстың ұлы суретшісі Верещагин мына көріністі өз көзімен көрсе, XX ғасырдағы соғыс атты сұмдықтан адам баласының жаны шошитын полотно жасаған болар еді.
Рахымжан өздерінен бұрын да көп жайсаңдардың рейхстагқа ұмтылғанын білді. Алдындағы үйдің рейхстаг екенін бірі білген, бірі білмеген. Григорий екеуі ылғи өліктердің арасымен келді. Мынау таныс жүз. «Гиммлердің үйіне» атой салып кірген бірінші ротаның командирі тәжік жігіті Атаев. Көмірдей қара шашы ағаш басынан құлап түскен құстың ұясындай қобырап жатыр. Аузында қан аралас топырақ. Жүрегі дір ете түсті. Соғыстың өзінде тойдағыдай шыттай боп таза жүретін әдемі жігіттің халі осы. Өлген жерін көрдің бе ердің. Ең болмаса аузындағы топырақты сүртіп кеткісі келді. Неге екені белгісіз, ақырайып жатқан көзі аулақ, аулақ дегендей болды. Денесі мұздап, тер шықты. Кәдімгі ажалдың суық теріндей. Сол сәтте тап жандарынан фауспатрон гүрс ете қалды. Жан тәтті, әлгінде ғана жақындауға жүрегі дауаламай тұрған Атаевтың артына тығылды. Гриша да бір өлікті қалқалап жан бағыпты.
Тағы да ілгері жылжу керек. Тасбақа да бұлардан шапшаң шығар. Қолы жүрек тұсына тиіп кетті. Тайша тулап тарс-тұрс етеді. Мынау айналадағы азынаған соғыс оркестрінен гөрі жүрегінің соғуы қатты секілді. Жүрек тұсында бүгін ғана тапсырылған партбилеті, содан кейін тігуге әкеле жатқан ту бар екенін сезді. Манадан бері әйтеуір жан қорғап келе жаткандай еді, енді бұл тозаққа түсулерінде үлкен бір мән бар секілді көрінді. Иә, тек ілгері, қарыс сүйем болса да ілгері жылжу керек. Мынау өліктерге қанша көз тоқтатпайын десе де болмайды. Қалай тоқтатпайды, кәдімгі қалың шөптің арасымен ұрланған мысық секілді, пана ғып келе жатқандары солар.
Иә, қандай ауыр сапар! Мынау солдаттың басын тура қылқа мойнынан жұлып, үш метрдей жерге ұшырып түсіріпті. Бөлек жатқан бас кәдімгі бауыздаған қойдай тілін тістеп қалыпты. Басты сұлық жатқан дененің қасына қойды. Өзге қолынан келері жоқ. Ең болмаса өлі денесі тұтас жатсын. Өлген адамның бөлек басына қол тигізу қандай ауыр. Қазір өз басы да тап осындай қырқылып түсетіндей көрінді. Денесі дір етті. Жаңа ғана ұйықтап кеткен адамдай қимылсыз жатқан жауынгерлердің қасына келгенде, жаралы емес пе екен деп қозғап көріп еді, бірінен де тірі адамның белгісі білінбеді. Тағы да жантүршігерлік көріністер. Ет жүрек адам қарауға шыдамайтын соғыс салған сурет. Кейбіреулердің кеудесі бар, аяғы жоқ, кейбіреулердің адам екенін, әлде жаншылған ет екенін айыра алмайсың.
Ауылда түнде мола қасынан өтуге қорқатын Рахымжан енді қалың өліктің, онда да бірі ақсиып, бірі быршиып, бірі тыржиып, бірі бүгіліп, бірі үгіліп жатқан өліктердің арасымен келеді. Соғыста адамның денесі өлімге үйреніп, өліп кетеді дейді ғой. Бұл сөздің де шындығы бар шығар, бірақ қанша үйренгенмен, тірінің аты тірі, өлік оған үрей туғызбай қоймайды. Рахымжан да майданда талай достарынан айырылып, талайын қолымен көмді. Бірақ мынадай қырғынды көрген жоқ. Соңғы шайқастың сойқаны. Тірі тұрып өлікті паналаудың аса азапты екенін тап осы арада сезді. Өздері де осы өліктердей жансыз жылжып келе ме екен, бұларға әзірге дәлдеп тиген неміс оғы жоқ. Бұл көріністі көзбен көріп, жүрекпен сезгеннен өліп кеткеннің өзі жақсы ма еді? Жоқ, тірліктің өз заңы бар. Бір секунд болса да өмір сүргің келеді, сол үшін арпалысасың, күресесің. Тіршілікке деген құмарлықтың күштілігі де осында. Сол ауыр арпалыс басталғалы қанша уақыт өтті. Кеудеде – жүрек, қойнында – жалау. Осы жалау аман жетсе анау үйге. Жаудың соңғы ұясы. Жеңіс! Секунд сайын жанды жанышқан үрейді осы бір үміт құйындай қуып шығады. Өлі денелердің арасында мәңгі сөнген жанарларға жабырқай қарап келе жатқанның өзінде де осындай сезім атой салады. Өмір мен өлімнің, үміт пен үрейдің арпалысы. Ол арпалыс Рахымжан мен Гришаның жұдырықтай жүрегінде. Ол арпалыс қарға адым жері мұң болып тұрған осынау қарғыс атқан аланда.
Өлімнен қорықпайтын адам жоқ. Қорықпау деген сол үрейлі сезімді жеңе білу.
Осы тозақ алдында қалай сау қалғанын кім білсін, бір трансформатор будкасы тұр. Рейхстагтың төңірегін қоршап бекініс салып жүргенде құрылысшылардан қалса керек. Ұзыннан-ұзақ қазылған ордың жағасында қалқиып тұр. Оның сол жағында үш жердей қазандай ойығы бар үй орнындай темірбетон плиткасы жатыр. Бірақ ол жермен-жексен. Ес тұтқандары будка болды. Мына өліктер осы будкаға жетеміз деп жетесінен үзілгендер ғой. Есіл ерлер-ай. Осы жерге дейін келулерінің өзінде қандай ерлік жатыр. Танымайды, танымаса да бәрінің ерлігіне бас иді. Құрбан болған құрбылар. Мүмкін, көп кешікпей өздерінің де ақырғы демі осы арада үзілер.
Оқ нөсері кілт тына қалды. Будка қайдасың. Шыбын-шіркей боп ұша жөнелгендерін біледі. Қасқырдан қашқан еліктей ағып келіп қойып кетті. Мал-жан аман болсын, мынадан жаңағы жер қамалдай берік еді. Каркас будканың оқ бөгер бұдыры жоқ. Әрі бұлардың кіргенін көзі шалып қалса, қорғаның емес, молаң болады дей бер.
Ендігі көңілге демеу 50 метр жердегі танкіге қарсы қазылған ор, оның үстінде қолдан жасалған жаяу көпір. Тәуекел. Тағы бір толаста ілгері қарай ыта жөнелді. Жанындағы серігі бұлдырықтай лыпып тұр. Бұлардың шыққаны-ақ мұң екен, әлгі будканы бір-ақ төңкерді. Арт жақ әлемтапырақ болып кетті. Ордың іші тізеден су. Сонда да оның бір қуысына тығылғанда әкелерінің үйіне жеткендей болды. Біздің солдаттардың аяқ алып жүргісіз өлігі де осы араға дейін созылып келіп тоқтапты. Одан әрі рейхстаг әлі жарты жол, әрі бұдыры жоқ ашық алаң. Қылт етсең қиып түседі. Өліктерде ес екен, жансыз жатса да жаппай шабуылға шыққан жауынгерлердің ішінде сияқты еді. Әрі олар өздерін жау көзінен қорғады ғой. Өлі денесімен болса да серік болған отандастары жоқ енді. Олардың қазасы байқап қарасаң, әрі аянышты, әрі ерлік қаза. Аянышты болатыны – жеңіс табалдырығында тұрып көз жұмғандары. Ерлік болатыны – осы алаңға жетіп құлағанша олар жаудың қаншама үрейін алды. Мынау жеңіс жалауының жақындап келе жатқаны да солардың арқасы шығар.
Не істерін білмей, әлгі жерде екеуі біраз отырды. Бастары мәңгіріп кетті. Солдаттың арқа сүйеп, медет тұтары Рахымжан. Офицер ғой, амал табар, айла істер. Рахымжан кімді медет тұтпақ. Ауық-ауық қойнындағы жалауға қарап қояды. Көпірдің астындағы осы бір қуыс құт мекен болар ма екенсің, қу мекен болар ма екенсің?!
Ауырмай сандырақтап отырған сәтте бір ой найзағайдай жарқ ете калды. Қойнындағы жалауды жұлып алды да, бұрышына: «674-інші полк, лейтенант Қошқарбаев, қызыл әскер Булатов» деп жазды.
– Дұрыс істедіңіз, жолдас лейтенант. Өлсек, ең болмаса қай жерге жеткенімізді білсін.
– Өлсегің не? Өлу үшін шықтық па? Ту тігу үшін емес пе?
Рахымжанның өз көңілі де алай-дүлей. Жаңағы айтқаны – көрсеткен офицерлік доңы.
Осыбір кездегі екеуінің жан азабы мана өліктер арасымен жылжығаннан кем болды дейсіз бе! Жоқ, әрине. Алды бұдырсыз алаң, артында тудың көрінуін күткен полк. Екі жақтан да барған сайын үдеген атыс. Жарылған снарядтың, оқ-дәрінің иісінен тамақ қаңсып, көз ашиды. Түтіннің қалың тұманы. Отырған жері сыз. Олардың табанында қан аралас су жатыр. Өрттей болып екеуі де түтіккен. Тандайлары кеуіп, шыдамаған соң, амал қанша, қанды суды жұтып-жұтып жіберді.
Тіршіліктің өз заңы бар. Қанды суды ішкізген де өміріңді соза түс деген сол заң. «Тұр, қозғал, жүр ілгері» дейді ол тағы да. Қол созым жерде тұрған рейхстаг та «жеттің, кел енді» деп алдайды. Арса-арсасы шығып, бұлыңғыр түтіннің арасында дүрдиіп тұр. Фашизмнің бір кездегі «бәрің маған бас иесің» деген паң сарайына қазір мүлде ұқсамайды. Аузы-мұрны бітеу мола секілді. Бірақ қабырғасының бәрі от бүркіп, жолатпай тұр. Бір кезде мрамордай жалтылдаған мынау алаң жүнше түтіліп жатыр.
Тап осындай жағдайда жылжып көр. Ердің ері, жігіттің жігіті ғана таба алар ондай қайратты. Марқұм комбат Твердохлеб Рахымжанды «жүрек жұтқан» деуші еді. Одерден өткенде, Берлинге кіргенде сан батылдық жасап, командирін риза еткен-ді. Мынадай аласапыран атыста, сүйем жерде сүйегің қалар шайқаста осынау орға дейін келудің өзі де жүрек жұтқандық. Осы бір қауіпті сапарға аттандырған да сол алған бетінен қайтпас қайсарлығы, «арымнан жаным садаға» деп аттанар сарбаздық қасиет болса керек. Жан күйттесе жатпас па еді өліктердің арасында, осы бір орда отырмас па еді! Жоқ, оның бойын намыс оты, тәуекел буып кетті. «Тәуекелі тау бұзбайтын жігіт болсаң, неге шықтың бұл сапарға» деп өзін-өзі қайрайтындай.
Сабыр ет ғаламат! Сабыр етіңдер, тынымсыз күткен жауынгер достар. Төгілген қан жетер. Сол қанға малынған мына туды сенген достарың нысанаға тірі апарсын! Бірі – 21-де, бірі – 18-де. Екеуі де он екіде бір гүлі ашылмаған өрендерің. Бұлардың артында кімі бар? Екеуі де детдомнан. Мүсіркемеңдер, бірақ. Бұлардың да ар¬тында Анасы бар. Соның жасы тыйылсын деп жетті емес пе осы жерге! Соның ақ сүтін ақтайын деп сан майданнан ерлікпен өтті емес пе!
Аспан айырылғандай үн естілді. Қоюланып келе жатқан қараңғылық жұтып қойғандай жоқ болды. Айнала жап-жарық боп кетті. Міне, ғаламат! Артиллерия рейхстагты мылжалап жатыр. Ине түссе табылғандай жарық.
– Григорий, қолайлы сәт, кеттік!
Қол ұстасып ұшып келеді. Көздеріне түк көрінбейді. Құлақтары да тарс бітелгендей. Бәрін ұмытты. Осы сәт бұл дүниеде өздерінің бар екенін де ұмытты. Әлден уақытта аяқтары баспалдаққа тиді. Жүгіріп келеді, өрлеп келеді. Шын ба, өтірік пе? Үйдің қабырғасы, үлкен де зілдей діңгектер. Жау ұясы. Соңғы ұясы... Қолдары қабырғаға тиді.
«Тірісің, тірісің!»
Жүректері осылай деп соғады. Бірақ одан да қатты тулатып тұрған бір жай бар. Сәл естерін жиды.
– Шық иығыма! Ал мына туды.
Осы сөздің естілуі-ақ мұң екен, Григорий ыршып Рахымжанның иығына шықты.
– Жолдас лейтенант, қадайтын жер жоқ!
– Суыр кірпішін. Міне, мына тұсың терезе.
Әлден уақытта Григорийдің:
– Все! – деген даусы естілді. Жерге қарғып түсті. Рахымжан екеуінің құшағының қалай айқаса кеткенін білген жоқ. Бірін-бірі сүйіп жатыр.
Тықыр естілді. Шошып кетті. Қаруларын кезене қалса, өзіміздің офицер.
– Кімсіздер, қай батальоннан?
– Давыдовтың!
– Молодцы!
Осы сәтте уралаған үн жер тітіретті. Манағы өздері өте алмаған алаң үсті ине шаншар жер жоқ, қайысқан адамқаптап келеді...
Бұл 1945 жылдың 30 апрель күні кешкі сағат жетінің шамасы болатын.

 

 

 Рақымжан Қошқарбаев


 

* * *

1945 жылдың 2 майы жылы болғанмен, бұлтты еді. Күн анда-санда ғана жылтың етіп, қайта жасырынады, фашизмнің жендеттерін көруге жиренгендей. Олар болса лек-легімен келіп қаруларын өткізіп жатыр. Еңселері түсіп, естері кетіп мәңгірген. Әншейіндегі сұсты, тәкаппар офицерлерінің де сұры қашыпты, сүмірейіп мойындарына су кеткен. Тура қарауға жүздері шыдамайды. Кешегі немістің «жеңілмес армиясы» бүгін тұтқын. Жан-жақтан айдаумен ағылып келіп жатыр, келіп жатыр. Бір полкі, бір батальонына біздің бір солдат қана ие. Оның жалғыз мылтығының қаһары жаңағының бәріне сұсты.
Осы масқараны Гитлердің өзі көргенде еді ғой?!
Жоқ, ол 30 апрель күні сағат 15-те өлерден 40 сағат бұрын үйленген «жары» Ева Браунмен бірге у ішіп өлді. Адыра қалған герман үкіметін Геббельс пен Борманға мұраға қалдырған-ды.
Геббельс Гитлер өлгеннен кейін де ойраны шыққан неміс қолбасшыларын шақырып алып, қарсылық көрсетуді талап етті. Құрыған мемлекеттің құрдым премьері эфирден үкімет үндеуін оқытты. Онда:
– Немістер, саспаңдар! Батыс майдандағы бүкіл әскер шығысқа төгіледі, – деді. Бұл оның ең соңғы алдауы еді. Сол күні әйелі Магда бар баласын өз қолынан өлтірді де, өздері де масқара өліммен сеспей қатты. Басқа тандау жоқ еді.
Иә, осы бір екі-үш күннің ішінде қаншама тарихи оқиға болды. 30 апрель күні кешкі сағат 7-ге жуық рейхстагқа алғашқы Жеңіс жалауы желбіресе, сол күні түнде биіктігі 70 метрлік рейхстагтың күмбезі үстіне Жеңіс туы тігілді. 1 май күні ертемен оны бүкіл Берлин көрді. Бұл 150-інші дивизияға 3-інші тегеурінді армияның әскери советі тапсырған ресми туы болатын. Оны тіккен 756-ыншы полктың барлаушылары Мелитон Кантария мен Миха¬ил Егоров.
2 май күні таңғы сағат 6-да немістің танк корпусының командирі және Берлиннің коменданты генерал Вейдлинг өзі келіп қолға түсті. Неміс әскеріне қарсылықты қойып, тізе бүгу жөнінде бұйрық берді. Дәл осындай бұйрықты сол күні үкімет атынан бір жарым тәулік канцлер болған Геббельстің орынбасары Фриче де оқыды.
Қару-жарақты өткізу, тұтқындарды қабылдау ұзақты күнге біткен жоқ. Империя канцеляриясының бағынан немістің небір чиновниктерінің, генералдарының өлігі табылды. Бәрі де өзін-өзі атқан. Солдаттар «масқара өлім бағы» деп орынды атады бұл жерді.
Анда-санда тырылдаған пулемет үні естіледі. Бұл әлі де болса жеңілуді ар көрген есерлер еді. Көп кешікпей олардың да үні өшті.
Әр жерден ән, жеңіс әні, орыс әні естілді. Рейхстагтың алдын, Тиргартен паркін, Бранденбург қақпасын қуаныш күйі кернеді. Жеңімпаз Армияның солдаттары жеңіс биіне басты... 

 

 

 

Рақымжан Қошқарбаевқа орнатылған ескерткіш




Көрілген: 3012    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 22.04.2020, 17:11

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30