Алаш прозасы

Қанат ТІЛЕУХАН: ЖАНАЗА (повесть)

  • Қанат ТІЛЕУХАН: ЖАНАЗА (повесть)

    Қанат ТІЛЕУХАН: ЖАНАЗА (повесть)

«Все счастливые семьи похожи

друг на друга, каждая несчастливая

семья несчастлива по-своему…»

Л.Толстой.

«Мы в нашей семье никогда не были особенно нежны друг с другом, — это не принято у бедняков…»

Эрих Мария Ремарк


 — Тәуіржан, Медетбек, дауыстарыңды қаттырақ шығарып жылаңдар! Бұл әкелеріңнің ақтық сапары. Ыбаш енді қайтып айналып келмейді.


Шешемнің осы бір сөзі түсіп кеткен еңсемді тіктегендей болды. Қос немере бауырымның ортасында таяққа сүйеніп тұрған мен айналама көз жүгірттім, көңіл айтып келушілердің аяғы саябырлаған тәрізді. Бір топ әйелдің ортасында отырған анам бірер күннің ішінде шөгіп кеткен сияқты. Жылай-жылай екі көзі былаудай болып ісіп кеткен. «Бұл әкелеріңнің ақтық сапары. Ыбаш енді қайтып келмейді». Осы бір сөз құлағымнан кетер емес. Екі күн бел шешпей сойыс малды әзірлеп, келген кісілерді қарсы алып, әуре-сарсаңмен жүргенде әкемді қара жер қойнына беретінімді ұмытып та кеткендеймін. Жылағым келді. Үш күн бойы көзден аққан жас та таусылған ба, жылай алмадым. Басым мең-зең. Таяққа сүйеніп тұрсам да теңселіп кетем. Ішім өртеніп, жүрегім сыздап барады. «Қарыс жерде қаза бар» деген бұрыңғының сөзі соншалықты дәл айтылғанын ет-жүрегіммен сезіндім. Кеше ғана дін аман жүрген әкем енді сөренің үстінде шалқасынан түсіп үйден шығып барады. Баяғыда, жарықтық, марқұм әжем: «Өлген адамнан кеселді жан баласы болмайды» деуші еді. Рас екен, сапырылысқан мына жұртпен шаруасы жоқ. Ақ кебінге оранып ап қамсыз жатыр. Тәуіржан мен Медетбек сүйектің бір жағынан ұстауға ұмтылып алдыға озды. Мен көппен бірге сүлдерімді сүйретіп, жаназа намазға тұрдым. Әкемнің көз жұмғанына әлі де сенер емеспін. Оның өлі денесіне жақындағым келмейді. Тыныштықты имам бұзды.

— Марқұм қандай адам еді? — деді әдеттегідей көпке сұраулы жүзбен қарап.

— Жақсы, жақсы.

Имам отбасымыздың ең үлкені Алдаш ағамды қасына шақырып:

— Уа, жамағат, марқұм Ыбырай Ақтанұлының қарызы бар ма еді? Адам баласы Алланың алдына қарызсыз барғаны ләзім. Ол үшін Жаратқанның алдында жауапқа тартылады. Егер бар болса, айтыңыздар. Ұлы Алдаш қайтарады. Алдаш, қайтарасың ғой?, — деп енді ағама бұрылды. Ол жақ ашпай, басын изеді.

— Жоқ, жоқ — деп жерлеуге жиналған жұрт бірауыздан жауап қайырды. Жаназа намазы өз шарты бойынша бел бүгілмей оқылды. Намаз соңында әйелдер жағы дауыс шығарды. Біз үнсіз, кілемге оралған әкемнің сүйегін көлікке салып, қорымға қарай тарттық. Кімнің айтқаны есімде жоқ. Маған ақымға түсіп, әкемнің енді жатар жерін көру керектігі айтылды. Үңірейген суық көрге түсуге жүрегім дауаламады. Ол түгілі қабіршілерге де жақындай алар емеспін. Алдаш та ол жаққа аяғын баспайды. Қабірге әкемнің жиені Жеңіс түсіп, тағы да бір-екі жігіттің көмегімен нағашысын ендігі орнына өз қолымен жайғастырды. Алыс-жақыннан келген ағайын, дос-жаран мен көрші-қолаң топырақ салып, молда құранын оқыды. Артынша тағы да жиналғандар ортасынан ақсақалы бар, қарасақалы бар, кезек-кезек суырылып шығып, дұғаларын бағыштап жатты. Сол кезде ғана өмірімде алғаш рет өзімнің Құран оқи алмайтыныма іштей қатты налыдым. Имам көптің ортасында тұрып уағызын айтуға көшті. Кейбіреулер үнсіз бас шұлғып тыңдап тұрса, енді біреулер топтан бөлініп, өзара әңгіме дүкен құра бастаған. Шеткерек шығып шылым тұтатқандар да бар. Қабіршілер жағы болса, әке қабірінің топырағын ретке келтіре жинап, уақытша қоршауларын үнсіз орнатып жатыр. Молданың тура жанында сүреңсіз күйде бір нүктеге мақсатсыз қадалып қарап тұрған нағашым Нұрланға көзім түсіп кетті. Қос жанарынан тарам-тарам жас ағып тұр. Әкем нағашымның атын атамай Нүркен, Нүркентай деуші еді. «Нүркен балдыз емес, туған інімдей болып кетті ғой» деп отыратын. Үйге келсе, баладай қуанып, құрақ ұша күтуші еді. Неге екенін білмеймін, нағашыларыма суықтау өстім. Енді қазір маған Нұрлан нағашымнан артық жан жоқ сияқты. Ішім жылып, жақсы көріп кеттім. Жанарымнан қалай жас шыққанын да байқамай қалдым. Оны жүгіріп барып құшақтай алып, айғайлап боздап жібергім-ақ келеді. Мендегі қайғымен бөлісіп тұрған жаһандағы жалғыз жан сол кісі сияқты.

Әкемнің жетісі мен қырқы болатын күн хабарланған соң жұрт қонақасына қарай жылжыды. Молда Алдаш екеумізді алып қалып, тағы да Құран оқыды. Бет сипап, біз де үйге қарай бет түзеп келеміз. Ағам молдамен жеке әңгімеге көшіп, енді атқарылар шаруалардың жөн-жоралғысын айтып келе жатқандай. Мен артта бірер қадам қалып келем. Артыма қарай берем, қарай берем. Сәуірдің әлі де салқыны бар, баяу желімен «Қараш, мені жалғыз қалай тастап барасың?» деген әкемнің дауысы құлағыма жеткендей. Ту сыртымнан әкем маған қадала қарап, жанарымен жалына «мені алып кет» дейтін сияқты. Иә, тура аурухана төсегіндегі жалынышты кейіппен. Неге сол кезде алып кетпедім екен? Неге? Дәрігер: «Инсульт оңай емес. Ақыл-есі дұрыс болғанымен тілден айырылған. Ойын жеткізе алмай, соған іштей уайымдап, психикасы бұзылған. Үйде күте алмайсыз. Алып кетпейсіз» дегенге неге тез көне салдым. Жас баладай менен мейірім күтіп қарап еді. Мэ-мэ-н ап-ап ке-ке — деп, сол қолымен есік жақты нұсқай берген-ді, нұсқай берген-ді. Төсекке таңылған оң қолын көрсетіп, екі иығын селкілдетті. Тұрғысы келіп, қайта-қайта басын көтерді. Ақыры шыдай алмай екі көзіне ерік берді. Өзінің дәрменсіз күйіне мойынсұнып жылады. Өмірімде бірінші рет әкемнің жылағанын көрдім. Иә, бірінші рет. Бір жылда шешесі мен екі бірдей інісін жерлегенде де көз жасын көрсетпеген еді. Ауыр күрсініп қойып, тек оңаша өзімен-өзі жүрді. Онсыз да біртоға, сөзге сараң көкем сол кезде кісікиіктеніп кеткен-ді. Ауыр қазаға қасқайып тұрды. Іштей тынды. Қатын, бала-шағасының алдында майрылмады. Қайғысы ішіне түсіп кетсе керек, араға екі жыл салып, жүрекпен ауруханаға түскенде де еңсесін тіктеп алған. Бұл жолы күш-жігерінің таусылғанын, санаулы сағатының қалғанын сезді ме, әлде «Қараш-ау, мен де ет пен сүйектен жаратылғанмын. Мына ауруға шыдар емеспін. Қайраным таусылып барады. Өлсем өз шаңырағымда өлейін, мені алып кет» дегенді айта алмаған сынды. Бордай езілді.

— Көке, әлі-ақ сауығып кетесің, — деп сабыр сақтап тұрған мен де шыдай алмадым. Жүзімді ыстық жас жуып кетті.

— Көке, сен жыласаң, біз қайтпекпіз?! Жыламашы. Сен біздің қорғанымыз емессің бе! Жазылып кетесің. Мен сені керек болса, Қытайға апарып емдетемін. Немерелерің Сапар, Санат, Бекнар, Айболат, Міржақыптың тойында отырасың.

Ажалмен алысып жатқан адамға жігер берудің орнына солығымды баса алмай тұрған мына тұрысым дәрігерге ұнамады. Мені сүйреп дәлізге шығарып:

— Бауырым, бұның не?

— …

— Қиналып жатқан ауру адамның көңілін босатып. Ол кісіге тыныштық керек. Қазіргі жағдайы түсінікті. Кеше ғана сау едім. Маған не болды деп жағдайды түсіне алмай жатыр. Әкеңізді уайымдатпау керек.

— Әкем өзі де дәрігер. Жүрегі баяғыдан ауыратын. Профилактика ретінде жатқан еді. Сіздерге келгеніне үш-ақ күн болды емес пе? Қалай ғана инсульт алған?

Өз-өзіме әрең келіп, дәрігерге қарадым.

— Жексенбі күні инсульт алған екен. Мен ол кезде жұмыста болмадым. Кезекшілік еткен дәрігер әлі келмеді. Анық-қанығын сол кісі келгесін анықтаймын. Медбикелердің айтуынша аяқасты қан қысымы көтеріліп кеткен. Ауа-райының да әсері болуы мүмкін.

— Енді бізден қандай көмек керек? Қандайда бір дәрі-дәрмектер қажет шығар? — дедім көзімнің жасын сүртіп жатып.

— Әзірге ештеңе керек емес. Ертең анаңызды алып келіңіз. Басқа туған-туыстары келмесін. Әкеңіз көңілі босап, қиналып қалады. Сіз енді екі-үш күннен кейін палатасына бір-ақ кіріңіз.

— Үйге алып кет деп отыр ғой.

— Үйге алып кетіп не істейсіз? Әкеңіздің бетіне қарап отырасыз ба? Мында біздің бақылауымызда болады.

— Қайтқысы кеп тұр емес пе?

— Қалай түсінбейсіз, әкеңіз инсульт алды. Миына қан шапшыған. Он уже калека.

Дәрігердің даусы бұл жолы қатты шығып кетті. Әкем жатқан палатаның маңайын айналшықтап біраз уақыт жүріп, әрең дегенде ауруханадан шықтым. Әттең-ай. Неге дәрігердің тілін алдым екен? Әкемді үйге алып келгенімде, бәлкім, бала-шағасының ортасында жазылып кетер ме еді? Тым болмаса, соңғы сөзін естір едім ғой…

Аяқ-қолымды тым ауыр сезіне ілбіп басып, басым салбырап үйге кірдім. Жабырқаған жүзім жаман хабарды сездірсе керек, жайбарақат отырған әйелім мен ұлым менің түрімді көріп, үрейленіп үрпиіп қалды.

— Қараш, тыныштық па? Әкеңе бірдеңе болды ма? — Маған үйде сұрақ қоюға тек шешемнің ғана шамасы жетті. Бірден тіл қатуға қауқар жоқ. Көкірегім қарс айырыла күрсініп, диванға келіп сылқ етіп отыра қалдым. — Өй, әкесі өлгенді де естіртеді ғой. Айтсаңшы. Әкең өліп қалды ма? — деді шешем дегбірі қашып. Мен болған жағдайды рет-ретімен баяндап бердім.

— Болды! Кеудеңді көтер, Қараш. Өлімнен қашып құтылған ешкім жоқ. Дәм-тұзы таусылса құдайына барар. Жетпіске келіп қалған әкең инсульттан сауығып тұрып кетуі неғайбыл. Қиналып, төсек тартып жатқанша, құдайына барсын. Я, Алла, қидым, қидым. Қинамай алатын болсаң, жанын ал. — Сөзін жігерлі бастаған анамның даусы дірілдеп, кеудесін өксік қысып кетті.

Ертеңінде әкемді емдетуге тәуір аурухана іздеп Алматыға шықтым. Инсульт бөлімі тек Қалқаман ауруханасында екен. Қала іргесінде тұрсақ та, облысқа қараған соң бұл ауруханаға ақылы түрде де жатқызу мүмкін болмай шықты. Араға екі күн салып, таныс-тамырлар арқылы бұл шаруа да реттелді. Бірақ үлгере алмадым. Ауыр науқастарды тасымалдайтын арнайы көлікті алып, Боралдайға алып-ұшып жеткенімде дәрігер «көкеңнің жан тапсырғанына бір сағат болды» деп қаралы хабармен қарсы алды. Жалма-жан жансақтау бөліміне кіріп бардым. Өліммен үш тәулік бойы алысқан әкем бейне бір ұйықтап жатқандай. Сол баяғы қалпы. Еті ағып кетпеген. Тек жүзінің бозарғаны болмаса.

— Әке, тұршы. Тұршы, — дедім айғайлап, жансақтау бөлімін басыма көтеріп. Әкем «Енді мені алып кетпей осында қалдырып кетсең де өз еркің» деп мені жазалап жатқандай көрінді.

— Сабыр сақта, бауырым, — деді дәрігер ту сыртымнан келіп, қолын иығыма қойып. — Жүрегінен инфаркт алған адам ғой. Жүрегі шыдамады. Осыдан бір жарым сағат бұрын жүрек соғысы баяулады. Арнайы құрылғы арқылы ажалдан арашаламақ едік, электр жарығы сөніп, түк те жасай алмадық. Бекем бол! Тағы екі ақ халатты адам келіп мені жетектеп тысқа алып шықты. Олар маған тіс жарып, еш нәрсе айтпады. Тек жасы елулер шамасындағы бидай өңді, орта бойлы толықтау келген медбике келіп:

— Сен Қарашсың ба? — деді. Сөйлеуге мұршам жоқ. Басымды шұлғыдым. — Әкеңіз түнде аздап тілге келіп еді. Сіздің атыңызды қайта-қайта атап шақырды. Иманы жолдас болсын! — деп жүріп кетті. «Әкем не айтқысы келді екен?»

* * *

Әскери шатырдың ішінде асқа ден қойған қарақұрым ел алдарына қойылған дәмнен ішіп-жеп отыр. Алыстан келген құда-жекжаттар мен туыс-тумалар алғашқылардың қатарында сөз алып, біздің отбасымызға көңіл білдіруде. Той болмағасын, дастархан аста-төк болса да, көпшіліктің тамаққа тәбеті ашыла қоймады. Жастар жағы тұруға дайын екендіктерін үстелге қол созбай аңғартса, үлкендер жағы дастарханнан қолдары жеткендерді дорбаларына салып, бет сипар уақыттың таяп қалғанынан хабар берді. Жиналған қауым артынып-тартынып болғасын төрдегі имам Құранын оқып болып, сөз тізгінін алды.

— Айғыз апа, Алдаш, Қараш бауырларым, тағы да сіздерге қайғырып, өзімнің және мына жамағаттың атынан көңіл айтамын. «Тас түскен жеріне ауыр» деген. Уақыт — емші, жан жарасын өзі жазар. Ыбырай атамыз жақсы адам болатын. Пайғамбар жасынан асып дүние салып отыр. Әрине, әлі де ғұмыр кешкенде ғой дейміз. Енді ол кісі сүрмеген өмірді Алла тағала артында қалған бала-шағасына берсін. Қиын күндері сүйеу болатын ағайын-туыс керек. Міне, барлығымыз сол үшін осында жиналып келдік. Қайғыны бөлісуге. Қала іргесінде тұрсақ та біздің Ақкемер ауылында бірлік жоқ емес. Осы елдімекенге Қазақстанымыздың әр тарапынан келсек те бір атаның баласындаймыз. Қара жамылып отырған отбасының қайғысына ортақтасып келген баршаңызға тағы да мың да бір рақмет. Алла әр ізгі істеріңізге сауаптан жазсын. Жаратқан иеміз ынтымағымыздан айырмасын. Ел іші тыныш, көп ұлтты мемлекетімізде тек той болсын. Бағана атамызды жерлеу кезінде айттым. Естімегендер болса қайталайын. Марқұмның жетісі осы айдың жиырма төрті беріледі. Қырқы мамыр айының жиырма жетісіне түсіп тұр. Қасиетті жұма күнге келеді. Бұл да бір Алла тағаланың шарапаты шығар, — деп молда сөзін түйіндеді.

Тысқа шығуға ыңғайланған жұртты маған белгісіз бір дауыс тоқтатты.

— Уа, мұсылман бауырлар! Біздің қазаққа құдай кісі өлгенде, я болмаса, түс көргенде керек. Қазір кейбіреулер, тіпті, түстерін кафирлердің гороскобы арқылы жорып әлек. Осындай қаза кезінде асыл дініміз ислам жайлы айтпасақ, қай жерде айтамыз. Бұл өлім арқылы ажалдың бізге де жететінін рахман иеміз білдіріп отыр емес пе. Сондықтан сәл сабыр сақтаңыздар. «Мұсылманның ең бірінші қаруы — сабыр» деген. Аз-кем білгенімізді айтайық. Өз білгеніңді мұсылман бауырларымызбен бөліспесек, күнә болады, — деп еңгезердей, мұрты жоқ, қаба сақалды бейсауыт адам сыртқа асыққандарды тежеді. Көпшілік ішінен сөз жорғасын тайпалтқан бұл қай шешен деп жақтырмай қарағандар болды. Шын ықыласымен назарын бұрғандар да табылып жатты. Жұртты бір тынышталтып алған әлгі жігіт сөзін сабақтай жөнелді. — Біздің қазақ өлімге келгенде әлсіз. Жылап-сықтауымыз көп. Қайталап айтам, сабыр қылу керек. Бізді топырақтан жаратқан Алла топыраққа өзі айналдырады. Ерте кетті, аздап болса өмір сүре тұрғанда ғой деп күпірлік етуге болмас. Ол Алланың қалауы. Оған қарсы шығамыз ба?! Адам баласы болғасын алады да жанымызды. Егер тасбақадай үш жүз жыл жасатса, қайтер ек. Онда жәндік болғанымыз да. Ондай ұзақ өмірден не мән қалады. Біздің кісі өлген үйде түтін шығарып, салтанатты мейрамға дайындалғандай бай дастархан жаятынымыз — айналып келгенде бұрыс. Өлген адамды әулие етіп бастарына мазар орнатамыз. Мазасын алып, зиратына бара береміз. Әруағына сиынып. Бұның барлығы дінге қайшы. Тірісінде әкемізді сыйламаймыз. Тілін алмаймыз. Орысша айтқанда тек проблемаларымызды айтамыз. Тіпті, қол көтереміз. Өлгесін «Әкем әулие кісі еді. Әкем керемет адам еді» деп жұртқа мақтанып, жыл сайын тоғыз дуанға сауын айтқандай жүздеген адамға көл-көсір етіп дастархан жасап, жақсы атты боламыз.

Шу дегенде сөзін баяу бастаған уағыз айтушы адам қолын оңды-солды сермей, кеудесіне түскен сақалы желп-желп етіп шаптығып кетті. Мен оның бұдан ары не дегенін естігенім жоқ. «Тірісінде әкемізді сыйламаймыз. Тілін алмаймыз. Тіпті, қол көтереміз» деген сөзі құлағымда қалып қойды. Және осы айтқандары қайта-қайта жаңғырып маған естіле берді, естіле берді. Қылмысы әшкереленген адамдай айналама ұрлана көз жүгіртем. Әйел атаулының сумаңдаған сүйір тілдеріне ілігіп, ал еркек біткен: «Қараш, тірісінде қадіріне жетпеген әкеңді неменеңе жетісіп жоқтап отырсың?» деп маған қадала қарайтын сияқты.

* * *

Әсемді, қызы екеуін, төсек-орнымен Талдықорғаннан көшіріп алып келген күні әкем үйге сіркесі су көтермей кірді. Әдетте сабырлы, қабақ шытуды білмейтін жан еді. Бұл жолы мүлдем басқа адамға айналғандай әсер қалдырды. Болмайтын нәрсеге ұрысып, маңдай терісі жиырылып бір жазылмай-ақ қойды. Шешем: — Е-е-е, намыстанып жүр ғой. Қызының қайтып келгеніне. Ер азамат болғасын намыстанбай қайтсін, — деп, шалының шәлкес мінезін жуып-шайған. Көкем көбіне көкейде жүрген дүниесін арақ ішкенде ғана шығаратын. Ақаңның қызуымен бір күні іштегісін ақтарды-ай кеп. Жұмыстан шаршап келіп, тамағымды ішіп алып, жастығыма жантайғам. Ата-анамның ұрысы ұйқымды қашырып, көзімді ілгізбеді.

— Әй, қатын, міне, қызың ажырасып келіп отыр. Жер-көкке масқаралап. Сен соның барған сайын мазасын алатынсың. Күйеуің түк таппайды, түк таппайды деп. Енді, міне, келгеніне бір ай енді толды. Жақтырмай жүрсің.

— Немене? Оларды мен ажырастырыппын ба? Сенің қызың дейді ғой. Мен Әсемді төркінімнен алып келгендей сөйлеуін қарашы. Жақтырмайсың деп қояды. Талдықорғаннан келгелі қабағыңнан қар жауып, кірпігіңе мұз қатып, жақтырмай жүрген өзің. Мен бар болғаны жата бермей, үйдің шаруасын істе дедім. Енді, немене, екі аяғын талтайтып жатқызып қоямыз ба?

— Бір сөзді мың сөз етпеші. Сен дұрыс тәрбие бере алмадың!

— Ой, Алла, мен кінәлі екенмін ғой. Барлығына шешесі мен қызы кінәлі екен ғой. Әйелді бірінші күннен еркек ұстайды.

— Әйелді ері ұстамайды, ары ұстайды.

—Данышпансымашы. — Шешем тыжырына жауап қатты.

— Данышпансимын. Иә, ары ұстайды. Сен қызыңнан сұрамадың ба не үшін айрылысқанын. Күйеуінің көзіне шөп салған. Бір емес! Мұхтар: «Аға, қызыңызды кешірдім. Отбасын сақтайық дедім. Көнбеді. Үйге тұрмай кетті» дегенде кірерге тесік таппадым.

Анам әкемнің сөзін соңына дейін айтқызбай, қарсы шықты.

— Өй, көксау, алқаш! Енді маған не қыл дейсің? Әйелді ары ұстайды. Сен тәрбие бермедің дейді ғой. Желігі басылмаса саған тартқан. Сенен көрген өнегесі. Сен өзі қырым-сырымды құрттың емес пе? Ойбай емделуім керек деп кезінде Қырымда үш ай қыдырып, сайран салып едің ғой. Артыңнан жүрген қатындарыңның хаты келген. Соның бәрін ұмытып қалғансың ба?

Келесі бөлмеде мен сықылды бәрін естіп жатқан Әсем орнынан тұрып, әке-шешемнің арасына килікті.

— Папа, что я тебе мешаю? Мен Мұхтармен тұрғанда керек болдым. Ал қазір керек емеспін бе?

— Бар орныңа жат, — деді әкем бұйыра.

— Қалай жатам? Вы на весь дом орете. Сен біз үшін не жасадың? Елдің әкелері балаларын оқытты. Үй алып берді. Мен өз күшіммен оқуға түстім. Стипендияма сендерге азық-түлік тасыдым.

— Өй, бұл алқаш ол жақсылықтарыңды білмейді. Арақ әкеп бергеніңде ұмытпайтын еді. — Шешем әпкемді қостай кетті.

— Мен де әке-шешемнің көмегінсіз оқу оқығам. Басымды қатырмай, бар орныңа жат. Әкем бұл жолы зілдене тіл қатты.

— Бұл менімен салғыласып еді. Енді қызымен ұрысады. Осы үйдің қатыны мен емес, сенсің, Ыбырай. Бар, қора жаққа тыққан арағыңды ішіп кел, — деп апам іркілді.

— Қысқасы, Әсем, сен бұл үйден кет. Кеткен қызсың. Бар да өз күніңді өзің көр.

Шешем бұл жолы да әпкемді жақтай сөйледі.

— Қайда кетеді? Ешқайда да бармайды. Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды. Мен енді бала таппаймын.

— Сыртыңа сыймады. Барсын.

— Алқаш. Сендей әке болғанша, болмағаны жақсы. Өл, өл! — Әсемнің шыңғыра шыққан дауысы құлаққа ащы естілді. Шешесіне біреудің қолы тиді деп қалды ма, он жастағы жиенім Гүлназ шырылдап келіп анасын бас салды. Ол да ұйықтамаған ғой. Қайтіп ұйықтасын.

— Мама, папама қайтайықшы, — деп кемсеңдеп өтіне бастады.

— Әке, болды енді қойыңыз. Ертең де уақыт бар. Дастархан басында бейбіт отырып сөйлесуге болады ғой… — Бұл жанжалды басу үшін түпкі үйге мен де келдім.

— Өз бөлмеңе бар, — деді көкем енді жетпегені сен едің дегендей суық жүзін маған бұрып.

— Әкең маскүнем ғой. Миын арақ жеп қойған. Бұған баланың да, басқаның да сөзі өтпейді. Қайдағы ертең? Сау кезінде мылқау емес пе. Енді таңға сөйлейді. Құдай бар болса, жағың қарысып қалсын, жағың, алқаш ит.

Бұл сөзге әкем қатты ашуланды. Көздері қос ауыз мылтықтың ұңғысындай жансыз суық. Жонын күжірейте қаһарланып, шешемді құлақ шекеден періп жіберді.

— Ойбай, — деп анам бажылдап қоя берді. — Жас күнімде таяқ жегенім аз болғандай қартайғанда да таяқ жедім ғой.

Әсем қарап тұрмай, әкеме ұмтылды. Гүлназ шырылдап жылап жіберді.

— Қараш, не қарап тұрсың. Қазір бұл белогорячка әпкеңді өлтіруден тайынбайды, — деп айғай салды. Әкеммен жағаласып жатқан Әсемді жолымнан ысырып тастап, көкемді кеуде тұсынан қойып қалдым. Шатқаяқтап барып, әкем төсегіне жығылды. Күткенім осы дегендей апам құлап жатқан жарының бетін тырнағымен осып-осып жіберді. Әкемнің бетін қан жуып кетті.

— Малғұн екенсің, Қараш, малғұн екенсің, — деді әкем тісін шықырлата. — Сен, қатын, баламды өзіме айдап салдың ғой. Тұра тұрыңдар, ертең Алдаш келсін, сазайларыңды берем. Әкем сол жатқаннан тұрмады. Ал шешем мен әпкем болса орталарына Гүлназды алып шүйіркелесіп отырып ұзақ шәй ішті. Мен түнімен ұйықтай алмадым. Таңертең бөлмемнен мысықтабандап шықсам, шешем ас үйде ыдыс-аяқты сылдырлатып, бір нәрсе істеп жүр екен.

— Көкем қалай, — деймін сыбырлап.

— Қалай болушы еді? Жас босанған қатын сияқты бода-бодасы шығып, ыңырсып терлеп жатыр. Шалабын дайындап бермесем, — дейді жүре жауап қатып. Таңғы асқа да қарайламай жұмысқа қарай асықтым.

— Қараштай, әкең кеше мас болған. Есінде ештеңе жоқ. Оразаңды ашып кетсеңші, — деп шешем артымнан ере шықты. Мен кері бұрылмадым.

* * *

Күн екінтіге ауғанда көңіл айта келгендер ұзақ қоштаспай, жұрт аяғы сирей бастаған. Көзімізді Бетпақтың даласындай құрғатып, сары аурудай созылған үш күн, үш түн артта қалды. Ең үлкен әпкем Лекер, мен, шешем — үшеуміз үйде оңаша отырмыз. Сыртта істейтін шаруаң жоқ па дегендей шешем әпкеме сыңай танытқанымен Лекер көптен көрмеген ағайындардың жаңалығымен бөлісіп, орнынан қозғала қоймады. Әр нәрсені бір айтып, қасымыздан кетер емес.

— Әлгі, Әсем не істеп жүр? Әкесі өлгенде жыламай, тойға келгендей шырттай киініп, беті-басын бояп алған. Ұялғаным-ай. Ауылдан келгендер өсектеп кетті-ау. Өзі сендерге көмектесті ме?

Анам қызының әңгімесін үзіп, оған сауал тастады.

— Е-е-е, қойшы соны. Жүрген бағана бір нәрсе жасағандай болып. Гүлназға жуылған тарелкаларды тасы деген ем. «Менің қызымда нең бар. Өз балаңды жұмса» деп беттен ала түсті. Жұрттан ұялғанымнан тілімді тістедім. Қайтем енді.

— Өй, оның қызы да оңбаған. Бойжетіп қалған қыз емес пе. Әже көмектесейін бе деп бір айтпайды ғой. Әкесі өліп жатқанда үйге кімді ертіп келген? Бойы иығынан келетін қарыны қабақтай екен. Тайын ерткен биедей жүруші еді. Енді қасына домалаңдатып қарақоңыздай біреуді тауып алғаны.

Лекер әрмен қарай көп бөгелместен іліп алып кетті:

— Ой, мама, я Асема вообще не пойму. Өткенде маған бір орыспен келді. Аты Коля екен. Екеуі де қызып алған. Үйленеміз деген болатын.

Лекер бауырын жазып, ұзағынан енді сілтемек еді, шешем «е-е-е, баяғыда бір ханның қызы қырық байға тиіп, қырық бірінші рет тұрмыс құрғанда ақылы жер жаһанға тараған ғұламаны дүниеге әкеліпті. Бұның да бағы ашылар» деп әпкемнің сөзін үзіп тастады. Үйге аптығын баса алмай, алып-ұшып, менен екі жас үлкен тете әпкем Қамар кіріп келді.

— Клеттегі шкафта тұрған жарты пакет кәмпитті таппай қойдық. Іздемеген жеріміз қалмады.

Енді қайттік дегендей Қамар үшеумізге жалтақ-жалтақ қарайды. «Қазынамызға бір антұрған қол салды, сендердікі не бейқамдық?» дегендей жазғыру да бар жүзінде.

— Мына көрші Халима қатын ұры иттей тіміскіленіп жүреді, сол алған шығар. — Шешемнің сөзі сенімді шықты.

— Масқара кісі өлген үйден ұрлап не көрініпті? — деп Лекер бетін шымшыды.

— Барып алып келейін бе? — деді Қамар лезде шешім қабылдап.

— Сендер аман болыңдар. Сол қайыршы қатынға садақа болсын! Жарты пакет кәмпитке байып кеткенін көрейік. Бармай-ақ қой. — Шешемнің бұл сөзіне «жә, бопты» дегендей сыңай танытып, Қамар тысқа шығып кетті. Оның ізін ала біреу сүйретіп алып келгендей аяғын алға ауыр әрең басып, бөлмеге Бәтимаш енді.

— Апа, Аққыз тәтем жарты қазы сұрап тұр. Көңіл айтып келетін көрші-қолаң бар дейді. — Бәтимаштың дауысы шаршаңқы шықты.

— Піскен қазы қалмаған ба? — Шешем жүзін Лекерге аударды.

—Түк те қалмады. Келген жұрт жегенін жеп, жемегенін сыпырып-сиырып алып кетті.

Шешем Бәтимашқа:

— Балам-ау, кілеттің кілті менде емес қой. Зылиқа тәтеңнен алып бер.

—Тәтемнің бергісі жоқ. Ағамның әлі жетісі, қырқысы бар. Беретін қазым жоқ деді.

— Зылиқаның онысы жөн екен. Ертең де келімді­-кетімді кісілер бар. Бірнәрсе қылып ренжітпей, шығарып салыңдар. Мені сұраса, ұйықтап қалды деп айтарсың. Айтпақшы, қатындар бауырсақты аямай пісіріпті ғой. Бекер қатып қалады. Аққызға молырақ етіп салып бер.

Бәтимаш бәрін ұқтым дегендей басын изеді де келген жағына бет түзеді.

— Осы сіздің Аққыз сіңіліңіз үнемі тіленіп жүреді, иә, мама. — Лекер нағашы апайымызды жазғыра жөнелді.

— Бар кезінде де сондай еді. Жоқ, жоқ деп отыратын. Құдай пейілі тар адамды оңдырсын ба? Қазір түксіз қалды ғой. Құдай біреуге алақан жайдырмасын де.

— Дұрыс айтасың, мама. Бірақ, біз әкемізді жерлеп, қара жамылып отырғанда ол кісінің жарты қазы сұрайтындай жөні бар ма?

Осы кезде есікте Қамардың басы қайта қылтиды. Бізге қарай жүгіріп келіпті. Ентігін баса алмай:

— Алдаш тағы да ішіп алды! — Дауысы сүйінші сұрағандай шықты.

— …

— Әкем өлген күні де ішкен. Жүздетіп алып көкемнің сүйегін күзеткен.

— Осы біздің Алдаш жынды. Әкесі өлгенде арақ ішкені несі? Әнеу күні қарным ашты дегесін қабіршілерге арналған көжеден құйып беріп ем, мынауыңның еті аз ғой деп дастарханды төңкеріп тастай жаздады.

— Әкең өліп жатыр. Оған қосқан түгің жоқ деп айтайын дедім де үндемедім. — Лекер шешемнен қолдау күте терісіне сыймай, сөйледі.

— Лекер, Қамар, онда нелерің бар? Ешкімге тимесе болды. Атам өлгенде Ыбаш та ішіп жүрген. Әкесіне тартқан ғой. Бастысы біреуге соқтықпаса болғаны. Әмбе ол ауғанда болып келген бала ғой. Нервісі де дұрыс емес.

Лекер сөз таластырған жоқ. Қамар «бастысы мен айттым, қалғанын өздерің біліңдер» дегендей жұлқына тысқа шықты. «Күлкі — арсыз» деп кім тауып айтты екен. Анамның «ауғанда болып келген бала ғой. Нервісі де дұрыс емес» деген сөзі езуіме күлкі қыстырып, шешем мен әпкемнен жүзімді жасырдым.

* * *

Менен бір мүшел үлкендігі бар Алдаш ағам қазақы салт бойынша әжемнің бауырында өсті. Әжеміз Алдаштың бетінен қақпай, еркелетіп ер жеткізді. Шешемнің айтуынша, үшінші сыныпқа дейін мектепке арқалап апарып, арқалап алып келетін болған. Әкем мен шешем түгілі, немересін шалынан да қызғанып, қасына бөлек алып жатады екен. Содан болар, Алдаш ата-анамызға аға-жеңгесіндей қарап, өз білгенін жасайтын. Жасы толмай, өзінен үлкен көрші балаларға еріп, мектеп партасына ешкімге айтпастан жайғасқан екен. Бұны білген әкеміз: Әжесінің баласы ақылды тентек екен. Қаршадайынан білімге ұмтылғаны жақсылықтың нышаны ғой — деп, бір ісекті сойып, Баласаз жұртына той жасапты. Басы қазандай, қысық көзінен от шашқан оқушыға қарап, «Басы айтып тұр емес пе, болашақта Қаныштай геолог-ғалым болады» деп сәуегейлер сол күні меймандос шаңырақта болжам айтыпты. Баянжүректің қойын-қонышы таңбалы тасқа толы. Келешекте ел тарихын зерттейтін археолог болсын деп тост та көтеріліпті. Әйтсе де, біздің әкей де көп қазақтың біріндей — ұлымен ақылдаспастан, оның қандай кәсіп иегері болуын өзі шешіп қойған. Мектепті аяқтаған Алдашты Алматыға жетектеп апарып, ебін тауып, кен инженері боласың деп, Политехникалық университетке түсіріп жіберген. Әжеміз: «Құдай-ау, бұғанасы бекімеген қарғамды Алматы жөнелтіп нелерің бар? Баққан сен. Тапқан біз дейсіңдер ғой. Ертең-ақ Қараштарың өсіп жетілер, сол кезде Тескентау асырсаңдар да өз еркілерің. Менің баламда не шаруаларың бар? Алдашты мына тұрған Қапалдың СПТУ-на оқытса, жұрттан қалар дейсіңдер ме? Алты айдың ішінде тірәктірдің құлағын ұстар еді», — деп өкпе-ренішін білдіріпті. Әкем: Алдаш, артыңда төрт қарындасың, кішкентай інің бар. Бұлар саған қарап өседі. Оқу оқып, кісі қатарына қосылсаң, жетегіңе еріп, ағаларын мақтан тұтады. Осылайша, тұла бойы тұңғышына жолың болсынды айтып, Алматыға аттандырған. Бастауыш сыныпты беске оқығанымен кейін үш-төрттен көз ашпай, мектепті ілдебайлап аяқтаса да, Алдашқа ата-анам сенген. Өз баласын қашан да мінсіз, кемшіліксіз көретін эгоисттік сезім біздің де әкей мен шешейдің бойында болса керек. Ағам оқуды қарық қылмай, бірінші семестрден кейін ауылға оралған. Ел-жұртқа күлкі болдық деп шешем айғайға басса, әкем мал болмайсың деп қолды бір сілтеген. Тек әжем ғана қуанған.

Алдаш мен сияқты аурушаң, әлсіз емес, жастайынан қара жұмысқа араласып, спортпен де шұғылданды. Содан болар, әскерде десант қатарына алынып, Ауғанстанға аттанды. Шешем байқұс екі көзі төрт болып, апта сайын ағамнан хат күтуші еді. «Түгенбай ауылдың бір баласы үйіне табытпен оралыпты. Алып келген командирлері табыттың бетін ашқызбай, жақындарына марқұмның бет-жүзін көрсетпестен, біржола өздері жерлеп қайтыпты» деген әңгімелерді естігенде түні бойы жылап жататын. Бауырымның соғысқа аттанғаны әжем үшін тіптен ауыр соққы болды. — Ыбашжан, Гитлер көрінен қайта тұрды ма? Соғыс біткелі қай заман. Бұл не тағы майдан? — дейтін әкеме. Екінші дүниежүзілік соғыстан қайтпаған бауырын есіне алып: — Мәскеу үшін жас өмірін Тұрысбек беріп еді ғой. Я, раббым, Алдашымды аман-есен қайтар, — деп қара жолға қарайлап отыратын. Мені бауырына қысып: — Қараш, сен періштесің ғой. Құдайдан тіле, ағам тез оралсын деп. Рахман иеміз сенің тілеуіңді береді, — дейтін. Арада екі жыл өткенде екі ананың көз жасы қуаныштан төгіліп, Алдаш Ауғанстаннан дін аман арамызға оралды. Сол кезде мұқым ауыл қуанып, ұлан-асыр той болған-ды. Ұсақ балалар кезек-кезек төргі үйдегі берекелі дастарханнан барып кәмпит аламыз. Сол кезде шешемнің абысын-ажындарының: «Алдаштай әлгі Ауғанстаннан арақ ішіп үйреніп келіпті» деген сөзін құлағым шалып қалған-ды. Еркектер «Ішсе не бопты? Қару асынып, қан кешіп, соқталдай жігіт болып келді. Ішсін» деген. Әйелдер жағы «жастық шағында соғыс көрген оңай деймісің. Көрген сұмдықтарын ұмытқысы келетін шығар» деп қостап та кетіп жатты. Ағама Ауғандағы майдан даласын ұмыту оңайға соқпаса керек. Ол арақты көп ішті. Тыныш ішсе жақсы ғой, сол күні бірнәрсені бүлдіреді. Кеңес үкіметі құлап, ауылдың тоз-тозы шыққан заман келіп, ел ішінде тепсе темір үзетін азаматтар араққа үйірсектей бастады. Ағам солардың бел ортасында жүрді. Алдаш ауылда бүйтіп жүре берсе, құриды, — деді әкем бір күні. Ақыры әке ұйғарымымен ағам Алматыға кетті. Алматы — үлкен қала. Екі қолға бір күрек табылар. Еңбек қана адам баласының бойындағы жаман әдетті жояды, — деп әжем де әке шешімін мақұлдаған-ды. Алдаш Алматыда көп тұрақтамады. Қалай аяқасты кетті, солай аяқасты оралды.

Қыстың қысқа күндерінің бірі еді. Қорадағы аз ғана іріқара мен ұсақ малдың астын тазалап болып, түнде жауған қарды күреп жатқам. Аулаға сау етіп бір қызыл жағалы келе қалды.

— Ей, батыр, мынау Жолжақсынов Алдаштың үйі ме? — деді. Бірден полиция екенін білгенім жоқ. «Иә» дегендей басымды изеп: — Апа, бізге Алдаш ағаммен соғысқан бір ағай келді, — деп үйге айғайлап кіріп бардым. Өкінішке қарай, шақырылмаған қонағымыз Алдаштың ешқандай да майдандас досы болмай шықты. Үйдегі үлкендерге балаларының Алматыда жасаған қылмысын қысқа-нұсқа баяндап, ағамның қолына кісен салды. Менің түсінгенім, ағам қалада бір мейрамханада бір топ болып төбелескен. Қарсы жақтан екі жігіттің басы жарылып, аяқ-қолы сынған. Бұнымен қоса, тағы біреуі ауруханаға түсіпті. Бірақ, оның жағдайы тіптен ауыр көрінеді. Жансақтау бөлімінде екен. Бауырымның серіктері оқиға болған күннің ертеңінде ұсталып, төбелесті бастаған Алдаш деп бар кінәні ағама жауыпты. Екі шешем кісі өлгендей айғайлап дауыс шығарды. Бұны естіген көрші-қолаң шыдап тұрсын ба, өкпелерін қолдарына алып, олар да жетті. «Өткендегі түсім жаман еді. Содан кейін сол көзім де тартқан. Бәсе-бәсе, бір жамандықтың боларын мен сезгем. Әй, жетпегір-ай. Бұл бүлдірмесе, тыныш жүре ме?» — деп шешем ойбайға басты. «Ақ-қарасын Құдай біледі. Алдашымның жазығы жоқ». Әжем немересіне шаң жуытқысы келмейді. Мен не істерімді білмей, абдырап қалдым. Тез арада өз-өзіме келіп, тысқа шыққандардың ізіне түстім. «Милиция ағай, көкешімді жіберіңіз. Ол ешкімге зияны жоқ, жақсы адам…». Көзімнің жасын тыя алмастан сүрініп-қабынып кеп бұжыр бет, дәу қара милицияға жармастым.

— Әй, батыр, жылағаның не? Үлкен жігіт жылай ма?

– Жібере салыңызшы. Мен сізге өзімнің қоңыр бұзауымды берем.

Милиция қызметкері маған не дерін білмей тосылып қалды да: «Ініңмен өзің сөйлес» дегендей ағама көзбен бұйырып, қолын кісеннен босатты.

— Кетпеші… — Алдашты бас салып, қойнына кіріп кеттім.

– Жылама енді, болды. Мына ағамыздың сөзінің жаны бар. Жігіт емеспісің? — деп милицияны нұсқады. Ондағысы «бұл кісінің маған жаманшылығы жоқ. Алаңдама!» дегенді білдіргісі келсе керек. Сорамды ағызып, кемсеңдеуімді сонда да қоя алатын емеспін.

— Мен екі-үш күннен кейін қайтып келем. Үйге бара ғой, — деді жылы жымиып. Шын ба дегендей ағамның айдаушысына қарадым. Ол басын изеп, ағамды асықтыра алдына салып, алып кетті. Көріп тұрмын, қайтып кісенін қолына салмады. Демек, ағам қылмыскер емес! Оның оралатынына сендім. Асыға күттім. Анам ағамды түрмеден босатып алу үшін Алматыға бір емес бес-алты рет барды. Әр келген сайын әкемнің бетінен алып:

— Алдаш алғаш көрген қызығың емес пе? Саусағыңның ұшын да қимылдатпадың ғой, — деп назаланатын.

— Ер азамат қолымен істегенді мойнымен көтерсін. Ауғаннан өлмей, тірі келді. Түрмеде біреу өлтіреді деймісің? Қайта ақылы кіріп, адам болып шығатын шығар.

Әжем болса: — Ыбаш, ондай жаман сөз айтпа. Түрмеден адам боп шыққан ешкім жоқ. Керісінше қаны бұзылады — деп, бәйек түсетін. Ақыры Алдаш ағам үш ай дегенде абақтыдан босап шықты. Қорадағы екі сиырдың ноқтасы бос қалып, бес-алты қой бауырымның бостандық жолында пышаққа түсті. Бұнымен әжесінің баласының тентектігі басылған жоқ. Ауылдың «стомотолыгы» атанды. Той-томалақ болған сайын төбелестің арасында жүріп, бір тіс қағып келеді. Әкем бір тіске бір қой беріп, шешем мен әжем болса, әлгі тісі түскен бейбақтың алдынан кешірім сұрап өтеді. Әкем «есті ұл әке малына мал қосам деп талпынады. Мынау бір жатыпішер, малшашар болды» деп ашуланатын.

— Жарайды! Өз балаңды өзегінен тебесің бе? Оның жүйке жүйесі дұрыс емес. Он сегіз жасында от кешті. Соғыста болды ғой. Қан көрген оңай деймісің? Сол Ауғанстаннан бұзылып келді. Миы содан ауып кеткен ғой, — деп шешем араша түсетін. Абақтыға тамақ тасып, сот пен прокуратура арасында сандалған мехнатын ұмытып кететін.

— Қайдағы соғыс? — деуші еді, әкем жұлып алғандай. Сосын дауысын бәсеңдете:

— Айғыз-ау, мына көшенің басындағы Әнуарбек шал соғыстың көкесін көрген. Сталинград түбіндегі қан-қасапта болған. Одан тұтқынға түсіп, немістің концлагерінде жатты. Немістің тозағынан аман шықтым-ау дегенде коммунисттер түрмеге тоғытқан. Сталин өлгенде барып, аяқ-қолы шынжырдан босаған. Келіп еңбекке араласты, отбасын құрып, совхоздың бар кезінде озат шопан атанғанын білесің. Қазірдің өзінде зейнетақысымен бір қоралы жанды бағып-қағып отыр. Жынданса, сол шал жынданып кетпеді ме? Сенің балаң оның көргенінің бірін де көрген жоқ. Біздің «ардагердің» жауапкершілігі жоқ. Көк жалқау. Барлық мәселе осы, — деп барып басылатын. Әкемнің осы салыстыруы шешемнің езуіне күлкі ұялатып, «біздің ардагер-ай, біздің ардагер-ай» деп уақытша болсада әкейдің айтқанына келісетін. Біз де — Қамар екеуміз — шықылықтай жөнелеміз.

* * *

Осылайша өткенді ойша шолып отыр ем, шешемнің дауысы шықты. Сондай бұйрықты раймен.

— Қараш, бар қатыныңды шақыр. Қанша ақша жиналыпты. Санайық.

Лекерді сырттап, Айнұр, шешем үшеуміз сықырлатып ақшаны санап отырмыз. Жолдас-жораның «әкеңе Құран оқыт» деп бергенін де қалтадан шығарып, ортаға салдым. Бас-аяғы бес жүз елу мың теңге екен деп анам қол орамалына бір бума құнды қағазды орады. Қанша дейсіз? — деп, қасымызға таяған Лекер Айнұр қолындағы тізімді оқи бастады. «Құрман екі мың теңге. Көрші Бауыржан үш жарым мың теңге. Берікбол аға жеті мың теңге. Сонау Жезқазғаннан келіп бар-жоғы жеті-ақ мың алып келген бе?». Әпкем жақтырмай, мұрнын тыржитты. Адамдардың есімі мен түрлі сандар жазылған екі парақ бетке төне түсіп, қалта телефонындағы калькуляторды да іске қосқан. Есеп шығаруға кіріскен адамдай түрі байсал тартқан. Айнұр қайынбикесінің бұл мінезіне тіксініп қалды. «Менің Азат қайын ағам мен Сайра қайынбикем елу мыңнан алып келгенін абысыным айтқан. Олар тізімде жоқ», — деді Лекер әйеліме сұраулы жүзбен қарап.

— Апама берген шығар. Мендегісі осы! — Айнұр қысқа қайырды.

— Кісі өліп жатқанда кімнің не бергені есте жоқ. Өзімнің басым да айналып кетті. Қарашқа берген шығармын, — деп ақталғандай қалтасын ақтара бастады. Сосын басын тіктеп алып Арайға: «Әлде сен…». Мен сасқанымнан әйеліме қараппын. Оның өңі қашып, көзі жасаурап кетті. Біреу бір жеріне біз сұғып алғандай шешем баж ете түсті:

— Әй, өзіме де обал жоқ. Бағана Аққыз «құдай-ау, ақшаны келінге жинатып, кердеңдетіп қойғаның не?» — деп еді. Біліп айтқан екен ғой. Бәсе, келген елдің қарасы көп. Қалай аз ақша жиналды? Сен қатын біразын төркініңе берген шығарсың?

Лекер, «ол да мүмкін» дегендей, көзімен шеше сөзін қостады. Айнұр бұдан ары шыдай алмай, көз жасын сығымдап алды.

— Апа, не айтып отырсыз? Бір тиын да алғаным жоқ. Жалған айтсам, атамның әруағы атсын! Бетін басқан күйі тысқа қарай беттеді.

— Тоқташы, Айнұр. Тоқташы. Мен де далаға атылдым. — Апамды білесің ғой. Ойланбай ауызына келгенін айта салады. Кейін ол сөзі үшін өкінеді.

— Қойшы, — деді Айнұр дауысы қатқыл шығып. — Үнемі сол. Мен де ет пен теріден жаралғанмын. Көңіліне келеді деп ойламайды. Атам өлген күні түн жарымда ыдыс-аяқ жуып жатып жылағам. Қатты жылағам. Енді мені үйде жақтайтын, қорғаштайтын атам жоқ деп жылағам.

«Мен бармын ғой» деп айтпақ болғанымды сезді ме:

— Ал сен мені қорғай алмайсың! Анаңа түк те айта алмайсың. Мен саған қарсы шық демеймін. Айтқан да емеспін. Айтпаймын да. Бар-жоғы шындықты айтуыңды қалаймын. Ашуы басылғанда сөйлесем дейсің де аяғын сиырқұйымшақтатып жібересің. «Біздің отбасымыздың шаруасына араласпаңдар» деп әпкелеріңе де айта алмайсың!

Үндемей құтылып, қайтадан ішке ендім. Анам мен Лекер саусақтарын түкіріктеп қойып, бір бума теңгені санап болып қалыпты. Жаңылыс жоқ. Бес жүз елу мың теңге деп бір-біріне қарады. Сосын:

— Не болды-ей, қатыныңның артынан тұра жүгіріп. Кетіп қалады деп қорықтың ба? — Шешем оқты көзін маған қадады.

— Жүріңіздер, шай ішейік. Бауырсақ пісіріп, ішек-қарын аршып көмектескен көршілерге арналған дастархан жайылыпты, — деймін ұрыс-керістен бойымды ала қашып.

— Қатыныңмен іш. Ішпеймін шайларыңды. Құдай біледі екі жүз мыңдай ақшаны қатының алып алды. Өй, бір, ынжық сорлы. Елдің ұлдары әйелдеріне айтқандарын істетіп, қатты ұстайды. Бұл жетпегір Айнұрды көрсе, аузы ашылып, мәймөңкелеп қалады.

Менен жауап болмағасын апам Лекерге бұрылды:

— Аға-әпкелерім бір тиын да қосқан жоқ. Барлығын мен жасап жатырмын деп бұртиып жүрген. Мен бәрін көзінен оқимын бұл қарабеттің. Қанына қалай тартқан, ә? Анау марқұм әкесіндей іші тар, арам бұның.

Жақ ашпастан бөлмеден шықтым.

— Ақсуда қаңғып жүрген жеріңнен алып келіп, Алматыда оқытып, адам қылған әпкелерің болатын. Алқаш әкең емес.

Шешемнің дауысы далаға шыға берістегі ауыз үйдің табылдырығына аяғым тигенде де құлағыма жетіп жатты.

Теңселіп тысқа да жеттім-ау. Жан дүнием үңірейіп, көңілім құлазып кетті. Қора жаққа барам, көшеге шығам, өзімді қоярға жер табар емеспін. Біраз сенделіп барып, аула сыртындағы орындықта отырған Алдаш ағамның қасына барып тізе бүктім. Екі иығының ортасына басын жасырып, будақтатып отыр. Мен де езуіме бір тал шылымды қыстырдым. Мұрныма темекі түтіні мен арақ араласқан жағымсыз иіс келді.

— Ауғанстанда әр қадам сайын бізді ажал күтіп тұратын. Қаңғыған бір қорғасын оқ шыбын жаныңды алуы әбден мүмкін еді. — Мені тыңда дегендей бауырым маған тесіле қарады. Е-е-е, тыңдап отыр екенсің ғой дегендей, басын қайта төмен салып, сөйлеп кетті. — Жастық қой, өлімнен қорқу дегенді білмейтінбіз. Дұшпанның қару-жарақ тасыған керуенін жою үшін қаншама жорықтарға шықтым. Қаншама жігіттердің ауған даласында сүйегі қалғанын мына маңдайдағы екі көзбен көрдім емес пе! Сол кезде. Иә сол кезде. — Алдаш астыңғы ернін тістеп, отырған ағаш орындығымызды жұдырығымен бір соқты. Тағы да темекіге қол созып, сөзін жалғады.

— Қараш, бұл жолы ажалдан қатты қорықтым. Әкеміз ешқашан да өлмейтіндей көрінуші еді маған. Барлығы аяқастынан екен-ау. Ойлашы, енді шешем де өліп қалуы мүмкін ғой. «Қарттықтың келгені — ажалдың таяғаны» деген сөз. Әкем өлмей, оның орнына мен өлуім керек еді. Егер де әкеңнің орнына өміріңді бер десе, ойланбастан кеудемдегі жанымды суырып берер ем. — Соңғы сөзі сенімді шыққан Алдаш иығын көтеріп, артындағы қашаға сүйенді. «Сен не айтасың?» деп сөз кезегін маған бергендей. Тірлік атаулыдан хабар беріп тұрған Алдаштың дауысы болса керек. Айнала жым-жырт бола қалған, тек еңкейіп бара жатқан күннің ұясына батқысы жоқ сияқты. Былай отыра берсем мені иектеген мұң зілбатпан боп еңсемді тіптен езіп жіберетіндей. Үнсіздіктен қашып, тұруға ыңғайландым. Мұны сезген Алдаш:

— Дүкенге барып келші — деді. Жауабымды күтпестен.

— Бір қорап шылым. Сосын екі бөтелке сыра ал. Тек шешем байқап қоймасын. — Сөз соңын өтінішпен түйіндеп тастады. Шешем байқап қоймасын дей ме? Әкем болса, «шешең байқап қоймасын, бір читушкаға ақша тастап кетші» деуші еді…

* * *

Шешемнің айтуынша, әкем менің өмірге келуімді қатты күтіпті. Алдаш әже баласы атанғасын өзі өбіп-қағатын, армансыз еркелетіп, шаршағанда мауқын басатын ұл баланы аңсаған.

— Саған дейін бес қыз таптым. Біреуі бес айлық кезінде суық тиіп, шетінеп кетті. Үшінші әпкеңе аяғым ауыр болғанда, «шартиып отырысын қарашы, тағы да қыз табасың» деп әкең боқтайтын. Жаспын ғой, ұл таба алмағаныма өзімді кінәлап, түн баласы кірпіктерім айқаспай, жылап, ұйықтамаушы едім. Бесінші қыз Қамарды туғанымда медбикелер байқамай, ауыстырып қойған. «Сен неге сәбиге ие болмадың? Менің ұлым қайда?» — деп перзентханада шу көтеріп, мені аямай сыбап еді. Ішіп алып шығарып жүргені ғой дегеніммен, артынша осының есі ауысып кеткен жоқ па деп уайым жегем. Ақыры әкеңнің таяғын жеп, боқтығын естіп жүріп, сені мына жарық дүниеге алып келдім. Иә, жас күнімде таяқты жедім. Қазақта таяқ жемеген қатын жоқ шығар. Кейін ғой ішіп алып, есімді ала берген соң тартып-тартып жіберетін болдым. Сенің шілдеханаңа әкең Қоңырдан бір жылқыны әкеп бір-ақ жықты. Күн демей, түн демей ішті. Ұлым қырқынан шыққасын қоям деді. Сосын бір жасқа толсын. Мектепке барсын. Мектеп бітірсін, аузыма алмаймын деп ант-су ішті. Міне, сенің ұлыңды сүйіп отыр. Қоятын түрі жоқ. Алдаш айтпақшы, өлгенде қояды, өлгенде.

Әкем тысқа қандай да бір шаруа жасамақ болып шығып кеткенде шешей осылай өткеннен сыр шертіп отыратын. Біздің дастархан басындағы ұзақ әңгіме әкеме ұнамайтын-ды. Артынша анама «Ұлың екеуің мені жамандадыңдар ма?» деп тықақтаушы еді жарықтық.

Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде әкемнің қатты араққа салынғанын көрмедім. Бос уақытында қолына қалың-қалың кітаптарды алып оқып отыратын. Шамасы, үйдегі барлық кітапты тауысып тастаған-ау, совхоздың кітапханасына аптасына бір рет баратын-ды. Мені тастамай, қасына ертіп алатын. Кітапхананың босағасынан аттағанда қасында ұлы барын ұмытып, кітаптардың бетін көп парақтайды. Кейде оқып кетеді. Қысқасы, біз ол жерде ұзақ жүретінбіз. Әке іс-әрекетін қызықтап жүріп, оның жасағанын қайталаймын. Көбіне-көп мен ертегі кітаптардың суреттерін тамашалап кететінмін. Әкем ақыры ұзақ таңдап жүріп, үш-төрт кітапты жаздырып алады. Мен де кітапханадан бос қайтпай, үлкен «Төрт батыр» деген сұр кітапты қолтықтап шығушы едім. Көшеде кезігіп қалған жұрт әкеме иіле сәлем беріп, бір-біріне:

— Ыбекең совхоздың кітапханасын екінші қайтара оқып жатыр-ау. Ресейден «Роман-газета» журналын да жаздыртып оқиды, — деп өзара пыш-пыштайтын. Сондай білімдар адаммен қатар жүруді бала болсам да өзіме мәртебе санайтынмын. Әкем кітабын столға қойып, өзі орындыққа отырып тапжылмай оқитын. Күндіз бір-екі сағат. Ал кейде түнімен отыратын. Шешем де кітап оқитын. Бірақ ол кісі жантайып қарайды. Ұзақ уақыт жазушы шығармасына телміруге шыдамы жетпей ме: «Қой, онсыз да шаруам көп. Жұмыс істейін. Бұл үйде менсіз де бір қари бар. Ол қариға бала қари қосылды» деп, кітабын тастай салатын.

— Ылғи қызық кітаптарды өзің оқып, оны зып беріп кітапханаға апарып тастайсың. Оқығаныңды бізге де айтсаңшы, — дейтін әкеме. Көкем сырт көзге тұйық, сөзге сараң болғанымен бір шешілсе, сөзге шешен-тұғын. Шешен болғанда да тілін орынсыз беземей, оқыған кітабын ұғынықты етіп әдемілеп айтып беретін. Қамар екеумізге қосылып, шешемнің де аузы ашылып, мұқият тыңдап қалатын. Әкем суретті де тамаша салатын. Дәптеріме небір керемет суреттерді салып беруші еді. Сурет пәнінен беретін көкемнің құрдасы Мұсабек ағай: «Әкеңе бес!» деп семіз бестікті быттитын қоятын.

— Бұл үздік баға — әкеңе қойылған баға. Келесі сабақта өзіңнің суретіңді күтемін, — деуші еді мұғалім. Сыныптастарымның алдында беделімді көтергісі келе ме, әлде, құрдасын алдағысы келе ме, әкем кезекті үй тапсырмасына бар өнерін салмай кірісетін. Бәрібір Мұсабек ағай: «Құрдасыма бұл жолы плюс үш» деп менің күнделігіме өз бағасын сүйкей салатын. Ондай кезде айламызды тағы да асыра алмадық, енді қайтсек болады деп амалым таусылып, аңтарылып қалам. Әкемнің бұл суретшілік өнерін шешем жақсы пайдаланады. Шалын мақтап отырып қатты картон қағазға түрлі ою-өрнектердің суретін салғызып, оны қайшымен қиып алатын. Сосын оны маталардың үстіне қойып, ою-өрнекті айналдыра қарындашпен жүргізіп шығады. Ою ойып, көрпе тіккен ісмер әйелдің кейпіне еніп, тамаша туындыларын ауыл әйелдеріне көрсетуді ұмытпайды. «Айғыз-ау, неше түрлі қошқар мүйізді, маралмүйіз, аймүйізді қалай әдемілеп ойғансың? Бізге де үйретші» деп қатын-қалаштар шешемді мақтап жататын. Ондай кезде әкем анамды қаумалаған әйелдерге қарап, миығынан ғана күліп қоятын. Жұрт таңдай қағып, үйден кеткесін апам жайнатып дастархан жасап, біздерге дәмділеп шай береді. Әкем екеуі Семейде өткен студенттік шақтарын естеріне алып, шүйіркелесіп үстел басында ұзақ отырушы еді.

Мен сегізінші сыныпқа өткенде әкем жұмыссыз қалды. Дәрігер Ыбырай атанған көкем диқаншылықпен айналыса бастады. Өз ісіне ұқыпты, қара жұмысқа кейбіреулердей кірпиязданбай, білегін сыбанып кірісіп кетеді. Ақ халатын шешіп, қолына кетпен, күрегін алып, күн ұзақ бақшада тынбай еңбек ететін. Қызылбелдің жомарт жері ерінбеген адамға жемісін аямай береді. Көрші-қолаң көктемгі уақытта тұқымдықты бізден алатын. Шешей: «Бір тиынға болса да сат. Қазір тегін дүние жоқ» десе де, әкем сұрап келгендерден ақы алмайтын. Ала жаздай бақшаның маңына жоламайтын біз күзде ғана сол жақты торитынбыз. Торымай қайтесің? Иісі мұрныңды жаратын балдай тәтті сарғайып келе жатқан қауындар көздің құртына айналып, өзіне тартып-ақ тұрады. Және де «көршінің тауықтары бақшаға кіріп кетпесін, көз қырыңды сала жүр» деген әжемнің тапсырмасы бар. Түс кезі болатын. Қыстыкүнге отын жинайтын қораның төбесіне шығып, бақша жаққа көз жүгірттім. Қияр мен қызанақ өсіп тұрған жақта ешкім жоқ. Қауын-қарбызға да көршінің тауықтары түспеген. Тек бір-біріне арық бойы қарсы өскен сыбыртқы мен күнбағыс ортасында басындағы ақ кепкасы ағараңдап, біреудің төбесі көрінді. «Бұл кім екен-ей?» деп өкшемді көтеріп қарадым. Бойым жетер емес. Қап, құтылып кететін болды ғой деген оймен:

— Апа, Қамар, бақшаға ұры түсті. Ұстаңдар, ұстаңдар, — деп айқай салдым. Үйдегілер лезде атып шықты. Шешем «ұрыны» бірден таныды.

— Әй, Ыбаш, таста қолыңдағы картошканы. Құдай-ай, үйдегінің бәрін сатып бітетін болдың ғой. Қыста анау «купи-продай» Гуля қатынға ет тасиды. Күзде бау-бақшаны. Арақ жеті атаңнан қалған ас па еді, қу алқаш! — деді екі иығын жұлып жеп. Қамар шешемнің бұйрығын күтпестен ұзыннан-ұзақ өскен күнбағыс пен сыбыртқының арасына кіріп, бір шелек картошканы алып келіп, апамның алдына қойды. Әкемде үн жоқ. Дыбыс шығаратын емес.

— Ей, тіліңді жұтып қойдың ба? Шық ана жақтан, — деді апам. Сосын Қамарға үйден оқтауды алып шығуын бұйырды. Сәлден соң барып әкем шығып:

— Не болды-ей, ақырзаман орнағандай зарлап. Сен қатынға бір жақпадым ғой. Сатсам өзімнің жаздайғы еңбегім. Шаршап жүргесін бір елу грам ішейін деп ем.

— Еңбегім? Ей, есі дұрыс адам еңбегін орыстың самопал жаман арағына айырбастай ма? Өз бала-шағаңның ауызынан жырып отырғаныңа ұялсаң етті. Өз үйіңнен өзің ұрлап.

— Болды-ей. Айқайлама енді. Елден ұят емес пе?

— Елден емес, өзіңнен ұял, алқаш. Онсыз да жұрт сенің алқаш екеніңді біледі. Больницаның тегін спирті жоқ. Таңдайың құрғап жүр ғой, байқұс.

Әкей бұдан әрі сөзге барыспады. Сенімен тәжікелесетін уақытым жоқ дегендей қолына күрегін алып, қиярға су салуға кетіп қалды. Мен болсам, қораның төбесінде мелшиген күйі тұрып қалыппын. Бір сәт бақшаның арғы шетіне қарап едім, үйдің есігін қарауылдауы тиіс болған көрші Шурик ағай еңбектеп өз бақшасына қарай бара жатыр екен. Сол күні олар жетім қыздың тойын атап өте алмады.

* * *

Әкемнің қырқы өткеннен кейін шешем қатты ауырып, төсек тартып қалды. Қызуы көтеріліп, суық терге малтықты. Тұла бойы құрысып, жүрегі солқылдап әрең дем алады. Әдетте апамның аяқасты ауруында бір еркеліктің нышаны байқалатын. Ыңқыл-сыңқылы ары кетсе бір-екі күнде басылып кетуші еді. Я болмаса, оның ауруын қонаққа барып, аз уақыттың ішінде жазып алушы едік. Бұл жолы жағдай қиын. Бірер күннен кейін тіпті жүріп-тұрудан қалды. Әйелім екеуімізден маза қашты. Панасыз қалған қоянның көжектеріндей бір-бірімізге үрпие қараймыз. Анамның мына күйіне жүрегім ауырып, жанымды қоярға жер табар емеспін. Кеңсірігім ашып, көзімнің шарасына ыстық жас келді.

— Осы үйдің ендігі еркегі сен! Көз жасыңды маған, қатының мен балаңа көрсетпе. Өлсем әкеңнің қасына барармын, — деді шешем көзін жұмып жатып. Маған көз қиығын салмаса да менің мүшкіл халімді сезіп жатыр. Әлсіздікті суқаны сүймейтін шешей бар күшін бойына жинап, біздің қорқынышымызды жеңу үшін дауысын зорайтып, сенімді мақаммен қайта үн қатты. — Жарықтық әжең елуге келгенде Талдықорғанның базарынан 20 метр ақ бәтес алған ем. Ертерек алсаң, қара жерге түспеймін деп ақ кебін құдайдан тілеу тілейді екен ғой. Содан болар, енем тоқсан бес жасқа қараған шағында жарықтық бұ фәнимен қош айтысып, бақиға жүріп кетті. Араларыңда біраз жүрейін деп өзіме де ертерек алып қойғам. Әжеңе қарағанда етжеңдімін ғой. Өзіме жиырма бес метр шыт алғам, бәтес табылмаған соң. Амал нешік, құдай жанымды алғалы тұрған сияқты. Тек құдай қор қылмай алса екен деймін. Тілім жаман ғой. Әкеңді «алқаш, жағың қарысып қалсын» деп талай қарғыстап едім. Жағы қарысып өлді ғой. Менің тегінде қарғысым қатты. Баяғыда үлкендер «байының бетінен алған қатынды құдай ондырмайды» деуші еді. Міне, енді Алла әкеңнің артынан мені де алайын деген екен. Қараш, сен маған еш ренжіме, балам. Шешем мені жек көреді деп ойлайтын шығарсың. Жасық болмасын, елге есесі кетпесін деп саған ұрысам ғой. Е-е-е, бірақ, бәрібір әкеңдей болдың. Мен өлсем төрт әпкеңді керек те қылмайтын шығарсың. Есіңе сақта, оларға қарайласпасаң көрімде тыныш жатпаймын.

Осы сөзінен кейін барып бір көзін ашып маған қарады да, әңгімесін қайта жалғады.

— Қараштай, қазір кімнің әпкелері байдан қайтып кеп жатқан жоқ. Арақ ішпей, темекі тартпай, намаз оқып жүрген қыз-келіншек кемде-кем. Қыз баланы қазақ қашан да сыйлаған. Лекер қанша ішсе де байы, балалары бар. Басында үйі мен қазаны бар ғой. Қамар да, әйтеуір, жаман байымен кісі босағасында емес, өз шаңырағында отыр. Бұнда Әсем мен Бәтимаш қой байсыз, үйсіз-күйсіз, сонысымен қоймай қамсыз жүрген. Бір күні оларға да ақыл кіретін шығар. Жастары қырықтан асты ғой. Ақыл кіретін уақыт болды. Балалары да өсіп қалды. Айтпақшы, анау Алдаш ағаң сияқты қатын ұрма. Қатынын ұрған еркек әсілі оңбайды. Құдай жолын оңғармайды. Алдаштың жарымай жүргені де сол ғой. Ауғанда соғыс көрген бала ғой. Миы да дұрыс істемейді.

Зәре құтым қалмай, шешемнің сөзін бөлместен бар айтқанын үнсіз тыңдап шықтым. Әсте маған деген аналық мейірімін сыртқа шығармайтын шешем жүрегімді елжіретіп жіберді. Мені отбасымызға ес көріп отыр емес пе. Сол күні шешемнің маған артқан жауапкершілігі мені есейтіп, бір жағынан оның ауыр хәлі қатты алаңдатты. Күн ұясына кіріп, кірпік ілер уақытта әр нәрсені бір ойлап ұйықтай алмадым. Кенеттен келген әке өлімі үрей туғызып, қарыс жердегі қаза шаңырағымызға жетіп келсе қайтпекпін…

Қай сағатта көз ілгенім есімде жоқ, қорқыныш үстінде әйтеуір ұйықтап кетіппін. Таңертең ұйқымнан шешемнің дауысы оятты.

— Қараш, Айнұр, тұрыңдар! Арынов ағамның үйіндегі жеңгем балаларымен келе жатыр. Әкеңе көңіл айтпақшы. Тұра ғойыңдар енді тездетіп.

Өз көзіме өзім сенер емеспін. Жүзі сәл шаршаңқы болғанымен шешем бүгін ширақ. Есінеп, тағы да көз шырымын алып алғым келіп еді, анамның мына кейпіне қарап ұйқым ашылып кетті.

— Денсаулығыңыз қалай, денсаулығыңыз, — дей бердім сасқанымнан.

— Е, мені құдай алады деймісің. Тұр-тұрдан хабар келгенде ұйқыдан маза кетеді деген. Арыновтар келеді деймін. Түрегеліп қазанға салатын етіңді Айнұрға дайындап бер.

Алла тағала көп көрмесін, шешемнің туыстары аз емес. Нағашылардың біразын танымайтыным да бар еді, бірақ, Арыновтар дегенді ет құлағым бірінші рет естіп отырғасын «Арынов» кім дегендей анама сұраулы жүзбен қарадым.

— Арынов деген Молалыда тұрғанда етене араласқан садыр ішінде мен сияқты малқар ағам болған. Мектепте бірге сабақ бергенбіз. Сен ол кезде бар-жоғы төрт жастасың, есіңде жоқ қой. Сол ағайымның үйіндегі жеңгем ұл-қызымен келе жатыр. Бөріхан ағам өзі қайтыс болып кеткен.

Шешемнің бұл сөзіне селқостық танытып, «е-е-е, алыс бір ағайын екен ғой» дегендей жастығыма қайта жантая кеттім.

— Өй, түрегелсеңші, — деді шешем. Даусы ренішті шыққандай естілді.

— Ұшып келмейтін шығар. Дайындалып үлгереміз. Жата тұрайыншы, — деймін еркелей.

— Қараштай, ұшып келеді, ұшып келеді, — деп шешем қояр емес. — Олардың дәу джиптары бар екен. Алдаш ағаңмен оқыған ұлы полицияда подполковник, қызы банкте бастық екен. Ойбу, ұмытып барам ғой, ағаң мен Лекер, Бәтимашқа қоңырау шалайын. Келсін. Кім біледі, ақшасы молырақ тәуір жұмыс тауып бере ме. Бір елдің, бір жердің адамдары емеспіз бе, шарапаттары тиіп қалар. Сен әкең сықылды болмасаңшы. Кісіге жұғысты болу керек. Саған да кейін бір көмегі болып қалар деп шешем жүре сөйлеп, келесі бөлмедегі телефон аппаратына қарай беттеді. Төсектен тұрып, киіне бастадым. Телефон тұтқасына қолы жеткен шешем әпкеммен айқайлап сөйлесе жөнелді.

— Иә, иә, теміржолға таяу жерде тұрған Арыновтар. Әйбат киініп келіңдер. Назеркені өзіңмен алып кел. Қалған балаларың байыңмен үйде қалсын. Керек емес, керек емес. Қараштың домбырасы бар ғой. Соны тартып берер. Айтпақшы, Бәтимашқа айт, балаларынсыз келсін. Ұлы аумаған наркаман күйеуі сияқты. Қызының көзі сықсиған, тура алқаш енесіне тартқан. Жақсы, жақсы. Бала болғанда, мен оларды жек көріп, бөлектеп отырғаным жоқ қой. Елмен бірге топырламасын дегенім. Келген елді күтеміз бе, әлде балаларды қойша «қой-қой» деп қайырып отырамыз ба? Сосын Алдашқа звондап келсін деп айт. Қатыны керек емес. Ұлдарымен үйінде отырсын. Өз ұлым келсе болды!

Осылайша үлкен қызына тапсырманы беріп тастаған анам асхана жаққа барып келініне бір шаруаларды айта бастады.

* * *

Түс кезінде күткен кісілер сау етіп жетіп келді. Шешем «жеңешем-ай» деп жылап көріскен Гүлдерхан апа жасы жетпістің бел ортасындағы ақ-сары адам екен. Ұлы қапсағай денелі, қабағы бір ашылмайтын, сөзге сараңдығы жүзінен шығып тұрған дәу сары. Қызы менің Лекер әпкеммен қатар оқыпты. Орта бойлы, қасы-көзінен бастап тырнағына дейін бояп алған. Кербездене күлген күлкісі өзіне сондай жарасымды. Тек орыс тілінде ғана тілдесіп отырды. Көптен көрмеген ауылдастарымызды төргі бөлмедегі үлкен үстелге жайғастырып, келіншегіміз екеуміз ағымыздан жарылып күтудеміз. Қазақы дағды бойынша бірінші дастарханға шай келді. Шайдан соң ет қойылып, артынша жиналғандар екінші қайтара сораптап ұзақ шай ішуге кірісті. Гүлдерхан апа балаларымен аса әңгімеге жоқ болып шықты. Сөз тізгіні көбінде шешем мен әпкемде. Бәтимаштың Аграрлық университеттің экономика факультетін аяқтағаны айтылды. Білдей бір банктің департаментіне басшылық ететін Динаға «бұндай жауапты қызметте қасыңда сенімді, жақын адамың болғаны дұрыс қой» деп анам кеңес те беріп қойды сөз арасында. Тырнағы өрнектеле боялған кербез «нағашы» әпкем басын изеп, күліп қана жауап қатқан болды. Гүлдерхан апа өткен-кеткенге аз тоқталып, әкемді еске алып өткен күннің жылы бір естелігімен бөлісті. Көңіл айтып келгесін марқұм жайлы бір ауыз сөз айтуды міндет санаған болу керек. Өзін кінәздау ұстаған ақ-сары кемпір дастарханға көп қол созбай, кірпияздығын көрсетіп отырды. Әйелім меймандос көңілмен:

— Астан алып отырсаңызшы, — деп еді, асқазанына шағымданып, сөз соңын ризашылығын білдіре аяқтады. Подполковник мырза болса біздің тараптан қойылған сұраққа қысқа жауап қайырғаны болмаса, әңгімеге араласқан жоқ-ты. Көбіне-көп сипайтын қалта телефонын шұқылайды. Біздің отбасында келген қонақтарға альбом көрсету әдеті бар-тын. Содан жаңылмай, көңіл айта келгендердің қолына екі-үштен альбом ұстатып, үшеуін үш жаққа бөліп алдық. Әйтсе де, олар мұншама көп суреттерді көруге құлықсыздық танытып, көп бөгелмей қайтуға ыңғайланды. Тағы да отырып, бір шәугім шай ішейік деген өтінішімізге «шаруаларымыз бар еді» деп сыпайы жауап қайырып, қоштасты. Алдаш ағам «мен шығарып салайын» деп Арыновтармен бірге тысқа шықты.

— Дина бұрын орысша вообще сөйлей алмайтын. Қазір үйреніп алыпты ғой. — Ауылдастарымыз шығар-шықпастан Лекер осылай сөз бастады.

— Понтуется. — Бәтимаш әпкесін қостап қойды.

— Мама, Динаға Бәтимашты жұмысқа алсаңшы дегендей неменеге емеурін таныттың? Өзінше болып қалды ғой.

— Поштадан гөрі банкте ақша тәуір емес пе? Бәтимаш көбірек ақша тапсын дегенім ғой.

Бәтимаш:

— Ой, мама, ауылбайский замашкіні қойшы. Көмектесетін адамға ұқсамайды. Мақтану үшін келген сияқты ғой. Айфонын қайта-қайта сумкасынан алып шыға берді, шыға берді.

— Кстати, Батимаш, Дина ажырасқан екен. Маған бағана тысқа шыққанда жігіт тауып берші деді. Бұрын мектепте де жігіттермен ей не везло. Қазір де.

— Үшеуі бір машинамен келсе болар еді ғой. Екі джиппен келіпті. Көрсету үшін ғой. — Бәтимаш сөзін кекесін күлкімен көмкеріп барып тоқтады. Біздің қатын да тыныш отырмай қайынбикесін қостай жөнелді.

— Иә, екі машинамен келіпті. Олары несі екен?

— Екі мәшінемен келсе, не бопты? Гүлдерхан қызымен тұрады. Ұлы бөлек тұрады екен. Жолдары түйіспейтін шығар. Неменеге Дина ажырасқан екен деп күлесіңдер. Лекер, екі сіңлің де байдан қайтып, кер маралдай керіліп, сылаңдап жүр емес пе. Күйеулерінен бір тиын да ала алмай, пәтер жалдап. Қыздың үлкені болып сіңлілеріңе ақыл айтқанның орнына желігі басылмағандармен бірге сыра ішіп сен жүрсің. Жалғызбасты болса да Динаның басында үйі, астында машинасы, қызметі бар. Құдай-ау, осы елдің қыздарының ақылы бар да, біздің шәштәкулер неге ғана санасыз болды екен. Көрмейсіңдер ме, шешелерін үлде мен бүлдеге орап тастаған. Қолы-басының бәрі алтын.

Лекер мен Бәтимаш бір-біріне «эх, баяғы сол әңгіме қайта басталды» дегендей қарап, үстелден бастарын көтермеді. Осы кезде бөлмеге Алдаш келіп «нағашыларды шығарып салдық» деп диванға кеп жайғасқаны сол еді, анам:

— Полиция кластасыңмен жұмысқа байланысты сөйлестің бе? — деді жақтырмай.

— Ертең жұмысқа шық деп отыр. Бір тал темекі тартып болғанымша 150 мың теңгелік айлығы бар жұмыс тауып берді. Біздің кластас мықты болып кетіпті, — деп қойып қалды Алдаш екі көзін кезек қысып, басын шайқай. Анамнан басқамыз бұндай жауапқа шыдай алмай, қарқылдап күліп жібердік. Біздің күлкіміз апамның зығырданын қайнатты.

— Осылай кері сөйлеп, кері кетіп жүрген баласың ғой. Сен неменеңе жетісіп осылай сөйлейсің, Алдаш?

— Ой, енді, апа сіз де қызықсыз. Пәленбай жыл көрмей, бір көргенде жұмыстың шаруасын қалай айтам?

— Е-е-е, әкең сықылды кісі бетіне қарай алмайсың ғой сен де.

— Басымды қатырмашы, болды. Қазір, міне, көзіңше звондап, «жұмыс тауып бер» деп айтайын. Алдаш әдеттегідей шорт кетті.

— Немене маған міндетсінесің? Өзіңе жақсы болса, жүр өстіп қырық мың теңгеге бос қоймаларды күзетіп.

Шешем одан ары Алдашқа да, Лекер мен Бәтимашқа да тіс жармады. «Шаршадым, белімді жазайын» деп өз бөлмесіне кіріп кетті. Аздаған уақыттан соң ғана:

— Айнұр, әй, Айнұр, мыналар өз үйлеріне қайтатын шығар. Әрқайсысына жейтін бір нәрселерін салып бер. Мен ұйықтадым, шамды өшіріңдер, балалар теледидардың дауысын бассын, — деп сөйлеп жатты.

«Жазықсыздан-жазықсыз Айнұрдың енесінің қаһарына ұшырадық-ау» деп әпкелерім әйелім екеумізге сықылықтай күліп, жинала бастады. Алдаш болса шешеммен болған әңгімеден кейін тұнжырай түскен бұйығы күйден арылмай, салқын қоштасып кетіп қалды. Ақтарыла әңгіме айтылмаса да Арыновтармен болған емен-жарқын отырыстың ізі де қалмады. Айнұр екеуміз анамызды оятып алмайық деп аяғымыздың ұшымен жүріп дастарханды жинастыра бастадық.

* * *

Кешқұрым уақыт-тұғын. Дастархан басында шешем, әйелім, ұлым төртеуміз тамақтанып отыр едік, қалта телефоным безілдеп қоя берді.

— Алло, Қараш? — Бөтен нөмір болса да жеңгем Айжамалдың даусын бірден танып:

— Тыңдап тұрмын. Амансыңдар ма? — деймін күндегідей жайбарақат. Жалғыз емес екенімді Айжамал бірден сезсе керек, дауысын баяулатып, «мен екенімді сездірмеші» деп өтініш қылды. Даусынан еңсесінің түсіңкі екенін біліп:

— Айта бер, Нұрланбек, — деп далаға шығып кеттім. Жеңгем көп айналсоқтамай, не үшін суыт хабарласқанын айта бастады. Алдаш ішіп алып, мас күйінде көлігіне отырып кеткен-тұғын. Ауылдан шыға берісте қалаға қатынайтын автобусқа соғысып қалды деп қысқаша баян етті. Бір себеп тауып үйден шық. Тек апам біліп қоймаса екен деген өтінішін бірнеше мәрте шегелеп айтты. Жеңгем айтқан жерге алып-ұшып жетіп бардым. Алдаш есін білмейді екен. Маған бажырая қарағанымен танитын хәлде емес. Автобустың шопырында шаруасы жоқ. Өз көлігін айналсоқтап есігін аша алмай әуреленіп жүр. Нексия автокөлігінің сол жақтағы екі есігі де ішіне жапырайып кіріп кетіпті. Темірі жұқа өзбек көлігінің алды да мыжырайып, артқы бір дөңгелегінің қалай кері айналып кеткені мүлдем түсініксіз. Көлікке бір қараймын, ағама бір қараймын. «Қалай аман қалған?». Салы суға кеткен жеңгем тұр, екі көзі тас төбесіне шығып. «Енді қайттік, енді қайттік?» — дейді жаныма таяу келіп. Автобустың жүргізушісі де маған келіп, болған жайды айта бастады. Жасы үлкендеу кісі екен. Қатты қорқып қалса керек-ті, дауысы дірілдеп әрең шықты.

— Соңғы рейсім еді. Қаладан адамдарды тиеп алып келе жатқам. Мына сары нексия алдымнан қалай сап ете қалғанын да байқамай қалдым. Қатты жылдамдықпен ызғытып келеді. Ыстық-суығы басылмаған жас шопырлардың бірі шығар деп топшылап үлгергенім сол еді, енді қарасам, қарама-қарсы жолаққа шығып үлгеріпті. Рульді дер кезінде бұрып үлгердім. Салон толы адам. Арасында жас сәбилер де бар-тұғын. Құдай сақтады, құдай сақтады, — деп барып ентігін басып, сөзін әрең бітірді.

— Иә, құдай оңдап, бастысы, адам шығыны жоқ. Біздің машина мыжылған қалбырдай болып қалыпты. Сіздің автобусыңызды көрейік деп қоғамдық көлікке қарай беттедім. Қоғамдық көліктің бір жақ шеті ғана сырылған екен. «Е-е-е, бұның жарасы жеңіл екен» деп ішімнен бір ойлап қойдым. Ендігі мәселе, бұл кісі жол полициясын шақырды ма екен деймін. Ұзын бойлы, талпақтау танаулы мұртты ойымды оқып қойғандай:

— Балам, жол полициясын шақырғанымыз жоқ. Олар келсе шаруаның қиындай түсетінін білеміз. Маған жөндеу жұмысына отыз мың теңге бер де, өз жөндеріңе кете беріңдер.

— Отыз мың теңге? Оу, көкесі, автобусыңыздың бір жақ шеті болмашы ғана сырылған ғой.

Бағанадан бері сабырлы кейіпте сөйлесіп тұрған жүргізуші де даусын зорайта сөйлей жөнелді.

— Бұл болмашы ғана майысқан жерді жасау үшін автобус СТО-да үш күн тұрады. Үш күннің шығыны бар емес пе?

Ұзын-тұра мұрттының қасында жүрген орта бойлы шикіл сары жігіт маған сауал тастай, ортаға килігіп кетті.

— Бауырым, мына ішіп алған адам сенің кімің?

— Ағам!

— Туған ба?

— Иә.

— Онда неге әңгімені созып тұрсың. Отыз мың теңгені «рақмет» айтып беріп кететін жөнің бар. Біз егер жол полициясын шақырсақ, ағаңның жүргізуші куәлігін бірнеше жылға алып қояды. Машинасын айыппұл тұрағына алып кетеді.

Шикіл сарының айтқаны жөн. Ешқандай да уәж айта алмастан қолымды төс қалтама салып, әмиянымнан айтқан ақшаларын беріп, алғысымды білдірдім. Дал-далы шыққан ағамның машинасын жолдың шетіне шығарып, Алдаш пен Айжамалды өз көлігіме салып алып, ауылға қарай тарттық.

Анам бұл оқиғадан хабардар болғанда қатты ашуланды. Ыбаш сойысқа қалдырған елдегі малды сатып, зейнетақысынан жинаған ақшасын қосып, алып берген ат көлік еді. Әкесінің көзіндей көріп, мініп жүретін жөні бар емес пе. «Е-е-е, әкенің малы балаға мал емес» деген рас екен-ау деп торықты. Жаяу қалған Алдаш өз ісіне, әрине, іштей қатты өкініп, көңілі сынық күйде ұзақ жүрді. Біраз уақытқа дейін шешемізден қашқалақтап, біздікіне ат ізін салмай кетті. Қалбалақтап жүріп, тұзы жеңіл жеңгем апамның қолына түсіп қалды.

— Ей, қатын, сен неге байыңа ие бола алмай жүрсің? Өзінің өліп қалғаны түк емес. Біреуді мертіктірсе, кісі өлімі мойнында кетеді ғой. Атаң марқұм өмір бақи ішті. Ішкен кезде бір пәлеге ұшырап қалмасын деп қыр соңынан қалмайтынбыз. — Апам өткір көзін жеңгеме көк сүңгідей қадап, Алдашқа жинаған бар заһарын жеңгеме төкті.

— Мама, білесіз ғой, Алдаш менің тілімді алмайды. Тіпті ұрып та жібереді. — Айжамал басын төмен түсіріп жауап қатты.

— Таяқтан өлген қатын жоқ. Кілтін алып ,ешқайда жібермеу керек.

— Қайдам? Ішкен кезде балаңыз машинасына отырып алып Чапай жаққа тартады. Сол жақта жүріп жүрген біреуі бар. — Жеңгей бұл жолы басын көтеріп сенімді сөйледі.

— Байың басқа қатынға барса, маған неғыл дейсің? Қойныңның тікені бар да.

Бұл сөз Айжамалға ауыр тисе керек, жылап жіберді.

— Болды, жылама! Еркекті алдап-сулап ұстау керек. Даланың шаруасын істесе, болысқандай болып қасында жүріп, әңгімелесу керек.

— Алдаш үйдің де жұмысын істемейді. Күзеттен келген күні ұйықтайды. Ертеңінде Ауғанстан туралы соғыс киноларын көріп жатады. Қайталап көруден бір жалықпайды ғой. Сонысын түсіне алмадым. Әскерде бірге болған достарының әйелдерінен сұрасам олардың күйеулері ауған туралы киноларды көрмейді екен.

— Е-е-е, он сегізде қан майданның ортасына түсу оңай деймісің. Ол қатындардың байлары қашып-пысып, жөндеп соғыспаған да шығар. Алдаштайды жынды қылған ауған соғысы ғой, ауған соғысы.

Апам ақыры баяғысынша ағамды ақтауға кірісе бастады. Шешемнің бұнысына жыным ұстап:

— Неге біздің кезде соғыс болмады екен. Соғысып жынды болып келетін, — деп қойып қалдым.

— Ой, иттің баласы. Аузыңнан бір жақсы сөз шықпайды ғой. Соғыс болса, шекеңнің қызғанын көрер ем. Мына ілмиген түріңмен кө..ң бүрісіп, бір жерде қалар ең.

«Әй, қайным-ай, естиін дегенің осы ма?». Жеңгем көзінің астымен маған бір қарады. Сөйтіп Айжамалмен бірге мен де сол күні өз сыбағамды алған едім.

* * *

Қалай дегенде де Алдашты әкем марқұм қатты жақсы көретін. Оған деген көңілі бөлекше-тұғын. Алғаш әкелік сезімін оятқан, отбасы алдындағы жауапкершлікті сездірген тұңғыш перзенттің орны ерекше болса керек-ті. Ауызына ащы су тиген күні үлкен ұлына деген өкпе-ренішін шала-шарпы ұйқыда жатып білдіретін.

— Алдаш-ау, мына шаруаның реті былай еді. Сенікі тіптен теріс, — деп ұлымен бейне бір сұқбаттасып отырғандай өзімен-өзі сөйлесуші еді. Сау күнінде тіптен жақ ашпайды. Алдаш үйге келгенде асты-үстіне түсіп, алдынан жүгіріп шығатын. Кемпірінен бұрын шайды қойып жіберіп, түннен қалған етті жылытып дегендей. Әкемнің алпыстан асқандағы бұл балажандылығына мен қызғана қарайтынмын. Әкем, көкем деген сөзі жоқ болса да Алдашқа деген әкелік махаббаты көрініп-ақ тұрады. Қазір ойлап қарасам, әкеме менен гөрі ағам жақын болған сияқты. Бала күні даланың қара жұмысына анам мені жібермейтін.

— Қараштың қабырғасы қатаймаған. Дәусоғар, істесін бәрін, — деп мені үйден шығармай қоятын. Әрине, бұндай сөзге жаным кіріп, үйде жатам, сабақ оқығандай болып. Көкем мен Алдаш қи ояды, жуан-жуан ағаштарды аралап, оны жарады. Қолдарымен бірге тілдері де тыным таппай арасында қарқылдай күліп, қол сермей, бірнәрселерді талқылайтын. Сол кезде не айтты екен? Ағамның дауылдай лезде көтеріліп кететін мінезі шешеме тартқанымен, жомарттығы мен өтірік айта алмайтын шыншылдығы әкемнің қаны арқылы берілген-ді.

Бірде әкем, ағам үшеуміз оңашаланғанда әкей маған шахмат тақтасын ойынға әзірлеуімді сұрады. Ол осы бір ойынды күн ұзақ ойнаса да жалықпайтын. Ауылдан қарсылас таппай аудан орталығы Қапалға кетіп қалатын кездері де болушы еді. «Ыбырай қатыны қартаға ақша бермегесін осы қу тақтайын арқалап, шахматқа әуес болды» деп қыжыртатын құрдастары біздің шалды. Ол кісі болса: «Е-е-е, сендердікі жөн» деуші еді сөз таластырмай. Көкем шахматты Алдашқа да, маған да үшінші сыныпта үйреткен. Әр фигураның жүрістерін бірнеше қайтара көрсететін. Шахматқа ысылғанымша маған қарсы ферзясыз ойнайтын. Көбіне көп матты ат, офицер және «пешкі» арқылы қоятын.

Сонымен қойшы, әуелгі әңгімеге көшейін. Тақта дайын! Партияны ағам екеуміз бастадық. Екі ойынды ағам ұтып алды. Қабағым түсіп, шытынай қалғанымды Алдаш сезсе керек, үшінші партияны маған бере салды. Мен оны іштей сезгеніммен, тысқа шығармай, масаттанып әкеме қарап қоям. Кезек Алдаш пен көкеме келді. Екеуі ұзақ айқасты. Бірінші ойында көкем басым сияқты еді, ақыры пат болды. Екінші партияда уақытты үнемдейік деп блицқа көшіп, тең түсті. Қашан да Алдашты ұтып кететін әкем:

— Сен тәуір ойнайтын болыпсың ғой. Бұл бетіңнен таймасаң, мені ұтып кететін түрің бар. Әлде шахматтың біз білмейтін құпияларын интернет деген бәледен үйреніп жүрмісің? — деді, сыр тарта.

— Қайдағы интернет. Компьютерге немерелеріңіз жолатпайды. Мен мектептің чемпионы болғанмын кезінде, — деп мақтанды. «Мен білмеппін, ағаң чемпион екен ғой» дегендей әкеміз басын шайқап, таңдайын қаға маған қарап қойды.

— Рас. Чемпион болғам. Әлгі сізбен бірге жұмыс істеген тіс дәрігері Қуанышхан ағаның баласымен финалда ойнап, ұтып кеттім. Беркі деген ұлы бар еді ғой. Менен бір сынып төмен оқыған. Соны ұтқам. Ол ракировканы оң жаққа жасады. Мен сол жаққа ұзын ракировка жасап, оң жақтағы үш пешкімен шабуылдап, сіз сықылды пешкімен мат қойғам. Әкемнің көзі жанып кетті:

— Қуанышханың да бәле екен, ә? Ол да баласына шахмат үйреткен екен ғой. Қызылбелдің барлық «гройсмейстерін» ұтатынмын. Бірақ сол қызылкөзбен үнемі тең түсіп қалушы едім. Жеңіп жатсам да ойын соңында сытылып кететін. Сен соның баласын шын ұттың ба? — деп, әкем үш қайтара сұрады. Алдаш «Қыз Жібек» кинокартинасында жаудың бетін қалай қайтарғанын баяндайтын Бекежан батырдай кеудесін кере ойынның қалай өрбігенін үш рет майын тамызып тұрып, әрі өзіне сүйсіне әңгімелеп берді. Сол кезде көкем ағама қатты ырза болып, балаша қуанып еді. Әкемнің дәл бұлай шаттанғанын бұрын-соңды көргенім жоқ.



* * *

Таңсәріде қорымға кеткен біздер түс ауа солығымызды баса алмай, шаршап-шалдығып үйге оралдық. Ауылдағыдай күнделікті қара жұмыстан қол үзгесін адам деген ақ саусақ болып кетеді екен. Күректі қолың жатырқап, аз ғана қимылдағаныңа белің шойырылғандай бүгежектеп, жон арқаң тырысады. Төмпешік болып жатқан әке қабірін қоршап, басына құлпытасын орнатып келген бетіміз бұл. Алдаш ағам бас болып, бұл шаруаны жиенім Жеңіс, інім Санат болып атқардық. Көктем уақытында еріген қар суы әкейдің ендігі мекенін шайып кетпесін деп төрт бұрыштап ірге тасын құйдық. Жақыныңның өмірде болғанынан хабар беретін суық мәрмәр тас та адамға соншалықты қымбат болады екен-ау. «Ыбырай Ақтанұлы 07.06.1945 ж. – 17.04.2013 ж. Ардақты әке! Алладан рахмат, пайғамбардан шапағат болсын. Жарың, балаларың, немерелерің». Тастағы осы бір жазу бес күндік жалғанның байламына еш қарекет қыла алмайтыныңа көз жеткізеді. Зираттың төбесіне қадалған жарты ай көңілдің өңін бозартып, енді біздің шалдың көктің қойнындағы айға қарап ешқашан бет сипамайтынын еске салады.

Дүние ойлап тұрсам шолақ екен,

Адамдар бұл өмірге қонақ екен, — деген халық әніндегі бірер жолдар құлаққа кеп, «шолақ өміріңнің өзі көзді ашып-жұмғанша шолтаң ете қалады екен» деген тұжырым жасадым қалың қорым ортасында тұрып.

Біз жуынып-шайынып үйге кіргенде туған-туысқан, көрші көлеңнен құралған он бес шақты адам үстел басына жаңа жайғасыпты. Арнайы сойылған ақтылы қойдың басы молдаға тартылып, сүреге қол жайылды. Құран оқылып біткесін әйелдер жағы бас орамалдарын шешсе, алдына табақ келген еркектер ет турауға көшті. Ішке ел қонғанша, аздаған тыныштық орнап, тек ыдыс-аяқтың сылдыры ғана естіліп жатты. Бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытқан жұрт ара-арасында «тамаққа қолыңыз жетіп тұр ма, еттен алыңыз, ішіп-жеп отырыңыз», — деп үн шығарып отырды. Алдаш сүтпісірім уақыттан соң орнынан түрегеп, сөз алды.

— Уа, ағайын-туыс, құдайы көршілер, бүгін қасиетті жұма күні әкеміздің зиратын тұрғызып, өздеріңізді шақырдық. Әкеміздің садақасы деп бастарыңызды қосқан жайымыз. Алдарыңыздағы дәмнен алып отырыңыздар.

Сөзге шорқақ ағам үйдің үлкені болғасын амалсыз өз лебізін осылайша қысқа қайырды. Үстел басындағы көпшілік: «Қабыл болсын, қабыл болсын» айтып, «жөн екен, жөн екен» десті. Имам өз дәстүрі бойынша пайғамбарлар мен сахабалар өмірінен мысал келтіріп, уағызын айтты. Жиналғандар арасында кемпір-сампырлардың қатары көп болғасын жас молданы баласынды ма, оның сөзін үзіп-жұлып, ақыры өз әңгімелерін айтып кетті. Өткен-кеткеннен қайырып, руларындағы би мен батырларын түгендеп, ауыратын жерлерін айтуға көшкен-ді. Осы тұста көкемнің жаназасынан бері үйге ат ізін салмаған Әсем ортаға түсті.

— Сіздер осындай жерде бас қосқанда ғана ауырып жүргендеріңіз еске түседі. Уақытысында қаралмайсыздар. Содан балаларыңызға масыл болып, төсек тартып қаласыздар. Бізде ем-дом алмай өліп кетіп жатқан адамдар қаншама. Отырғандардың назары Әсемге бұрылды. Төр жақтағы егде тартқан бір кемпір:

— Е-е-е, емделмек түгілі өлуге уақыт жоқ. Сексеннен ассақ та үйдің оны-пұнысын жасап, кеш батырасың, — деп күрсінді.

— Апа, үйдің жұмысы бітпейді. Жас келгесін қаралу керек. Біздің папамыздың жүрегі, өкпесі ауыратын. Өзі дәрігер болса да қаралмады. Жүрді ананы жасау керек, мынаны жасау керек деп. Содан қайтыс болды. Адам ауырғанда емес, ауырмай тұрып аурудың алдын алу керек.

— Қазір ауруханаға барсаң сау адамды өлтіреді. Дәрігерге барудың қажеті жоқ. Жаның қиналып бара қалсаң анализ тапсыр, рентген түс деп сандалтады. Одан қалса бір дәптеріне жазуын жазып, алдындағы адамын ұмытып кетеді. Баяғының осы тамыр ұстайтын балгерлері дұрыс-ау. — Терезеге жақын отырған бір апамыз осылай тыжырына сөйледі. Әсем сасар емес:

— Кім айтты сіздерге емханаға, ауруханаға бар деп? Мира, Рита, кіреберіс бөлмедегіні алып келіңдерші. Мына кісілерге көрсетейік, — деп қасындағы екі келіншекке әмір етті. Шашын сап-сары қылып бояп алған, тырнадай аяғы ұзын сида әйел мен бойы быртық шашы күлгін түсті, екі қабат әукесі шыққан, етжеңді не қазақ екені, не орыс екені белгісіз құрбысы орындарынан тез түрегелді. Екеуі көп айналмай, қайтып жылдам оралды. Беті бұжыр-бұжыр төрт бұрышты құралды алып келіп, еденге орнатып, теледидар жанындағы тоқ бауға қосып қойды. «Қалғанын өзің реттейсің ғой» дегендей Әсемге қарады да, Мира мен Рита өз орындарына қайта жайғасты. Құдайы тамаққа келгендер іштерін тартып тына қалған. Әсем үстелдің шетінде отырған көрші Зейнеп апаның қолынан тартып, ортаға шығарды.

— Тәте, бағана сіз балтырым сыздап, табаным қызып, қыши береді деген едіңіз ғой. Мынаның үстіне шығыңыз, – деп жұртқа жұмбақ болып тұрған құралдың үстіне қондырды да қолындағы кішкентай пультті басып қалды. Әлгі бәле дір-дір етіп іске қосылды. Көршіміздің көзі бақырайып, екі қолын екі санына қойып, қаққан қазықтай қатып қалған. Әпкем бұның аты SEGA екенін, Оңтүстік Кореядан шыққанын, көп аурудың алдын алып қана қоймай, талай дерттен айықтыратынын айтып, Sega-сын мақтай жөнелді. Осы кезде Зейнеп апайдың да дауысы шыға бастады.

— Мынау расында да керемет дүние екен. Табаным жақсы болып қалды. Өне бойымды шымырлатып, арқамның құрысқаны кетіп жатыр.

— Жаңа ғана айттым ғой. Өздеріңіз естідіңіздер ғой, міне, тәтенің сөзін. Бірден көмектеседі бұл Sega. Қазір Алматыда барлық үлкен кісілер осыны алып жатыр. Әсіресе, орыстың кемпірлері жалмаңдап келіп бізден осы массажерді сатып алады. Бағасы да аса қымбат емес. Бар-жоғы мың-ақ доллар.

Мың доллар дегенді естіген Зейнеп көрші сиқырлы Sega-дан секіріп түсті.

— Құдайақы менде ондай ақша жоқ. Қайдан болсын? Бір зейнетақыға қарап отырған адамбыз ғой. — Әсемге жалма-жан ақтала түсті. Бағанадан бері Sega-ға сүйсінгендер енді үрке қарады. Тек бағанағы төрдегі жүзін әжім басқан кейуана:

— Мынауыңды қыруар ақшаға дені дұрыс адам алмайды, — деп астыңғы ернін шығарды.

— Егер Sega-ны қымбат десеңіздер, қолдың басындай ғана бір массажер бар. Ол өте арзан. Әрі қолдануға да ыңғайлы. — Әсем сөзін аяқтап қасындағы пакетке қолын соза бастап еді, Зейнеп апа мына қыз маған массажерін күштеп алдырта ма деп қорықты ма: — Балалар оқудан келетін уақыт таяды. Мен қайтайын. Жақсы, сау болыңыздар, — деп зыта жөнелді.

Әпкем одан кейін қытайдың монахтары шөптен әзірлеген «ши» деген дәрі туралы лекциясына кіріскенде еркектер жағы тысқа атырылды. Молда намаз уақыты келіп қалғанын айтып, мешітіне қарай тартты. Әпкеме еріп келген Мира мен Рита да үндемей қалмады. Олар «ши» атты дәрінің қан қысымын түсіретінін ұзақ баяндады. Бұнымен қоса бұл «шиді» үнемі сатып алып отырып, сол компанияға жарна төлеп, тіркеліп, сатып алушылар қатарын көбейтуге кіріссе, мол байлыққа кенелуге болады екен. Бай болудың бұл жолына сенгендер де, сенбегендер де табылды. Бұл дудың ортасында шешемнің амалсыз тыныш отырғанын байқадым. Әсемнің бұл базары оған ұнамағанын да аңғарып қалдым. Сонымен қойшы, түс мезетінде тізесін бүккендер күн ұясына кірер кезде бойларын тіктеді. Әсемнің күні бұнымен аяқталған жоқ. Бізді алда оның түні күтіп тұрды…

Жұрт жамбастап жатып қалған шақ. Есіктің бір ашылып, бір жабылғаны мені ұйқыдан оятып жіберді. Қалта телефоным түнгі сағат екіні көрсетіп тұр. Тысқа шықсам жазды күні тамақтанатын екі бөлмелі аласа үйдің жарығы самаладай жарқырап, терезесінен қылтиған бір-екі бас көрінді. «Әйелім пысылдап төсекте жатыр. Күндіз келген адамдар үйлеріне қайтты. Бұлар кім екен»? Сол маңға таяп келем, құлағыма шешем мен Әсемнің дауыстары жетті.

— Бағана ғана кетіп едің ғой. Неменеге келдің? Жеті түнде арақ ішу үшін келдің бе? Бағана ол, әкеңнің құдайы тамағын «барахолкаға» айналдырдың. «Қызының есі дұрыс па?» деп келгендер өсектеп кетті-ау.

— Қойшы, мама. Несін өсектейді? Менің бизнесім — халықпен жұмыс жасау. Осылай біз клиенттерді табамыз.

Анам қызының бұл сөзіне күйіп кетті.

— Бүйткен бизнесің құрысын! Сен айтқандай байып кету сондай оңай болса, жұрттың бәрі дәулеті тасыған бай-бағланға айналмай ма?!

— Мама, басымды қатырмашы. Өзім жұмыстан шаршап келсем.

— Жұмыс істесең, менің қойымды бағып жүрсің бе? Елдің есігін қағып, түсініксіз дәрі-дәрмегіңді алыңыз-алыңыз деп жалынып, оныңнан түк те шықпай, бос сандалып келген шығарсың.

— Кетші деймін. Бар ұйықташы. — Әпкем долдана шыңғырып жіберді.

— Өзің кет. Бағана бір дидәку екі қатынды алып келгенің аздай, енді мына бір шегірткенің айғырын неменеге алып келдің? Бұл үй саған сырахана, кафе ме?

— Бұл — менің жігітім. Жақында үйленеміз. Таныстыруға алып келдім.

— Таныстырмай-ақ қой. Бұныңа тисең, осының үйіне бармайсың ба? Осы сен қаншықтың не жының бар? Осы үйге бөтен еркектерді алып келе беретін. Орысы да, шүршіті де келіп кетті ғой.

Байқаймын, шешем қалшылдап кетті. Апамның онсыз да ойнақшып тұратын қан қысымы көтеріліп кетіп, сұлап түспесе болғаны деп қастарына жетіп бардым. Екі әйелдің ұрысына мақсатсыз бір қарап қойып, алдындағы ақаңнан ұрттап отырған «мейманымыз» аяқасты сап етіп келе қалған маған үрке қарады.

— Брат-тан, бәрі ровно, бәрі дұрыс! Миру мир, — деп тәлтіректей тұрып қолын созды. Сәлемін алмай, болмашы ғана көз қиығымды оған тастай салып, бар назарымды шешеме бұрдым. Ашудан әлі қалшылдап, ісініп-кебініп, қызын жұлып жейін деп тұр. Бұған Әсем тайсалатын емес. Анасына қияс қабақ танытып, «маған не қыласың?» дегендей қасарысып алған.

— Сабырға келіңдер, сабырға. Апа, ауырып қаласыз ғой. Бәлкім, демаларсыз. — Аузыма ілінген сөз осы болды.

— Мына қаншық кетсін! — Анам маған жүзін бұрмай, Әсемнен көз алмастан кесіп айтты. Әпкем де қайтар емес:

— Кетпеймін. Ал не қыласың? Мен көшіп келдім. Жүктерімді гаражға түсіріп қойғам.

— Сен бұл үйге мың келіп, мың кеттің. Байыңнан ажырасқалы он жыл болды. Осылай көшіп-қонып жүресің бе? Өз жөніңді тап. Тышқанның да өз іні болады. Сен оның қасында адамсың ғой.

Қанында ақаңның қызуы бар. Көзі қызарып, беті қыртыстанып кеткен Әсем булыққанның үстіне булыға түсіп, тіл ұшына сөз ілікпей саусақтарын шықырлатты.

— Өзіңнен кіші сіңілің Бәтимаш та жалғыз өзі мектеп жасындағы екі баласын бағып, пәтер жалдап тұрып жатыр ғой. Сен болсаң соқталдай қызың екеуің сыған құсап көшіп-қонып жүрсіңдер.

Әсем бұл жолы да үнсіз қалды. Үстел үстіндегі стақандағы арақты тартып жіберді де артынан су ішті. Осы бір аздаған тыныштықты пайдаланып мен:

— Әсем, бар қайт. Кейін дұрыстап сөйлесеміз. Апам ауырып қалады, — дедім бейбіт келісімге шақырып.

— Саған кім сөз берді? Бар әйеліңнің қасына. Сен де мені тыртың-тыртың етіп жақтырмай жүрсің. Баяғыда студент кезіңде Талдықорғанда үйімде тұрғаның есіңде жоқ. — Әпкем жын ұрғандай енді маған төне түсті.

— Әй, Қарашта сенің нең бар. Сөйлеме оған.

— Қараш, Қарашым деп қалыпсың ғой. Мама, сен кімде ақша бар, соның сөзін сөйлейсің. Саған ақша алып келмесек, бізді адам құрлы көрмейсің. Қамар қайыршы біреуге тиді деп оны да менсінбейсің. Есіңде ме, Қараш папам екеуіңді тастап әйелімен кетіп қалғанда менен артық адам жоқ еді ғой.

Қаным басыма шапты. Әпкемді шапалақпен тартып-тартып жібердім. Әсем баж ете қалды.

— Мама, сен мені Қарашқа ұрғызып отырсың ғой, — деп айғайлады. Бағанадан бері арамызда состиып тұрған «жездем» сыртқа қарай тұра қашты. Анам менен бұндайды күтпесе керек:

— Қараштай, бұл малғұнға қолыңды былғап қайтесің. Бар жата ғой, жата ғой, — деп, мені сабырға шақырды. «Жездем» сол кеткеннен мол кетіп, қайтып оралмады. Ал әпкем шыжыңдана шыңғырып, полиция шақырып, менің үстімнен арыз жазатын болып қиғылыққа басты. Біздің айғай-шудан әйелім мен он жастағы балам тұрып, «Әсемді қаншама рет қой-қойға» шақырғанымен ол ретін тауып үйге полиция да шақырып тынды. Әншиінде шабан қимылдайтын сақшылар бұл жолы қалай жедел жеткен? Қызыл-жасыл шамын жарқыратып, бір нәрседен құр қалғандай жетіп келді. Шешем өзі тысқа шығып:

— Бағана мына көшеде біреулер арақ ішіп жүрген. Солар сендерге қоңырау шалған шығар. Сендерге «ызбандаған» біз емес деп полицияны алдап-сулап шығарып салды.

Мен сол түні көзімді таңға жуық бір-ақ ілдім. Әйеліме көрсетпей, көз жасымды да төгіп алғанмын. Әпкеме қол көтергеніме қатты өкіндім. Қай әбілет басты екен деймін. Әуелде адам өз бауырларымен бір ата-ананың саясында күліп-ойнап, өсіп-өнеді. Сосын әркім өз жолын табуы керек. Алайда, өз соқпағыңды тауып, оған түсу оңай емес екен. Неге біз қарапайым ғана адами қарым-қатынасты ретке келтіре алмаймыз? Осы тақілеттес сан түрлі сұрақтар мазалап, ойым сан-саққа кетті. Алдаш, Лекер, Бәтимаш пен Қамар айтпаса да шешем осы жасағанымды бетіме басары анық. Жүзіқара, әпкеңе қол көтердің ғой дер. Марқұм әкем мен ағам әпкелерімнің бейәдеп қылықтарын сөккенде анам араша түсуші еді. Бір жағынан шеше байқұс қайтсін? Анамның күйеуі мен үлкен ұлының сөзін қостай кететін кездері де болған-ды. «Елдің осы қисық-қыңыр қыздары баларымен әп-айбәт жігіттерді тауып, отбасы құрып жатады. Біздің қыздардың жолын құдай қашан ашады екен? Бұл үйдің ханшайымдарын не бай алмайды, не құдай алмайды» деген сөздерін сан естігем. Артынша «қыз бала — қонақ, қыз қырық шырақты ғой. Бір шырақтары жанар түбі» деп жіби түсетін.

Күн төбеге көтерілгенде ғана жастықтан басымды көтердім. Жуынып-шайынып, түскі ас үстінде отырған әйелім мен шешемнің қастарына жайғастым. Балам ойнап кеткен болу керек. Жақын маңнан байқамадым. Әпкемнің де қарасы көрінбеді. Шешемнің жүзі сынық. Екі иіні салбырып, қабағы тұнжырап кеткен. Ісіп кеткен көзінен түнімен жылап шыққанын анық білдім. Туабітті өктемдігін өкініші тауысып, ауыр күрсіне шайын сораптап ішеді. Жанын жайнатып жіберер менде бір құдіретті күш болса ғой деймін ішімнен. Дыбыс шығармастан әйелім ұсынған кесеге баяу қолымды создым.

— Әсем тәте апамның гауһар тастары бар алтын сырғасын алып кетіп қалыпты, — деді Айнұр баяу ғана үн қатып. Не дерімді білмей абдырап қалдым. Бірден анамның жүзіне жалт қарап:

— Бізден есе қайтарған түрі ғой, апа. Мұңаймаңыз. Бірер күннен кейін қайтарып береді. Я болмаса Лекерден беріп жіберер. — Әпкемнің олай етпесін білсем де анамды жұбатпақ болып осылай дедім.

— Сөлкебайға бола қабырғам қайысып отырған жоқ, балам. Қайтармайтынын да білем. Қалтасында көк тиыны да жоқ оның. Қалай ғана осындай күйге түсті? Осыған жүрегім ауырады. Өз анасының затын ұрлағаны масқара ғой. Ел естімесін.

Анамның көзінен моншақтай жас үзіліп түсті. Жыламсырап отырып сөзін қайта жалғады.

— Әсем қыздардың ішінде тұйық, біртоғасы еді. Қандай түлен бұны түртті екен? Әлде көре алмаған біреу басын оқытып тастады ма? Ойлай-ойлай басым қатты. Қартайғанымда қалған ғұмырымды тыныштықта өткізем бе деп ем. Ажалымнан бұрын бұлар мені көрге тығатын шығар. Алдаш ол не жынды емес, не сау емес. Он бес жыл бұрын қойған арағын қайта бастады. Лекер ол бір күн сау болса, бір күн мас. Құдайға шүкір, күйеуінің ақылы бар. Қамар бір кедей кәрі шалға тиіп жарымай жүр. Бәтимаш жалғыз өзі екі баласын сүйретіп, басын сұғар баспанасыз күн кешуде. Жаратқанға не жаздым. Айтпақшы, азанда Бәтимаш хабарласқан, несиесін жаба алмай жүр екен. Сені кезінде оқытты ғой. Осы айын жауып берсеңші.

Анам көз қиығын маған бір тастап, зарын қайта төге бастады.

— Қырық жыл алқаш әкелеріңе көніп, соның азабын тарттым. Енді қалғанын балалары көрсетіп отыр. Қан деген жібермейді екен, ә. — Бұл сөздерін қаһарлана айтты иегі дірілдеп. Сосын қайта бәсеңси: — Бәрі жынды суға жақын. Жалғыз сен ғана маған тартқансың. Ішкен саған жақпайды. Соған да тәубә, — деп, алдындағы шайын ұрттап, тамағын жібітті. Айнұр шай құяйын дегендей енесінің алдындағы кесені алмақ болып еді, «ішпеймін» деген ишара танытып, төмен салбырап кеткен басын жоғары көтере: — Қанша алқаш болса да еркектің аты — еркек екен-ау. Әкелері болса, бұлар бүйтіп құтырмайтын еді. Алдаштан бастап бәрі Ыбырайдан ығатын. Бәрі жаман шалымның арқасы екен ғой. — Шешем жасына ие бола алмай, еңіреп жылап жіберді. Біз үн-түнсізбіз. Солығын баса алмаған күйі апам орнынан қинала көтеріліп, өз бөлмесіне кетіп қалды. Іші қанжылап бара жатқан, қамқорсыз, қауқарсыз күйдегі апамды үлкен үйдің есігіне дейін көзбен шығарып салуға ғана шамам жетті. Әйеліме менің бұл жайым ұнамады білем, «Апамның артынан барып, көңілін аула. Жалғыз қалдыруға болмайды. Мен ыдыс-аяғымды реттеп соныңнан барам. Бар-бар» деп онсыз да суып қалған шайымды ішкізбеді.

Түпкі бөлмеге кірсем, анам әкемнің жейдесін иіскеп отыр екен. Мен екенімді көз тікпесе де біліп, сөйлей жөнелді:

— Өткенде Ыбырайдың мына бір жейдесін жездең Есенбекке берейін дегем. Сараңдығым ұстап, бермегенім жақсы болыпты. Велветтен тігілген. Сапасы өте жақсы. Ыбырайдың өңін ашатын. Әкеңнің иісі әлі бар екен. Мә, иіскеп көрші, — деп мені қасына шақырды. Жүзіне зер салсам, шешем көз жасын тыйған. Зарлы дауысын шалына деген сағыныш үні алмастырып, бозарған жүзіне қан жүгіріп қалыпты. Осыған қуанып қалған мен анамның сөзін екі етпей, әкемнің жейдесін иіскедім. Рас. Әкемнің иісі бар!

— Бұл жейдені ешкімге бермейміз. Сен киесің. Ки қазір, — деді анам. Маған үлкендеу ғой деп айтпақ болып, тілімді тістеп үлгердім. Дереу үстімдегіні шешіп, көкемнің киімін киіп алдым. Шешем мені өмірінде бірінші рет көргендей таңырқай қарап, жанарындағы бар мейірімін шаша:

— Ой, Алла-ай. Аумаған әкең бола қалдың! Менің Ыбашымнан аумайды екенсің, — деп бар уайымын ұмытқандай жадырап сала берді. Мені айналшықтап, асты-үстіме түсіп бетімнен сүйе берді, сүйе берді.


«Адырна» журналы, №1


Көрілген: 8486    Пікірлер: 4

сейсенбі, 31.01.2017, 14:10

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Мамыр, 15:40
    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30